«Жеті қазына»
Таңдаулы курс: «Жеті қазына»
Қазақ әдебиеті 5-6 сынып
Түсінік хат
Оқушыларға өз халқының мәдениеті мен этнографиясын таныту, насихаттау басты міндетіміз. Себебі, «тәрбие – тал бесіктен басталады» дейтұғын дана халқымыз қашанда дәстүрге берік болып, салтын сақтай білген.
Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі – қазақ халқы. Міне, сондықтан оның тәрбие-тәсілдері өте көп.
Сонымен қатар оқушылар әдебиет пәніне негіздей отырып, көрген-білгенді көкейге тоқып, көп ізденудің арқасында салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өнеге-тағылым, дін-діл, жөн-жоралғы, ілім-білім, тәлім-тәрбие, тылсым-табиғат, тариқат-тәбәрік және де деректер мен дәйектер хақында мол мағлұмат алып, білім көкжиегін кеңейтеді деп сенемін.
Бұл бағдарлама оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай алынған.
5-6 сынып оқушылары өз халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен тереңірек таныса отырып елін-жерін сүйетін ұлтжанды ұрпақ болып тәрбиеленері хақ. Құнттап қараған әр оқушы бағдарлама негізінде тілі көркем, ойы терең сөздердің жақсы үлгілерін таба алады.
Бұл курс 34 сағатқа негізделген.
Курстың мақсаты:
1.Оқушылардың бейінділік білім алуын жүзеге асыру;
2.Халық мұрасы болып табылатын рухани құндылықтар – ұлтымыздың айнымас куәсі, тарихымыздың терең тамыры болатындығын таныту;
3.Оқушылардың рухани дүниесін байыта отырып, оларға азаматтық, адамгершілік елжандылық, көркемдік-эстетикалық тәрбие беру;
4.Оқушылардың халқымыздың ұлттық құндылықтарын сөз өнері тұрғысынан қабылдауға қажетті білім, білік дағдыларымен қаруландыру;
5.Оқушылардың өзіндік білім алуын жүзеге асыру;
Курстың міндеттері:
1.Дара тұлғаның еркін, үйлесімді дамуын және креативті ойлау қабілетін арттыру;
2.Оқушылардың үздіксіз білім алуға деген ынтасын іс-әрекеттік тұрғыда дамыту;
3.Оқушылардың әдеби оқырмандық мәдениетін қалыптастыру;
4.Ұлттық құндылықтарды таныта отырып, сөйлеу шеберлігін арттыру;
5.Ауызекі және жазба тілде байланыстырып сөйлеуін (ойын еркін жеткізу, сауатты да мәнді жаза білу) дамыту;
6.Өзіндік ой-пікір айта білуге баулу;
7.Оқушылардың бойына ізгілік пен имандылық, адалдық пен мейірімділік сияқты адамгершілік қасиеттерді дарыту.
І.Мазмұндық бөлім.
Курстың мазмұны
Республикамызға кеңінен танымал жерлес этнограф-ғалым, сатирик С.Кенжеахметовтің «Жеті қазына» /жиған-терген/ атты кітабы халқымыздың сан ғасырлық дәстүр-салтын насихаттаған туынды. Біз қолға алып отырған таңдаулы курс осы кітап негізінде жасалды.
Халқымыздың ырым-тыйымдары, жөн-жоралғысы, тағылым-өнегесі, әдет-ғұрып ишаралары, нақыл сөздері, ұлттық тағамдары мен киімдері жайлы мағлұмат курс бағдарламасында қарастырылған. Сондай-ақ, қазақта әр саладан тұңғыш шыққан қайраткерлер жайлы да түсінік берілмек.
ІІ.Нормативті бөлім.
«Жеті қазына» таңдаулы курс бағдарламасының мазмұны мен құрылымы:
Сабақ реті | Тараулар | Сағат саны | Оның ішінде | ||
теориялық | практикалық | өзіндік жұмыс | |||
І | Салт. Дәстүр. Әдет. Ғұрып. | 8 | 7 | 1 | |
ІІ | Халық айтса – анық айтады | 7 | 6 | 1 | |
ІІІ | Білімдіден шыққан сөз | 6 | 5 | 1 | |
ІV | Қарашаңырақ (халық мәдениеті мен этнографиясы) | 5 | 4 | 1 | |
V | Тарихтан тәбәрік | 5 | 4 | 1 | |
VІ | Қайталау | 1 | 1 | ||
VІІ | Сынақ | 2 |
ІІІ.Ақпараттық әдістемелік бөлім.
Курсты оқытуды ұйымдастырудың формалары: лекция, семинар, конференция, дебат, ойталқы, кіріктірілген сабақ, саяхат сабақ, қойылым сабақ.
Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі:
1.Күнбе-күн бақылау, тексеру, сұрақ-жауап, әрбір сабақтан соң тест немесе шығармашылық жұмыс.
2.Тақырыптық бақылау, тексеру: теориялық білімін, өз көзқарасын бақылау жұмыстары.
3.Қорытынды бақылау, тексеру, ой-толғау, өлеңді мәнерлеп оқу, сөз қолданысы.
4.Практикалық жұмыстар сынақ түрінде «тапсырылды» деп бағаланады.
5.Бағалау жүйесі ретингілік: 1-3 ұпай – «3», 4-6 ұпай – «4», 7-9 ұпай – «5».
Білім мен біліктілікке қойылатын талаптар.
Оқушылар білуге тиіс:
-салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды;
-өнеге-тағылым, жөн-жоралғыны;
-тағылымдық сөздердегі әдеби-эстетикалық ғибратты;
-халық мәдениеті мен этнографиясының өзіндік ерекшеліктерін.
Оқушылар дәлелдеуі тиіс:
-өз ойларын әдеби тілмен өрнектей білуі;
-әдебиет теориясы бойынша талдау жұмысын жүргізуді;
— берілген шығармашылық тақырыптар бойынша жоба жасай білуі және салыстыра отырып баға беруі.
Әдебиеттер:
1.Кенжеахметов.С. «Жеті қазына» — Алматы: «Ана тілі» ЖШС 2001.
2.«Қазақ тілі мен әдебиеті орта мектепте» әдістемелік журналдары
- Бұқаралық ақпарат құралдары материалдары.