оқу мен оқытуды өз тәжірибесіне енгізгендегі өзгеріс жайлы рефлексивтік есебі.
Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Жумагулова Лаура Курмангалиевнаның оқу мен оқытуды өз тәжірибесіне енгізгендегі өзгеріс жайлы рефлексивтік есебі. Бәрімізді бүгінгі таңда алаңдататын мәселе – жас ұрпақтың сапалы білімді игеруі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Білімді, сауатты адамдар-бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші» деуінің өзі- үлкен көрегендіктің белгісі. Осы мақсатта қазақстандық мұғалімдердің педагогикалық тәжірбиесін арттыру мен жетілдіру арналған жаңа бағдарлама ұсынылды. Бағдарламада орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқытуға негізделген тәсіл кең тараған (Hattie, 2009) туралы баяндалады. Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Аталған Бағдарламадан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды (Нұсқаулық, 6 бет) Осы Бағдарлама құзырлы мұғалімнің алдына оқушының жан дүниесін жақсы түсіне білу жөнінде нақты міндеттеме қойып отыр. Құзырлы оқытудың маңызды факторы — мұғалімнің оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Мұндай тәсіл бұл үдеріске оқушының өзінің де қатысуын талап етеді. Осылайша, оқушы да өзінің оқуы үшін жауапты болады. Оқушы мұндай жауапкершілікті көбіне сабақ беру барысында мұғалім қалыптастыратын ортада сезініп, қабылдайды (Нұсқаулық , 8 бет) «Мұғалімге арналған нұсқаулықта» негізгі материал тиісті сабақтарда қарастырылатын жеті модульге сараланған. Алайда, осы жеті модульде қарастырылған идеялар сабақта пайдаланылатын жекеленген страгегиялар мен тәсілдер сияқты өзара байланыста болады. Біліктілікті арттыру бағдарламасының негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген. (Нұсқаулық, 12 бет) «Мұғалімге арналған нұсқаулықтан» білім берудегі Кембридждік әдістің теориялық негізін оқып, таныса отырып, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері – 7 модульді практикалық түрде қолдану арқылы оның артықшылықтарына көз жеткіздім. Осы орайда 7 модульге қатысты туындаған пікірлерімді білдіргім келеді. Практика барысында 10 «ә» класында алгебра сабағын осы жеті модуль бойынша жоспарлап, дәстүрлі сабақ беру әдісін мүлдем өзгерттім. Осы мақсатты алға қойып, өз тәжірибеме оқытуды жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында әрбір сабағымды түрлендіріп өткізуге тырыстым. Оқушы санасына білімді жүйелі түрде меңгеруіне және оқушының қабілет деңгейлерін дамытуда осы әдіс-тәсілдердің маңызы ерекше екендігіне көзім жетті. Олай дейтінім, бұл әдістер оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, өз бетімен жұмыс істеуге, қорытындылар жасауға, жүйелі білім алуға жетелейді. Ең алдымен бұрын сабақ жоспарланған кезде, өзім үшін жазған болатынмын , ал енді оқушылардың даму деңгейін, жас ерекшелігін, «қалай оқу керектігін үйренуін», сыни тұрғыда ойлауын ескере отырып, оларға бейімдеп жазатын болдым. Әдеттегідей мақсат пен міндет белгілеп алған соң, мынадай аспектілерге назар аудардым: Деген сұрақтар туа бастады. Бұл сұрақтардың бәріне жауап беру үшін, көп еңбектену керек болды. Бастапқы кезде өте қиын болды. Жоспар құрған кезде ең түйінді мәселені табуда қиналдым. Сындарлы оқытудың мақсаты — оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету (Бағдарлама 6 бет). Сол мақсатты басшылыққа ала отырып, өз сабақтарымды оқушының идеясын мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруға тырыстым. Сыныпқа келгеннен кейін оқушыларды топқа бөлдім. Алдымен оқушылармен байланыс жасаудың жолын табу керек, олармен бірге барлық класс бағынатындай тәртіптің бірыңғай ережесін әзірлеу қажет екенін ұғындым. Ол үшін ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру керек деп ойладым. Педагогтың тұлғасы көп жағдайда шешуші рөл атқаратынын басшылыққа ала отырып, өз класымда «Не ортақ?» , «Мен сізді таныстырғым … келеді?» «Мен сенімен сұхбаттасқаныма өте қуаныштымын» атты кіріспе ойындар арқылы ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырғанымда оқушылар бір-біріне деген қатынасы артып, сабаққа ынталанып, класта болатын жағдайлардың бәріне белсенді қатысуға кірісті, топқа бөлінуге құлшынысы артты. Сабақтарымда бұрын жиі қолданбаған топқа бөлудің әртүрлі әдістерін қолдандым, бұл жаңалық оқушыларыма өте ұнады. Жақсы қарым — қатынастардың кілті өзара түсіністік пен бірлескен жұмыста жататындығын ұғынып, «Бәріміз үшін біріміз, біріміз үшін бәріміз» деген ұранды басшылыққа алды. Жеке тұлғаны тәрбиелеуде Кембридж ұсынып отырған жеті модульдік бағдарламаның барлық бағыттарын қолдану тиімді екенін білдім. Бірінші сабақтан кейін-ақ мен бұл бағдарламаның жақсы нәтижеге қол жеткізуге себепші болатынына көз жеткіздім. Өткізілген әрбір сабақта ынтымақтастық атмосферасы жоғары болды. Оқушыларды түрлі әдіс-тәсілдермен топтарға бөліп, тиімді де қызықты тапсырмалар орындату арқылы сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыта түстім. Дәстүрлі сабақ тек мұғалімнің монологымен, мұғалімнің рұқсатымен жауап берумен, мұғалімнің бағалауымен шектеліп қалса, ендігі сабақтар оқушылардың диалогымен, өзін-өзі немесе бірін-бірі бағалаумен, өз ойын еркін жеткізумен жалғасты. Үлгерімі орта, өзіне, біліміне сенімділігі таяз, ұялшақ оқушылар топта басқа оқушылармен диалогқа түсе отырып өзгере бастады. Әрбір оқушының жеке қабілетінің ашыла түскенін байқалып, қызықты тақырыптарды бірге талқылап, өз ойларын еркін айта бастағанда сенімділік жоғарылап, соның арқасында класта күлкі жиі естілетін болды. Сол секілді мен сыни тұрғыдан ойлануға, талантты және дарынды оқушыларды, көшбасшыны анықтауға бағытталған тапсырмалар арқылы оқушылармен диалогқа түсе отырып олардың қандай екенін, бүгінгі күнде қандай көңіл күйде сабақта отырғанын байқайтын болдым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық, себебі осы курсқа келгенге дейін тек өзімнің сабағымды түсіндіріп, есеп шығаруды үйретсем сол жеткілікті деп ойлайтынмын. Сабақ барысында ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру «құрдастар тобындағы өзара қарым-қатынас оқуда маңызды рөл атқарады» (Мерсер, 2005) деген пікір ойдың шарықтау шегі екенін білдірді. «Білім беру арқылы адам факторына капитал құю үздіксіз экономикалық дамуға апаратын жол болып табылады» (Бағдарлама, 4 бет) деген сөзді ескере отырып, тақырыптардың мазмұны мен мақсатын кең көлемде ашуға оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауға сұрақтар қойып отырдым. Түрлі жағдаяттармен, тарихи деректермен, қағидалармен, жаңалықтармен байланыстыруға бағытталған сұрақтар болды. Оқушылар түрлі жауаптар берді, мысалы, «Тригонометриялық функцияның графиктерін сызуға, мәндерін есептеуге көмекші құрал бар ма, болса не есептеуге көмектеседі?» деген сұрақтарға кең көлемде өз жауаптарын жан-жақты талқылады. Егер оқушы «дұрыс емес жауап» берсе, оның жауабының дәлелі бар ма, бар болса қандай екенін сұрап, дұрыс жауапқа қандай да бір мысалдарға байланыстыра жақындатуға тырысамын. Балалардың өз жауаптары арқылы алған білімдері алдымен ұзақ мерзімде есте сақталады, екіншіден болашақта өз жауабын дамытуда үлес қосады оны қорғауға мүмкіндік алды. Құзырлы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады (Нұсқаулық, 7 бет). Аталған пікірді басшылыққа алған жағдайда, әрбір оқушы түрлі қарым-қатынастық жүйелерге енді. Осы жүйенің арқасында сабақтың мақсаты тригонометриялық фигуралардың графиктерін сызу және есеп барысында қолдана білу керек екенін ұғынды. Әсіресе 2- топ мүшелері: «Графиктерді есеп шығаруда және ҰБТ есептерінде тиімді қолдану міндеті алдымызда тұр»- деп нақты жауаппен таңғалдырып тастады. Оқушылар өздерінің құрдастарымен ынтымақтастыққа жұмыс істеу барысында өз білімін басқалардың білімімен салыстыруға, рационалды ойлау тәсілдерінің қалыптасуына және сонымен қатар дүниетанымын кеңейтуде әрі қарай сабақтың мақсатын ашуда топтық таныстырылым жасады. 1-топ синустар функциясының графигін медицинамен байланыстырып, жүректің жұмысын тексеретін кардиограмма арқылы бейнелесе, 2-топ косинустар функциясының графигін табиғатпен байланыстырып, биік тау басына шығып, білім нәрін ұғынып, күннің жарқыраған көзіне ұмтылатындығын баяндаса, 3-топ тангенстер функциясының графигін Блум таксономиясына байланыстырып, ең алғаш қарапайым тангенс ұғымын білу мен түсінуден бастап, оның формулада қалай қолданатынын көрсету арқылы талдау жасап, барлық формулаларды жинақтап, графикті кескіндеп, есеп шығаруда маңыздылығын бағалай отырып, сабақтың міндеттерін ашып көрсете білді. Өздерінің оқуға қабілетті екендігіне сенімді оқушылар мақсаты мен міндетін өздері әзірлеген материалды тез әрі жақсы игерді. Олар ойларын оңай жинақтады, терең ойлады, оқудан ләззат алады, ішкі бақылау жұмыстары мен сыртқы тексерістерде жоғары нәтижеге қол жеткізді. (үлестірме материалдары, 73 бет). Қызығушылықтарын ояту мәселесін ойластырып отырдым: сурет пен ұлы адамдардың сөздерін пайдаланып, сабақты қортындылағанда, 3 топты архижинақтаушы, ізденушілер, теорияшылар деп бөліп, ғаламтордан мағлұмат жинап, таныстырылым арқылы сабақ ену белсенділігін арттырдым. Осы кезеңде АКТ-ны пайдалануды жөн көрдім. Оның тиімділігі: әрі көлемді, әрі қызықты болып көрінді. Тапсырмалардың бәрін айтпай-ақ, тақтаға жазып қойса, уақыт үнемдеуге көмектеседі және мұғалімге аз сөйлеуге мүмкіндік береді. Мағынаны тану барысында мәтінмен жұмыс жасағанда сын тұрғысынан ойлау модулін пайдаланған өте тиімді. Сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға арналған жұптық әңгіме бойынша сабақты тригонометриялық теңдеулерді шешу тақырыбында өткіздім. Ол үшін «Қос жазба күнделігі» стратегиясын пайдаландым. Тақырыпты оқығаннан кейін оқушылар дәптерлерінің ортасынан вертикаль сызық жүргізеді. Тақырыпты оқу барысында оқу олар сызықтың бір жағына теңдеуді шешуге қажетті формулаларды жазса, екінші жағына мәндер кестесіне байланысты тағы да қорытып шығаруда пайда болған формулалар жиынтығын жазды. Барлық оқушы тапсырманы орындап болған соң жұпта, топта талқылау ұйымдастырылды.Сонан соң Блум таксономиясы бойынша жұптарға оқулықтағы есептерге талдау жүргізілді. Оқушылар сабақта «қалай оқу керектігін үйренуді» меңгерді және дағдыланды. Яғни метатаным пайда болады. Өздері ой қорытты, нәтижеге жетуге ұмтылды. Топтық жұмыс арқылы оқушы мен оқушы арасында, жұптық жұмысты пайдалану арқылы мақсатқа қол жеткізе алдым. Нәтижесі таңғаларлық! Оқушылар мен күткеннен де артық әсер алды. Өз ойларын Блум таксономиясы негізінде құрылған сұрақтарға толық жауап берді. Жаңа сабақты өз беттерімен тез меңгере алды. Сабақта «үнсіз» оқушылар «сөйлеп кетті». Мұндай жұмыс түрі жұппен жұмыс жасайтын оқушылар үшін қолайлы. Оқушылар жұппен бөлінді, оқушылардың біреуі штурман, ал екіншісі – пилот рөлін алды. «Штурман» «пилотқа» не жасайтындығын және неліктен жасау керектігін айтады. Мысалы, «Оқулықтағы №86 есепті теориялық бөлімдегі (3) формуланы пайдаланып шығар». Пилот команданы орындайды және қажет болған жағдайда оны штурман түзетеді. Штурман «формуланың пайдалану жолын» айтпауы тиіс. Штурман қылып дарынды оқушыларды белгілеген дұрыс, алайда, рөлдерді алмастыру да пайдалы. Командаларды орындағаннан гөрі, дәл түсініктеме берген қиынырақ, сондықтан штурмандар пилоттарға қарағанда көбірек үйренеді. Бірлесе отырып, жұптық жұмыстың нәтижесін көріп, сыни тұрғыдан ойлайтын оқушы дами бастады. Сабақ үстінде талантты мен дарынды оқушылармен жұмысқа да көңіл бөлетін болдым. Жалпы сыныптағы топтар белгілі бір тапсырма орындағанда, ол оқушыларға бөлек тапсырма беріп отырса, олардың сабаққа деген ынталары одан да жоғарылай түседі. Сабақ соңында бұрын барлығын қорытындылап оқушылардың білімін тек өзім бағалап жүрдім. Ал енді бағалаудың сабақ үстінде формативті мен суммативті бағалау түрлерін қолданатын болдым. Бағалауға оқушыларды да қатыстыратын болдым. Топтық жұмыс барысында оқушыларға бағалау парағы беріледі де, олар бірінші өзіне, содан кейін топтағы басқа мүшелерге баға берді. Баға қойған уақытта олардың топтағы жұмысқа қаншалықты белсенді қатысқанын, ортаға салған жаңа идеяларын ескерді. Сондықтан да оқушылар бағалағанда бір біріне кемшіліктерін айтып, әділ баға қойды. Ол бағаға мұғалімнің бағасы қосылды да ортақ бір шешімге келді. Сабақ барысында мұғалімнің қойған бағасынан гөрі оқушының өз жұмысына сыни тұрғыда қарап, өзін-өзі бағалауы немесе кластастарының берген бағасының балаға оң ықпалы болатындығын, өзіндік, өзара және мұғалім бағасы сабақ қорытындысында салыстырылып, сараланып отырылса, бағаның объективтілігі артатындығын, бағаның әділдігіне оқушының өзінің, тіпті ата-анасының да көзі жететіндігін байқай бастадым. Мұғалім мен оқушының арасында жедел кері байланыстың болмауы оқушылардың оқуға деген ынтасына кері әсер ететінін пайымдадым. Тәжірибеме өзгеріс енгізу арқылы менің де оқушымен қарым-қатынас жасауым жеңілдеді. Бұрын оқушыларым маған өз ойын ашық айтуға ұялатын болса, енді мен оларға серіктес ретінде сеніммен қарауды үйрендім. Жалпы менің түйгенім, бұлай оқытудың бастапқы идеясы оқушыларды дайын, жаттанды білімменен сусындату емес, керісінше механикалық деңгейдегі сұрақтардан туындайтын жоғары деңгейдегі яғни сыни тұрғыдан ойлануға түрткі болатын «… не болар еді?», «қалай өзгертуге болады?», «егер де … сен не істер едің?» деген сияқты сұрақтарға оқушылар өздерінің ойын пікірталаста еркiн айта білетін, өз біліміне өзі жауап беретін жеке тұлғаны елімізде тәрбиелеп шығару. Бұрынғы сабақтарымда мен сөйлете алмаған белсенділігі төмен «үнсіз оқушының» өзі басқа балалардың ықпалымен жұрт алдына шығып, өз ойын айта білуге үйренді. Бұрын сабақты өте жақсы оқитын бала ғана дарынды болып есептелсе, енді кез-келген баланың бойынан ерекше қабілетті көре білуге, соны әрі қарай дамытуды үйрендім. Оқушыларымның ішінен суретші, болашақ жазушы, АКТ-ны жетік білетін баланы анықтап, ол оқушыларға дарындылық қабілетін әрі қарай шыңдайтындай тапсырмалар беріп, әр сабақ сайын балалардың ерекшеліктерін ескере отырдым. Класқа «Менің ішкі үнім» корзинасын жасап, жарға ілдім. Балалар ішкі толғаныстарын, сабақтан алған әсерлерін қымсынбай жеткізуді әдетке айналдырды. Әрбір сабақ сайын оқушы үнін біліп, олардың ұсыныстарына құлақ асуды мен де үйрендім. Оқушылармен талқылау кезінде олардың мұғалімдер тапсырған жұмыс туралы пікірін жиі талқылауға тырысатынын байқадым. Олар жалпы «Бұндай бағалаумен келіспеймін» дейді, себебі өлшемдердің қандай екенін біледі. Олар теріс пікірге қарсы шыға алады және меніңше олар өздері тапсырған жұмыстың құндылығы туралы ашық диалог жүргізу қабілетіне ие болды. Мен осы курста оқығаныма қуаныштымын. Өйткені қанша жаңа ақпарат алып, сабақ жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгердік. Өзімнің бойымда өзгерістер пайда болды: сабақта көп сөйлейтінмін, ал қазір оқушылар жаңа білімді өздері меңгере алатын жағдай туғызуға тырысамын. Мұғалім тек қана бағдар беруші. Ұлы ғалым Д.И.Менделеев: «Ғылымды сүйген және жақсы меңгере білген мұғалім ғана оқушыларына терең де мағыналы білім бере алады» деген. Оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырғанымда, оқу үдерісіндегі қажеттіліктерінен басқа, оқушыларымды жаңа қырынан байқай бастадым. Табысты оқу мен оқытудың мәні оқыту үдерісінде жеке тұлғалар өздерін еркін және қауіпсіз сезінуіне жағдай жасағанымды байқай отырып, олардың пәніме (математикаға) деген қызығушылығын арттырамын. |