«Жақсының аты өлмейді» атты Шәмші Қалдаяқовқа арналған әдеби – музыкалық сабақ
«Жақсының аты өлмейді» атты Шәмші Қалдаяқовқа арналған әдеби – музыкалық сабақ
Сабақтың білімділік мақсаты:
- Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін үйрену.
- падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқов атамыз туралы музыка және үйірме сабақтарында алған білімдерімізге сүйеніп, өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, әндерімен таныса отырып, рухына тағзым ету.
Түзету мақсаты:
Ш. Қалдаяқовтың әндерінің мазмұны, шығу тарихы өзінің өмірлік жолымен тығыз байланысты екенін түсінуге, ұғуға үйрету арқылы ойлау, түсіну , есте сақтау қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік мақсаты:
Халқымыздың ұлы сазгері Ш. Қалдаяқов әндері арқылы оқушыларды сұлулыққа, әсемдікке, елжандылыққа, Ата- Ана, Отанды сүюге тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілі: сазгер суреттері, әндері жазылған жинақ кітаптар, қазақтың әйгілі адамдарының Шәмші Қалдаяқов туралы пікір- жолдары, нота жазбасы, үнтаспа, газет, журнал мақалалары. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны жазылған плакат, үнтаспа.
Сабақтың барысы: Тоқтар Серіковтың орындауында «Шәмшіге арнау» әні шырқалып тұрып оқушылар сыныпқа кіреді. — Амандасу.
— Дауыс түзету жаттығуын айтқызу.
— Шәмшінің «Бейбіт күн тілегі» атты әнін орындау. Балаларға сұрақ қою арқылы әннің мазмұны туралы, әнді жазған композитордың атын анықтау, өткен сабақты еске түсіру жұмысын жүргізу.
— Балалар, бүгін біз «ән падишасы», «қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовқа арналған сабағымызды бастаймыз!
Сабақ негізгі 4 бөлімнен тұрады: 1.Шәмші қалай Шәмші атанды.
2.Өмірі әнмен өрілген. 3.Шәмшіге көрсетілген алғашқы да ақтық құрмет. 4.Шәмшінің өмірге қайта оралуы.
Тақтадағы көрнекіліктермен жұмыс: Сазгер туралы схемаға көңіл бөлдіріп, әр пункті туралы айтып түсіндіру. Толық талдау сабақ барысында өтілетінін, балалар қадағалап отыруын тапсыру.
— Оңтүстік Қазақстан Облысы, Арыс өзенінің бойында Қалдаяқ деген кедейдің үйінде осыдан 82 жыл бұрын бір ұл дүниеге келеді. Әкесі оның атын Жәмшид деп атапты. Араб тілінде бұл сөз патша деген мағынаны білдіреді екен. Кейін Жәмшид өсіп жетіліп Шәмші Қалдаяқов болып, адамның емес әннің патшасы болады. Әннің ішінде би ырғағында, әсіресе «вальс» ырғағында жазылған әндері көп. Сондықтан халық Шәмшіні «вальс королі» атап кетті.
— Иә, ол өмірінде 300-ге жуық ән жазған екен. Әндері жан-жақты тақырыптарды қамтыған, бүкіл қазақ даласын самғады. Туған жер, Отан, еңбек, аяулы ана, мөлдір махаббат, шынайы бақыт туралы әндерін халық сүйіп айтты.
Шәмші әндерінен попурри орындау.
Осындай көп әннің ішінде «Ана» тақырыбы ерекше орын алады. Шәмшінің «Ана туралы жыр» әнінің шығуына себеп болған аяулы анасының мезгілсіз дүние салуы.
Жазылмастай дертке шалдыққан анасы әл үстінде жатып, Алматыдағы баласын шақыртады.
КӨРІНІС: — Балам, — деді көзіне жас алып, — жалғыз тілегім сен аман бол. Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып үзілмесін. Ол әнің ұзаққа жетсін. Бақытты бол, балам. – Апа, қарыздармын саған… Қарыздармын, апа! Сенің басыңа кесенеден ескерткіш орнату менің қолымнан келе қоймас. Бірақ саған әннің ең асылынан ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын, — деді Шәмші. Бұл анасына берген уәдесін 2 жылдан соң орындады. Бұл ән ана алдындағы ешқашан өтелмейтін борышын сезінген баланың егіле төгілген көз жасы еді. Бұл ән аналар туралы әнұран болып қалды.
Әнді үйрену.
Шәмшінің жеке адамдарға, әсіресе өзіне ұнаңан қыздарға арнап шығарған әндері көп. Мысалы, өзімізге таныс Ғазиза Жұбановаға арнап шығарған «Шынарым» әнін қазір «Мұзарт» тобының орындауында тыңдаймыз.
«Шынарым» әнін тыңдау.
Сыған қызына арнап шығарған «Сыған серенадасы» әнін әдейі дайындаған әнші баламен, қасында сыған биін билейтін қыз бала орындауында тамашалаймыз.
«Сыған серенадасы» әнін тыңдау.
Балалар, Шәмші ағамыз 61 жасында, 1991жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы бойынша қазақ музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстан халық әртісі» деген атақ берілді. Ал, бұл кезде ол ауруханада жатқан еді. Ол ауруханадан 1992 жылдың 29 ақпанында мәңгілікке көз жұмған күйі бір-ақ шықты. Шәмші осылайша «Қазақстанның халық әртісі» деген құрметті атақты бар жоғы 60 — ақ күн иеленді. Бұл оның алғашқы да, соңғы құрметі еді. Ғажап әннің құдіретіндей болған Шәмші осылай күн кешкен еді.
«Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» әнін тыідау.
Шәмші аға өлсе де әндері өлмейді. Қайта, жаңарып, жаңаша күшпен әлемге Шәмші атын танытып жатыр. Оған мысал, Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні.
Қазақстан – мерейім,
Сені төрден көрейін.
Жеңісіңе желпініп
Жемісіңді көрейін!
«Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихы туралы Шәмші ағаның өзінен естиік. (осы жерде үнтаспаға жазылған бейне клипті көреміз)
Бұл ән Қазақстан Республикасының Әнұраны болып 2006 жылдың 11 қаңтарынан өабылданып, қайта туып жаңа өмір бастады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны — орындау.
Сабақтың қорытынды бөлімі.