БОЛГАРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ.
БОЛГАРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ.
Сабақ мақсаты:
А) білімділік: Болгария Республикасының географиялық орны, мемлекеттік құрылымы, табиғат жағдайлары, экономикасы туралы білім қалыптастыру;
Ә) тәрбиелік: саяси саналылыққа, экономикалық-экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу;
Б) дамытушылық: дүниетаным, ой-өрісін, картамен жұмыс және өздік жұмыс жасау дағдыларын арттыру;
Сабақ түрі: лекция
Құрал-жабдықтар: Дүние жүзінің саяси картасы, Дүние жүзінің физикалық картасы, атластар, кескін карталар
Жаңа сабақ: Болгария Республикасы
БОЛГАРИЯ (България), Болгария Республикасы — Балкан түбегінің шығыс бөлігіндегі мемлекет.
Жер аумағы — 110 мың км2.
Халқы – 7,8 млн адам (2005-ж)
Халқының орналасу тығыздығы 1км2-ге 70, 3 адамнан келеді.
Негізгі халқы болгарлар (85%), буған қоса түрік, сыған, армян, грек, т.б. ұлттар өкілдері тұрады.
Астанасы — София қ. (1,5 млн.).
Мемл. тілі — болгар тілі.
Халқының көпшілігі православие дінін ұстанады, 13%-ы мұсылмандар (1995).
Болгария — парламенттік республика. Мемлекет басшысы — президент.
Жоғарғы заң шығару органы — бір палаталы Халық жиналысы.
Атқарушы билікті Министрлер Кеңесінің төрағасы жүргізеді.
Табиғаты. Жерінің солт-н Дунай жазығы, шығысын Добруджа үстірті және оңт-н Стара-Планина тауы (Балкан) алып жатыр. Климаты көп жерінде қоңыржай континенттік, тек оңт-нде ғана жерортатеңіздік. Жауын — шашынның жылдық мөлш.: жазықта 450 — 600 мм, тауда 850 — 1300 мм. Болгария жерінде өзен көп. Басты өзендері: Дунай, Искыр, Марица, Струма,т.б. Көлдердің басым көпшілігі Рила, Пирин тауларында. Жерінің 30%-ы орманды. Қара теңіз жағалауында көптеген демалыс орындары орналасқан.
Тарихы. Болгария жерін адамдар палеолит дәуірінде қоныстана бастаған. Б.з.б. 8 — 6 ғасырлардағы грек тіліндегі деректерге қарағанда, бұл жерлерді фракийлер қоныстанған. 1 ғ-да фракийлерді Рим империясы бағындырып, мұнда Мезия мен Фракия провинцияларын құрады. 395 ж. Болгария жері Византия империясының құрамына кірді. 7 ғ-дың 70-жылдарында Аспарух (Исперих) хан бастаған бұлғарлар (түркі тайпалары) Азов т. маңы мен Солт. Кавказ өңірінен көшіп келіп, 680 ж. Балкан таулары мен Дунайдың төм. ағысында славян-бұлғар тайпалары мемлекетінің негізін қалады. 9 ғ-да Сердиканы, Адрианопольді және т.б. аймақтарды қосып алу нәтижесінде бұл мемлекет шекарасы кеңейді. Бірінші Болгар патшалығы (1018 — 1186) Византияға бағынған. 1187 — 1396 жылдардағы Екінші Болгар патшалығы алғашқыда Батуға салық төлесе, 13 ғ-дың аяғы мен 14 ғ-дың басында Ноғай ордасына тәуелді болды. Бытыраңқылықтағы Болгария жерлерін 14 ғ-дың аяғында Осман сұлтандығы өзінде бағындырады. 15 ғ-дан бастап қалалар көркейіп, елдің әл-ауқаты артты, болгар шонжарларының бір бөлігі ислам дінін қабылдады. Өндірістік қатынастар, сауда дамып, ірі жәрмеңкелерде тауар айналымы артты. Орыс-түрік соғыстары (18 — 19 ғ-лар) болгарларды тәуелсіздік үшін күреске жұмылдырды. «Ізгілікті жасақ» (1862), «Орталық астыртын болгар комитеті» (1866), «Болғар қоғамы» (1868) секілді Бухаресте құрылған ұлттық ұйымдар Осман сұлтандығы шеңберінде Болгарияға автономия беруді талап етті. 1877 — 78 жылдардағы орыс-түрік соғысына болгар жасақтары Ресей жағында соғысады. Сан-Стефан бітім шарты (1878) бойынша, Болгария дербес мемлекет құруға қол жеткізді. Бірақ, Берлин конгресінің шешімімен (1878) солт. бөлігінде Түркияға тәуелді Болгария князьдігі (1879 жылдан астанасы София), оңт. бөлігінде Осман сұлтандығы құрамында автономиялық Шығыс Румелия (басты қ-сы Пловдив) провинциясы құрылады. 1885 ж. 6 қыркүйекте болған көтеріліс нәтижесінде Шығыс Румелия Болгария князьдігіне қосылды да 1908 ж. 22 қыркүйекте Болгария өзін толық тәуелсіз ел деп жариялады. 1-Балкан соғысында (1912 13) Болгария Түркияның біраз бөлігін өзіне қаратқанмен, 2-Балкан соғысында (1913) қайта айырылып қалды. Болгария l-дүние жүз. соғыс кезінде Германия мен Австрия-Венгрия жағында болды.
2-дүние жүз. соғыс қарсаңында Болгария бейтарап саясат ұстанғанмен, 1941 ж. наурызда Германия, Италия және Жапония арасындағы үштік одақ пактісіне қосылды. 1944 ж. 9 қыркүйекте Болгария жеріне Кеңес Армиясы кірген соң, мемлекеттік монархиялық құрылымы жойылды. 1946 ж. 15 қыркүйектен 1989 жылға дейін Болгария социалистік даму жолын тандаған елдер қатарында Варшава шартына, экономикалық өзара көмек кеңесіне мүше болды. 1989 жылдан елде саяси өзгерістер, демократиялық жаңғыру, экон. нарықтық қатынастарға көшу басталды. 1991 жылға дейін үкіметті басқарып келген Болгария компартиясы биліктен кетті. 1996 ж. қарашада Демократиялық күштер одағының өкілі П.Стоянов президент болып сайланды. Болгария БҰҰ-на, Еуропа Кеңесіне, т.б. халықар. ұйымдарға мүше. 1992 ж. Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Екі ел арасында сауда және достық туралы келісімдер жасалынды.
Экономикасы. Болгария 1947 жылға дейін аграрлы ел болатын. 1947 — 90 ж. индустриялды-аграрлы мемлекетке айналды. 1996 ж. жан басына шаққандағы орташа жылдық табыс 1160 АҚШ долларын құрады. Экономикасының негізі машина жасау, тамақ өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, химия және мұнай-химия өнімдерін шығару, ағаш өңдеу салаларынан тұрады. Ауыл шаруашылығында дәнді дақылдар (бидай, жүгері), темекі, көкөніс, жеміс өсіріледі. Райхан майын экспортқа шығаруда дүние жүзінде 1- ші орын алады. Экспортқа машина, пластмасса өнімдерін, темекі, шарап шығарылады. Қара теңіз жағалауында туризм дамыған. 1994 ж. елдің ішкі жиынтық өнімі 10 млрд. долларды құрады.