Сандар құпиясы реферат

Сандар құпиясы реферат

Мазмұны:

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

1.1. Сандар тарихы

1.2. Сандар сыр шертеді

1.3. Сандар қасиеті

1.4. Зерттеу жұмысымда қол жеткізген деректерім:

Сандар сырының құпиялары

ІІІ. Қорытынды

Ұсыныстар

Пайдаланылған әдебиеттер

Аннотация

Кіріспе

«Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің бағдарламасында: «Көп ғасырлы  мәдениеттің  тіршілігі топырақта тыныстап жатса, тарихи өткені шырынмен қоректенсе, сонда ғана ұлттық жаңғырту орын алады»-дей келіп, «Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып-бағамдауға болады. Демек, Қазақстанның мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатына екі түрлі міндет жүктелді: бірі: — өзіндік этникалық мәдениетті дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенін нығайту, екінші жағы – төл  мәдениетті оңтайлы өрістете отырып, жалпы адамзат мәдениетіне ену үшін тиімді жағдай жасау». Ендеше ұлтымыздың сан ғасырлар бойы сенімі мен ұстанымы болып келген сандар сырының киелі ұғымдарына шолу жасап, олардың өмірдегі қолдану аясына, күнделікті тұрмыстағы атқаратын роліне тоқтала отырып, тұжырым жасау әрбірімізді қызықтырары сөзсіз.

Сондықтан біз бүгін сандар әлеміне саяхат жасаймыз. Бұл саяхатта біз көптеген сандардың сырларын ашып, олардың қасиеттерінің пайда болу кезеңін тамашалаймыз. Жан жағымызға қарасақ сандар тек қана математика емес, тағы басқа көптеген ғылымдарда маңызы зор. Қарап отырсақ, осы қарапайым он сан болмаса біз телефонда соға алмаймыз. Жалпы таным проблемасымен ескілікті наным-сенім түрлерінің тілдік көріністері, әсіресе сан атауларымен келген тұрақты сөз оралымдарында өте көп кездеседі. Байырғы кездерде халық әр алуан құбылысқа нәзік бақылау жасай келіп, олардың ортақ қасиеттері мен сипаттарын санмен түйіп, санамалап айтып отырған.

Адамзат тарихында ең ерте қалыптасқан ғылымдардың бірі – математика. Математиканың алғашқы бесіктерінің бірі Мысыр елі болды. Адамзат даналығының ойлап тапқан жаңалығы ол – жазу. Қазіргі әлем халықтары жазуды жоғарыдан төмен, солдан оңға қарай жазып жүр. Неге? Өйткені олар бұл әдісті соқаның қозғалысынан алған екен. Осы жазулардың негізінде пайда болған таңбалардың бірі цифр. Цифр дегеніміз – сөздерді қағаз бетіне қондыру үшін қолданылатын әріптер қандай қажет болса, сандарды жазу үшін керекті таңбалар. Цифр деген сөздің төркіні арабтың «Әс-сифр» деген сөзінен алынған, ал оның мағынасы үнді халқының бос орын – «Сунья» деген сөзінің аудармасы екен.

Сан есептеу мен өлшеудің нәтижесін білдіретін ең негізгі математикалық ұғым. Сан ұғымы көптеген математикалық теориялардың негізі болып саналады. Сандар химия, физика, механика, астрономия және көптеген ғылым салаларында кеңінен қолданылады. Күнделікті өмірде де сандарды үнемі пайдаланамыз.

Күнделікті өмірімізде қолданылатын сандар шамамен бұдан 1500 жыл бұрын Үндістанда пайда болған. Әуелі сандар сызықшамен белгіленген. Кейін қалыптаса келе қазіргі таңдағы біздер қолданып жүрген сандар пайда болды. Адам баласы қазіргі біз түсінетін сандарды үйренуге талай ғасырларды бастан кешірген. әуелі олар табиғи сандарды (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9) меңгерсе, нөлдің пайда болуынан сандарға революция жасалған, сөйтіп сандарды игеруде жаңа жүйелерді өмірге әкелді.

0 – «цифр» деген мағынаны береді. Ежелгі Үнді жерінде цифр – «сунья», арабтарда «сифр» сөзімен түсіндіріледі, яғни «бос орын», «түк жоқ» деген мағынаны білдірген. Ғылым мен өнердің қайта өркендеген дәуірінде (ХҮ-ХҮІ ғасырларда) математикалық еңбектер латын тілінен аударылып, «сифр» сөзі сол қалпы қалдырылған. Тек алғашқы әрпі ғана «ц» болып өзгертілген. Нөл таңбасы басқа сандарға елеулі өзгерістер әкеліп, санау, есептеу, сату және уақытты белгілеп берді.

Ежелгі түркі халықтары туралы айтар болсақ, түркі халқының күн көрісі, өмірі малмен өлшенгенін білеміз. Көне түркілер әуелде табиғи сандарды меңгеруді басқа халықтар сияқты ұзақ уақыт бастан кешкен. Бір санын үйрену үшін саннан бұрын заттың белгілерін, қасиеттерін салыстырғанын олардың бізге жеткен  халық педагогикасынан-ақ байқаймыз.  Мысалы, Ай, Күн – біреу, өзі де біреу. Осы бір санның сөздік баламалары – жеке, дара, жалғыз, сыңар, жалқы, саяқ деген ұғымды білдірген. Екі санын да осы тәріздес меңгерген, ол санның сөздік баламалары – жұп, қос, егіз болса, жұптан тұратын ұғымдар – екі көз, екі құлақ, қол мен аяқ болған. Сонымен бірге сан, сансыз, қыруар, көп, мол деп санауға болмайтын заттарды атаса, ол заттардың ең кішкентай бөлшектерін кішкентай, титімдей, бір тамшы, бір мысқал, құйтымдай десе, енді бірде жазықтарды – даладай, ат төбеліндей, түйнектей, алақандай десе, судың мөлшерін – терең, таяз, бөлшек ұғымдарды – жарым, жарты деген.

Әлемдегі бүкіл түркі халықтарының отаны – Ұлы дала, ол даланың иесі – көне түркі елінің шаңырағын шайқалтпай отырған қазақ елі. Түркілер саудадағы айырбас кезінде өз дене мүшелерін жиі қолданған екен. Мысалы, бір қарыс, сүйем, кере қарыс, табан, бір елі, екі елі, бір шымшым, бір шумақ. Міне, осы өлшемдер бойынша, матаны – шынтақ, бой, ал ұзындықты – шақырым, бие сауым, сүт пісірім, ет асым жер, көз көрім жер деп уақытты ұзақтығын өздерінің күнделікті тұрмыстарынан алған.

0 саны. Бұл сан абсалюттік символы. Шексіздік белгісі және жаратылмаған әлемнің саны болып табылады. Бұл барлық заттардың бастамасы. Графикалық жоба бойынша сақина немесе дөңгелек ретінде белгіленеді.

1 саны. Бір санын қазақ халқының ұғымында Алла жалғыз, Алладан басқа тәңір жоқ. Қай тілде болсын бірлік сөзінің түпкі түбірі саналады. Адам өмірін басқаратын, әр пенде ұмтылатын сан болып есептеледі.

Даос ілімін ұстанғандар үшін жасампаздық саны. Қандай да бір құбылыстың, тіршіліктің, әлем жаратылысының бастауын білдіреді. Даостық ұғымда да қазақ халқының түсінігімен сәйкес «бірлік тынысы» дегенді білдіреді, сонымен қатар «рух үйі», «барлық тіршіліктің ортасы» мағынасын аңғартады.     1 саны шыршамен теңестіріледі. Баяу болса да басқалардан биік, көркем болып өсіп, ұзақ жыл сақталып, кез келгеннің көзіне жоғарыдан, алыстан-ақ ілінеді.

Пифагор және оның ойшылдары барлық басқа сандардан жоғары қойды. Олар оны барлық санның бастамасы, бар әлемнің басы деп есептеді. Бірліксіз қарапайым санаудың өзі де болмас еді. Графикалық бейнелеуі вертикаль сызық.

1 санының омонимдері «намыс», «ұтыс» болып саналады.

2 саны. Күні-түні демалмайтын екеу: Ай және Күн. Қосылу, толықтыру символы. Жақсы мен жаман, ер мен әйел, күн мен түн, ақ пен қара. Екі санына қазақ халқының көзқарасы міне осындай болып келеді.

Даостық ұғымда қазақ халқының көзқарасына сай Жер мен Аспан, адамзат ұрпағын жалғастыратын еркек пен әйелдің киелі одағы, ақ пен қара, жарық пен қараңғылық, күн мен түн, жер шарының тепе-теңдігін сақтап тұратын екі энергия: «инь» мен «янь» ұғымдарын білдіреді. Өсу мен дамудың белгісі. Бамбук ағашына теңеледі. өсу жылдамдығы өте тез, қолданылу мүмкіндігі өте кең. «Оңай» сөзінің омонимі.

Пифагорлықтарда екі саны бірліктің жоғалуын білдіреді. Бұл сан махаббат, тұрақсыздық және теңсіздік символы болып табылады. Екі саны жылылық пен суықтық, мейрімділік пен қатыгездік, жарық пен қараңғылықтың, байлық пен жұртшылдықтың арасында жүреді.

3 саны. Жалпы түркі халықтарында, соның ішінде қазақ халқында үш саны қасиетті болып есептелінеді. Үш қуат: ақыл, жүрек, тіл. Үш жүз: ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз. Үш құсты аққуды, қарлығашты, байғызды өлтіруге болмайды. Үш адамның ниеті бұзық өтірік айтатын, сөзінде тұрмайтын, аманатқа қиянат жасайтын. Адам Атаны жаратқанда жіберген үш қасиет ақыл, ұят, сабыр. Үш нәрсенің үш нәрсесіз болуы: басы бар, ақылы жоқ іс, ғылымы бар, амалы жоқ іс, байлығы бар, қайырсыз іс қылушы. Қазақтың үш биі Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би. Ел басқарған, азулы сөздер айтып, ел арасындағы дау-дамайларды шешіп отырған қазақтың үш биі. Аптаның үшінші күні, яғни сәрсенбінің сәтті күні деп сапарға шығатын болған. Осы күні басталған істің бәрі де сәтті болады.

Қазақ халқынан өзге де ұлттарда үш саны қасиетті болып саналған. Бір мен екінің қосындысы ретінде қандай да бір істің бастамасын да, жалғасын да білдіреді. Қытайларды үш саны біраз құбылыстың символикасы болып табылады. Жарықтың үш көзі – Жұлдыз, Күн, Ай. Үш бастау – Аспан, Жер, Адам. Отбасының үш элементі – еркее, әйел, ұрпақ. Үш саны қытайлардың түсінігінде Марс арқылы басқарылады және жалынға теңеледі. «Өсу» сөзінің синонимі.

Пифагорлықта үш санының негізінде жан-жақтылық пен бірліктің үйлесімділігі қалыптасқан. Көптеген халықтарда үш саны есептеудің соңы деп саналады. Оны толықтың, толудың, аяқталудың символы деп есептейді. Ежелгі Грекияда бұл сан – бақыттың саны. Ежелгі Вавилонда үш құдайға: Күн, Ай, Шолпанға табынатын болған. Діни сенім-нанымдарда, ертегілерде үш саны қасиетті сан болып есептелген. Оның сиқырлығы сол ол алдыңғы екі санның қосындысынан тұрады. Үш саны өткеннің, осы шақтың, келешектің символы.

4 саны. Қазақта төрт құбыласы сай, яғни «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мәтел екеуінің мағынасы бір болып келеді. Ертеде бұл сан тұрақтылық пен беріктілік, әділдіктің белгісі болған. Ол шаршы болғандықтан, әлемнің төрт бұрышын, жылдың төрт мезгілін, табиғаттағы төрт құбылыс – от, жер, су, ауаны білдірген. Төрт аяғы тең жорға, төрт тұрманы түгел сай деген сандық мәндер арқылы айтылатын ұлағатты ұғымдар бар. Төрт кітап: Мұсаның кітабы – Таурат, Дәуіттің кітабы – Забур, Исаның кітабы – Інжіл, Мұхаммед пайғамбардың     кітабы – Құран. Төрт асыл: иман, намаз, ілім, мейір-шапағат. Төрт дария: Ніл, Фират, Жейхун (Амудария), Сейхун (Сырдария). Қазақта Жаратқан Иеміз Адам Атаны  жаратқанда өлім, ләпсі, ашу, нәпсіні, яғни төрт нәрсені адаммен бірге жерге жібереді деген ұғым бар. Сонымен бірге дүниеге жаңа келген нәрестенің тағдырына жақсылықты, жамандықты, рызықты және өмірді жазған.

Төрт түлік мал, яғни қой мен ешкі, сиыр, жылқы, түйе. Төрт түлік мал қазақтың бірден-бір күн көріс көзі болып табылған. Қазақ халқының өмірін төрт түлік малсыз елестету мүмкін емес.

Төрт саны қытайлардың үрейін ұшыратын сан. Олар төрт саны бар жерге жоламауға тырысады. өйткені қытайларда төрт – «өлім» сөзінің омонимі. Шынымен де қытайлар осы санды көп қолдана бермейді. Тіпті биік ғимараттарда төрт және он төрт нөмірлі қабаттарды таба алмайсың. Сонымен, төрт қасірет саны болып саналады.  Дегенмен бұл санның да өзіндік мағынасы зор. Төрт мифологиялық бастаманы білдіреді: Жер, Аспан, Күн және Ай. Төрт мифологиялық жануар: Жалғызмүйіз, Феникс, Панголин және Айдаһар. Қытайларда төрт саны шамға теңелген – бір қалыпты, жарық, ішінде жалын болса да, сырты жайма-шуақ.

5 саны. Жоғарыда айтылған төрт бастаманың ортасында орналасып, жан-жағын басқарып тұрады. Қазақта бес нәрсені баянсыз – бұлттың көлеңкесі, еңбексіз келген байлық, қоқақтың достығы, жалған мадақ, опасыздың махаббаты деп түсінген. Қазақ халқы тілді, дінді, тарихты, дәстүрді, атамекенді бес анық деп атаған.

Абай атамыздың өлеңінде «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпанды білсеңіз.» деп, бес саны жайлы айтып кеткен.

Айналадағы болатын барлық құбылыстар мен өзгерістерді қадағалайды деп саналатын негізгі бес планета бар – Меркурий, Венера, Марс, Юпитер және Сатурн. Жер бетінде бес негізгі элемент бар – су, металл, от, ағаш және топырақ. Адамда бес негізгі сезім мүшесі бар. Бестік шарықтау шегіне жетудің белгісі. Бес саны күшті, белсенді де сабырлы және биіктен көрінер сан болып есептелінеді. Сондықтан оны белеске теңейді. Жалпы, қытайларда ерекше көңіл мен сипатқа ие негізгі сан – бес саны.

6 саны. Қазақта адамның күнделікті өмірде алты парызы бар. Біріншісі адамдардың бір-біріне сәлем беруі, екіншісі шақырса бару, үшіншісі кеңес сұраса – ақыл қосу, төртіншісі кез келген адамның сұрағына жауап беру, бесіншісі ауырып қалған адамның көңілін сұрау, алтыншысы қайтыс болған адамның жақындарына көңіл айту. Ақыл, білім, жомарттық, әділдік, шыншылдық, кең пейіл – адамның алты асқары. Алты саны дүниенің жаралуын білдіреді.

Пифагор алты санын ерекше сан деп білген, басқа сандардан өзгешелігі оның өзіне тән ерекше қасиеті бар. Ол өзі бөлінетін сандардың қосындысы мен көбейтіндісінен тұрады. 6 саны 1-ге, 2-ге, 3-ке бөлінеді. Оларды қосып немесе көбейтсек қайтадан алты саны шығады (1+2+3=1*2*3). Мұндай қасиет басқа ешбір санда қайталанбайды. Алты саны – жетістіктің, еркіндіктің белгісі.Сонымен бірге қытайлықтар үшін әсемдік пен үйлесімдік саны.

7 саны. Қазақтардың таным-түсінігінде жеті санының алар орны ерекше. Жердің жүзін мекендеген халықтардың көбісі, соның ішінде қазақтар ерте кезден-ақ жеті санында сиқырлық күш бар деп санаған. Біздің ата-бабаларымыз жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелері мен заң жүйелерін жеті санымен сәйкестендірген. Аллаһ Тағаладан пенделеріне түскен қасиетті кітаптардың бірі – Тауратта жеті саны 500 рет қайталанады.

Жеті қазына – қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады: жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік. Ер жігіттің жүйрік аты – қанаты. Құмай тазысы – абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы – қаһарлы оты. Қақпаны – серті, ауы — әдіс-айласы, кездігі – сұсы. Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны – «жеті ырыс» деп атауының да мәні осында. «Жеті ырысқа» мыналарды жатқызады: 1) адамның ақылы, ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы, ой-санасы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болады; 2) денсаулық, яғни дененің саулығы. Денің сау болмаса, дүниенің барлығынан не пайда; 3) ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам – ердің жары, балаларының анасы. Халқымыз ежелден «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деп, әйелді тіршілік иесі, адам өмірін жалғастырушы деп қастерлеген; 4) бала. Бала – адам өмірінің жалғасы, қуанышы; 5) көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды; 6) жер. «Жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл»; 7) ит. Ол әуел бастан-ақ адамның сенімді серігі, қорғаушысы іспетті болған. Ал ислам аңызы бойынша Жеті қазнаға мыналар жатқызылады:  1) Қыдыр (Қызыр). Ол өзі ұнатқан адамдарына ғана дариды. Қыдыр дарыған адам байлыққа кенеледі деген түсінік бар; 2) бақ. Ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. Бақ қонған адам ел мен жерге қожалық етеді;            3) ақыл. Ақыл – байлық пен бақыттың тірегі; 4) денсаулық. Деніңізде саулық болмаса, өміріңізде сән де, мән де болмайды делінеді; 5) ақ жаулық. Дін аңыздары бойынша, Алла адамды топырақтан жаратып, жан берген соң, адам ұрпағын тарату үшін оның сол жақ қабырғасының біреуінен Хауа Ананы жаратқан; 6) тұз. Тұз – Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені; 7) ит. Адам мен Хауа Ананың алғашқы серігі, қорғаушысы.осы айтылған ислам аңызындағы Жеті қазына Алланың кереметімен ғана болып отыр. Дегенмен Жеті қазына ұғымы басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, грек аңыз-әңгімелерінде Жеті қазына басқаша кездеседі:      1) көк аспан. Ол әлем сырын өз шеңберінде сыйғызып, солардың өзіндік қалпын сақтайды; 2) Күн. Ол әлемдегі тіршілікті басқарады. Барлық зат – Күннің шуағынан нәр алады; 3) Ай. Түнгі тіршілік нәрі. Ай табиғатты түн тұңғиығында тербеп, нұрландырады; 4) от. От – Күннің жердегі сүлдесі. Отты пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады; 5) су. Сусыз тіршілік жоқ.    Су – жерге қуат, өсімдік әлеміне, жан-жануарларға нәр, көрік береді; 6) Жер. Жер – тіршілік анасы. Жан-жануарлар мен өсімдік әлеміне көрік, келбет, түр-тұрпат береді; 7) ит. Ит – Адам мен Хауа Ананың пейіштен қуылып, жерге түскендегі алғашқы серігі, досы әрі қорғаушысы. Сол себепті Жеті қазынаның бірі саналады.

Аптаның жеті күні. Олар: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі. Құдай бірінші күні жарықты, екінші күні аспанды, үшінші күні жерді, төртінші күні Күн, Ай және жұлдыздарды, бесінші күні балықтар мен құстарды, алтыншы күні аңдар мен адамдарды жаратқан, жетінші күні дем алған деген діни аңыздар бар. Аңыз әңгімелерге сүйенсек бұл әлемді жаратуға арналған жеті күн деп аталады.

Табиғаттың керемет туындыларының бірі – кемпірқосақ. Кемпірқосақ күн сәулесі жаңбыр тамшысына түскенде, жарықтың жеті түсі сынып, тамшы арасында пайда болады. Біз неге кемпірқосақ туралы әңгіме қозғадық, себебі кемпірқосақ жеті түстен тұрады екен. Олар: қызыл, қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк және күлгін.

Жетіқарақшы (лат. Ursa Major) – аспанның солтүстік жарты шарындағы шоқжұлдыз. Оның 1,8 көрінерлік жұлдыздық шамаға дейін жалтырап көрінетін ең жарық жұлдыздары – Алиот пен Дубке. Жетіқарақшының жарық жеті жұлдызының сыртқы пішіні шөмішке ұқсайды. Және оның шеткі екі жұлдызы (α және β) бойынша Темірқазық жұлдызын табуға болады. Түнгі күзеті көп мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ халқы түні бойы батпай Темірқазықты шыр айнала қозғалатын Жетіқарақшыны Жер тараптары мен түн мезгілдерін айыруда жиі пайдаланған.

Жеті қат көк – қазақ халқының көне заманнан келе жатқан мифологиялық түсініктерінің бірі. Айқын мифтік мәнге ие бола тұра бүгінгі қазақ тілінде «шықау биік, шексіз аспан» дегенді білдіретін жай ғана астарлы, орнықты сөз тіркесі ретінде сақталып қалған. «Жеті қат көк» ұғымының үш мағыналық сипаты бар. Біріншісі, мұсылмандық мифологияда аспанның жеті қабаты болып түсіндірілетіндігі. Алла тағала аспанды жеті қабаттан тұратын етіп жаратқан, бұл туралы Құран Кәрімде: «Алланың жеті аспанды қабат-қабат жаратқанын көрмедіңдер ме?» (72-сүре, 14-аят), Алла тағала аспанға «айды нұр, күнді шам қылды» (72-сүре, 15-аят) деп айтылады. Екінші кітаби түсіндірме бойынша «Жеті қат көк» дегеніміз – жалпы мұсылмандық астрономиялық танымдағы белгілі жеті жұлдызға байланысты атау. Олар – Ай, Меркурий (Ғұтрад), Шолпан (Зуһра), Күн, Марс (Миррих немесе Қызыл жұлдыз), Юпитер (Мүштари), Сатурн (Зұхал). Үшінші мағынасы ежелгі түркілік мифологиялық түсінікке негізделеді, бірақ ол кейінгі мұсылмандық ұғымдардың астарында қалып қоюына байланысты, толықтай ұмытылып кеткен. Ол түсініктердің қандай сипатта болғандығын басқа мифтік дәстүрдегі, ең алдымен түркі, моңғол мифологиясындағы аспан қабаттары туралы аңыздарға қарап аңдауға болады. Аспан әлемін үш, жеті, тоғыз қабатты етіп көрсету жер бетіндегі халықтардың басым көпшілігінің мифологиялық дәстүріне тән.

Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентай кезінен жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақ бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Ағайындықтары жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толғанның өзінде, бір рудың жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, боз биені сойып, баталасып барып рұқсат ететін болған. Ататек атаулары: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Бұдан әрі туыстық атаулар: жүрежат, туажыт, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Соңғы түйіндеуші буын, әдетте, ру есіміне тіркеледі. Немесе, керісінше, руынан бастап сатылап  өз әкесіне яки өзіне дейін таралады. Өз ата-бабасын, жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет болған және сол білігі арқылы ол өз халқының дәстүрін жалғастырған. Мұның өзі қазақтардың этнографиялық ерекшеліктерін танытады, әрі оның қиын-қыстау кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимиляцияға түспеуіне себепші болады.

Жеті жарғы – Тәуке хан (1678-1781) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. ХҮІІ ғасырдағы кейбір хан, сұлтандардың өз иеліктеріндегі ұлыстарды жеке-дар билеуге ұмтылушылығы Қазақ хандығының ыдырау қаупін тудыруына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салады. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқандәстүрлі әдет-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Ол ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді. «Жеті жарғы» деп аталуы Тәуке ханның бұрынғы заңдарға енгізген жеті өзгертуіне байланысты дейтін тұжырым бар. Ол жеті өзгеріс мынадай: 1. «Халықтың ханы, сұлтаны, әзіреті қастандықпен өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін». 2. «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін». 3. «Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан, ат біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байланған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байланған ат теуіп өлтірсе, тек ат-тон айып тартады». 4. «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келсе, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады». 5. «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойнына қара құрым іліп, ауылды айналдыру керек». 6. «Құйрық-бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі». 7. «Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».Әрине, бұл жеті өзгерістен басқа да «Жеті жарғыда» жер дауы, отбасы, неке заңы, қылмыс пен құн дауы, куәлік ету, ант беру, тонаушылық және тағы да басқа жағдайларға, рәсімдерге байланысты әдет-ғұрып, заң шаралары өз көрінісін тапқан.

Жеті жұт. Бұлар: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала (жер сілкіну). Жеті жоқ: жерде өлшеу жоқ, аспандай тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, Аллаһта бауыр жоқ, жылқыда өт жоқ. Жеті жетім: тыңдамаған сөз жетім, киюсіз тозған бөз жетім, иесіз қалған жер жетім, басшысы жоқ ел жетім, аққу, қазсыз көл жетім, жерінен айырылған ер жетім, замандасы қалмаса бәрінен де сол жетім. Жеті ғашық. Халықтың ән-жыр эпостарында жеті ғашық мынадай екі нұсқамен беріледі: а) Ләйлі-Мәжнүн, Жүсіп-Зылиха, Фархад-Шырын, Тахир-Зухра, Арзу-Қамбар, Уәлик-Ғарра, Уәки-Күлшаһ; ә) Ләйлі-Мәжнүн, Жүсіп-Зылиха, Фархад-Шырын, Баһрам-Күләнда, Сейпілмәлік-Бәдіғұл, Бозжігіт-Анула, Зияда-Хорлы.

Жеті санына әлем халықтары көзқарасымен қарар болсақ, онда бұл санды Пифагоршылар Афинамен байланыстырған. Ежелгі Египет философиясы мен астрономиясында ол өмірлік екі санның үш пен төрттің қосындысы деп қарастырылды. Үш адам — әке, шеше, бала өмірдің негізін қалайды. Ал төрт – бұл жарық, жел, жаңбыр, ылғалдылық жерді жеміс беруге дайындайды. Пифагордың ой қорытуы бойынша, үш пен төрттің қосындысы (үшбұрыш пен төртбұрыш символдары), аяқталғанның, тәмамдалғанның, қорытындының белгісі деп санаған. Сондықтан жеті саны қасиетті сан, өйткені адам баласы қоршаған ортаны (жарықты, дыбысты, иісті, дәмді) басындағы жеті «тесік» (екі көз, екі құлақ, мұрынның екі танауы, аузы) арқылы түйсінген. Жапондарда жеті қайырымды құдай, адам өмірінде жеті рет сәттілік болады. Христиан дінінде жеті саны – сенім, үміт, қайырымдылық, әділеттілік, сабырлық, ақылдылық және рухтың күші. Жеті саны – жалпы жер бетіндегі халықтар ұғымы бойынша қасиетті сан.

8 саны. Көне заман адамдары сегіз санын сенімділіктің, шыңдалудың шыңы деп есептеген. Сегіз саны сегіз төбесі бар кубты білдіреді. Сегіз санының құпиясы әлемдегі мәңгілік үздіксіз қозғалысты білдіреді. Сегіз саны – мәңгілік символы. Символдық белгісі қос квадрат, егер оны бөлсе онда ол тең екі бөлікке бөлінеді. Тағы да бөлгенде, ол тең төрт бөлікке бөлінеді (2, 2, 2, 2). Сегі саны дыбысталуының арқасында ерекше құрметке ие. Сегіз санының омонимі – «гүлдену». Бұл қытайлардың ең сүйікті саны. Сондықтан «Арты гүлденуге әкелсін» деген ниетпен 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының ашылу уақыты 8-ші айдың 8-ші жұлдызы сағат 8-ден 8 минут 8 секунд өткен мезгілде белгіленеді.

9 саны. Қазақ халқының Аллаһ Тағаланың бұйрығын екі етпей орындайтын тоғыз періштелер: 1. Жәбірейіл – пайғамбарларға Аллаһ Тағаланың сөзін хабарлаушы. 2. Мекайіл – барлық адамға, мақұлыққа берілетін ырыстың уәкілі.  3. Әзірейіл – барлық адамның, жан-жануарлардың жанын алатын Құдай уәкілі.   4. Ысырайыл – ақырзаманға дейін сұлыны алып жүретін періште. 5. Дардайыл – ай, күн, жұлдыздардың уәкілі. 6. Ысмайыл – жер бетіндегі киелілердің жебеушісі. 7. Зұлқайыл – қиямет күнінде адамдарды алып баратын періште. 8. Ахрайыл – барлық дария, көл, өзен, бұлақ суларының періштесі. 9. Мәлік – жеті тозақтың уәкілі. Сонымен бірге қазақтарда тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4000 жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең көп тараған ойын болатын.

Халықтар түсінігі бойынша қателіктер мен кемшіліктер бірлестігі. Тоғыз санының қасиетіне тоқталсақ, ана құрсағында нәресте тоғыз ай, тоғыз күн өсіп жетіледі. Бұл сан адамның ғұмырында пайда болып, жарық дүниеге келетінге дейінгі уақыт өлшемі. Тоғыз саны өмірге адам әкеледі. Ол үш үштіктен құралған. Көшпенділер тоғыз санын болмыстың шыңы деп санаған, олардың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдерінде тоғыз саны қасиетті болып есептелінген. Тоғыс санының омонимі – «ұзақ өмір».

10 саны. Ертеде Тәуке хан «Не жаман?» деген сұраққа бір жауап берсе, үш жүздің билерінің бірі жауап берер деп, үш парақ қағазға бірден онға дейінгі сандарды жазып, үш биге жіберіпті. Сонда Қазыбек бидің берген жауабы мынадай болған екен: 1. Бірлігі кеткен ел жаман. 2. Егесіп өткен ер жаман. 3. Төсектен қашқан ер жаман. 4. Шідерден шошыған ат жаман. 5. Білік адамнан белгілі бала тумаған жаман. 6. Аймағын билей алмаған адам жаман. 7.  Жетем деген мақсатына жете алмаған жаман. 8. Серкесіз бастаған қой жаман. 9. Төскейге шыға алмаған кәрілік жаман. 10. 60-та қыздай қосылған бәйбішеден айырылған жаман.

Он саны үйлесімділік пен рухани толығудың бейнесі болып саналады. Ол орта ғасырлық Еуропада 1+2+3+4 сандарының қосындысы ретінде философиялық тастың символы болып есептелінген. Он саны ондық санау жүйесінің негізі болып қалыптасып, барлық әлем халықтарында қолданылады.

Қытайлар он санын аса құрмет тұтпаса да, оған да айтарлықтай көңіл бөлінеді. Он қандай да бір құбылыстың аяғын, соңын білдіреді. Санақ циклының соңы. Құрамы бір мен нөлден тұрады. Яғни ұлы бастамамен (бір) басталса, аяғы бос кеңістікке (нөл) әкеліп соғады. Бестің екі рет қайталануынан шыққан сан нәтижесінде ештеңеге әкелмейді. Қытайлар өз ұғымы бойынша, мұны жабық есікке теңейді.

12 саны. Тек қазақ халқында ғана емес, барлық халықтар үшін он екі          саны – қасиетті сан.  Қазақтар он екі жылды бір мүшел дейді. Алғашқы мүшел жас қана он үш жыл, оған он екі жастан қосып отырсаң келесі мүшел шығады. Қазақтар мүшел жасты өмірдің қиын, қауіп-қатерге толы кезеңі деп түсінген. Қазақ жыл санауда он екі жылдың әрқайсысына он екі жануар аты берілген. Он екі саны көптеген циклды таңбалайды – он екі ай, он екі жыл, он екі қарақшы, он екі сағат… Қазақтың сандық мәндер арқылы айтылатын ұлағатты ұғымдары өте көп. Он екіде бір нұсқасы жоқ, он екіде бір гүлі ашылмаған, он екі саққа жүгіртті, он екі құрсау жез айыр, он екі қарыс, он екі мүше. Он екі сан «табыс», «тоқтық» ұғымдарын білдірген. Санның омонимі – «оңай ұтыс».

13 саны. Қазақ халқы үшін Аллаһ Тағаланың барлық күні сәтті. Тек, ниетің оң, ісің адал болсын. Алайда өзге халықтардың наным-сенімі бойынша, қазақтар да кейінгі кезде он үш санын сәтсіз санға балайтында шығарды. Біздіңше, бұл наным-сенім қазақтар үшін емес. Қазақта алғашқы мүшел жас осы он үшке тура келеді. Сол себепті халқымыз: «Он үште отау           иесі», — деп  ұлын ардақ тұтады.

Кезінде император Наполеон, мұнай алпауыты Пол Гетти, АҚШ президенттері Герберт Гувер мен Франклин Делано Рузвельт он үш санын қатерлі санаса, Диана ханшайым мінген автокөлік Париждің жер асты жолындағы он үшінші бағанаға барып соқтығысқан. Он үш санын қатерлі көргендіктен. Ағылшын теңізшілері әлі күнге дейін айдың он үшінші жұлдызында кемеге мінбейді, американдық кейбір авиакомпаниялар мұндай күні өз кестелерінен ұшуды алып тастаған. Ал, енді еуропалықтардың түсінігінше айдың он үшінші жұлдызы жұмаға сәйкес келсе, ол күн «қара жұма» деп саналады. Жалпы, «қара жұма» он бір жылда бір-ақ рет қайталанатын көрінеді.

40 саны. Қырық санына байланысты оның қасиетін ашатын мағыналы тіркестер көп көлемде таралған. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенде ұғатынымыз қыз әдебіне деген көзқарас. Той жасап, қуаныш қызық болар болса, қазақ елінің бұрыннан қалыптасқан ұғымында «Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады» деген сөз қолданысы бар. Ер азаматтарға байланысты «Отызында орда бұзған, қырқында қыр аспайды» дейді. «Қырықтың бірі — қыдыр» деп үйге келген қонақ өзімен бірге ырыс, үйге құт әкеледі деп түсінген.    60 саны. Вавилон аңыздарында бұл сан үлкен мәнге ие. Оны олар «құдай саны» деп атаған.

Міне, әдетте соншалықты маңыз берілмей, өз жөнімен қолданыла беретін сандардың  бәрінің мән-мағынасы бар екен. Қазақ халқының наным-сенімімен басқа халықтардың наным-сенімін салыстыра отырып аңғарсақ, сандар сырының құпиясының соншалықты тереңде жатқанын байқаған болармыз.

ХҮ ғасырларда атақты Корнемей Агриппа сандық және астрономиялық сәйкестіктер туралы жазба жұмыс жасаған. Содан бері астрологтар планеталық әсерлерді бағалап, маңызды сандық астрологиялық ақпарттарды жинақтаған. Жұлдыз-жорамалшылардың пайымдауынша әр планеталардың өзінің сандық мағынасы бар. Мысалы Серкурий – 4, Нептун – 9 сандарымен байланысты. Меркурий материалдық жетістік әкеледі, 4 санының иелеріне интеллектуалды нұр мен шығармашылық әкеледі. Ал Нептун адамға күшті психологиялық энергия береді. Ол да үлкен жетістікке, қабілетін аша біледі. Жылдың әр айының әр күніне байланысты бақытты, бақытсыз күндері анықталған. Әр адамның туылған күні, айына, жылына байланысты өз санын есептеп шығаруға болады.

 

Адамның өз саныАй ішіндегі сәтті күндері
11, 10, 19, 28
22, 11, 20, 29
33, 12, 21, 30
44, 13, 22, 31
55, 14, 23
66, 15, 24
77, 16, 25
88, 17, 26
99, 18, 27

 

Қатерлі 3 цикл адам өмірінің сандарға байланысын дәлелдейтін тағы бір мысал: денедегі биоырғақтың үш циклдан тұратындығы, олардың 23, 28, 33 күндік екендігі. Бұл жөнінде Владимир Мезенцев былай деп жазады: «Біздің ағзамызда болып жататын аса күрделі ырғақ (ритмика) құбылысының аса күрделі көріністерін зерттей отырып, кейбір ғалымдар адамның биоырғағында үш цикл (оралым) жайында жазады. Бұл 23 күндік физикалық цикл, 28 күндік эмоциялық (сезім) цикл, 33 күндік ой-парасат циклы. Бұл сандардың қай-қайсында болса да күндердің тең жартысы плюс-күндерге, екінші жартысы минус күндерге жатады. 23 күндік физикалық циклда алғашқы он бір жарым плюс-күндердің үлесіне тиеді; мұндай күндері, мысалы, спортпен мықтап шұғылдануға, әртүрлі жорықтар жасауға әбден болады. Келесі он бір жарым күн бұл саяхат, спорт, тағы басқа едәуір күш керек ететін шараларға жарамайды, өйткені адам мұндай күндері тез шаршағыш келеді. 28 күндік эмоциялық (сезім) циклының алғашқы он төрт күнінде адамның көңіл күйі өте жақсы жүреді, ал келесі он төрт күннің ішінде ол өзінен-өзі жабырқап, көңілі түсіңкі болады.     Ой-парасат циклы «қызықты» және «зерігу» күндеріне бөлінеді.

Ғалымдардың атап көрсетуінше, плюс-күндерден минус-күндерге өтетін сын кезеңінің адамға неғұрлым зор маңызы бар. Барлық үш цикл адамның туған күнінен және плюс-күндерден басталады. Бір циклдан екінші циклға «ауысатын» күндер «нөл» күндері деп аталады, яғни бұлар сын күндер болып табылады. Егер бұл күн әсіресе физикалық және эмоциялық циклдарға ауысардағы «нөл» күні болса, онда кейбір физиологтардың есептеуі бойынша, сол адам неше түрлі қолайсыз жағдайларға немесе сәтсіздіктерге ұшырауы мүмкін».

Ғалымдардың бұл болжамдары ақиқатпен астасып жатқандай. Мысалы, олар бақытсыздыққа ұшыраған 1400 жағдайды зерттегенінде, оған тап болған осы адамдардың әрбір онының алтауы мұндай сәтсіздікке, қайғыға өзінің «нөл» күнінде ұшыраған. Ал жапондық ғалымдар жаяу адамдар жол-көлік апатына ұшыраған 153 оқиғаны зерттегенінде оның 75 пайызының оған өз өмірлерінің 3 циклындағы қолайсыз, ең қауіпті күндері тап болғанын анықтаған. Тек бізді бір таң-тамаша қалдыратыны адам бойындағы биоырғақтың үш циклының ішінде неге физикалық циклдың 23 күндік, эмоциялық циклдың – 28 күндік, ой-парасат циклының – 33 күндік екендігі. Неге бұл циклдар қатып қалған осы сандардан тұрады? Бұл да бір табиғаттың беймәлім құбылысы. Иә, адам ғұмырының да, мінез-құлқының да, келешегінің де, қуаныш-қайғысының да әйтеуір бір сандармен байланысы бары анық. Бұл өзі Жаратқан Иемізге ған белгілі құпия сыр … Дегенмен, сандар сырын зерттей келіп, ғаламдық даму үздіксіз  өсіп отырса да әрбір адам баласының белгілі бір жағдайларда сандар құдіретіне сеніп, өзінің жоспарлаған жұмысын  белгілі бір сандар жүйесінің өзіне тән құпиясын сақтай орындауды әдетке айналдырғандарына толық көзім жетті. Өйткені зерттеу жұмысы барысында танысқан болжамдар, ғылыми көзқарастар, жүргізілген сауалнамалар нәтижесі кез келген адамның белгілі санды сәтті немесе сәтсіз деп қарап, өз жұмысын сол сандар жүйесіне орай жүзеге асыратындығына толық көзім жетті. Ендеше сандар жайлы ғылым тоқтамақ емес, үнемі дамып, толығып отырады.

 

Ұсыныстар:

 

  1. Сандар сыры жайлы ғылыми еңбектер кітап болып басылып, көпшілікке ұсынылса;
  2. Сандар жайлы киелі ұғым бар екені баршаға аян, олай болса олар жайлы жорамал жасау қолға алынса;
  3. Ұлттық ерекшелігімізге байланысты қолданылатын сандық ұғымдар құиясы мектептің тәрбие саласына арнайы енгізілсе.
  4. Қазақстан Республикасында «нумерология» ғылымы дамымаған, осы ғылымды біздің елімізде дамытуды қолға алса.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Алдамұратова Т.А. «Математика» Алматы «Атамұра» 2001 ж.
  2. Ахметжанова Ф.Р., Дүсіпбаева Қ.С. «Қасиетті сандар қатысқан ескіліктері» ғылыми басылым, Өскемен 2001 ж.
  3. Әлімбай Т.Р. «Математикадан тыс жұмыстар» Алматы «Рауан» 1992 ж.
  4. Бақытбек М. «Жас Алаш» газеті Алматы 2001 ж.
  5. Интернет беттерінен.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аннотация

 

«Сандар сырының құпиясы» атты ғылыми жобада жас зерттеуші сандардың шығу тарихынан бастап, олардың қай мемлекетте қалай пайда болғандығына ерекше көңіл аударып, түркі халықтары арасында, оның ішінде қазақ халқының сандарға қатысты киелі, қасиетті ұғымдарын аша білген. Зерттеу барысында өзіндік көзқарасын білдіріп, ұтымды ұсыныстар жасаған. Халық арасындағы күнделікті тұрмыста кездесетін сандар құпиясын ғылыми болжамдармен салыстырмалы түрде қарастырып, кең көлемді жұмыс жасаған.

 

Аннотация

 

Уделяя особое внимание истории возникновения цифр, их первоначальное употребление, юный исследователь в своём научном исследовании «Тайна чисел» сумел раскрыть принципиальные особенности применения чисел у тюркского народа, в том числе и казахского. В ходе исследований выразил свой взгляд, внёс позитивные предложения. В работе был проведён сравнительный анализ широкого применения чисел в быту и научных предположений. Работа была выполнена в большом объёме.

 

Annotation

 

This science work is called «The secret of  of number». The young researcher have found a lot of materials about became history of  numbers and has searched the mean of kazakh numbers. The young researcher has found the secret of numbers and how use in kazakh peoples’ life and has searched for science numbers.