Қазақ тілі дүние жүзіндегі ең бай тілдердің бірі. Лексика. Сөздік және оның түрлері.
САБАҚ ЖОСПАРЫ
Күні: 20.09.2013 ж.
Пәні: Қазақ тілі
Топ: МХ-12-1
Сабақтың тақырыбы: Қазақ тілі дүние жүзіндегі ең бай тілдердің бірі. Лексика. Сөздік және оның түрлері.
Сабақ түрі: Жаңа сабақты меңгерту.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Мемлекеттік тіл туралы, лексика және сөздіктің түрлері туралы түсініктерін қалыптастыру.
Дамытушылық: Қазақ тілінде анық, нақты өз ойларын жеткізе білу ,
сөздік қорын байыту.
Тәрбиелік: Мемлекеттік тіл- қазақ тілін қадірлеп, қастерлеуге, отанын, туған жерін сүюге баулу.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, ұжымдық ойлау, әңгімелеу, баяндау, тыңдау, салыстыру.
Сабақтың жоспары:
- Ұйымдастыру кезеңі.
- Сәлемдесу, түгендеу.
- Үй тапсырмасын тексеру.
- Ой шақыру.
- Лексикалық минимум.
- Оқылым.
- Жазылым жаттығулары.
- Айтылым.
- Тыңдалым.
- Бекіту кезеңі.
- Өзіндік жұмыс.
Ой шақыру : Түрік тілінің ішіндегі жауһары – қазақ тілі.
Көп тіл білсең көкжиегің кең болар,
Құрметтейді кісі екен деп төрге озар.
Қай елде де жүрсең де бұл дұрысы,
Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар.
Қазақ тілі – Абай, Мұхтар, Мағжандар,
Қазақ тілі – Баян, Жібек, Тоғжандар.
Қазақ тілі – Тоныкөк пен Күлтегін,
Қазақ тілі – елін сүйген көкжалдар.
Қазақ тілі- түркі тілдер тобына енеді. Қазіргі кезде отызға жуық түркі тілдері бар. Түркі тілінде сөйлейтін халықтардың көпшілігі бұрынғы КСРО-да, жеке-жеке республикаларда тұрады. Олар: қазақ, әзірбайжан, қырғыз, өзбек, татар, башқұрт т.б.
Қазақ тілі- аса бай тіл, икемді тіл. Орамын тауып, қисынын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады. Сырлы тіл, нұрлы тіл, жырлы тіл. Қазақ тілі- өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл.
Лексика- тілдегі барлық сөздердің жиынтығы.Лексика грек тілінен аударғанда «сөздік қор» деген мағынаны береді. Тілдің сөздік қоры мен сөздік құрамын, лексикалық мағынасын зерттейді.
Лексиканың салалары:
- Лексикология- тілдің лексикасын және оның тарихи дамуының заңдылықтарын зерттейді.
- Семасиология- сөздің мағыналарын зерттейді.
- Этимология- жеке сөздердің шығу тегін, бастапқы мағынасын зерттейді.
- Фразеология- тұрақты тіркестерді зерттейді.
- Диалектология- жергілікті тіл ерекшеліктерін зерттейтін сала.
- Лексикография- сөздіктер жасау және оларды зерттеу жөніндегі үлкен бір сала.
- Ономастика- жалқы есімдерді зерттейтін сала.
- Топонимика- жер-су аттарын зерттейтін сала.
- Антропонимика—кісінің тегі, әкесінің аты, кісінің шын аты мен лақап атын зерттейтін сала.
Сөз мағынасы. Сөз – мағынаның дыбыспен таңбалануы, ал мағына- сөздің білдіретін ұғымы. Сөз мағынасы – тура мағына және ауыспалы мағына болып екіге бөлінеді. Сөздің белгілі бір ұғымды білдіретін бастапқы мағынасын тура мағына дейміз.Мысалы: терең көл, ашық терезе.
Сөздің мағынасы ауысып, өзге мағынада қолданылуын ауыспалы мағына дейміз.Мысалы: терең ой, ашық мінез.
Сөз мағынасына қатысты үшке бөлінеді:
Омоним- дыбысталуы бір, бірақ мағыналары әр түрлі сөздер. Мысалы:От жақ, оң жақ, қара бояу жақ.
Антоним- мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздер. Мысалы: аласа –биік, Ұзын-қысқа, жақын-алыс.
Синоним- айтылуы әр түрлі, бірақ мағыналары ұқсас сөздер. Мысалы:
сабырлы-төзімді, әдемі- көрікті т.б
Сөздік жасаудың әдістемесі мен техникасын үйрететін ғылымды- лексикография дейміз.Қазақ тіл біліміндегі сөздіктердің түрлері:
- Аударма сөздіктер.
- Терминологиялық сөздіктер.
- Орфографиялық сөздіктер.
- Түсіндірме сөздіктер.
- Диалектологиялық.
- Синонимдік.
- Абай тілінің сөздігі т.б.
Сөздіктің түрлерін көрсетемін.
Тыңдаңыз және есте сақтаңыз!
Жазылуы: Айтылуы:
Ана тілі Родной язык
Түбір сөз Корень
Сөз мағынасы Значение слова
Сөздік Словарь
Сөздік қор Словарный запас
Ауыспалы мағына Переносное значение
Тура мағына Прямое значение
Мақал – сөздің мәйегі
Төмендегі мақал-мәтелдерде қандай ой айтылғанын айтыңыз!
Өнер алды – қызыл тіл,
Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.
Піл көтермегенді тіл көтереді.
Ана сүті бой өсіреді,
Ана тілі ой өсіреді.
Шаңырақ, шаңырақтағы уықтардағы «мақал-мәтелді аяқтау» тапсырмасы.
Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерін үлгі тұтайық!
Қорыту: Сұрақ-жауап.
- Омоним дегеніміз не ?
- Синоним дегеніміз?
- Антоним деп нені айтамыз?
Бекіту: « Қазақ тілі» атты сөзжұмбақ шешу.
«Алған біліміңізді тексеріңіз!» айдарымен өтілген тақырыпқа қатысты сұрақтар қоямын.
- Лексика дегеніміз не?
- Лексиканың қандай салалары бар?
- Лексика сөзі грек тілінен аударғанда қандай мағына береді?
- Сөздің лексикалық мағыналары қандай?
Өзіндік жұмыс:
- Жаңа сөздерді жаттау
- Тіл туралы өлең шумақтарын жаттау
- Омоним, синоним, антонимдерді қатыстырып 3 сөйлем құрау.
Бағалау:
Сабаққа белсене қатысқан студенттерді бағалаймын.