Гидросфера туралы ұғым. Дүниежүзілік су айналымы.
Сабақтың тақырыбы: Гидросфера туралы ұғым. Дүниежүзілік су айналымы.
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға «гидросфера» туралы ұғым беру. Дүниежүзілік су айналымы және оның маңызы жайлы оқушылардың білімдерін кеңейту және тереңдету. Литосфера, атмосфера, гидросфераның байланыстары жайлы алғашқы мәліметтер беру.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: Карта, суреттерді қолданып түсіндіру әдісін пайдалану.Әңгімелесу, сұрақ-жауап
Көрнекіліктер, құрал-жабдықтар: дүниежүзінің жарты шарлар картасы, «дүниежүзілік су айналымы» суреті.
Сабақ барысы: І. Ұйымдастыру бөлімі
ІІ. Жаңа сабақты түсіндіру
Жаңа материалды өтпес бұрын оқушыларға мынадай сұрақтар қойылады.
- Су дегеніміз не?
- Табиғатта су неше күйде кездеседі?
- Қандай жағдайда су бір күйден екінші күйге ауысады?
- Жер бетіндегі тіршілік үшін судың маңызы қандай?
Планетамыздағы барлық судың мөлшері 1,6 млрд км3. Жер бетіндегі барлық судың 96,5% мұхиттар мен теңіздердің, 1,7 % — мұздықтар мен қарларға, 1,7% — жер асты суларына, 0,06% өзен,көлдерге, батпақ және атмосферадағы су болып табылады.
Жер бетіндегі тұщы су 2,5% құрайтынын атап, оның барлық тіршілік салаларында қолданылатыны айтылады. Суды адам өнеркәсіп, ауыл шаруашылығында күнделікті тұрмыста пайдаланады. Оқушыларға төмендегі сұрақтарды қоя отырып, табиғаттағы су айналымы туралы түсінікті анықтаймыз.
1.Неліктен өзендер суы таусылып қалмайды?
- Көптеген өзендер көлдер мен теңіздерге келіп құяды. Неліктен олардың су деңгейі көтеріліп кетпейді?
Жауап алған соң дүниежүзілік су айналымы ұғымын қалыптастыру үшін арналған сызба немесе оқулықтың суреті қарастырылады.
Жер бетіне жауған жауын-шашынның бір бөлігі буға айналып, атмосфераға көтеріледі. Тағы бір бөлігі өзенге, көлге барып құяды, топыраққа сіңеді және тау үстіндегі мұздықтарды қалыңдата түседі.
Өзендер суларын мұхитқа апарып құяды. Жерге сіңген су да ағып мұхитқа қосылады. Мұны дүниежүзілік су айналымы дей отырып, қорытындылау қажет. Оқушылар осы қалыптасқан ұғымның арқасында су айналымының ролі туралы өздерінің ой-пікірлерін айтады. Соның негізгісі- табиғттағы су айналымының әсерінен тұщы су көлемінің бірқалыпты болуы.
Мұғалім әңгімелесу әдісін пайдаланып оқушыларға өздері тұратын жердің мысалында су айналымы қалай өтетіндігін және оның шаруашылақтағы маңызын айтқызады.
ІІІ. Жаңа сабақты бекіту
- Гидросфера деп нені айтады?
- Гидросфераның бөліктеріне не жатады?
- Дүниежүзілік су айналымы дегеніміз не?
Жұмыс дәптерлеріндегі тапсырмалар орындалады.
ІV. Үйге тапсырма. «Гидросфера туралы ұғым. Дүниежүзілік су айналымы» тақырыбын оқу
Оқушылар бағаланады.