Параллель түзулер. Түзулердің параллельдік белгілері
Сабақтың тақырыбы: Параллель түзулер. Түзулердің параллельдік белгілері
Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: Параллель түзулердің анықтамасының тұжырымдамасын білу, қасиеттерін білу, параллель түзулер ұғымын кеңейте түсу, екі параллель түзуді үшінші параллель түзумен қиғанда пайда болатын бұрыштардың түрлерін білу.
Дамытушылық: Параллель түзулердің өзара байланысын түсіне білуге, ұқсастығы мен айырмашылығын салыстыра білуге, параллельдік белгісін пайдаланып есептер шығара білуге үйрету.
Тәрбиелік: Параллель түзулердің сызбаларын дұрыс түсініп, сауатты сала білуге дағдыландыру.Тақырыптың нақтылығына көз жеткізу.
Көрнекілігі: 1. Слайдтар, флипчарт
- Қоршаған ортаға байланысты көрнекілік
- Жеке оқушыларға арналған таратпа қағаздары
Әдісі: (визуалдық лекция). Түсіндірмелі баяндау (сұрақ-жауап, салыстыру, иллюстрациялық және репродуктивті).
Сабақтың түрі: Блок сабағы
Сабақтың жүру барысы:
І- кезең. Ұйымдастыру
Сызбаларды орындауға қажетті құрал аспаптардың толық болуына назар аудару және көңіл –күйлерін бір ортаға тоғыстыру
ІІ- кезең.Үй тапсырмасын тексеру
ІІІ- кезең. Жаңа оқу материалын белсене де саналы игеруге дайындық немесе мақсат қою. (не оқытылады, жаңа материалды тиянақты игеру үшін не қажет екенінің мәнін түсіндіремін).
ІV- кезең. Оқушының білімін жан- жақты тексеру. (жаңа тақырыпқа байланысты сұрақтар қоямын, өткен тақырыптар мен байланыстыра отырып, жазықтықтың бетінде қиылыспайтын түзулер параллель түзулер болатынын тұжырымдаймын. Жаңа материалды түсіндіру үшін осылай алдын- ала дайындық жасаймын).
V- кезең. Жаңа білімді игерту. Слайдтарды пайдаланамын (жоспар бойынша), сызба жұмыстары флипчартта көрсетіледі.
Бір жазықтықта жатқан екі түзу қиылысуы да, қиылыспауы да мүмкін. Екі түзу қиылысуы үшін олардың ортақ нүктелері болуы керек екені белгілі.
Техникада, тұрмыста ортақ нүктелері болмайтын түзулер де кездеседі.
Мысалы:түзу жолдағы машинаның дөңгелектерінің іздері, түзу жолдағы темір жолдың, шаршының қарама-қарсы қырлары т.б. /слайд-3/
Параллель түзулерді салу үшін сызба бұрыштық пен сызғыш пайдаланылады.
Параллель а және в түзулерін жүргізу үшін:
1/. Сызба бұрыштықтың бір жағын сызғышқа жылжытып, екінші жағының бойымен а түзуін жүргіземіз.
2/. Сызғыштың бойымен сызба бұрыштықты жылжытып қалаған бағытта екінші в түзуін жүргіземіз. / слайд-4/
Бір жазықтықта жататын бір- бірімен қиылыспайтын түзулер параллель түзулер деп аталады.“Параллель” сөзі гректің parallelos— “қатар жүруші” деген сөзінен шыққан. ||-параллельдік белгі. a ||b
Оқылуы: a түзуі b түзуіне параллель /слайд-1/
Параллель түзулерде жатқан кесінділер де, сәулелер де өзара параллель болады./слайд-6/
Параллель түзулердің негізгі қасиеті: Түзудің бойында жатпайтын бір нүкте арқылы сол түзуге бір ғана парралель түзу жүргізуге болады. /параллельдік аксиомасы/ /слайд-7/
Параллель екі түзудің біреуін қиып өтетін түзу екіншісін де қиятындығы туралы теореманың дәлелдеуі слайдта көрсетіледі /слайд-8/
Екі түзуді қиюшымен қиғанда пайда болатын бұрыштармен /айқыш, сәйкес, тұстас/ таныстыра келе, түзулердің параллельдік белгілері беріледі /слайд-9/
Түзулердің параллельдік белгілері: 1.Егер екі түзудің әрқайсысы үшінші түзуге параллель болса, онда бұл екі түзу өзара параллель болады.
- Егер екі түзу мен қиюшы жасайтын ішкі айқыш бұрыштар тең болса, бұл түзулер параллель болады. /дәлелднеуі слайдта көрсетіледі/
- Егер екі түзу үшінші түзумен қиылысқанда 1) ішкі тұстас бұрыштардың қосындысы 180º-қа тең болса; 2) сәйкес бұрыштар тең болса, онда берілген екі түзу параллель болады.
VІ- кезең. Оқушылардың жаңа оқу материалын түсінгенін тексеру (жеке оқушыларға арналған үлестірмені таратамын).
Блок сабақта бүкіл материал түгел өтілгендіктен есеп шығаруға көңіл бөлмейміз.(есеп келесі сабақтарда шығарылады).
№89,90 (ауызша),
№88,93 (салу есептері)./флипчартта орындау /
VІІ кезең. Жаңа білімді бекіту кезеңі (сұрақтар қойылады және оқушы білімі бағаланады)
- Қандай түзулер параллель түзулер деп аталады?
- Екі түзуді үшінші бір түзу қиғанда қандай бұрыштар пайда болады?
- Берілген түзуден тыс жатқан нүкте арқылы түзуге параллель неше түзу жүргізуге болады?
- Егер түзу берілген түзулердің әрқайсысына параллель болса, онда қандай түзулер берілген?
VІІІ кезең. Үйге тапсырма: №98, №101
ІХ. Оқушы білімін бағалау.