Республика дәуіріндегі Рим

№28. Сабақтың тақырыбы: Республика дәуіріндегі Рим

Сабақтың мақсаты:

  • Ежелгі Рим мемлекетінде республикалық құрылыс орнауының тарихи алғышарттарымен маңыздылығы туралы және соғыстардың сипаты, себептері мен нәтижелері жөнінде, қоғамдағы әлеуметтік топтар туралы және олардың тыныс-тіршілігі, мәртебелері жөнінде оқушыларға ғылыми түсінік беру.
  • Рим республикасының әлеуметтік-саяси құрылысындағы айырмашылықтар мен ұқсастықтарды, әлеуметтік топтар арасындағы өзгешеліктерді өзге мемлекеттермен салыстырып, ажырата білу.
  • Республикалық билеу формасын, халықтық билікті сипаттай отырып, оқушыларды әділеттілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Аралас сабақ

Әдісі: баяндау

Сабақтың көрнекілігі: Ежелгі Рим картасы, оқулықта берілген суреттер, мұғалімнің өзі салған суреттер, схемалар мен кестелер. Римляне: книга-альбом, м., 1994, Древние цивилизации. М., 1989.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.

Оқушылардың білімін анықтау мақсатында  төмендегідей сұрақтар қоямын:

  1. Ежелгі Македония қай жерде орналасқан? Оның халқы кімдерден құралған?
  2. ІІ Филипп қандай саясат жүргізді?
  3. ІІ Филипп басқа елдермен қарым-қатынасында қандай сясат ұстанды?
  4. Александрдың Шығысқа жасаған жорықтарының қайсысы шешуші деуге болады?

ІІІ. Білімді бағалау.

  1. Өткен сабақ пен жаңа тақырыпты байланыстыру

Македония мен Грекиядағы ел билеу формаларын, мемлекеттік құрылымдарын еске түсіру мақсатында   оқушыларға бірнеше сұрақ қоямын. Оқушылардың жауабы тыңдалғаннан кейін   әңгімені   жалғастырамын. Аталмыш елдердегі билік формаларының айырмашылықтарына тоқтала келіп, ежелгі Римдегі республикалық құрылым формасына баса назар аударамын.

Жаңа сабақ жоспары:

  1. Рим республикасындағы басқару ұйымдары
  2. Римнің жүргізген соғыстары
  3. Қоғамдық әлеуметтік топтар.

Оқушылардың назарын Дүние жүзінің саяси картасына немесе оқулықтағы ежелгі Рим картасына аударып, оның орналасқан жерін қосымша баяндағаннан кейін Республика болып жариялануының негізгі себептерін, басқару ұйымдарының  қызметтерін түсіндіремін.  Осы тұста басқару ұйымдарын схема түрінде көрсетемін.

 

 

Бұлардың атқаратын міндеттерін кесте түрінде жеке форматқа немесе тақтаға жазып, түсіндіремін. Халық жиналысының үш түрге: курия, центуриат және трибаға бөлінетіні туралы оқулық көлемінде түсінік беремін. Бұл жаңа ұғымдар тақтаға жазылып,  оқушылар «Жұмыс дәптерлеріне» түсіріп отырады.   Оқушылардың назарын оқулықтағы «Сенат мәжілісі» суретіне аударамын.    Олардың сурет бойынша әңгіме құрастыруына болады, өйткені сенаттың қызметі жайлы оларға сабақтың басында айтылған болатын.

Бұдан кейін   оқулық бойынша Римнің жаулаушылық соғыстары туралы әңгімелеймін. Осы арада Рим әскері туралы түсінік беремін.  Бастапқыда Рим әскері тек патрицийлерден тұрды. Алайда үздіксіз жүргізілген соғыстар кесірінен патрицийлердің саны азайып, әскер міндеттерінен тыс қалған плебейлердің саны артты. Сондықтан енді байлығының көлеміне қарап әскер қатарына алу енгізіліп, әскер шығынына жұмсалатын қаржыны салық түрінде бай адамдар төлеп отырды.   Рим азаматы 46 жасқа дейін әскери міндетін атқарды, оның он жылы атты әскер құрамында, он алты жылы жаяу әскер сапында  өтті. Рим әскерінің негізін  легиондар құрады,  олар центуриондарға бөлінді. Республиканың соңғы жылдарында  Рим әскері Италияда тұратын адамдардан құралып, жалдамалы армияға айналды. Кейіннен провинциялармен көрші халықтардың есебінен күшейтілді.

Рим жүргізген соғыстардың екі негізгі себебі болды:

  1. Өзге халықтардың жерлерін басып алу; халқын құлға айналдыру;
  2. Кен орындары бар өңірлерді иелену.

Картамен жұмыс:    Рим жаулап алған өңірлері, ірі шайқас болған жерлер картадан көрсетіледі.

Пуни соғыстарының барысы және нәтижесі бойынша оқушылар басқа елдің жерін, кенді аймақтарын басып алу әділетсіз соғыс болып саналады деген қорытындыға келеді.

Оқушыларды ержүректікке баулу мақсатында тарихшы Тит Ливийдің қолбасшы Ганнибалға берген сипаттамасын оқып шығуды ұсынамын.

Қоғамның әлеуметтік топтарына ақсүйектер, құлдар, шаруалар, қолөнершілер жатты.  Рим қоғамының әлеуметтік  жіктелуін түсіндірген кезде тақырыпаралық сабақтастықты сақтай отырып, өткен тақырыптың бірімен, айталық, ежелгі Үндістандағы әлеуметтік топтардың шығу себебімен байланыстыра әңгімелеуге болады. Үндістанда да Римде де халықтың түрлі топтарға жіктелуі:

  1. Өндіріс құрал-жабдығына меншіктің сипатына;Билік көлеміне;
  2. Соғыс тұтқындарының құлдарға айналуына т.б. байланысты болғандығына оқушыардың көзін жеткізу.

Әңгімеленген мәселеде кездескен жаңа ұғымдар тақтаға жазылып, оларға қысқаша түсініктеме берілуі тиіс, айталық, нобилитет, салтаттылар, т.б.

Үшінші мәселені баяндау барысында оқушылар классикалық деңгейге жеткен Римдегі құлдықтың патриархалдық, айталық, шығыс елдеріндегі құлдықтан айырмашылықтарын жете түсіндіремін.

Римдегі өндірушілердің негізгі тобын соғыста тұтқынға түскен құлдар құрады. Сонымен қатар қожайындар бір-бірінің тілін түсінбейтін әр елден әкелінген  құлдарды да сатып алып отырған. Бағынбаған құлдарға  шынжырланған темір бұғау салып, жұмыс істеткен. Құлдың бетіне көбінесе күйдіріліп, иесінің таңбасы басыды, есімінен айырылған құлдар шыққан жеріне қарай парсылық, сириялық , галдық деп аталды.

Құлдардың арасында кәсіп иелері де болды: суретші, мұғалім, т.б.   Оған дәлел ретінде мысалдар келтіремін. Цициронның хатшысы қызметін Тирон деген құл атқарды, тарент қаласынан шыққан құл Андронник рим поэзиясында аты әйгілі әдебиетші болған, Гомердің «Одессиясын» латын тіліне тәржімалаған. Белгілі грамматика маманы Реммия Палемон  мұғалім болып қызмет істеді. Ол қожасының баласын оқытқан.

  1. Жаңа тақырыпты пысықтау.

Сабақты пысықтау кезінде күні бұрын компьютерде теріліп, оқушыларға жететіндей етіп көбейтілген тестер таратылады. Оқушылар жауаптарын белгілеп болған соң,    бір оқушыны тұрғызып, жауаптарын оқытамын.   Қателері болса, түзеп отырамын.

  1. Білімді бағалау.

VII.Сабақты қорытындылау.

Өтілген тақырып бойынша қысқа тұжырымдар жасап, оқулықтағы осы тақырып бойынша суреттермен және сыныптан тыс материалдармен таныстырамын.

VIII.  Үйге тапсырма:§27

Оқушыларға 27-параграфты оқып келуді тапсырамын. «Жұмыс дәптеріндегі» «Республика» сөзжұмбағын шешу, кестелерді толтыру, сонымен қатар қосымша материалдарды оқуды ұсынамын