Экономикалық білім беруде жаңа технологияның тиімділігі
Баяндаманың тақырыбы: Экономикалық білім беруде жаңа технологияның тиімділігі
ХХІ ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Елбасымыз халыққа арналған жолдауында «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда жаңаша ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз» деген болатын. Қашан да білімді ұрпақ – болашағымыздың кепілі. Егеменді еліміздің тағдыры – жас ұрпақтың қолында болса, ал жас ұрпақтың тақдыры – бүгінгі ұстаздардың қолында.
Бүгінде еліміз бәсекелестікке, экономикалық өрлеудің жоғарғы қарқынына жету қабілеттілігіне ұмтылумен шектеліп қоймай, басты назарын «интеллектуалдық әлеуетке» аударып отыр.
Жастарға заман талабына сай білім беріп, олардың экономикалық мәдениетін көтеру – уақыт талабынан туындап отырған мәселе. Білім беруді дамытудың басты бағыттарының бірі экономикалық білімді қалыптастыру болып табылады. Сондықтан жаңа экономикалық қатынастарға көшу жағдайында экономика пәнін оқытудың объективті қажеттілігі туып отыр.
«Экономикалық теория тікелей шаруашылық саясатында қолданылатын дайын ұсыныс емес. Бұл – ілім, интеллектуалды құрал, ойлау техникасынан гөрі, әдіс болып келеді де, оны меңгеріп алуға, дұрыс қорытынды жасауға көмек береді» деп жазған Дж.Кейнс. Экономикалық теория адамзат қоғамының тарихи даму сатыларында ерекше орын алады. Себебі, адамдар өмір сүру үшін алдымен материалдық, рухани игіліктер өндірілуі қажет. Басқаша айтқанда өмірге қажетті азық – түлік, киім, тұрғын үй, отын, т.с.с. тұтынуға жарамды заттар өндірілуы керек.
Осыған орай не өндіру, қалай өндіру, кімдер үшін өндіру деген сұрақтар адам баласының әрбір жеткеншек буындарының алдында тұрған маңызды міндет. Адамдар өмір сүру үшін тұтыну қажет. Тұтыну қалай тоқталмаса, өндіріс те солай тоқтамауы керек. Нарық қатынастарының дамуы елімізде білім беру жүйесінің алдына айқын талаптар қойып отыр. Қазіргі заман талабына сай жан – жақты дамыған іскер, жаңашыл азаматтар дайындауы тиіс. Өскелең ұрпақтың өмірге етене араласуы мен іс — әрекетінің тиімділігі, білім деңгейі мен тәрбиесі педагогтар еңбегіне тікелей байланысты. Бұл бағытта орта білім беретін оқу орындарында экономика пәнін оқытудың рөлі ерекше. Себебі, бүгінгі түлек жаңаша өмір сүріп қана қоймай, қоғамның әлеуметтік – құқықтық, экономикалық нормаларын меңгере отырып, қоғаммен тығыз байланыста болуы керек. Экономикалық білім берудің басты мақсаты – студенттердің бойында экономикалық ойлау қабілетін қалыптастыру, қоғамдағы экономикалық құбылыстар мен процестердің мәнін түсіндіру, қоршаған орта өзгерістеріне бейімделе білуі мен қоғамда өз орнын таба білуге үйрету. Сонымен қатар студенттерді экономикалық мәдениетпен, қоғамның экономикалық дамуының заңдылығымен таныстыру, оларды жеке тұлғаның дамуы, қалыптасуы негізінде материалдық құндылықтарды өндіру мақсатында еңбек ете білуге үйрету және өз Отанының патриот азаматын тәрбиелеу.
Экономикалық білім негіздерін меңгермей, қазіргі өмірге бейімделу мүмкін емес. Осы орайда, менің экономикалық білім беруімнің негізгі мақсаты – егемен еліміздің экономикасына өз үлесін қосатын экономикалық сауатты азаматтар тәрбиелеу.
Экономика сабағын қызықты өткізу үшін жаңа технологияларды пайдаланамын.
Оқыту үрдісінде студенттердің өз бетінше ізденіп шығармашылықпен жұмыс істеуіне өте тиімді «Модульдік оқыту технологиясы». Бұл технологияның ерекшелігі білімді жатқа меңгерту емес, студенттің өз бетінше меңгеруге ұмтылатындығы, есту, көру қабілетін арттыруға бағытталады.
- Кіріспе бөлімі (модуль, тақырыпқа енгізу).
- Сөйлесу бөлімі (студенттердің танымдық қызметін өзара сөйлесу негізінде ұйымдастыру(.
- Қорытынды бөлім (білік дағдыларын бақылау: тест, шығармашылық диктанттар арқылы өтілген тақырыпты бекіту).
Сонымен қатар, мен өз тәжірибемде «Деңгелеп оқыту жүйесін» де қолданамын.
Деңгейлік оқытудың ерекше тиімділігі студенттердің сабақ үстінде бірнеше деңгейде жұмыс жүргізіп, өздерінің білім – білік дағдыларын көрсете алуында. Деңгейлеп оқыту: біріншіден, студенттің әлеуметтік – психологиялық танымы, екіншіден, оқушының ынтасы, үшіншіден, теориялық дайындығы есепке алынады. Деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытушы студенттің нені білетінін, нені меңгергенін, біліп отырады. Оқытушы тек білімді студентке беруші ғана емес, керек жерінде бағыт беруші ретінде көмекке келеді. Соның нәтижесінде студенттерде білуге деген құлшыныс пайда болып, басқалардан қалып қалмауды ойлап, өз мүмкіндігіне қарай дайындық жасайды, әрі тырысады.
Деңгейлік тапсырмалар I, II, III, IV — деңгейде беріледі.
І – деңгейдегі тапсырма барлық студенттер орындауға міндетті.
ІІ –ІІІ – деңгейлерде тапсырмалар бірте – бірте күрделенеді және бұл тапсырмаларды орындауға студенттер құқылы.
IV — деңгейді шығармашылықпен жұмыс істей алатын оқушылар орындайды.
Мысалы «Банк» тақырыбы бойынша деңгейлік тапсырма беру.
І – деңгей. Банк тақырыбына байланысты кездесетін терминдер жазу.
ІІ – деңгей. Терминдердің анықтамалардың сәйкестігін табу.
ІІІ – деңгей. Мәтінді оқып қатесін табу.
IV – деңгей. «Банк» тақырыбына берілген терминдерді қолданып шағын эссе жазу.
Бүгінгі таңда экономикалық білімді меңгеруге үлкен көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар біздің заманымыз компьютер заманы. Экономикалық білім беруде компьютерлік технологияны да қолданамын. Оның тиімділігі мынада: компьютерлік технология бойынша оқытылған материалдар көп уақытқа дейін адамның санасында сақталады, студенті қызықтыратын бейне материалдар пайдалануға болады.
Жоғарыда айтылған технологиялар студенті мынандай жетістіктерге жеткізеді:
1.Әр студент өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады.
2.Студенттің жеке қабілеті айқындалады.
3.Іштей бір-бірінен қалмауға тырысады.
4.Әр студент өз деңгейіне, қабілетіне бағаланады.
5.Топ студенттері толық бағаланады және әр студент өзінің алатын бағасын біліп отырады.
Сонымен, жаңа инновациялық технологиялық әдіс – тәсілдерді пайдалану – білім сапасын арттырудың бірден – бір жолы. Оқыту үрдісінде студенттердің білім қорын молайтуға, белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілетін жетілдіруге көмегі зор.