Сөзмерген
Сөзмерген
/Тіл білгірлерінің сайысы /
Мақсаты:
- Оқушыларға мемлекеттік тілдің өркендеп, мемлекеттік тілімізді сүюге, мемлекеттік тілді аяққа баспай, мәртебесін биік ұстау жөнінде, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт-дәстүрі, діні, тіл ерекшелігі болатынын түсіндіру;
- Оқушылардың ой- өрісін, дүниетанымын кеңейту, сөздік қорын молайту, жұрт алдында еркін ауыз екі сөйлеуге баулу.
Көрнекілігі: нақыл сөздер жазылған слайдттар, электрондық ойын таблосы
Ойын барысы
/Сахнаға екі жүргізуші шығады/
1-жүргізуші: Армысыздар ұстаздар, оқушылар, қадірменді қонақтар!
2-жүргізуші: М.Горький атындағы білім ордасының шаңырағына қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «XXI ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін»- деп қадап айтқан.
Иә, көп ұлтты қазақ халқы Кеңес Одағы тарағаннан кейін жанжал, қақтығыстардың қатерлі өртіне шалдықпай, тәуелсіз ел атанып, сан алуан қиындықтарды сәтімен артқа тастап, қаз тұрды.
2-жүргізуші: Бүгінде еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлауға әзірленуде. Әлемдік өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесі, мақтан тұтар мәдениеті, лайықты салт-дәстүрлері бар, бастан кешкен қасірет-қатпары да қалың, данагүл халқымыздың өміріндегі аса маңызды, тұтас ғасырға белгісіз 20 жылдық кезең аяқталмақ.
1-жүргізуші:
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!-деп ақын ағамыз Мағжан Жұмабаев жырлағандай Тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ тілі –мемлекеттік тілі болып қабылданды!
2-жүргізуші: 2007 жыл — Қазақ тілін қолдау жылы болды.
Ел тарихы, жер тарихы өзіміз,
Болашақтың қасиетті кезіміз.
Барлық ұлтпен бауырласып жетелеп,
Ақ қараны тіліп тұр сөзіміз.
1-жүргізуші: 2-сынып оқушылары сіздерге тіл туралы мақал мәтелдер айтып береді. Қабыл алыңыздар!
2-жүргізуші:
Назарларыңызда 4-ші сынып оқушыларының дайындаған әдеби монтажын тамашалайық!
1-оқушы: Ли Камила
Ана тілім, дана тілім бақытым
Қазақ тілін білу менің парызым.
Тілім менің ұмытылмас тірлігім,
Кім біледі тіліміздің тағдырын.
2-оқушы: Тен Алина
Алаңдатты тіл тағдыры бүгінде.
Сен болмасаң болар ертең күнім не?
Қазақ тілін сүйемін мен жаныммен.
Қазақ болып қалу үшін түбінде.
3-оқушы: Ким Алена
Қазақ тілім бас иемін мен саған
Тілге деген болу керек кең талғам.
Мемлекеттік тілімізді сыйласақ,
Қазақ тілі біздер үшін жаралған.
4-оқушы: Ли Руслан
Тіліміздің тарихы бар қол жетпес,
Айтсаң оның тарихына сөз жетпес.
Өткеніне тіліміздің көз жүгіртсек,
Тіліміздің тарихы бар сан жетпес.
5-оқушы: Абдул-Оглы Гульнара
Тіл деген қасиетті ұғым екен,
Қазақ тілі жырлайтұғын жырым екен,
Ұмытпайық тілімізді ешқашан.
Қасиетін сақтайтұғын сырым екен.
6-оқушы: Дюсембинова Наргиз
Тілім саған әрқашанда бас иемін,
Бар ғой сенің бойыңда қасиетің,
Тіліміз деп әрқашан мақтан тұтқан,
Ұмытпайық бабалардың өсиетін.
7-оқушы: Муч-Оглы Амина
Мәртебесі тіліміздің биік екен
Қазағыма қазақ тіл боп енген екен.
Тілімізді ұмытпайық әрқашан
Қазақ тіл боп мәңгілікке қалған екен.
8-оқушы: Цой Анна
Тілім саған арналады бар күнім
Сен арқылы таси түсті шаттығым.
Қазақ тілін білмесең сен егер де,
Онда сенің қазақ тілге жоқтығың.
9-оқушы: Абдыгапаров Алдияр
Қазақ тілім сенсің бар гүлім
Арналады менің саған бар күнім.
Ана тілін ұмытпасаң ешқашан,
Жоғалмайды ешқашанда пәктігің.
1-жүргізуші:
Тілім менің!
Тілім үшін мың өліп, тірілді елім,
Аралыммен арыммен қатар қойып,
Тілді қорғау – парызым бүгін менің! –дегендей бүгін орыс тілінде оқитын сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімдерінің аудандық семинары аясында 8 «Б» және 8 «В» сыныптар оқушыларының арасында
Байболатова Гүлнар Ізбасарқызының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан «Сөзмерген» қазақ тілін білгірлерінің сайысын назарларыңызға ұсынамыз!
2-жүргізуші:
Ақталған ақ арманы, үміттері,
Қашан көрсең жүреді күліп тегі.
Қаумалаған ағайын, аманбысың,
Аманбысың сайыстың үміткері.- дей отырып ортаға сайыскерлерімізді
шақырамыз!
1-жүргізуші:
І-ші топ 8 «Б» сынып оқушыларын қарсы алайық!
2-жүргізуші:
Сахнаға ІІ-ші топ 8 «В» сынып оқушыларын шақырамыз!
1-жүргізуші:
Шын жүйрік шабысымен танылады, Нақты білім, терең ой сыналады. Баға берер әділқазы ортамызда, Сіздерге құрметпен қол соғылады-дей келе әділқазылар алқасын таныстырып өтейік.
2-жүргізуші:
Аудандық білім және дене шынықтыру бөлімінің әдіскері Ынтыбекова Нұргүл Ағдарбекқызы
1-жүргізуші:
Аудандық қазақ тілі мен әдебиет пәндері мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Михаил Юрьевич Лермонтов атындағы орта мектебінің мұғалімі Мырзаханова Ляззат Әділханқызы
2-жүргізуші:
Михаил Васильевич Фрунзе атындағы мектепке дейінгі шағын орталығы орта мектеп-гимназия мұғалімі Тыналина Баян
1-жүргізуші:
№ 51 Сергей Ильич Морозов атындағы орта мектебінің мұғалімі Мыржикова Ажар
2-жүргізуші:
Жақсылық адамдардың тілегі екен,
Тілейтін жақсылықты жүрегі екен. Дәстүрі қазағымның сарқылмағын, Шарттарын сайыскерлер біле ме екен?-дей келе сайысымыздың жобасымен таныстырып өтейік.
1-жүргізуші:
Шарттары: І- кезең Таныстыру
2-жүргізуші:
ІІ- кезең «Мықты болсаң, тауып көр» Мақал — мәтелдің жалғасын табу;
1-жүргізуші:
ІІІ- кезең «Жүйрік болсаң, шауып көр» Мақал – мәтелдің орысша баламасын табу;
2-жүргізуші:
ІV- кезең «Ұшқыр ойдан ұтымды жауап» Сұрақтарға жауап беру;
1-жүргізуші:
V-кезең «Өлеңді сүйсең менше сүй» өлеңнің ұйқасын табу;
2-жүргізуші:
VІ-кезең «Ойлы болсаң, озып көр» Фразеологизмдерді табу;
1-жүргізуші:
VІІ-кезең «Ойлы орталық» Капитандар сайысы «Егер мен білім министірі болсам, мен мемлекеттік тілге…» тақырыбы бойынша ой толғау.
2-жүргізуші:
Кезек келіп, өжеттеніп,
Сөз алыппыз.Танысалық,
Ғажап ойын, Ғажап күн.
Тегіміз бар — басқа ұлтта,
Қазақ емеспіз,
Құрметтейміз де, білеміз,
Тілді бірақта!-дей келе, сайысымыздың бірінші шарты бойынша екі топ өздерін
таныстырып өтсін. І- кезең Таныстыру
1-жүргізуші: Сахнаға 8 «Б» сынып қатысушы тобын шақырамыз!
2-жүргізуші: 8 «В» сынып қатысушыларын қарсы алайық!
1-жүргізуші:
ІІ- кезең «Мықты болсаң, тауып көр» Мақал — мәтелдің жалғасын табу;
1-ші топтың мақалдары
- Тіл тас жарады, … тас жармаса, бас жарады
- Дәлелсіз сөз … желмен тең
- Сөз тапқанға — … қолқа жоқ
- Жеті жұрттың тілін біл,…жеті түрлі ілім біл
- Көре-көре көсем боларсың, … сөйлей-сөйлей шешен боларсың
- Ине көзінен сынады, … шешен сөзінен сынады
2-жүргізуші:
2-ші топтың мақалдары
- Тілден артық … қазына жоқ
- Қаһарлы сөз … қамал бұзар
- Піл көтермегенді, …тіл көтереді
- Айтылған сөз, … атылған оқпен тең
- Бас кеспек болса да, … тіл кеспек жоқ
- Шебердің қолы ортақ, … шешеннің сөзі ортақ
2-жүргізуші:
ІІІ- кезең «Жүйрік болсаң, шауып көр» Мақал – мәтелдің орысша баламасын табу;
1-ші топтың мақалдары
- Жаман жолдастан таяғым артық
Крепкая палка лучше плохого попутчика
- Күлме досыңа-келер басыңа
Над бедой друга не смейся, то же может случиться и с тобой
- Досы көппен сыйлас, досы азбен сырлас
Дружи с тем, у кого приятелей много, откровенничай с тем у кого друзей мало
- Отан оттан да ыстық
Родина греет жарче огня
1-жүргізуші:
2-ші топтың мақалдары
- Заттың жаңасы жақсы, достың ескісі жақсы
Одежда хороша новая, а друг старый
- Жақсымен жолдас болсаң-жетерсің мұратқа. Жаманмен жолдас болсаң-қаларсың ұятқа
С добрым человеком сдружишься цели своей достигнешь. С дурным
сдружишься- в дураках останешься
- Ел іші-алтын бесік
Родная земля-подобна золотой колыбели
- Әркімнің өз жері -жұмақ
Для каждого человека своя Родина сравни раю
1-жүргізуші:
ІV- кезең «Ұшқыр ойдан ұтымды жауап» Сұрақтарға жауап беру;
І-ші топтың сұрақтары
- ҚР-ның Мемлекеттік Туының авторы кім? /Шәкен Ниязбеков/
- Бейбітшілік құсы? /Көгершін/
- ҚР мемлекеттік тілі? /Қазақ тілі/
- ҚР Мемлекеттік Гимнының сөзін жазғандар кімдер?
/Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев/
- Ендігі өміріміздің бағдары не? /Ендігі өміріміздің бағдары – бәсекеге қабілеттілік/
2-жүргізуші:
ІІ-ші топтың сұрақтары
- ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары кімдер?
/Жандарбек Мәлібеков, Шота Уәлиханов/
2) ҚР Мемлекеттік Гимнының әнін жазған кім? /Шәмші Қалдаяқов/
3) Қазақстанда қандай мереке 16 желтоқсан күні атап өтіледі? /Тәуелсіздік күні/
4) Қазақстанның астанасы қай жылы ауыстырылды? /1998 жылы/
- Ғарышқа ұшқан қазақ азаматтарын атаңдар /Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев /
2-жүргізуші:
V-кезең «Өлеңді сүйсең менше сүй» өлеңнің ұйқасын табу;
І-топтың өлеңдері
- Біздің Ту
Айнымайды аспаннан,
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашан да,
Биікке іліп қояды.
Жанатындай өзі отша,
Жалын шарпып бетіңді.
Туымыз да қазақша,
Сөйлеп тұрған секілді!
/Тұманбай Молдағалиев/
1-жүргізуші:
- Отан – сенің ата-анаң,
Отан – досың, бауырың.
Отан – өкең, астанаң,
Отан – аудан, ауылың.
Отан – тарих, Отан – тіл,
Жасаған елің, өз халқың.
Отан – өлең, Отан – жыр,
Көтерген көкке ел даңқын.
/Б. Ысқақов/
2-жүргізуші:
- Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылады сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
/Әбділдә Тәжібаев /
1-жүргізуші:
ІІ-топтың өлеңдері
- Қазақстан
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далаға жылап келіп, уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
/Қасым Аманжолов/
2-жүргізуші:
- Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем,
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған “Отан” деп сыбырлаған.
Жаным менің кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған.
Отан! Отан!
Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем…
/Мұқағали Мақатаев /
1-жүргізуші:
- Сүйем туған тілді- анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнім…
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным.
/Сұлтанмахмұт Торайғыров/
2-жүргізуші:
VІ-кезең «Ойлы болсаң, озып көр» Фразеологизмдерді табу;
Фразеологизмдер
І-ші топтың
- ҰЯЛУ /Жерге кіріп кете жаздау /
- қорқу, шошу /Төбе шашы тік тұру/
- жан-жақты /Сегіз қырлы, бір сырлы /
- шебер /Он саусағынан өнері тамған /
- қатты қуану /Қуанышы қойнына сыймау/
1-жүргізуші:
ІІ-ші топтың
- жуас /Қой аузынан шөп алмас /
- алдау /Мұзға отырғызып кету/
- үндемеу /Жұмған аузын ашпау/
- лезде /Көзді ашып-жұмғанша/
- көнбіс /Ит жанды /
2-жүргізуші:
VІІ-кезең «Ойлы орталық» Капитандар сайысы «Егер мен білім министірі болсам, мен мемлекеттік тілге…» тақырыбы бойынша ой толғау.
1-жүргізуші:
Ұлы ғұлама Пифагор: «Қандай да болсын халықтың әдет-ғұрпын үйренгің келсе, алдымен оның тілін үйрен» -деген екен, міне біз бүгін сіздерге оқу орыс тілінде жүргізілетін сыныптарда «Сөзмерген» атты қазақ тіл білгірлері сайысын көрсеттік.
2-жүргізуші:
Ендігі сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі.
1-жүргізуші:
«Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. өйткені тіл байлығы — бәрінен де сенімді байлық.»-деп жазушы Ғабиден Мұстафин айтқандай тіл байлығы мол адам нағыз бай деп айтуға болады, ендеше барлықтарыңызға байлық тілейміз!
2-жүргізуші:
Болашаққа ұмтылған жолымыз бар,
Жарқын өмір тұтқасы қолымызда.
Осыменен аяқтайық біз сайысты,
Көріскенше аман-сау болыңыздар!