АУҒАНСТАН
АУҒАНСТАН
Сабақ мақсаты:
А) білімділік: Ауғанстанның табиғат жағдайлары, ресурстары, халқы, шаруашылығы, тарихы мен экономикасы туралы білім қалыптастыру;
Ә) тәрбиелік: саяси саналылыққа, экономикалық-экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу;
Б) дамытушылық: дүниетаным, ой-өрісін, картамен жұмыс және өздік жұмыс жасау дағдыларын арттыру;
Сабақ түрі: лекция
Құрал-жабдықтар: Дүние жүзінің саяси картасы, Дүние жүзінің физикалық картасы, атластар, кескін карталар
Жаңа сабақ: Ауғанстан
АУҒАНСТАН, Ауғанстан ислам мемлекеті Оңт. Батыс Азиядағы мемлекет. Аум. 652,2 мың км2.
Астанасы — Кабул (1,5 млн., 1992).
Халқы 20,3 млн. адам (1993).
Ауғанстан жері 29 уәлаятқа және 2 округке бөлінеді.
Мемл. тілі — пушту және дари тілдері. Ислам дінін ұстанады (негізінен, сүнниттер).
Табиғаты. Жерінің 3/4 бөлігінен астамы таулы. Елдің солт.-шығысынан оңт.-батысына қарай өте ірі Гиндукуш тау жоталары созылып жатыр (ең биік жері 6729 м). Оны Ауғанстанның солт. мен батысында Паропамиз және Сафеднах жоталары алмастырады. Ауғанстанның оңт-де Газни-Кандагар таулы үстірті, ал оңт.-батысында Бактрия, Регистан, Дашти-Марго шөлдері жатыр. Климаты субтропиктік, құрғақ. Шілде айының орташа темп-расы 240С-ден 320С-қа, ал қаңтар айының орташа тeмп-pacы 00— тан 80С-қа дейін жетеді. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлш. 350 мм-ден аспайды. Ірі өзендері: Әмудария, Герируд, Гильменд, Кабул, Мургаб. Кен байлықтары мұнай, табиғи газ, тас көмір, графит және асыл тастар.
Тарихы. Қазіргі Ауғанстан жерінің солт. бөлігін адамдар ежелгі тас дәуірінен, оңт. бөлігін қола дәуірінен мекендей бастаған. Б.з.б. l-мыңжылдықтың І-жартысында бұл жерде құрылған мемл-тердің бірі Бактрия болды. А. туралы алғашқы деректер б.з.б, 6 ғ-дан сақталған. Бұл кезеңде ол Ахемен әулеті билеген Парсы империясының құрамында болды. Б.з. І — 4 ғ-ларында А. жерінде Кушан патшалығы дәуірледі. 6 ғ-дың 60-жылдарында А. жерінің бір бөлігі Түрік қағандығына, екінші бөлігі Сасан әулетіне бағынды. 7 — 8 ғ-ларда А. жерінің басым бөлігі арабтарға қарап, ислам діні кеңінен тарады. 1220 ж. елді Шыңғыс хан әскерлері жаулап алды. 16 ғ-да А. жерінде Ұлы Моғолдар мен Сефеви әулеті билік жүргізді. Орта Азиядан ығысқан Бабыр 1504 ж. Кабулды, кейін Ауған жерін тұтас жаулап алып, Ұлы Моғол әулетіне бағындырды. Жеке иеліктерге бөлiнген А. жерінде 1747 ж. Ахмад шаh Дуррани басқарған алғашқы Ауған мемлекеті орнады. Бірақ оның мұрагерлері тұсында мемл. ыдырап, 1818 ж. Ахмад шаh әулеті де биліктен кeттi. Елді қайта біріктірген Дос Мұхаммед хан 1835 ж. әмір атанды. Бұл уақытта А. жерін отарлауды көздеген ағылшындар елге басып кіріп (1838), Кабулды алғанымен, оларға қарсы күрес күшейіп, басқыншылар жеңіліп тынды (1842). Алайда ағылшын отаршылдары А-ды басып алу ниетінен танбады. 1878 ж. Ұлыбританияның 37 мың адамдық әскері А-ға тағы да басып кірді. Халық отаршылдардың бетін қайтарғанымен, елдің тәуелсіздігі шектеліп, сыртқы қарым-қатынасы Aнглияның бақылауында болды. 1919 ж. өкімет басына келген Аманулла хан А-ның тәуелсіздігін жариялады. Англия мұны мойындаудан бас тартып, соғыс ашқанымен, 1919 жылғы Равалпинди шарты бойынша Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды.
1973 жылға дейін А-да монархиялық билік орнады. 1973 ж. әскери төңкеріс болып, респ. жарияланды. 1978 ж. тағы да қанды төңкерістен кейін өкімет басына Революциялық кеңес келді. Оны қолдау үшін 1979 ж. желтоқсанда А-ға Кеңес Одағының әскерлері кіріп, онда 1989 жылдың 15 ақпанынана дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Кеңес әскерлері шығарылғаннан кейін де Ауғанстанда азамат соғысы жалғаса берді. Ұзаққа созылған соғыс елді әлсіретіп, халықты күйзеліске ұшыратты. 1993 ж. Ресейдің Наджиболла өкіметін қолдауын тоқтатып, моджахедтермен келіссөз жасауға көшуі А-дағы әскери -саяси жағдайды одан әрі өршітіп жіберді. Азияның көрікті қалаларының бірі Кабул қатты қирады, оны барлық елдердің елшіліктері тастап шықты. Ауғанстан тұрғындарының 1/4 бөлігі көрші мемл-терге (негізінен, Пәкстан мен Иранға) қоныс аударды. 1997 — 98 ж. ҚР-ның үкіметі Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп әкелді. Билікке ұмтылған әр түрлі саяси күштердің, ұлттық тәуелсіздікті көксеген этник. топтардың, «Талибан» қозғалысының, Р. Дустум жасақтарының арасындағы қарулы қақтығыстары елде ұлттық келісімнің орнауына, ұлттық бірлік негізінде қайта жаңғыруға кедергі жасап отыр.
Экономикасы. А. — аграрлы ел. Экономикасының негізі суармалы егіншілік пен мал ш. Өңделетін жерінің 70%-ке жуығы суармалы. Жалалабад каналы мен Сарда су қоймасы бар. Ұлттық табыстың 80%-ке жуығы а.ш-ның үлесінде, адамдардың 90%-тен астамы осы салада жұмыс істейді. Қой ш. жақсы дамыған. Сонымен қатар миллиондаған ешкі мен ірі қара, түйе мен жылқы өсіріледі. Бау-бақша өнімдері, бидай, жүгері, күріш, мақта, қант қызылшасы сияқты дақылдар өндіріледі. А. өнеркәсібін су электр стансалары мен әскери-мех. зауыт сияқты бірді-екілі кәсіпорындар құрайды. Солт. шекарасында газ құбыры тартылған. Тас көмір мен цемент өндіріледі. Өңдеуші кәсіпорындар мақта мен жүннен мата тоқиды, жасанды жібек шығарып, аяқ киімдер тігеді. Экспортқа, негізінен, қаракөл елтірісі мен жүн шығарылады. 1979 ж. басталған соғыс ел экон-сына көп зиян келтірді. Дүн. жүз. саудада импорт мөлшері өсіп, экспорт мүлде азайып кетті. 1995 ж. импорт 616 млн. АҚШ доллары мөлшерінде болса, экспорт 188 млн. долларға түсті, яғни үш еседен астам кеміді. Сондай-ақ дүн. жүз. ішкі жиынтық өнімдегі А. үлесі де 1985 жылғы 0,07%-тен 1995 ж. 0,05%-ке дейін шегерілді.