Музыка сабағында қазақтың ұлттық аспаптары арқылы оқушыларды шығармашылыққа баулу
Музыка сабағында қазақтың ұлттық аспаптары арқылы оқушыларды шығармашылыққа баулу
Адамзаттың барлық жақсы қасиеттерін жас ұрпақтар бойына сіңіріп, олардың қоғамдық көзқарастарының дұрыс қалыптасуына эстетикалық тәрбиенің маңызы зор. Эстетикалық тәрбиенің жас ұрпақтың өскен ортасын дұрыс таңдауы, адамдарға сүйіспеншілікпен қарауы, жалпы адамгершілік қасиеттерін бойларына сіңіруіне музыка пәнінің де өз қосатын үлесі зор. Эстетикалық тәрбие құралдарының басты салаларының бірі — музыка. Музыка-сезім тілі. Музыак жеке тұлғаның ақыл-ой мен дене бітімін жетілдіреді, әрі жан-жақты өмір тәжірибесін кеңейтуге, біліктілігі мен қабілетін дамытуға, шығармашылық іскерлікке тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Музыка сабағының негізгі мақсаты шәкіртке ұлттық өнердің құдіреттілігін таныту арқылы олардың санасына, сезімі мен ұшқыр қиялына игі әсер ету. Сонымен қатар музыка сабағында қазақ халқының көне заманнан мұра болып келе жатқан ұлттық аспаптарымен таныстыру. Қанша аспап жасаса да, олар бірінің үнін бірі қайталамаған. Осыдан келіп аспаптардың алуан түрі шыққан. Қазақ халық музыка аспаптарын жетілдіру 60 – 70 жылдарда ерекше қарқын ала бастады. Бұл аспаптардың шығу тарихы, қазіргі орны, пайдалануы туралы айтып, музыкалық шығармалар ойнап, көрсету музыка сабағында оқушыларға эстетикалық тәрбие мәселесінде өз үлесін қосады. [2]
Сөйтіп, бұрын белгісіз болып келген шертер, сазсырнай, жетіген, асатаяқ, нарқобыз, шаңқобыз, қос сырнай секілді аспаптар қайта тіріліп халық музыкасы санынан берік орын алады.
Аспаптардың жетілуі, дамуы тек ғылыми лабораторияларда шешіле салмайды. Ол халық арасында , нақты шығарма ойнау, оқып үйрену үстінде айқындала түседі.
Аспаптардың құрылысы, жасалуы, оларда ойнау туралы сөз қозғамас бұрын, оларды сыр-сипатына, құрылыс-құрылымына қарай топ-топқа бөліп атап шыққан жөн. Өнертану ғылымының кандидаты Болат Сарыбаев өзінің «Қазақтың музыкалық аспаптары» деген еңбегінде қазақ музыка аспаптарын былайша жіктейді:
Шертпелі аспаптар – адырна, жетіген,
Ыспалы аспаптар — қобыз, нарқобыз, сазген;
Үрмелі аспаптар – керней, үскірік, сыбызғы, даңғыра, шаңқобыз, уілдек.
Ұрмалы-сілкімелі аспаптар-дабыл, кепшік, даңғыра, асатаяқ, жыланбас, тоқылдақ, тұяқтас.
Аспаптар өздерінің аталуына, құрылысына, пішініне, ою-өрнегіне, үніне қарай белгілі бір ұлттың өнерін паш еткен.
Үрмелі және ұрмалы аспаптар ерте заманда адамдардың бір-біріне дыбыс беру үшін немесе аң мен құстың дауысын салу үшін пайдаланғаны үшін еш дау туғызбаса керек.
Сырнай деп бірнеше музыкалық аспаптардың бірнеше түрін атаған. «сырнай»-«сыр» және «най» деген екі сөзден тұрады. «сыр « деген сөздің мағынасы бәрімізге белгілі: «сырласу», «сыр шерту», «най» деп түтік заттарды атаған. Үрлеп тартылған аспаптар жасалу материалына байланысты бөлінген.[1]
Үскірік аспабының үні майда, құлаққа жағымды. Ойнай білетін адам одан құйқылжыған сан алуан дыбыс шығаруға болады. Құстың сайрағанын, асау боран уілін, сәбидің жылаған дауысын, қасқыр, ит ұлығанын келтіру оңай, халық әндерін орындап, күй, би, әнді сүйемелдеуге де ыңғайлы.
Мүйізсырнай-қарамал мүйізінен жасалады. Үрмелі аспап. Мүйізді аспаптар оркестріне пайдаланады.
Сыбызғы-бұрынғы кезде қамыс, қурайдан жасаған. Сыбызғыда ойнау кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Дегенмен сыбызғыда ойнау қазіргі кезде жақсы дамуда.
Шаңқобыз-шаңқобыз аспаптық музыкамызда ерекше орын алады. Шаңқобызда көбінесе әйел адамдар ойнаған. Оның көлемі де күрделі емес, екі жақ ұшы сүйірленіп, ортасында жіңішке тілі бар лираға ұқсайды.
Асатаяқ-ежелден келе жатқан сілкімелі аспап. Бақсылар қарапайым халықты қарату үшін даңғыра, қыл қобыздармен қатар асатаяқты да пайдаланған. Бақсылық жойылғаннан кейін асатаяқ ұмытыла бастап еді. Бірақ ел арасындағы сауықшыл-өнерпаздар оның музыкалық сипатын дұрыс танып, қайта жаңғыртып өз өнерлеріне пайдаланды. Асатаяқ тек ән, күй әуеніне қосылып қоймай, би ырғағын да сүйемелдейді.
Қоңырау-ерекше аспап болып саналады. Күйші-домбырашылар домбыра шанағының ішіне іліп, күмбірлеген дыбысқа сыңғырлаған қоңырау үнін ұластырған. Қобызшы, шаңқобызшы қоңырау сазын күйге қосқан. Осының бәрінің негізінде қоңырау үнінің әсемдігі мен әсерлігі жатыр. Үні таза қоңыраулар арнайы музыкалық аспап ретінде жеке де пайдаланылады.
Тұяқтас-қазақ тұрмыс-салтында ежелден бар музыкалық аспап.Тұяқтас аспап ретінде бүгінгі өмірімізден берік орын алды.
Қазақ халқының фольклорлық аспаптары — қымбат мұра, асыл қазына. Оларды үйрету, қайта жаңғырту арқылы оқушы жастардың ұлттық санасын қалыптастыруға зор мүмкіндік туады.
Музыка сабақтарында оқушыларға эстетикалық тәрбие бере отырып, қазақтың ұлттық музыка аспаптарымен таныстыра отырып, музыка сабақтарында ұлттық аспаптар жасайтын шеберлер, шеберлердің еңбектері туралы айта кеткен жөн. Осы жерде ұлттық аспаптарды көрсете отырып, қазақ халқының әсемдікке құмар екенін, ұлттық қолөнер шеберлігі өте ерте дамыған, халқымыздың шеберлерінің еңбегін бағалай білгенін айта келіп, жалпы оқушылардың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға талпыныс жасап, шығармашылыққа баулу керек. Осы қазақтың ұлттық аспаптары арқылы тұрмыс-тіршілікте пайдаланатын бар құрал-жабдықтарын ою-өрнекпен әшекейлеп сұлулыққа, әсемдікке жаны құштар халық екенін білдірген.Осы музыкалық аспаптар арқылы оқушылар ұлттық аспап сазының әдемілігін сезіне отырып, сол аспапты үйренуге, ән салу шеберлігіне құштарлықтары артады.[3] Осы тақырып негізінде 6-сыныпта Н.Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған ашық сабақ өткізілді. Бұл сабақта Н.Тілендиевтің өмірі, шығармашылығы жалпы қазақтың музыкалық аспаптары туралы танымдық сабақ болды. Музыкалық терминдер туралы түсінік беріліп, оқушылар шығармашылықпен жұмыс жасады.
Музыка сабағында қазақтың ұлттық аспаптарын оқушыларға таныстыра отырып, оқушыларды шығармашылыққа баулу оқушы білімінің жақсы бір бастамасы болып табылады. Осы ұлттық аспаптар арқылы әсер алған оқушылар музыка және басқа да өнер әлеміне енудің әсерлі белсенділігін көрсетеді және өз жастарына сай өзіндік қабылдау, музыкалық сауаттылықтарының артуы, эстетикалық өнеге мәселелерін өз жасына қарай шешу сияқты қасиеттерді музыка әрекеттерімен үйлестіруге себеп болады.
Музыка сабағында ұлттық аспаптарды таныстыра отырып оқыту мынадай нәтижеге жеткізеді:
- Қазақ халқының рухани құндылықтарын және дәстүрлі көркем мәдениетін игереді;
- Айналадағы болмысты және қазақтың халықтық өнерін музыкалы-эстетикалық және көркемдік бағалуды қалыптастырады;
- Қазақ халқының дәстүрлі көркем тәжірибесін тақырыптық жағынан түйсініп, сезінеді;
- Қазақтың халық өнеріндегі бейнелі көркем тілде білімін, білік және машығын қалыптастырады;
- Тұлғаның көркем-шығармашылық белсенділіктері артады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Музыка әлемінде» журналы. № 2, 2005 жыл
- Б.Сарыбаев. «Қазақтың музыкалық аспаптары.
- Қазақтың ұлттық аспаптары.