Әліппе – білім бастауы
Тақырыбы : Әліппе – білім бастауы
Мақсаты : Оқушылардың білімдерін бекіту,олардың алған білім,білік
дағдыларын көрсету,тілін дамыту,сөздік қорын молайту,
ұқыптылыққа,жинақылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі : интерактивті тақта, әліппе макеті,Ы.Алтынсарин суреті,
шарлар,рәміздер,мақал –мәтелдер,суреттер.
Сабақтың барысы :
- Ұйымдастыру сәті.
- Кіріспе сөз : Армысыздар , құрметті ата-аналар,ұстаздар,қонақтар.
Міне,бүгін біздің шәкірттеріміз бар ғылымның атасы Әліппені бітірді.
« Әліппе – білім бастауы » атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Қымбатты оқушылар ,білім жолына бастаған қадамдарың құтты болсын !
- Әнұран орындалады.
Ата –ана : Шашу,шашу шашыңдар,
Ақ сандықты ашыңдар.
Бұл мереке бұл тойдың,
Бастаңғысын жасаңдар./шашу шашылады/
Оқушы :
Армысыздар, аналар,
Бармысыздар,балалар!
Сөзіме құлақ салыңыз,
Әліппеге арналмақ
Бүгінгі ән-жырымыз.
Оқушы :
Бүгін біз шексіз қуаныштымыз.Өйткені,алғаш қолымызға ұстап хат танытып,сауатымызды ашқан Әліппені бітірдік.
Оқушы :
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе –ғылым ағасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Оқушы :
Енді біз жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп саған жүреміз,
Сүйікті біздің Әліппе!
Оқушы :
Ең алғаш алғанымда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін алып берді.
Оқушы :
Оқуды көп ойладық,
Қызығына тоймадық.
Әріптерді үйреніп,
Сауат ашып тойладық.
-2-
Мұғалім :
Балалар мен сендерге сұрақ қояйын.
Іші толған әріпке,
Білімдегі жарық не ?
Хормен : Әліппе
Мұғалім :
Олай болса,бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен : Әліппе,Әліппе,Әліппе!
Әліппе :Сәлеметсіңдер ме ,достар! / оқушылар амандасады /
Әліппе : Достар сендер менен не оқыдыңдар, не үйрендіңдер ?
Хормен : Оқуды,жазуды,жұмбақ,жаңылтпаш,санамақ,өлең,ән үйрендік.
Мұғалім : Балалар,олай болса,сүйікті Әліппемізге рақметімізді айта отырып,Әліппеден алған білімімізді көрсетіп,өнерімізді ортаға салайық.
Оқушы :
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз.
Оқушы :
Үйретіп алғаш бізге Әліппені,
Мұғалім ғылымға жол салып берді.
Адамның ой-арманы мақсаттары,
Оқудың сәулесімен жарық көрді.
Ән : « Мұғалім ол біздің »
Мұғалім :
Балалар , қазақ тілінде неше әріп бар?
Хормен : 42 әріп бар.
Мұғалім :
Ендеше тақтаға қарайық. Мұнда әріптердің біразы қызыл көйлек, біразы көк көйлек,ал мына екеуі қара көйлек киіп алыпты.Бұлар қандай дыбыстар екенін кім айтады?
Оқушылар : Қызыл көйлек дауысты дыбыстар,көк көйлек дауыссыз дыбыстар, ал қара көйлек жіңішкелік, жуандық белгілері.
Мұғалім : Ендеше неше дыбыс бар екен ?
Оқушылар : 40 дыбыс бар.
Мұғалім : Алфавит дегеніміз не ?
Оқушы : Әріптердің белгілі бір тәртіппен орналасуы.
Мұғалім: Енді алфавит сырын айтайық.
Оқушы :
Алфавиттің « А » тұрады басында,
Әрқашанда « Ә » тұрады қасында.
Байқадың ба « Б » тұрады үшінші,
Ал осының сыры неде,түсінші ?
Оқушы :
« А » деген ол –аналар ғой ардақты,
« Ә » деген ол- әкелер ғой салмақты.
« Б » деген ол- балалар ғой әдемі ,
Біздің елде үшеуі де кәделі.
-3-
Би :
Оқушы :
А әрпіне Т әрпін
Қосып едім ат болды.
Қосып едім атқа А-ны,
Атам оқып шаттанды. /ата /
Оқушы :
Екі тіреу,
Басқышы біреу.
Бұл қай әріп ?
/ Н /
Оқушы :
Арқасын тіреп жабысып,
Екі Р қалған жабысып.
Бұл қай әріп ?
/ Ф /
Оқушы :
Сақинаға қарайық ,
Ұқсайды оған қай әріп ?
/ О /
Мұғалім :
Балалар, ең алғаш мектеп ашқан кім ?
Оқушылар : Ы.Алтынсарин.
Мұғалім :
Ы.Алтынсарин атамыз сендерге қандай өсиет қалдырды ?
Хормен :
Бір аллаға сиынып,
Кел,балалар ,оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық !
Ән :Сәлем ,саған мектебім.
Оқушы :
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріпте.
Оқимыз қазір ертекте,
Үйреткен оны Әліппе.
Мұғалім :
Балалар, енді жұмбақ айтып жарысайық.Кім қандай жұмбақ біледі ?
Қыс бойына жатады, Тәтті ұйқыға батады. /аю/ | Парақта бар , Шашта жоқ. Тамақта бар, Аста жоқ. /Қ/ | Аспандағы алып доп, Жарқырайды жарық боп. /Күн / |
-4-
Мұғалім : Балалар ,енді жаңылтпаш айтайық .
Тақпақ жатта, Жатқа жатта. | Шұнақ құлақ лақ, Бұлаққа барды. Бұлақ жағасындағы Құраққа барды. | Шежіреші кісі шежіре айтты, Ішіндегі шежіресін шешіле айтты. |
Мұғалім : Балалар ,енді санамақ айтайық .
Бір дегенім –білім, Екі дегенің –елім, Үш дегенің –үйің, Төрт дегенің –түйін, Бес дегенің –бұйым,
| Алты дегенің –айың, Жеті дегенің –жайын, Сегіз дегенің –сайың, Тоғыз дегенің- тайың, Он дегенің- ойын. |
Бір дегенім –бесік, Шықтың содан өсіп. Екі деген –елім, Далам,тауым,көгім. Үш дегенім-үміт , Үміт артар жігіт. Төрт дегенім –төзім, Төзе білем өзім. Бес дегенім-бақыт, Бағалайтын уақыт | Алты деген-ақыл, Тыңдағаның мақұл. Жеті деген –жалау, Жүректегі алау. Сегіз деген –сөзің, Серт беретін кезің. Тоғыз деген-тоқтау, Елдің жоғын жоқтау. Он дегенім – Отан, Қорға соны ,ботам. |
Мұғалім :
Балалар,енді кім қандай мақал-мәтел біледі?
Ас анасы –нан, Нан атасы-дән.
| Ата –бәйтерек, Бала жапырақ | Жол атасы –тұяқ Су атасы –бұлақ Сөз атасы –құлақ. |
Әдепті бала Ата-анасын мақтатар. Әдепсіз бала Ата-анасын қақсатар. | « Сіз »деген- әдеп, «Біз »деген-көмек. | «Сіз» деген сыпайылық « Сен» деген –анайылық. |
Атына заты сай. | Еңбектің наны тәтті, Жалқаудың жаны тәтті. | Ата балаға сыншы. |
Ақыл жастан шығар, Асыл тастан шығар. | Ашу –ақылдың дұшпаны. | Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей. |
Оқу –инемен құдық қазғандай. |
Мұғалім :
Балалар,сендер Әліппеден тағы не үйрендіңдер?
Жанель:
Иә,біз ережелерді айтып үйрендік.Мысалы: Сөз дыбыстан құралады.
-5-
К.Арман :
Дыбыстар әріппен таңбаланып жазылады.
Әсел :
Дыбыстарды айтамыз, естиміз.Әріптерді көреміз.
Дарын :
Кісінің аты-жөндері бас әріптен басталып жазылады.
Аида :
Жер-су аттары бас әріптен басталып жазылады.
Нұрдәулет :
Үй жануарларына қойылған аттар да бас әріптен басталып жазылады.
Аружан :
Сөздегі дауысты дыбыстар жуан болса, сөзде жуан айтылады.
Әділет :
Сөздегі дауысты дыбыс жіңішке болса, сөзде жіңішке айтылады.
Ұлданай :
Буын дауысты дыбыс арқылы жасалады.
Мұғалім :
Балалар ,енді біз ата-аналарымызға қалай оқитынымызды көрсетейік.
« Бір уыс мақта » әңгімесінен үзінді оқытып, әңгіменің тақырыбын тапқызу.
Мұғалім :
Балалар ,енді біз ата-аналарымызға қалай жазатынымызды көрсетейік.
/тақтаға жасырынған суреттердің атын жазып , дауысты ,дауыссыз дыбыстардың астын сызады./аю,қасқыр,қоян,сағат/
Мұғалім :
Балалар,енді берілген буындардан сөз құрайық.
Бі сі
Кі лім
Кеп теп
Мек тер
Ән : Төлдер
Мұғалім :
Балалар, біз осы уақытқа дейін оқумен қатар сандарды оқуды , жазуды ,оларды салыстыруды, қосып,азайтуды меңгердік. Енді математикадан алған білімімізді көрсетейік.
Интерактивті тақтадан сандардың ретін ,көршісін атап, сандарды салыстыруды, қосындыны табуды орындайды.
Мұғалім :
Балалар,енді біз әдептілік туралы не білеміз ?
Бексұлтан :
Жабырқауды білмейміз,
Жалқаулықты сүймейміз.
Біз талапты жас ұлан.
-6-
Оқушы :
Сыйлап үлкен ағаны,
Сәлем берген баланы,
Кім дейміз?
Хормен : Әдепті екен бұл дейміз.
Оқушы :
Кітап ,дәптер,қаламы,
Кір шалмаған баланы,
Кім дейміз?
Хормен : Ұқыпты екен бұл дейміз.
Мұғалім :
Жақсы балалар, енді Әліппемен қоштасайық.
Хормен :
Қош бол,құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
Әліппе :
Балалар,мен сендерге ризамын.Мені жақсы меңгеріпсіңдер.Ана тілдеріңде өте жақсы сөйлейді екенсіңдер.Енді сендерге ары қарай білім беретін мына Ана тілі болады.Ана тілін де жақсы оқыңдар.
Хормен :
Таныстырған 42 әріппен,
Қош бол, менің қасиетті Әліппем.
Сенің арқаң оқи ,жаза алғаным,
Сауатты адам санатына кіргенім.
Ән : Әліппе
Мұғалім :
Әріптердің иесі ,құрметті Әліппе ! Сізге шексіз алғысымызды білдіре отырып,Сізді демалыс орнына жібергелі отырмыз.
Хормен :
Қош бол,Әліппе!
Ана тілі :
Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Хормен :
Қош келдіңіз , Ана тілі!
Мұғалім :
Балалар, сендер көп нәрсені үйреніпсіңдер. Осының бәрін үйренулеріңе көмектескен кім?
Хормен :
Мектеп
Мұғалім
Ата-ана
Әліппе!
-7-
Мұғалім :
Ендеше ата-анамызға рақмет айтайық .
Оқушы :
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға ана тілін аламыз.
Ата –ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз.
Ата-анаға рақмет!
Ән : « Ана »
Мұғалім : 1 сынып оқушыларын құттықтау үшін 5 сынып оқушылары келіп отыр. Би,ән орындалады.
Қорытынды сөз .Қымбатты кішкентай бүлдіршіндер! Өз еңбектеріңмен алған білімдерің-өздерің үшін де,еліміз үшін де таусылмас қазына.Елімізді,жерімізді сүйетін жақсы азамат болып өсулеріңе шын жүректен тілектеспін.
Ата-аналарға айтарым балаларыңыздың осындай дәрежеге жетуіне сіздердің де еңбектеріңіз көп.Сондықтан сіздерге рақметімді айта отырып, балаларыңыз жақсы азамат болып өссін деймін.