Сұлу сазды Гакку
Сабақтың тақырыбы: Сұлу сазды Гакку
Сабақтың мақсаты:
Білімділік мәні :Әнші композитордың шығармашылығына тоқталу , таныстыру, таныту, жан – жақты білімдерін арттыру
Дамытушылығы:Жас өспірімдердің музыкаға әнге деген ықыласын дамыту
Тәрбиелік мәні :Халық композиторларының музыкалық
шығармалары арқылы халықтың салт- дәстүрін, тәрбиесін балаға бере білу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың типі:Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың әдісі: Жаңа сабақ түсіндіру , әңгімелеу, музыка тыңдау,шығармашылыққа баулу .
Пәнаралық байланысы: Музыка әдебиеті , тарих.
Сабақ жоспары:
Ұйымдастыру кезеңі: Амандасу, сыныпты түгендеу, сабаққа зейін аударту.
Үй тапсырмасын сұрау: Ән жүйрігі Біржан сал. «Теміртас»әні.
Жаңа сабақты түсіндіру:Сұлу сазды Гакку.
Қорытындылау.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Сұлу сазды Гакку
Қай заманда қазақ үшін ән өнердің ұшар басында тұрды. Көшпелілердің сахнасын өлеңмен ашу ата дәстүрі болса, сол рухани азығымыздың өрісі өрлеп, өркендей түсті. Сұлу саз, көркем сөз, асқақ ән дегенде, қазақтың сал-серілерінің бейнелері көзге елестейді. Бұл орайда әңгіме қозғалса сексен көлі толқыған аққулы өлке Есіл-Көкше еске түседі. Сол асыл өңірді әнмен көмкерген Сегіз сері, Шал ақын, Нияз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай әндері халқымыздың мәңгі өшпес рухани азығына айналды. Бұл жолы қазақтың ақтангер ақыны, ұлы композитор, өз заманында алдына жан салмаған әнші Үкілі Ыбырайдың бүкіл шығармашылық әлемін түгелімен қозғамай, “Гәкку” атты әні жайлы ғана ой өрістетпекпін.
Гәкку – арман, Гәкку – тағдыр, Гәкку – қазақ өнерінің сөнбес жұлдызы. Гәкку 1934 жылы (либреттосын Ғабит Мүсірепов жазған) Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсындағы Жібектің ариясы болып жарқ етті. Бұл ария бүкіл операның музыкалық негізгі әуенін, басты сарынын құрады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде Жібектің рөлінде ойнаған бұлбұл үнді Күләш Байсейітова “Гәккуді” бірінші рет орындап, КСРО халық әртісі атанды. Гәкку деген ән жұлдызы мен Күләш деген әншіліктің жұлдызы қатар жанды. Күләштің де, “Гәккудің” де атақтары айға жеткендей ұлттық өнер өрісі кеңейді. Қазақ деген өз атын жаңа иемденген халықтың әні — “Гәкку” әлемдік өнердің биік өресіне көтерілді.
Халық ақыны, Үкілі Ыбырайдың төл шәкірті, тамаша әнші Молдахмет Тырбиев “Гәккуді” айтқанда ерекше толғанатын. Әсіресе, қайырмасын қырық құбылтқанда естір жанды естен танғандай балқытып әкететін де, атақты ұстазының әншілік әлеміне апаратын. “Гәккуді” орындаушылар аз болған жоқ, олардың ішінде үздік орындап, қалыбына дәлме-дәл түсіруші ақиық ақын, асқақ әнші Иса Байзақовтың айтуымен нотаға түсірілген. Молдекең Күләш айтқан “Гәккуді” қуаттап, Иса ағамызға да алғысын айта отырып: “Ұлы ән ұшқыр қалпында, аққу-қаздың қаңқыл-саңқылындай құс үнімен үйлесіп, түпнұсқадан аумапты, тек қана Е.Брусиловскийдің операға икемдеп қайырмасын қанаттандыра түсетін сәл-пәл қосымшасы бар”, – дейтін. Үкілі бабамыздың аруағы қолдап, бұл ұлы сапарға туған жиені, әйгілі ақын, үздік әнші Тайжан Қалмағамбетов барып, Күләш “гәк-гәкке” басып “гәккулетсе”, ол сырнайын өзімен бірге сақ-сақ күлдіріп, нағашыдан бағы ашылған сәтін көрді. Дүние телегей теңіз “гәккушіл” әуенге толқып кеткендей көрінді. Қазақ әні шексіз биікке көтерілді. ХХ ғасырдың Гомері атанған қазақтың ұлы ақыны Жамбыл бабамыздың Тайжан мен Кененге: “Ыбырай марқұм бір аунап түскен шығар, уа, аруақ, қолдай бер, Күләштай бұлбұл қызымызды”, — дегені де Тайжекеңе айтып жүрерліктей естелік болып қалды. Әттең, дүние-ай, 1937 жылы “халық жауы” атанып Тайжан да атылып кетті.
“Гәкку” әнінің дүниеге келген тарихынан сыр шертсек, ол да, Үкілі бабамыздың жалынды жастық шағында дарынды ақын, әнші ретінде шартарапқа атағы жете бастаған кезінде туыпты. Алдымыздағы үлкендер Ыбыкеңді жиырмадағы кезі дейтін. Атақты әдебиеттанушы, сыншы Есмағамбет Ысмайылов, қазақтың ұлы композиторы, өнер зерттеуші Ахмет Жұбанов та осы мағлұматтарды қостайды. “Гәкку” Үкілі Ыбырайдың бір көргенде ғашық болған Кәкима атты сұлуға арнаған асыл туындысы. Бұл ән асқақ шабыттың қызған мезетінде алабұртып, үстірт туған әдеттегі ән емес, ол терең тебіреніс, үлкен толғаныспен ақынның жан-жүрегін қисапсыз қиындыққа салған, ең құдіретті шағында шыққан дербес әні. Бұл ән әуенінің әсемдігі мен көркемдігі, сиқырлы сарынының тартымдылығы, композиторлық шеберлігі жағынан қазақ әндерінің де жарқын жұлдыздарының арасынан көрінеді.
Кәкиманы жиын-топта алғашқы көргенде қыр мұрынды, қарақат көз, сым саусақ, ақсары жүзінің сұлулығы, кербездігі мен инабаттылығы өз алдына, әншілігі де ә дегеннен таңғалдырады. Әнші қыздың отты сезімді тәтті әуенге орап шырқауы Үкілі Ыбырайдың тұла бойын сиқырлы у шалғандай толғандырып кетеді.
Не деген шалқар тынысы,
Ақ маралдай жүрісі.
Өңменімнен өтті ғой,
Әсерлі әннің дыбысы, – деп қасындағы достарына сыбырлапты. Ыбекеңнің сол кездегі шын толғанысты сөзін жазушы Ғалым Молдыбаевтың жеткізуі бойынша айтсақ, ол “Гәкку” әнінің шығуын былайшы баяндайды:
– Ән, жиын … жын қуып жүрген кезім, Кәкима деген сұлу қызға әнмен өлең шығармақ болдым. Күндер, айлар толғанып жүріп, бір шілдеханада Кәкимаға осы ойымды білдірдім. Кәкима да домбырамен өлең айтатын. Домбыра кезегі келгенде сұлу қыз маған күлкілі көзін бір қадады да өлеңді қоя берді емес пе.
Ақынға неге керек құр мырзалық,
Сүйгенін жаутаңдатып ойға салып.
“Айтатын сертіңе жет” деген мақал,
Болмай ма ән шығарсаң өмірге азық, – деп Кәкима шырқай жөнеліпті. Сонда Ыбекең: Жаман қатты ұялдым, аузыма түскені:
Таусылмас дариясы әзіл-наздың,
Мамығы жаныма ем қоңыр қаздың.
Қыл арқан ат мойнында шірімейді,
Періште жауабыңа қарыздармын, — деп кете барыпты. Міне, тап осы қысылыстан кейін Ыбырай жатса-тұрса естен кетпес Кәкимаға лайық ән шығарғысы келеді. “Я, жасаған, аузыма жақсы ән сал, не осы арада мені ал”, – деп жалбарынған кездерінде, талай тебіреніске түседі. Осындай бір тынышсыз түндерінде түсінде қаңқылдаған қоңыр қаздың дауысын естиді. Аққу-қазды көл шетінде аппақ келбеті жайнап Кәкима елестейді. Аққу сынды сұлу қыз елестегенде, оның атына балама ретінде аузына “Гәкку” деген ғажайып сөз түседі. Сол сәтте шабыттың үні басталады. Бұрын-соңды естілмеген жаңа ән арнап кел деген қыздың талабы да қызу қанды ақынның намысын қамшылайды. “Аққу”, “Гәкку”, “Кәкима” деп қайталап, ақ қағазға жаңа өлең жолдарын түсіреді. Түсіреді де, біресе сырнай, біресе домбырамен қосылып шырқай жөнеледі.
Құс салып айдын көлде дабыл қақтым,
Ән салып талай жердің дәмін таттым.
Жетсін деп осынау даусым “Гәккуіме”
“Гәккуді” қайтқан қаздай қаңқылдаттым, – деп толғанады да, есіне түскен елестерді, көкейіне қонған көріністерін топтастыра береді. Ең бастысы, әнге сай өлең шумақтары туады.
Үкілі Ыбырайдың өзімен дидарласып, “Гәккудің” дүниеге келу тарихын ауызба-ауыз естіген классик жазушымыз Сәбит Мұқанов та “Гәккудің” шығуына Кәкима атты сұлудың себеп болғанын, екеуінің танысып-білісіп қанаттасуларының арасында бірталай уақыт өткенін келтіреді. Сәбең Ыбырай туралы, “Гәкку” жайлы алғаш қалам тартқан жазушы болғандықтан, қыздың айттырған жігітімен де таныстырып өтеді. Ол жігіт те тегін емес, “сырнайлы өнерпаз” деп сипаттайды. Үкілі Ыбырайдың:
Таранған айдын көлде сіз бір аққу,
Мұндай сөз естіп пе едің бек ләззатлу.
Сырнай мен домбыраның арасында,
Балқыған қорғасындай қайран Гәкку, – деп келетін өлеңнің жалғасының да өз мағынасы бар. Сазды, назды ыстық сезімге толы ән сөзінің лирикалық кейіпкерлерін: қызды да, айттырған жігітін де, өзін де келісті түрде көрсете білгені ақындық та, музыкалық та шеберлікке жетелейді. Аққу сынды сұлу қыз “Гәкку” аталып, сырнай мен домбыраның арасында шалқып, толқып, өмір дариясында еркін жүзіп, қоңыр қаздай қаңқылдаған әнге бөленеді.
Сәті түсіп біраз уақыттан кейін айтулы бір жиын-тойда кездескенде Ыбекең: “Кәкимажан, мынау саған менің арнаған әнім”, – деп толық айтып береді. “Гәккуді” аққу-қаздың түрлі-түрлі жағдайларында сипаттап, махаббат назын сарқыла төгілтіп, сөзімен де, әнімен де сұлу қызды рахатқа бөлеп, әбден разы етеді. “Гәккулетіп” бір жоғары, бір төмен кейде биік, әп-сәтте қоңыржай қалқытып ерке арудың айызын қандырады.
Таранған айдын көлде сіз қоңыр қаз,
Қалқаға көңіл сүйген айтамын наз.
“Гәккуді” қоңырлатып мен салғанда,
Үйренбес талабы бар қандай маңғаз.
Түрлентіп тоқсан түрлі ән саламын,
Жай тастап құлашымды кең жаямын.
Түскенде сен есіме ерке “Гәкку”,
Құлпыртып осынау әнді толғанамын, – деп төгілтеді. Үйездеген үйірдей үйіріле қалған жұрт сілтідей тынып, таңданады. Әсем сазға, асқақ дауысқа, құдіретті сөзге жан дүниесі малшынғандай Кәкима да балқып, толқып тәтті ләззатқа шомылады. Кәкима Ыбырайға сәтті күнде жолығып, “Әніңіз құтты болсын, аққу-қаз қонбас көл болмас, бұл әніңізді айтпас ел болмас, байғазысына “Ахау, Семейді” айтайын”, – деп әндете жөнеліпті.
“Гәкку” әні осыдан кейін операдағы ария ретінде ел арасына тез тарады. Одақтық, республикалық радиодан Күләш “Гәккуді” өте жиі орындайтын. “Қыз Жібек” операсының ариялары ел ішінде кеңінен айтыла бастады. Ұлы Отан соғысы басталатын жылдың өзінде әйгілі опера күйтабақ күйінде алыстағы Көкшетау облысы, Айыртау ауданындағы ауылымыз Өскенге де жетті. Бұл ауыл Үкілі Ыбырайдың туған жері, қазір ұлы жерлесіміздің атымен аталады. Соғыс жылдары қаршадайымыздан біздерді жұмысқа салып, даладағы егістің қалың біткен сабақтарының арасындағы арам шөпті жұлдыруға апаратын. Түскі демалыс, қатты аптаптың кезінде бойжеткен қыздар мен ересек балалар Қыз Жібек болып әндетіп, Төлеген болып қамықтырып, Қаршыға болып ащы әнге басатын.
Қорытындылау:
- Халқымыздың мақтаныштары, әнші композиторлары ?
2.Біржан сал қай жерде дүниеге келді?
3Біржан мен айтысқан ақын кім?
Үйге тапсырма: «Гакку» әні