Тіл ұстарту «Жоғалған қаламсап» мәтінімен жұмыс
Тіл ұстарту «Жоғалған қаламсап» мәтінімен жұмыс
(V сынып)
Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: Мәтін мазмұнымен танысады, талдайды, сын тұрғысынан бағалай білуге үйренді.
- Дамытушылық: Оқушылар өз бетінше ой қорытуға, ізденуге, зерттеу жұмыстарына дағдыланады.
- Тәрбиелік: Сөздік қорын байытады, өз ойын тұжырымдай білуге және өзгенің пікірін сыйлауға үйренеді.
Сабақтың түрі: тіл дамыту
Бағалау: эссе
Әдіс-тәсілдер: «Болжау», «Пікірталас» стратегиялары, 5 минуттық эссе.
Сабақтың барысы: І. Қызығушылықты ояту
Оқушыларға бэйджиктер таратып, есімдерін жазғызамын. Аттарының алғашқы әріптеріне байланысты өз мінезіне сипаттама береді (1-2 сөзбен). Мысалы: Есімім – Айымхан, ақкөңілмін, ашықпын. (Мақсатым: 5-сыныпта өткен алғаш сабақтардың бірі болғандықтан сыныппен танысу және сыныпта психологиялық ахуал туғызу)
ІІ. Мағынаны ажырату
- Мен, балалар, сендерге қонаққа құр қол келмей, бір қызықты әңгіме ала келдім. Ол «Жоғалған қаламсап» деп аталады. Мұқият тыңдап отыруларыңды сұраймын. (Мәтінді 5 бөлікке бөліп оқимын, әр бөлікті оқыған соң оқушылар оқиғаны ары қарай өздерінше жалғастырып, ойларын айтады).
Жоғалған қаламсап
Екінші сыныптағы ең әдемі қаламсап Саматтікі. Екі түсті сиясы бар әсем қаламсапқа қызықпайтын бала кем. Бәрі де бір ұстап көруге ынтық. Көбісінің «Шіркін, менде де осындай қаламсап болса ғой», – деп ойлайтыны анық.
Ғалым мен Айгүл Саматтың алдындағы партада отырады. Қазақ тілі сабағы басталғалы жатқанда, Ғалым дәптердің үстінде жатқан Саматтың қаламсабын байқатпай іліп алды да, Айгүлдің сөмкесіне тастай салды.
***
Сабақ басталып кетті. Гүлбану апай тақтаға сынып жұмысын жазды. Оқушылар тапсырманы орындауға кірісті. Ғалым артына қарамаса да, Саматтың қозғалақтап, партаның асты-үстіне үңіліп қаламсабын іздегенін сезіп отыр. Әне, қасындағы Зәуреге әлдене деп күңкілдеді.
- Самат тыныштал! – деп ескерту жасады апай.
«Ал енді не істер екен?» — деп ішінен қулана күлді Ғалым.
***
Сәлден соң Самат кітаптарын қопарып, сөмкесін ақтара бастады.
- Самат, жаттығуды орында! – деп апай оның қасына таянды.
- Қа-ламсабымды ж-жоғалттым…- деді ол еріндері дірілдеп.
- Сөмкеңді, кітаптарыңның арасын жақсылап қарашы, — деді апай.
- Қ-қарадым… Жоқ….
- Алдыңғы сабақта болды ғой?
- Аһа… Болды… – Самат мұрнын бір тартты.
- Балалар! Саматтың қаламсабын кім алды? – деп Гүлбану апай
бүкіл сыныпқа шола қарады.
- Өзі жазып отырған…
- Алған жоқпыз!
- Жоқ! – деп балалар тұс-тұстан шу-шу етті.
- Қаламсабым… – Самат жылап қоя берді.
***
– Қой, қоя ғой, айналайын. – Апай оны басынан сипап жұбатып әлек. – Қане, балалар! Парталарыңның асты-үстін, сөмкелеріңді қарап жіберіңдерші, — деді апай.
Сөмкесін ашып жіберген Айгүлдің көздері бақырайып кетті. Әсем
қаламсап бұның сөмкесінде жатыр.
- А-апай, апай! Міне, қаламсап! – орнынан жалма-жан атып тұрған
Айгүл оны мұғалімге ұсынды.
Сынып іші сілтідей тына қалды. Сосын:
- Кім, кім тапты?
- Айгүлдің сөмкесінен…
- Ұрлап алыпты…
- Ұры екен ғой! – деп балалар дабырласа гу-гу етті. Айгүлдің беті
оттай қып қызыл боп кетті.
- Ме-мен алған жоқпын! – деп еріндері дірілдей, алақанымен бетін
басып, партаға жата кетті.
- Балалар! Айгүлдің сөмкесіне қаламсапты салған кім? – деп апай
шәкірттеріне барлай қарады.
***
- Мен салған жоқпын!
- Жоқ! – деп балалар шулап қоя берді.
- Мен емес… – деді Ғалым да бұған.
Сабақ көңілсіз аяқталды.
Ертеңіне Айгүл мектепке келмей қалды. Сабақ біткенше Ғалым сопайып жалғыз отырды. Оның ойына Айгүлдің кешегі кейпі орала берді. Қызды сұмдық аяп кетті. «Қап, осылай боларын білгенде артыма бұрылмас та едім ғой», – деп өкінді. Сабақтан соң Айгүлге барамын. «Сені ұятқа қалдырдым. Сөмкеңе қаламсап салған менмін. Кешірші», – деймін. Айгүл не дейді? Кешіре ме екен?!
ІІІ. Ой толғау
Мәтіннің мазмұнымен толық танысып болған соң:
— Балалар, қалай ойлайсыңдар, Айгүл Саматты кешіреді ме, кешірмейді ме? – деп сұраймын.
«Кешіреді» дегендер бір топқа, «кешірмейді» дегендер екінші топқа жиналады. Пікірталас жасау үшін ережесін оқушылармен бірлесе отырып тақтаға жазамыз.
Екі топ ойларын ортаға салып, дәлелдейді. (Егер пікірталас барысында ойлары өзгерсе, келесі топқа ауысуға болады).
Қорыта келе, кез келген адам кешірімшіл болу керек деген тұжырымға келеді. Бүгінгі сабақтан, мәтіннен алған әсерлерін білу үшін 5 минуттық эссе алу, оқыту.
Білімдерін бағалау