Баяндама: Махамбет шығармаларын оқытудың ерекшеліктері
Баяндама: Махамбет шығармаларын оқытудың ерекшеліктері
8-сыныпта Махамбет шығармаларын оқытудың ерекшеліктері
Әр заманның өзіне лайық, өзгеден ойы озық, өресі биік дара тұлғаларының болатындығы бізге тарихтан белгілі. Сондай ұлы тұлғалардың бірі және бірегейі- Махамбет Өтемісұлы. Махамбет – ауыз әдебиетінің,. жыраулар әдебиеті өкілдерінің заңды жалғасы, оны асқан шеберлікпен, ұшқырлықпен дамытушы.
Махамбет жырлары халқымыздың рухани қазынасының баға жетпес байлығы болып саналады. Қаһарман ақынның қызыл оттай қызулы, қылыштай өткір, серпінді сөздері қалың қазақтың жүрегіне асау толқу салды, тілегіне қанат бітірді. Оның поэзиясы – қаһарлы да айбарлы, өзіне дейінгі әдебиет өкілдері шығармаларына өзіндік өр рухпен үлес қосқан жауынгер поэзия. Махамбет шығармалары өскелең ұрпақты өз Отанын, туған жеріне деген сүйіспеншілікке, азаттыққа тәрбиелеуде үлкен роль атқарып келеді. Осы бағытта мен өз сабағыма төмендегідей мақсат қойдым:
1.Білімділік:
а) Махамбет шығармашылығының тарихи негіздері туралы оқушылардың білімдерін арттыру.
ә) Махамбет өлеңдері отаршылдыққа қарсы көтерілістің айнасы екндігін оқушы санасына жеткізу, өлеңдерінің мазмұнымен маңызын ашу, әдеби – теориялық ұғымдарды ажырата білуге дағдыландыру;
2.Тәрбиелік:
а) Бабалардың ерлік рухын сезіндіру арқылы азаматтық тәрбие беру;
б) поэзияны сүюге, шешендік сөз, ұлттық намысты қалыптастыру;
3.Дамытушылық:
а) тарихи деректер бойыынша тұжырым жасай білу дағдысына үйрету;
ә) түсініктерді деректермен, дәйексөзбен дәлелдеуге жаттықтыру;
б) өлең талдау дағдыларына, өлең оқу техникасына үйрету;
в) оқу және жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту;
Мектеп бағдарламасында Махамбетке 5-сыныпта,7,8,9-сыныптарда сағаттар бөлінген. Соның ішінде мен 8-сыныпта берілген Махамбет өлеңдеріне тоқталғым келеді. 3сағатқа бөліп өткізуге болады.
1-сағат «Махамбет- тәуелсіздік жаршысы » Бұл сабақта оқушылар Махамбеттің өмір деректері туралы білгендерін айтады және Махамбеттің өлеңдерінен білетін үзінділерін оқиды.
Махамбет Өтемісұлының шежіресімен таныстыру.
Махамбеттің әкесі Өтеміс- сөзге шешен әрі батыл адам болған.
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа қонғанда,
Жер қайысқан қол едік,- деп ақынның өзі жырлағандай, Махамбеттің бауырларының көбі кескілескен майданда немесе көтерілістен кейінгі қуғын-сүргінде қаза тапқан.
Тумысынан өжет мінезді Махамбет әуелде мұсылманша жазу-сызуды үйреніп, артынан орысша сауат ашады. Шешендігімен, ақындығымен ел аузына ерте іліккен Махамбетті Жәңгір хан өз жанына тартуға тырысып бағады, ақынды ордасына алдырып, тұңғышы Зұлқарнайынның тілін орысшаға үйретеді. Махамбет 14 жасында әкесінен айырылады
Махамбет жирен шашты, сақалы қара, кейіпсіздеу адам болыпты. Бірақ онысына қарамай, біреудің мінін айтқанда кім болсын тұра алмастай қылып кетеді екен.. Махамбет қоңыраулы найзасын қолға алып, Исатай басшының сенімді серігі әрі көтеріліс жылдарындағы асқақ үнді жыршысы деңгейіне көтеріледі
Азаттық үшін күресті өмірінің мәніне айналдырған Махамбет ақын, батыр ғана емес, керемет жыршы, күйші, «Қырымның қырық батыры» сияқты дастандарды шаршамай-талмай жырлайтын тамаша әнші де болған деседі.. Батырдың денесі Индер көлінің маңындағы Қараой деген жерде көмілген, Қазіргі таңда ол жерде Махамбетке кесене тұрғызған.
Исатай мен Махамбеттің Жәңгір ханмен жауласуы, хан ордасын шаппақ болған әрекеті тарихи шындық. Жәңгір хан да сол заманның қайталанбас тұлғасы. Бұларндай кесек, дара тұлғалардың мүдделері, дуниеге көзқарасы әрдайым сәйкес келе бермейді. Қазақ даласындағы азаттықшыл ақыл – ойдың санатында айбынды ақын Махамбет алдымен ауызға ілігеді. Оның жан-жүрегінді түгел баурап алатын өжет те өктем жырлары әлі күнге сай сүйегіңді сырқыратар бостандық дұғасындай пәрменді естіледі.
Еділдің бойы ен тоғай
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда-
Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім …,-деп ойын ашық жеткізген .
Оның өлеңдерінде көркем сөздер көп кездеседі. Бірақ ақын оларды тек әсемдік үшін ғана қолданбайды,өмір шындығын терең бейнелеу үшін қолданған.Мысалы, мақсатына жете алмай тауы шағылып, қайғылы халге ұшыраған сәттерін:
Телегей теңіз шалқыған
Қоғалы көлдер суалып,
Тізеге жетер-жетпес күн болған,- деп кішірейту, құлдырату арқылы әдемі бейнелеген. Ақынның сөз қолданыстары қайталанбайтын ерекше шебер,әрі ұтымды.
Махамбет өлеңдерінде романтизм элементі жиі кездеседі. Оның жауынгерлерді елін, жерін қорғау үшін қаншама қиындыққа, аштыққа, шөлге, төзімділікке шақыратын жігерлендіретін рухани күш беретін өлеңдерінің бірі- бұл өлеңінде ақын жауынгерлерді күреске шақырады. Өлеңнің дыбыстық қайталануы да өлең саздылығын күшейту, ойды үстеу мақсатында орынды пайдаланған. Көсемше тұлғалы етістіктің қайталануының өзі өлең саздылығына ерекше ырғақ береді.
.Жалпы Махамбет жырларында батысқа тән төкпе жырдың айқын үлгісі көрінеді. Оның жырларын жайбарақат майда үнмен сабырлы мақаммен оқығаннан гөрі, төкпелетіп,екпіндетіп жеделдете оқу анағұрлым әсерлі болмақ. Көтеріліс жылдарында Махамбеттің жауынгерлерді жігерлендіріп ерлікке, батырлыққа үндейтін шығармаларының мңызы зор болды..
Ақын поэзиясының түп қазығы: елі, жері, халқы үшін қасық қанын қиятын ер керектігін жырлауы
Ақынның «Ереуіл атқа ер салмай, еңку-еңку жер шалмай»,- деген жолдарынан, керемет жылдамдық пен уақытты, кеңістікті көргендей күй кешесіз.
«Еңку-еңку» жер барар жолдың айшылық алыстығының әрі ауырлығының да көрсеткіші бола алатынын байқаймыз,«Ереуіл ат » шапшаңдықтың символы ретінде уақыттың да көрсеткіші болып поэтикалық қызмет атқарып тұрғанын айтуымыз керек.
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей
Тебінгінің әбден тер сіңіп, шіріп тозатындай, ал терлігінің майдай іріп, таусылатындай шаққа жетуін айтқанынан сол заттардың осындай күйге айналу үшін қанша қыс пен жаз, көктем мен күз өтетіндігі, яғни, қанша уақыт кететіндігі көз алдымызға келеді. Бұл ат әбзелдерінің бәрі кәдімгі мал терісінен жасалады. Мал терісінің төзімділігі арқылы уақыт өлшемі беріліп тұр.
Міне, енді осындай кескінде берілген уақыттың ішінде адамның өз қара басының қандай күйге түсетінін көз алдыңызға елестете аласыз ба? Махамбет ақын ашығын айтады:
«Өзіңнен туған жас бала,
Сақалы шығып жат болмай», деген жолдардағы сурет те уақыттың кескіні. Сен баланың болашақтағы азаттығы, жақсы тұрмысы үшін күресіп жүрсің, ал сол күрестің ұзаққа созылғанынан өз балаң өзіңе жат болып үлгерді. Ақын азаттық үшін күрес бір ұрпақты қартайтатындай ұзақ уақытқа созылса да, мақсатқа жету үшін шыдамдылық керек дегендей. Сол мақсатқа жетудің аралығындағы уақытты ақын «тебінгі терге шірімей» деп белгілейді, «өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай» деп белгілейді. Махамбет поэзиясының шынайылығы осындай тұстардан анық көрінеді.
Көтеріліске шығар болса, көретін азабының шынайы кескіні поэязияға айналып, күрескердің басына төнетін азапты айтып тұрса да, халықтың күреске шығуға кұштарлана түскені халықтың сол шындықтан бойына қуат алғандығы. Қиын болса да, шындықтың ашық айтылғанына ұйып, соған қолдау көрсеткені-халықтың боямасыз шынайы қоғамды армандайтының көрінісі. Махамбет халықтың ауыр да болса, шындықты сүйетін осы қасиетіне табан тіреді. Махамбеттің көркем тілімен жеткен ұлы идея өмірге келді және халықтың санасында өмір сүре бастады.
Бостандық жолындағы қүрестің қиындығына төзудің өзі поэзияға айналып кеткендей әсер береді. Ал төзім дегенде уақытпен өлшенетін ұғым, яғни, жеңіске жеткенше төзу.
Өлең мазмұнын оқи отырып, ат әбзелдерінің атауын табу;
Сөздікпен жұмыс
ҚОРЫТЫНДЫ; сұрақ: Махамбет кім?(топтастыру ст.)
Үйге тапсырма; «Ереуіл атқа ер салмай». өлеңін жаттау.
2-сағат. Махамбет поэзиясын дағы Исатай батыр мен ақынның өз бейнесі
Махамбет шығармаларындағы басты кейіпкер – көтерілістің қол басшысы, еркіндік үшін басын оққа тіккен Исатай бейнесі ерекше көрсетіледі. 1837 жылғы 15 қарашадағы Тастөбедегі оқиғаны бейнелейтін «Соғыс»өлеңінде
«Исатай — басшы, мен – қосшы,
Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында,
Дулығасы басында,» деп шайқас үстіндегі Исатайдың потретін, тұлғасын намысқа қайралған қайсар мінезін сипаттайды.
Өр рухты, жауынгер ақын «Есіл ер»,«Исатай деген ағам бар»,«Еділ үшін егестік»,«Тарланым»т.б. өлеңдерімен батырдың асыл бейнесіне мәңгілік ескерткіш орнатты.
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен
Арыстан еді-ау Исатай…
Арыстан одан кім өткен!
Махамбет – халық көңілінің тұнығындағы ең асыл арманын – еркіндікті, теңдікті жырлап, оған басын тігіп, қол бастаған Исатайдай батырдың әдебиетте бұрын – соңды болмаған бейнесін сомдаған дауылпаз ақын, ел тәуелсіздігі жолында бірге күреске шыққан «алмас қылыш» батыр
. «Мұнар күн» өлеңін оқу, Бұл өлең қайғылы эллегияға толы
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн.
Бұлықсып жүрген мырзадан
Бұрынғы дәулет тайған күн
Бұландай ерді кескен күн,
Буулы теңді шешкен күн
Біздің ер Исатай өлген күн.
Өлең мазмұнынан шығу тарихын, мезгілін жазбай тануға болады.
Исатайдың халық жүрегінде мәңгі сақталатын өр беейнесін көз алдыңа әкелесің.
Махамбет шығармашылығы тұтастай алғанда автордың «сегіз қырлы, бір сырлы» автопортретін жасап, біздің ұлттық менталитетімізге тән ерлікпен елдіктің өшпес рухына айналып отыр. Ұлы сөздің құдіреті осында жатыр. Махамбет өлеңдеріндегі нақтылы образдар, кейіпкерлер олардың тіршіліктегі жалпы болмысы әрине қайталанбайтын – құбылыс. Ақын өлеңдерндегі «Меннің» мәні ерекше. Өлеңге жүгінелік.
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім.
* * *
Мен құстан туған құмаймын.
Мен шарға ұстаған қара балта едім-
Шабуымды таппай кетілдім.
* * *
Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.
* * *
Мен тауда ойнаған қарт марал,
Табаным тасқа тиер деп,
Сақсынып шыққан қиядан.
* * *
Мен кескекті ердің сойымын,
Кескілеспей бір басылман.
* * *
Мен Өтемістің баласы
Махамбет атты батырмын.
Мұндағы «МЕН» — Махамбеттің бүкіл болмысы, Махамбеттің күрескерлік әлемі. Махамбеттің батыр жүрегі. Осы «МЕН» арқылы Махамбеттің ісі, елге деген махаббаты, елдің тәуелсіздігіне деген жаупкершілігі мен дұшпанға өшпенділігі көрініс береді.
Сөздікпен жұмыс жүргізу.
ҚОРЫТЫНДЫ: Махамбет пен Исатай образдарын жинақтау. (Топтастыру ст.)
|
|
|
| ||||
3-сағат Махамбеттің тарихи тұлғасы
Қ.Мырзалиевтің портреті көрсетіледі.(интерактивті тақтада)
Қайтып орның толарма,
Қаза тапқан ер кіндік?!
Мұндай қымбат болар ма,
Тәуелсіздік!
Еркіндік!
Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесінде жазушы Махамбет тағдырына байланысты тарихқа көз жүгіртеді. Қысқа ғана әңгімеден Махамбет өміріне қатысты оқиғалар шежіресіне куә боламыз. Тәкен қолданысын-дағы теңеулердің бірі кейіпкерлер бейнесін тарихи өмір шындығымен сабақтастыра ашып жатса, бірі оның ішкі әлемінен хабар береді.
Әңгімеде жазушы Махамбет өмірінің соңғы сәтінің шындығын психологиялық тұрғыда шебер жинақтаған.
Әңгіме аңыздық болмысымен де ерекше. Баяғы заманда Батудың жер қайысқан қалың қолы осы Қараойдағы ауылдарды көрмей кеткенін, бір кездері Қараойға Ер Тарғын ат шалдырғанын айта келе жазушы Махамбеттің туған жеріне деген сүйіспеншілігін, ақынның қиялға толы ой-сезімін білдіреді. Әңгіме барысында Махамбет өткен өмірінің кезеңдерін көз алдына елестетіп, өмір жолына ойша шолу жасайды. Жалғыздықтан көңілі жабырқаған ақын Қараойға қарап сыр шертеді, өмірінде жасаған істерінің оң-терісін саралап, өзінше баға береді.
Махамбеттің жан қиналысын автор былай береді: «Махамбет тілге келмей кетті. Бірақ талайға шейін жүрегі дүрсілдеп, миы шыңылдап, бүкіл өмірін көз алдынан өткізіп жатты
Қараойдың қойнауында қаралы үй жападан жалғыз қала берді.
Әуес күйеуін құшақтап, қыздай сыңсыды. Нұрсұлтан етпеттеп еңіреді. Жас бала шырылдап үй айнала берді.
Үй маңынан бота боздады. Өрістен енесі аңырады.
Қараойдың үстінде көңқарға мен қызғыш ұшып жүрді.
Күн батар шақ еді. Қараой қаралы қызыққа толып, дөңгеленіп бара жатты.
Сол түні ай тұтылған… »
Сонымен бірге мұнда қаламгер ұлттық психологиялық ұғымдарды да пайдаланған. Қазақтың ұғымында қатты тыйым салынған ырымның бірі- адамның үй айналуы. Бұл қылықтың жамандыққа, қайғы – қасіретке көрінетін ырым екендігін білеміз. «жас бала шырылдап, үй айнала берді» деген сөйлем ауыр оқиғаның болып өткенін білдіріп тұрғандай.
«Махамбеттің теңдессіз үлкен жүрегі тынымсыз дүрсіл қағумен болды» деген сөйлемдегі «теңдессіз үлкен жүрек» тіркесі арқылы жазушы Махамбеттің халқының қамын, жері мен елінің азаттығын ойлап соққан үлкен жүрегін бейнелеп жеткізген.
Қорытынды:
Сабақ соңында дауылпаз ақын, ержүрек батырдың тарихи тұлғасын оқушы жадында қалыптастырып және тәуелсіздікті дәріптеу мақсатында жерлес ақын Ж.Молдағалиевтің
«Махамбет қабірі басында» өлеңі оқылады.(интерактивті тақтада М.Өтемісұлының Қараойдағы қабірінің суреті көрсетіледі)
Жермен жексен, шөп басқан төмпешіктен
Көз ала алмай тұрмыз біз көп кешіккен
Құдірет ақын басында бір құлпы тас,
Аптап дала, ай дала көкке өшіккен.
Әркім толқып, томсарып әр ойда тұр.
Әр жүректе от жырдан арай да тұр
Ерлік пенен қылмыстың куәсіндей,
Мың қызарып- бозарған Қараой жатыр…