Оқушыларға сапалы білім берудегі озық педагогикалық технологиялардың тиімділігі
Даярлық тап мұғалімі
Омарова Жанар Николаевна
ШҚО, Мақаншы ауылы, Ә.Найманбай атындағы мектеп
Оқушыларға сапалы білім берудегі озық педагогикалық технологиялардың тиімділігі
21-ғасыр – ғылым ғасыры. Сондықтан жас ұрпаққа, жас буынға жаңаша білім беру жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Елбасымыздың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” еңбегінде 2020 жылға қарай қалалық, сол секілді ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылады деп көрсетті.
Бүгінгі ғылым мен техниканың қарыштап даму заманында мектепте дәстүрлі оқыту технологиясының оқушылардың ғылым негіздерін мемлекеттік стандарт деңгейінде толық меңгеруіне кепілдік бермей отырғандығы оқушылардың білім жетістіктерінің нәтижелерінен көрінуде. Сондықтан оқу-тәрбие үрдісін жандандырудың қазіргі педтехнологияларын жетілдіріп, оны пән сабақтарын оқытуда тиімді қолдану арқылы білім сапасын жоғарлату үшін басты бағыт-бағдар берілуде.
Бүгінгі таңда мектептерде оқу-тәрбие үрдісінде түрлі инновациялық педагогикалық технологиялардың қолданылып жүргені мәлім. Бұл технологиялардың бәрін бір пән сабақтарында қамту мүмкін емес. Сондықтан, мектептегі әрбір пәнді ұтымды меңгертуде оқыту технологиясын таңдап, іріктеу және оны іс-әрекеттік тұрғыда жетілдіру арқылы оқушының әрекеті-технологияны қабылдауы, оған деген ынтасы, құштарлығына мұғалім тарпынан көңіл бөлінуі тиіс.
Қазіргі инновациялық-озық технология туралы айтатын болсақ, технология грек сөзінен, яғни өнерпаздық, шеберлік, іскерлік деген ұғымды білдіреді. Ғалым–педагог, психологтар пайымдауына жүгінсек, В.Беспалько өзінің «Слагаемые педагогической технологий» деген еңбегінде оны «Оқу-тәрбие процесінің алдын ала жүйелі түрде жобалануы, оны тәжірибеде жүзеге асыру, яғни белгілі педагогикалық жүйенің тәжірибеде жүзеге асатын жобасы»,- деп қарастырады.
Инновациялық (озық) білім беру деп — тұлғаның бағдарлы қөзқарсты, білімдегі дәлдікті, шығармашылық бастауды, сонымен бірге жаңа технологиялық мағлұматтарды игеруін айтады.
Оқытудың жаңа технологияларын бағыттарына қарай жіктеп, төмендегідей топтастыруға болады.
Бағыттары | Түрлері | Авторлары | |
1 | Педагогикалық үрдісте жеке тұлғаның бағыты негізіндегі технология | Педагогикалық қарым-қатынас | Ы.Алтынсарин |
Ізгілікті-тұлғалық технологиясы | Ш.Аманошвили | ||
Әдебиетті адам қалыптастыру пәні ретінде оқыту | Е.Ильина | ||
2 | Оқушылардың іс-әрекетін белсендіру және қарқындату негізіндегі технология | Тірек белгілері негізінде оқыту | В.Шаталов |
Ойын арқылы оқыту технологиясы | В.Коваленко | ||
Проблемалық оқыту технологиясы | М.Махмутов, А.Матюшкин, В.Оконь | ||
Коммуникативтік қарым-қатынас | Е.Пассов | ||
3 | Оқу үрдісін тиімді ұйымдастыру және басқару | Деңгейлеп-саралап оқыту | Ж.Қараев, Г.Селевко |
Топтық және ұжымдық оқыту | В.Дьяченко, И.Ривин | ||
Компьютерлік оқыту | Қ.Ағанина, М.Жүсіпбалиева | ||
Бағдарлап оқыту | В.Беспалько | ||
4 | Оқу материалын әдістемелік жетілдіру, дидактикалық қайта құру | Мәдениеттер диалогы | В.Библер С.Курганов |
Экология және диалектика | Л.Тарасов | ||
Дидактикалық білімдерді ірілендіру | П.Эрдинов | ||
5 | Жеке пәндік технология | Сауаттылыққа ерте тәрбиелеу | А.Кушнир |
Сатылай талдап оқыту | Н.Оразақынова | ||
Өздігінен дамыту технологиясы | М.Монтессори | ||
6 | Баламалы педагогикалық | Еркін еңбек технологиясы | С.Френен |
Вальдорф технологиясы | Вальдорф | ||
7 | Табиғи байқағыштық | Табиғи байқағыштық арқылы сауаттылыққа тәрбиелеу | А.Кушнир |
Өзіндік дамыту | Т.Семеко | ||
8 | Дамыта оқыту | Дамыта оқыту жүйесі | Л.Выготский, В.Заньков, Д.Эльконин, В.Репин |
Жеке тұлға бағытындағы дамыта оқыту | И.Якиманская | ||
9 | Авторлық мектептің педагогикалық технологиясы | Педагогикалық бейімдеу мектебі | Е.Ямбург |
Өзін анықтау мектебінің технологиясы | А.Тубельский | ||
Мектеп бағы | М.Балабан | ||
Ертеңгі күн мектебі | Ховард |
Оқыту технологиясы оқу мазмұнын өңдеуге, көлемі мен мақсатын тұжырымдауға арналған әдістер мен құралдырдың жиынтығы болса, екінші жағынан, оқушының оқыту үрдісінде қажетті ақпараттық, техникалық құралдарды пайдаланып, оқушыға оң әсер ету әдістерін зерттейді. Демек, оқыту технологиясы – педагогикалық әрекеттерді ғылыми-әдістемелік, іс-тәжірибелік негізде нәтижелі болатындай етіп, жоспарлы түрде ұйымдастыру қажет.
Жаңа технологиялардың педагогикалық негізгі қағидалары:
- Балаға ізгілік тұрғысынан қарау;
- Оқыту мен тәрбиенің бірлігі;
- Баланың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту;
- Балаға өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту;
- Баланың танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту;
- Оқу үрдісін оқушының сезінуі т.б.
Ғылыми-қолданбалы бағытта нақты педагогикалық идеялар мен тұжырымдарға негізделген жаңа педагогикалық технологиялар жобаланады; мұғалімдерге педагогикалық технологияларды оқытудың бірнеше түрлерін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі әдістемеде технологиялардың бірнеше түрлері бар. Солардың ішінде орта оқу орындарының оқу үрдісінде қолдануға ұсынылатын бірқатар технологиялар бар. Солардың бірі оқушылардың шығармашылық қабілетін, ұшқыр қиялын дамытуға бағытталған деңгейлеп саралап оқыту технологиясы (СТО). Бұл мәселені алғаш Қазақстанда Ж.Караев зерттеген екен.
Қазіргі таңда СТО технологиясын пайдаланып өткізілген сабақтар мен дәстүрлі сабақтарды салыстыру нәтижесі:
СТО сабақтарында | Дәстүрлі сабақтарда |
Оқушылар жеке, жұппен, топпен жұмысты жақсы жүргізеді. | Оқушылар бірден кірісіп кете алмайды, шулап кетеді. |
Белсенділік жоғары болады. | Белсенділік орташа деңгейде. |
Оқушының жеке жауапкершілігі басым. | Оқушының жеке жауапкершілігі төмен. |
Қызығушылығын істе байқатады. | Қызығушылығы бірқалыпты. |
Бір-біріне көмек, сыйлау қалыптасқан. Өз ойларын еркін жеткізеді. | Қызғаныш басым. Анықтық жоқ. |
Сабақта көп жұмыс жасайды. Шығармашылық қабілеттері артқан. Сабақта еркін сөйлеуге тырысады. | Кейде берілген тапсырмаларды жасауға үлгере алмайды. Бірқалыпты. Ықылас білдіре қоймайды. |
Инновациялық технологиялардың бірі – ақпараттық технология.
Оқытудың ақпараттық технологиясы — ақпаратпен жұмыс жасау үшін қолданылатын арнайы тәсілдер, педагогикалық технологиялар, бағдарламалық және техникалық құралдар.
Ақпараттандыру технологиясы арқылы заман талабынан сай сабақ берідің тиімділігі өте көп. Күнделікті сабаққа видео, аудио қондырғыларды мен теледидарды, компьютерді, интерактивтік тақта мен мультимедиалық проекторларды пайдалану үлкен нәтижелер беретініне әр мұғалім өзі көз жеткізіп отыр.
Жаңа ақпараттық технолгияның ерекшелігі мұғалімдер мен оқушылардың бірлесіп, шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал етеді. Мектептердің оқу-тәрбие үрдісіне жаңа ақпараттық технологияны енгізу арқылы оқу сапасы жақсарып, дамыта оқыту жүзеге асырылып, сабақ қарқыны жеделдетіледі. Электрондық оқулық мектеп оқушыларын ақпараттық технологияны кіші жастан меңгеруге көмектесіп, оқушылардың өз бетімен білімдерін толықтыруларына мүмкіндік береді.
Ақпараттық технологияның ерекшелігі: оқушылардың өздері ақпараттар жинап, жаңалық ашуға ұмтылып, ізденіп жауабын тауып, өзінің қөзқарасын логикалық түрде дәлелдейді.
Қазіргі таңда бастауыш мектеп сатысында әрбір пән бойынша деңгейлік тапсырмалар жүйесін дайындауға болады. Оқушыларға берілетін тапсырмаларды білімді қабылдауға бағытталған іс-әрекеттік модель ретінде қарастырған жөн. Оқытудан күтілетін нәтижені негізге ала отырып, әртүрлі деңгейдегі тапсырма түрлерін ауызша, жазбаша тексеру, тапсырма беру, жауапты талдау тапсырмалары, бір ғана дұрыс жауабы бар тапсырмалар, ашық және еркін жауабы бар тапсырмалар, түрлі практикалық сипаттағы тапсырмалар түрінде қарастыруға болады.
Бастауыштан бастап жеке тұлғаға бағытталған озық педагогикалық технологиялық сабақтар беруі дегеніміз — оқытушының шығармашылық орта қалыптастыруы ғана емес, оқушылардың субъект ретіндегі өмірлік тәжірибесін үнемі назарда ұстауы, сол тәжірибеге сүйенуі. Ең маңыздысы — әр оқушының ерекше болмысы, тұлғалық қасиеттерін мойындау. Әр баланың жеке даму процесіне, оның тұлғалық қалыптасуына кешенді педагогикалық бақылау жүргізетін бір мезгілде оқытушы да, психологта болуы тиіс.
Мен өзім даярлық топқа сабақ бергендіктен, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай сабағымда ойын технологиясын пайдаланамын.
Ойын технологиясы – оқу-тәрбие міндеттерін шешуге бағытталған әртүрлі ойындарды көздейтін дидактикалық жүйелер.
Ойын дегеніміз — жас ерекшелікке қарамайтын, адамның көңіл-күйін көтеретін, ойландыратын үрдіс. Ойын-төзімділікті, алғырттықты, тапқырлықты, ұқыптылықты, ізденпаздықты, іскерлікті, дүниетаным өрісінің көлемділігін, көп білуді, сондай-ақ басқа да толып жатқан сапалылық қасиеттердің қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар педагогикалық тиімді әдістерінің бірі.
Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, танымдық қасиеттерін дамытады. Ойын — адамның өміртанымының алғашқы қадамы деп те айтуға болады.
В.А.Сухомолинскийдің сөзімен айтар болсақ, «Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы да жоқ» және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады.
Ұлы педагог А.С. Макаренко ойынға үлкен мән бере отырып, өзі басқарған мекемелерінде ойынды тәрбиеленушілер өміріне міндетті түрде енгізіп отырады. Ойын баланың өмірін қызыққа, қуанышқа бөлеуін қамтамасыз ету үшін ол балалардың ойынға деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын тәрбиелейді,- деп қарастырады.
Ойын — халық педагогикасының құрамды бір бөлігі. Ұлттық ойындар халықтың әлеуметтік — экономикалық жағдайларына байланысты туып, дамығанына қазақ халқының ұлттық ойындарымен таныса отырып, көзіміз әбден жетеді. Мысалы: қазақ халқы саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысын, қабілетін дамытып, ынтасын арттырарын білген. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды, ағаштарды бейнелей алады.
Ойынның да өзіне тән мотивтері болады. Мысалы, мазмұндық, рөлдік ойындар баланың зейінін, есін, ойлауын, қиялын қалыптастыруда зор маңыз атқарады. Ойын әсері арқылы бала өз қасиетін қалай қанағаттандыра алатынын, қандай қабілеті бар екенін байқап көреді. Ал, ақыл-ой ойындарында белгілі бір ережелерді сақтап ойнайды. Ол ойындар баланың тапқырлығын, байқағыштығын, зейінділігін арттырумен қатар, ерік сезім түрлерін де дамытады. Ойын түрлері көп. Соның ішінде өзім кішкентай бүлдіршіндерге сабақтарда пайдаланатын: ойын-сабақ, ойын-жаттығу, сергіту ойындары, дидактикалық мақсаттағы ойындар, сөздік ойындар, логикалық ойын есептер, ұлттық ойындар, т.б. Бұндай ойындар оқушыны жан-жақты дамытып, білімді толық игеруіне көмектеседі.
Ал, енді мен қолданып жүрген осы балаларды дамытатын, еске сақтау қабілеттерін дамытатын бір неше ойынның түрін алдарыңызға ұсынайын (плакаттан, немесе интерактивті тақтадан көрсету). Бұл ойындар арқылы менің балаларымның ойлары, есте сақтау қабілеттері, тілі, танымдылығы дамиды, сана қалыптасады.
Кез-келген сабағын қызықты өткізу үшін ізденіс, жаңаға ұмтылу жұмысын жүргізу әрбір ұстаз үшін бұлжымас қағида. “Оқытып жүріп, өзіміз де үйренеміз” қағидасын ұстанған ұстаз үшін өзінің әрбір сабағы бірінші өзіне жаңалық болуы тиіс.
Ұстаздың өзі – ізденуші. Сонда ғана өзі қызыққан ұстаз сабағын басқаларға да қызықты жеткізе алады деп ойлаймын. Әрбір сабақта озық технологияларды пайдаланып өткізу әрине жақсы нәтижелер береді. Ұстаз әр кез ізденуші бола білсе, өзі үшін білім жинақтайды, оқушы үшін сабақты қызықты ете алады.
Тындағандарыңызға рахмет!
Даярлық топ мұғалімі Омарова Ж.Н.