ШВЕЦИЯ КОРОЛЬДІГІ
ШВЕЦИЯ КОРОЛЬДІГІ
Сабақ мақсаты:
А) білімділік: Швеция Корольдігінің географиялық орны, мемлекеттік құрылымы, табиғат жағдайлары, ресурстары, халқы, шаруашылығы туралы білім қалыптастыру;
Ә) тәрбиелік: саяси саналылыққа, экономикалық-экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу;
Б) дамытушылық: дүниетаным, ой-өрісін, картамен жұмыс және өздік жұмыс жасау дағдыларын арттыру;
Сабақ түрі: лекция
Құрал-жабдықтар: Дүние жүзінің саяси картасы, Дүние жүзінің физикалық картасы, атластар, кескін карталар
Жаңа сабақ: Швеция Корольдігі
Швеция Корольдігі – Солт. Еуропадағы мемлекет. Скандинавия түбегінің оңт; оңт-батыстан солт; солт-шығысқа қарай 1600 км-ге, шығыстан батысқа 400 км-ге созыла орналасқан. Батысында Норвегиямен, солт.- шығысында Финляндиямен шектеседі. Оңтүстігі және шығысы Балтық теңізі мен Ботния шығанағымен шайылады. Оңт.-бат. жағалауы Скагеррак, Каттегат, Эресунн бұғаздары арқылы Даниямен ұласады. Балтық теңізіндегі Готланд және Эланд аралдары Швецияға қарайды.
Жер аумағы — 449,97 мың км2.
Халқы — 9,01 млн адам (2005-ж).
Халқының орналасу тығыздығы – 1 км2-ге 20 адамнан келеді.
Астанасы-Стокгольм
Әкімш. жағынан 21 ленге (округ) бөлінеді.
Мемлекеттік құрылысы. Швеция — конституциялық монархия. Қазіргі конституциясы 3 актыдан тұрады: мемлекетті басқару формасы және король тағын мұралау туралы ант (1974 ж. 27 ақпанда қабылданды), баспасөз бостандығы туралы акт (1974 ж. 7 ақпан).
Мемл. басшысы — король, ол үкімет органы — Мемл. Кеңеспен бірге өкіметтің атқару билігін жүргізеді. Заң шығаратын жоғ. органы — бір палаталы парламент (риксдаг), оны халық 3 жылға сайлайды. Парламент заң қабылдайды, мемл. бюджетін бекітіп, салықтар мен кірістерді, қарыз алуды белгілейді, халықар. келісім, шарттарды ратификациялайды т. б. күрделі мемл. маңызы зор мәселелерді шешеді. Орталық өкімет билігінің провинциялардағы (лёндердегі) өкілдігі (10 мүшеден құрылатын арнайы әкімш. бюроны басқаратын) губернаторға жүктелген. Провинциялар мен коммуналардың өзін-өзі басқаратын органы — ландстигтерді халық 3 жылға сайлайды. Сот жүйесіне: Жоғ. сот, 6 апелляциялық, қалалық және округтық соттар жатады. Арнайы соттар ретінде: мүлік бөлу, полициялық әкімш. юстиция соттары құрылған..
Табиғаты. Ш. қоңыржай белдеудің солт. бөлігін құрайтын Атлант маңы секторында жайласқан. Табиғи жағдайы жөнінен көпшілік жері тайга және аралас ормандық зона аралықта, қиыр оңт.-шығ. жағы жалпақ жапырақты ормандық зона аралықта. Теңіздік жағасы онша тілімделмеген жарқабақты келеді. Ботния шығанағы жағалауы тегіс, аккумуляциялық шөгінділерден қалыптасқан. Шхер және риф көп кездеседі, сондықтан да кеме жүзуге онша қолайлы емес. Рельефі жөнінен Ш. жері таулы үстіртті және белесті жазық келеді. Территориясының 22%-ға жуығының теңіз деңгейінен биікт. 400 м-ден астам, 48%-дайы 100-400 м 30%-і 100 м-ден төмен. Рельефінің қазіргі пішіндерінің қалыптасуына Балтық қалқаны және төрттік мұз басу әсер етті. Елдің бат. және солт.-бат. шетін Скандинавия тауларының шығ. сілемдері алып жатыр. Ш-ның ең биік жері Кебнекайсе тауы (2123 м) осында. Бұл таулық сілемдер шығысында Норланд таулы үстіртіне (елдің көпшілік жерін қамтиды) ұласады. Орта Ш-да Орталық көлді ойпат қалыптасқан. Мұнда терең ойыстардың кейбіреулері теңіз бен көл шөгінділеріне толған, кейбіреулері көлге айналған. Эланд және Готланд аралдарының рельефі ізбес тастық және құмдық үстірттен қалыптасады. Пайдалы қазындылары — темір, уран, марганец, мыс, полиметалл рудалары, алтын,күміс т.б.
Климаты қоңыржай. Теңіз ауа массасы жетпейтін (тау жоталары кедергі болады) солт. бөлігінде континенттік қоңыржай және арктикалық суық ауа қабаттарының ықпалы күшті, соған байланысты мұнда қысы суық, жазы салқын континенттік климат құбылыстары басым. Қаңтардың орташа темп-расы солтүстігінде -140С, оңтүстігінде 10С; шілдеде 110-170 С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлш. 450-1500 мм. Жер бетінің ағын су торы өте жиі; өзендері қысқа, мол сулы келеді. Ағын су қоры негізінен қар және жаңбыр суынан қалыптасып отырады. Басты өзендері:Даль-Эльв, Турне-Эльв, Клар-Эльв, Онгерман-Эльв. Ең ұзын су жүйесі Венерн-Гёта, 720 км. Жерінің 9%-н көлдер алып жатыр; бұлардың көпшілігі Орт. көлді ойпатта және Норланд өңірінде. Ірі көлдері — Венерн (бүкіл Бат. Европадағы үлкен көл), Веттерн, Ельмарен, Меларен, Турнетреск, ең терең көлі — Хурнаван (221 м). Жерінде негізінен күлгін және батпақ топырақ түрлері басым таралған. Көлді өңірлерде сазды, тау беткейлерінде, таулық үстірттерде таулық-тундралық топырақ қабаттары тараған. Территориясының жартысынан астамы орман; қылқан жапырақты ағаш түрлері басым өседі. Жерінің 14%-і батпақ. Жануарлар дүниесінде ормандық түрлер басым. Суыр, қоңыр аю, қасқыр, сілеусін, түлкі, қоян, кірпі т. б. кездеседі. Су құстары көбірек тараған. Өзен мен көлдері балыққа бай. Табиғи жағдайы, өсімдік және жануарлар дүниесін сақтау үшін елде 16 ұлттық парк құрылған, бұлар 6000 км2 жерді қамтиды.
Халқы. Тұрғындарының 90%-ы шведтер; 3%-ы финдер мен саамдар (лапландтар), қалғандары неміс, норвег, даттардан құралады. Мемл. тілі швед тілі, діні – лютерандық (79%), сонымен қатар католиктер мен православтар, баптистер де бар. Шведтер өздерінің этникалық құрамы және тілі жөнінен норвегтермен және даттармен туыс. Халықтың табиғи өсуі жағынан Ш. Европада ең соңғы орындардың бірінде. Ірі қалалары: Стокгольм, Гётеборг, Мальмё.
Экономикасы. Швеция жоғары дамыған индустриялы-аграрлы ел. Экономикасының негізгі салаларын орман, су энергетикасы және темір рудалары құрайды. Швеция кеме жасаудан, целлюлоза шығарудан, темір рудаларын өндіруден дүние жүзінде алдыңғы орындарда. Машина жасау, электроника, химиялық өнімдер шығару салалары дамыған. Ауыл шаруашылығының басты саласы – етті-сүтті мал шаруашылығы, сонымен қатар шошқа және бұғы шаруашылықтарына да көп көңіл бөлінеді. Егіншілігінде мал азық дақылдарын егу басым және астық дақылдар мен техникалық дақылдар да өсіріледі. Елде ірі теңіз флоты бар.
Экспорты: машина жасау өнеркәсібі өнімдері, темір рудасы, целлюлоза-қағаз, ағаш өнімдері, химиялық тауарлар т.б.
Импорты: кейбір машиналар түрлері, мұнай және мұнай өнімдері, химикаттар, автомобиль, мат, азық-түлік өнімдері т.б.
Негізгі сауда серіктестері: Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Норвегия.