Ұлт зиялыларының мемлекеттік автономияға байланысты тарихи көзқарастары
Ұлт зиялыларының мемлекеттік автономияға байланысты тарихи көзқарастары
Қазақ зиялыларының Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы күресінің үлкен бір саяси қорытындылары және биік белестері болып табылатын «Алашорда» мемлекеттік құрылымы мен Түркістан автономиясына байланысты отандық тарихымыздағы көзқарас эволюциясы аса күрделі жолдардан өтті. Сондықтан да осы мәселелердің тарихнамасы да өте күрделі. Ел тарихының түрлі кезеңдерінде осы екі аталмыш автономиялық құрылым туралы көзқарастарда кейбір өзгерістер бола тұрса да, бір нәрсе анық: ол – кеңестік тоталитарлық жүйе берік орныққан соң «Алашорда» үкіметі мен Түркістан автономиясын біржақты қаралаудың тарихнамамызда орнығып, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін оған қарсы дау айтудың мүмкін болмағандығы. Қазақстандағы және Түркістандағы қазақ интеллигенциясы басқарған автономиялық қозғалыс туралы тар өрісті таптық және біржақты ұнамсыз пікірлер өздерінің бастауларын Алаш қозғалысы қайраткерлерімен замандас, бірақ оларға саяси балама көзқараста болған қазақ большевиктерінің көзқарастарынан алатынын аңғару қиын емес. Солардың бірі, кейінірек совет әдебиетінің классигіне айналған Сәкен Сейфуллин өзінің әйгілі « Тар жол – тайғақ кешу» шығармасында Алашордаға төмендегідей сипат береді: « — «Алашорда деген не?… «Алашорда» деген осы төңкеріс заманында бұрынғы қазақ халқының желкесіне мінген хандықты қайта орнатудың әрекеті. Біздің қазақ халқына хандық керек пе? Хандық керек емес. Іштерінен «хан болам» деген мырзалардың далбасының қалың қазақтың бұқарасына, қалың кедейіне керегі жоқ. Николайдан құтылған нашар халық желкесіне тағы енді «хан тақсырды» мінгізе алмайды. «Хан болам» деушілердің, «төре болам» деушілердің бұл есінде болсын. Бұқара халық бұлардың далбасына ермеуі керек…»
Ал енді Әлихан Бөкейханов өзінің Алаш партиясын құру жұмысын неліктен қолға алғандығын жеке мүддесі тұрғысынан емес, қазақ халқының, ұлт мүддесі тұрғысынан түсіндірген еді. Осыған байланысты Бөкейхановтың «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» мақаласында «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді. Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұраңды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық.
Рухани іс аяқасты қалды. Жалование алған моллалар үкіметке жетекші болып еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз ісін көркейтетін болсақ, үкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Оны орысша «отделение церкви от государства» дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды. Осы үш жол айырылғаны биыл ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға тырыстым. Мұны мен шілдедегі Жалпықазақ сиезінде айтқан едім», — деп атап көрсетеді.
Міржақып Дулатов «Қазақ» газетіндегі «Қайтсек жұрт боламыз» мақаласында былайша ашына жазған еді: «Алашқа жаны ашымайтын қара жүректер, жұрт болғанымызды көре алмайтын қаскүнемдер, ертең не болатынға көздері жетпейтін надандар, ізгі ниет, ілгері тілегімізге қарсы болып, жұрттың көңіліне қорқыныш салатын да шығар. Автономия болуымызға, милиция құруымызға, қазына жинауымызға халықты қарсы құтыртушылар да табылатын шығар, бірақ халық ойлану керек. Бүгінгісін емес, келер күнін ойлану керек». Шын мәнісінде аса күрделі де қиын жағдайға тап болған Алаш қайраткерлері қазақ ұлтының мемлекеттігіне қол жеткізу үшін әр түрлі әдістер мен амалдарға барды. Осыған байланысты тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің төмендегі пікір назар аударуға тұрарлықтай: «Болашақ қазақ мемлкеттігінің мазмұнына қатысты, — деген еді ол, — Ә.Бөкейханның да көзқарасы түрлі тарихи жағдайларға байланысты өзгеріп отырды. Мәселен, ол 1917 жылдың күзінде қазақ елінің жері біркелкі автономияны қабылдап Сібір автономиялық мемлекетіне қосылғанын қалады. Ал 1918 жылы күзде Уфа қаласында ол башқұрт басшыларымен болған кеңесте «башқұрт-қазақ тұтас мемлекетін» құру жөнінде келісімге тоқтайды. Мұстафа Шоқай өз ретінде қазақ жұртының Түркістан (Қоқан) автономиясы құрамында болғанын жақтады. Қорыта айтқанда қазақ саяси россиялық басқа түркі-мұсылман жұрттарының зиялыларымен бірге өз халықтарын болашақ Ресей федерациясының құрамында көрді.
Бұл пікірді тарихи деректерге сүйеніп нақтыласақ, «Жалпы сібір съезі» деген атпен жарық көрген «Қыр баласы» — Ә.Бөкейханов мақаласындағы мынадай жолдар негіз болады. «…Сібір автономиясына қазақтың қосылу-қосылмауы екі айырылған соң біз, 9 өкіл кеңесіп, сібір съезінде мынаны айттық: сібір автономия болсын, біздің қазақ ұлты уақытша сібірге қосылады. Біздің бұл пікірімізге аз бұратаналар да – бурят, яқұт қосылды. Сонымен Сібір автономиясының негізгі заңына өз алды бір бап жазылмақ:қазақ ұлты һәм өзге сібірдіқоныс қылған жерлі жұрт Сібір автономиясына уақытша қосылады. Өздері, біз енді бөлініп өз ойымызға автономия боламыз деген күні босанып, автономия болады».
Әлихан Бөкейхановты қазақтың автономиялық мемлекетін құру туралы мәселелер толғандырғанда ол, әсіресе Түркістанға тән өзгешеліктерді де назардан тыс қалдырмайды. «Түркістан, — деп жазды ол, — өз алдына автономия болар. Біздің қазақтың Түркістанға қосылғаны оң деген пікір де бар. Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз. Автономия болған – өз алдына мемлекет болған. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы соқыр болса, Түркістан халқы қараңғылық, шебер адамы жоқтық бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп біз қайда барамыз?».
Объективті кедергілер де аз болған жоқ. Олар туралы М.Шоқайдың өзі былай дейді: «…Біздің алдымызда екі мықты тосқауыл тұрды. Бұлардың бірі – ұлттық қозғалысымыздың басты дұшпандары болса, екіншісі – өзіміздің қоршауда қалғандығымыз және елді топтастыруға тәжірибесіздігіміз. Ең қауіптісі – осы екіншісі еді…».
Қазақ интеллигенциясының Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысын автономия алу қозғалысына айналдыруда М.Шоқайдың ерекше роль атқарғаны белгілі. Бұл туралы Н.Төреқұлов та атап көрсетеді.
Атап көрсету керек, азаттық қозғалысына негізінен Түркістанның өкілі ретінде араласқан М.Шоқайды Түркістанға автономия алып беру идеясы 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көп кешікпей-ақ қатты толғандырғаны байқалады. Бұған нақты дәлел оның осы жылдың сәуір айының басында Түркістанға жүрер алдында Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Н.С.Чхейдземен әңгімесі дер едік.
Тарихнамамызда Алашорда мен Түркістан (Қоқан) автономиясының қарым-қатынасы мәселесінде қазақ интеллигенциясының көзқарасынан қайшылықтар мен алауыздықтар іздейтін зерттеушілер де жоқ емес. Мысалы, әйгілі Баймырза һайт былай деп жазады: «Қоқандағы Түркістан ұлттық үкіметі Алашорда үкіметімен бірігуге немесе тығыз ынтымақтастық жасауға талаптанды. Осы мақсатпен 1918 жылдың қаңтарында Түркістан қаласында екі үкімет өкілдерінің конференциясы өткізіледі. Алашорданың 1917 жылдың 18-26 желтоқсандағы конгресінде алашордашылар арасында бірігу немесе бірігіп әрекет ету мәселесіне байланысты екі пікір пайда болған еді. Соңғы пікірді Бөкейхан жақтады. Ол түркістандықтарме, сібірліктермен, башқұрттармен және татарлармен ынтымақтасу мүмкін деп есептеді, алайда Түркістанмен бірігуге қарсы болды. Байтұрсын бастаған екінші қанат Түркістанның бірлігін талап етті. Бұл көзқарас Алашорданың түрік халықтарының бірден-бір ұлттық орталығы болып табылатын Түркістанмен сөзсіз және толық бірігуіне негізделді».
Бұл жерде Баймырза һайттың деректерді шатастыра баяндап отырғанын айтпасқа болмайды. Түркістанда екі үкімет өкілдерінің конференциясы емес, Түркістан губерниясы құрамындағы Сырдария облысы қазақтарының съезі шақырылды. Мұнда екінші жалпы қазақ-қырғыз съезінің бүкіл Алаш баласын біріктіру, өз алдына автономия қылу туралы қаулысына сәйкес Сырдария қазақтарының Алаш автономиясына қосылу мәселесі қаралды. Қабылданған қаулының алғашқы бабында мынадай шешім айтылды. «Сырдария облысы қазіргі уақытта тегіс Түркістан автономиясында болуы себепті әзірше Түркістан автономиясында қалады». Көріп отырмыз, Баймырза һайт тарихи шындықтан біраз ауытқыған.
Сонымен ұлт зиялыларының мемлекеттік автономияға байланысты көзқарастарына тоқталар болсақ төмендегідей тұжырымдамаларды бөліп көрсетер едік:
- Кезінде ұлттық интеллигенцияның белсенділігімен ұйымдастырылған «Алашорда» және «Түркістан (Қоқан) автономиясының» қызметі кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында негізсіз қараланды. Ал бұл шынайы тарихты бұрмалауға жол ашты;
- Өкінішке орай Алаш қозғалысын және оны негіздеущі ұлттық интеллигенция өкілдерін біржақты айыптауға бәрінен бұрын сол кезеңде таптық көзқарасты жәнебольшевиктік ұстанымды белсенділікпен қабылдаған алғашқы қазақ большевиктерінің өздері негіз жасап берді.
- Ұлттық демократиялық интеллигенцияның мемлекеттік автономия мәселесіне көзқарасы саяси күрделі жағдайларға байланысты эволюциялық өзгерістерді бастан кешті. Алайда олар ұлттық мемлекеттік автономияға қол жеткізбейінше ұлт азаттығына қол жеткізудің мүмкін еместігін де жақсы түсініп, осы үшін белсенді күресті.
Ұлттық автономия мәселелеріндегі қазақ интеллигенциясының көзқарастары олардың өздері өмір сүрген заман тәрізді аса күрделі. Олардың шынайы мазмұнын айқын түсіну үшін, жанама зерттеушілердің емес, ұлттық интеллигенция өкілдерінің өздерінің түпнұсқа еңбектерін терең және жан-жақты зерттеуіміз қажет.