Ұлы ұстаздар көші.
Сыныбы: 4
Тоқсандық тақырыбы: Ұлы ұстаздар көші.
Сабақтың тақырыбы: Қара қобыз шебері –Жаппас Қаламбаев.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік мәні : Әншінің шығармашылығына тоқталу , таныстыру,
таныту, жан – жақты білімдерін жетілдіру.
Дамытушылығы: Оқушылардың ұлттық музыкаға деген ықыласын дамыту.
Тәрбиелік мәні : Қара қобыз шеберінің өмірі мен шеберлігі арқылы халықтың
салт- дәстүрін, тәрбиесін балаға бере білу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың типі:Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың әдісі: Жаңа сабақ түсіндіру , әңгімелеу, шығармашылыққа баулу .
Пәнаралық байланысы: Музыка әдебиеті , тарих.
Сабақ жоспары:
1.Ұйымдастыру кезеңі
2.Үй тапсырмасы: Жүсіпбек Елебековтің өмірі.
3.Бекіту
4.Жаңа сабақ: Қара қобыз шебері –Жаппас Қаламбаев.
5.Қорытындылау
6.Үйге тапсырма
7.Бағалау
Сабақтың барысы:
Қара қобыз шебері жаппас Қаламбаев
Қазақтың көне тарихымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қобыз аспабының ел арасында кеңінен таралуына өлшеусіз үлес қосқан, Қорқыт пен Ықыластың өнерін ілгері жалғастыруға бүкіл саналы ғұмырын арнаған Жаппас Қаламбаев 1909 жылы наурыз айында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында өмірге келеді. Тарихта бұл өңір Қоқан хандығына қараған жерлерді орыс патшалығы өзіне бағындырып алған кезде Сырдария губерниясының Түркістан уезіне енген болатын. Арқадағы Шымкент уезіне біріктірілген старшыны Баспақ Тиесовтің болыстығына тіркелген тұрғындардың тізімінде атақты қобызшы Ықылас Дүкеновтің де барлығын тарихи құжаттар дәлелдейді. Шу және Талас өзендерінің төменгі сағасын мекендеген көшпелі елдің ішінде Ықылас пен Сүгір күйшілердің ауылы аралас, қойы қоралас болып жүргенін көнекөз қарттар да әңгімелейді. Сол ұлы күйшілердің өкшесін алып, дүние есігін ашқан Жаппас Қаламбаевтың да төрт түлік малды тіршілік көзіне айналдырған дала қазақтарының тұрмыс ауанымен Бетбақдала, Сарыарқаны ен жайлап, Мойынқұм, Көкшеқұмды қыстап шығатын қалың елдің арасында балалық шағы өтеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында Созақ ауданында құрылған Түркістан уезінің он екі болыстан тұратын елінің Үлкен Шу болысына Таманың Дәулеткелді, Қызылқұрт аталарының ұрпақтары енген. Олар — Бұзау, Жалпақ, Есенқара, Барақ, Жолдыбай, Өтеміс, Қойлыбай, Ерназар, Қошқарбай, Айдар-Балта, Сартама болып келеді. Кешегі шертпе күйдің шебері Сүгір де, оның шәкірттері Жаппас та, Ергентай Борсабаев та Бұзау ата ұрпақтары болып келуінің өзі бұл әулетке Қыдыр атаның қоңыр қобыз бен домбыра аспабын теліп кеткендігі туралы аңыз әңгіменің шындыққа жанасатынын байқатады. Сүгірдің түсіне Қыдыр ата еніп: «Көген аласың ба, домбыра аласың ба?» деп сұрағанда қалақтай қара домбыраны қалап алғаны, бала кезінде Қыдыр ата қобыз сыйлап кеткен Ықылас күйші де сүйек жағынан бұл әулетке ұзақ емес.Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүрген елдің ішінде қоңыртөбел тіршілігін күйттеп жүрген үлкен аталары Қаңтарбайдан — Ысқақ, Иса, Қаламбай, Жақып атты төрт ұл дүниеге келсе, Қаламбайдан да төрт ұл — Қасымбек, Аппаз, Әубәкір, Әмзе туады. Ел ішін қызыл шешек жайлаған қиын кезде Қаламбайдың өзге ұл-қыздары болған да шығар, солардың ішінде қатарға іліккендері осы балалар еді. Туабітті бауырын жерден көтергеннен жоқшылық тауқыметін көріп, талпынған жас балалардың еті тірі болып өседі. Тұңғыш ұлы қашанда ата-анасына бөлекше ыстық көрінетіні белгілі. Жаппастың төрт-бестегі кезінде әкесі Қасымбек үй іргесінде балтамен ағаш шауып жатқанын байқап: «Әке, не істеп жатырсыз?» деп сұрайды. Сонда Қасымбек: «Балам саған лайықтап домбыра шауып жатырмын!» деп жауап береді. Қасымбек баласының ән-күйге әуестігін ерте бастан сезсе керек. Шағын денелі Жаппас та өте аңғарымпаз, сергек болып өседі. Жаппас әуелі қолына домбыра алып, бұл аспапты тез меңгеріп кетеді. Әкесі өзінің қара қобызын қолына сирек алатын. Бұл қобыз бәлкім ертедегі ата-бабаларынан қалған көне мұра да болар. Кешкілік ас ішіп, бастары қосылып отырған сәттерінде қара қобыздың қылын шайырлап, еспесін нықтап, ыңырантып шалған кездері есінен кетпейді. Қорасындағы азын-аулақ ұсақ малының жайын ойлап, ел қатарлы тіршілік кешіп жүрген Қасымбектің күш-қайраты қайтпаған кезінде төтеннен кесел жабысып, төсек тартып жатып қалады. Әуелгіде ауруға дес бермей ертең, арғы күні тұрып кететіндей көрінгенмен кеселі құрғыр қыл бұрауды мықтап салса керек, күннен-күнге буын-буынды алып, еңсесін көтертпеуге айналады. Қамшының сабындай қысқа өмірінің тым ерте тұйықталып, татар дәм-тұзының таусылып келе жатқанына көзі жеткен Қасымбек буыны қатпаған бала болса да келешегінен көп үміт күтетін ұлы Жаппасты шақырып алып, соңғы сөзін айтады:
Мына қара қобыз атамнан қалған, көзімнің тірісінде шаң жуытпай сақтап келе жатқан асыл мұраны өзіңе аманат етіп қалдырғалы отырмын. Құлыным, ата-бабамыздан қалған қылқобызды көзіңнің қарашығындай сақтап жүргейсің! Бұл қара қобыз сенің алдағы өміріңе таусылмас азық болар деп ойлаймын! — дейді қамығып.Қара қобыздың матадан тігілген сыртқы қабын шешіп, шанағын маңдайына тигізеді де қайта салып, бір жапырақ болып мұңайып отырған ұлына ақырын ұстата берген. Ақыреттік сөзін айтып, ағайын-туыспен үнсіз жатып қоштасып, тіктеп келген ажалды қасқайып қарсы алған еді.Қаршадайынан жетімдік тауқыметін тартқан Жаппас інісі Жарылқасын екеуі ауыл адамдарына ілесіп, 1919 жылы Түркістандағы жетім балалар үйіне келеді. Әкеден айырылып, ішер асқа, киер киімге жарымай жүрген тек бұлар ғана емес екен, жетім балалар үйінің іші-сырты толып жүрген көгенкөз жетімдер. Сонау Қызылордадан бергі жердегі, Түркістанның төңірегіндегі ауыл-аймақтан әке-шешелерінен аштықта айырылып қалып, жамағайындары тапсырып кеткен жүдеп-жадаған, құрсақтары қабысып, көздерін кіреуке шалған балалар жетерлік. Ашылғанына көп бола қоймаған жетім балалар үйінде төсек-орын, ас-ауқат да жетісе бермейді екен. Жаппас сияқты ересектері кішкентай балаларға орындарын беріп, жаз маусымында үйдің іргесіне, аулаға төсегін көтеріп келіп, жантайып жата кететін кездері де жиі кездесті.Сабақтан босағанда ермегі ауылдан серік етіп алып шыққан әкесінің қара қобызын қолына алады. Соңынан өзі қатарлас жетім балалар шұбырып еріп, қаланың орталық көшелеріне қарай беттейді. Адам аяғы үзілмейтін орталықтағы базардың кіреберіс қақпа аузына жайғасып отырып алып, қара қобызды аңыратып шала бастайды. Қарсы алдына түгі аладақ болып түскен көнетоз ты-мағын төңкеріп қояды. Қорқыт пен Ықыластың күйлерін бірінен соң бірін толғап тартып, аңырата жөнеледі. Үлкен қақпаның аузында ырғай-ырғай күй толғап отырған қаршадай бала әрі-бері өткен жандардың ықыласын еріксіз өзіне аударады. Қобыз үні бойларын алып, қаршадай баланың қара қобызды есілтіп тартуы қызық көрінеді. Қалталарына қол салып, қойын-қонышынан түйілген ақшаларын алып, шетінен шығарып, тиын-тебен, жапырақ-жапырақ теңгелерді баланың алдындағы бас киімге тастайды. Арадағы ілкі сәт үзілісте сырттай бақылап тұрған балалар Жаппастың қасына жетіп келіп, тымақтағы ақшаны төңкеріп алып кетеді. Көне бас киімнің ішіне қанша ақшаның түскенімен Жаппастың шаруасы болмайды. Қолын суытып алып, тағы да қара қобызды шалуға кіріседі. Түскен табысты алып кеткен балалар қалың елдің арасына сіңіп жоқ болып кетіп, біраздан соң осы төңірекке қайтып жиналады. Қолдарында жапырақ-жапырақ тандыр нан, қауын-қарбыздың тіліктерін езулерінен суын сорғалата ағызған, тауықтың етін сирағынан ұстап, ашқарақтана жұлмалағанын сырттай байқап қалатын. Құрсағы тойып ас ішіп, әріп танып көзі ашылып қалғанда Түркістандағы жетім балалар үйі жабылып қалды. «Енді қайттік? Ертеңгі күніміз не болмақ?» деп аңтарылған жетім балалар көшеге шұбырып кетеді. Күзге салым базар, шайхана, темір жол бекетінің төңірегін жағалап, қара қобызын ұзақ шалып отырғанмен мардымсыз тиын-тебен түсетін болды. Өзге ашөзек жетім балаларға талғажау тауып бермек түгілі өзі де бүйірі томпайып ас ішпейтін жағдайға жетеді. Күнкөріс қиындап кеткен соң білімнің соңына түссем деген үміті көмескіленген Жаппас қайтадан елге оралады. Бұл кезде Жаппас қара қобызын жанынан бір елі тастамай жүріп, домбыраға қолы біраз суып та қалған еді. Ауыл аймаққа сыйлы Сүгір күйшінің үйге соғып, ықылас білдіргені Жаппастың көңілін өсіріп жіберді. Күйші жас баланың бойындағы ұшқынды көптен сезіп жүрген еді. Ауылдағы жиын-тойда естияр жандармен бірге жүретін Сүгір күйшінің маңайын жиі төңіректейтін болды.
Бекіту.
а) Жүсіпбек Елебеков қай жерде дүниеге келді?
ә) Жүсіпбектің ұстазы кім?
Қорытындылау.
а) Жаппас Қаламбаев қай жерде дүниеге келді?
ә)Жаппас кімдердің күйлерін орындада??
б)Жаппасқа қобыз сыйлаған кім?
Үйге тапсырма: Оқып, түсінігін айту.Мәнжазба жазу.
Бағалау.