С.Мұратбековтың «Жусан иісі» повесіндегі Аян бейнесі
Сабақтың тақырыбы: С.Мұратбековтың «Жусан иісі» повесіндегі Аян бейнесі
- Білімділік: Шығарманың мазмұнын талдай отырып жазушының кейіпкер бейнесін ашудағы шеберлігін таныту;
- Дамытушылық: Әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы шығармадағы қажетті үзінділерді таңдап ой түйінін қорытындылап шығаруға машықтандыру, кейіпкер бейнесін құрастыру арқылы оқушылардың қиялы мен көркем сөйлеу қабілеттерін арттыру.
- Тәрбиелік: Кейіпкер тағдырына ортақтастыра білу, сезімді, төзімді, қайырымды болуға, бауырмалдылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Бекіту сабағы
Сабақтың өту әдісі: сұрақ-жауап, көрнекілік,кесте, баяндау, талдау, ішінара іздендіру, дамыта оқыту.
Сабақтың ой-түйіні: “Жетім көрсең, жебей жүр”
Сабақтың барысы.
І.Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен амандасу, түгендеу, зейіндерін сабаққа аудару, топқа бөлу.
І топ- «Қамқор»
ІІ топ- «Ізгілік»
ІІІ топ — «Қайрат»
ІҮ топ- «Мейірім»
ІІ.Үй тапсырмасын сұрау.
а)С.Мұратбековтың өмірі, шығармашылығы. Хронологиялық диктант.
- 1936 жыл 15 қазан;
- 1957-1963 жыл;
- 1971 жыл;
- 1954-1962 жыл;
- 1962-1972 жыл;
- 1990 жыл;
- 1998 жыл;
- 2003 жыл.
ә) Алдыңғы сабақта құрылған шығарманың композициялық құрылысының кестесі арқылы үй тапсырмасын сұрау.
Шығарманың композициялық құрылысы
- Шығарманың дайындығы
- Басталуы
- Байланысуы
- Дамуы
- Шиеленісуі
- Шарықтау шегі
- Шығарманың шешімі
Оқиға қай кезеңде болған?
Оқушы жауабын тыңдау.
Кейіпкер дегеніміз кім?
- Кейіпкер – кез келген әдеби шығармадағы негізгі орталықтағы басты тұлға. Әдебиеттің негізгі обьектісі-адам. Жазушы өз шығармасына адам тағдырын арқау етеді. Оны көрсету үшін жазушы өз кейіпкерлерін әр түрлі жағдайларда, сан алуан адамдармен қарым-қатынасқа түсіреді, өмір тартысының әр кезеңінде көрсетеді.
Кейіпкер | Автордың толғанысы | Түйін (өз көзқарасың) |
Аян бейнесін құрастыру.
Аянның түр-сипаты, киімі, іс-әрекеті, әдеті бейнеленген жолдарды мәтіннен тауып аламыз, осылайша кейіпкер бейнесін құрастырамыз.
- “Шолақ жең, ақ жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бір бала тұр екен”.
- Бұл жолдардан Аянның қандай қасиеті байқалады?
- “Ол өте ақкөңіл, ақылды бала екен. Адамды іш тартып тұратын жайдары жүзі, не десең де көне кететін жұмсақ мінезі бізді бірден үйіріп әкетті.
Ең жақсы қасиеті- ешкіммен төбелесіп, сөзге келмейтіндігі. Бір- екі рет кейбір шатаққұмар балалар тиісіп те көрген екен. Аян үндеместен қабағын түйіп, ондайлардан сырт айналып кетіп жүрді” деген үзінді нені байқатады?
- Аян екеуміз бір партада отыратынбыз. Бірінші күннен-ақ ол зеректігімен көзге түсті. Мұғалімнің тақтаға жазған әріптерін айна қатесіз қағазға түсіріп, тез жаттап алып жүрді. Тіпті келе-келе күніне бір-екі әріптен ғана өткенімізге көңілі толмай:
Барлық әріптерді тезірек неге үйретпейді екен. Шіркін, ағама хат жазар едім,-деп күңкілдейтін” деген үзіндіде нені байқадыңдар?
- Аянның әжесі өліп қапты деген сыбырды алқына тұрып, шүйінші сұрағандай бірімізге-біріміз жеткіздік.
- Жарғақ сары тон киген Аян күлімдеп тұратын қара көзі шарасынан шыға жаутаңдап, өңі боп-боз, есігінің алдында тұр екен. Үйінде көрші –қолаң әйелдер бір-бірімен шуылдаса көрісіп, азан-қазан болып жатқанмен, ол көзіне жас алмапты”
- Сонда қалай ойлайсыңдар? Аян мүлде жылай білмей ме?
- “Жаз ортасы. Аңызақ жел ұйытқи соққан ыстық күннің бірінде ауылға тағы бір қаралы қағаз келді. Бұл жолғы қаралы қағаз ешкімнің үйінен зарлы жоқтау айтатын дауыс шығарған жоқ. Бұл жолы қаралы қағаз көшеде ойнап жүрген балалардың ең соңында…. “Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге кешегіден де қызық ертегі айтамын”,- деп жалына дауыстай жүгірген Аянға келген еді. Ол үнсіз қабылдады. Қаралы қағазды ұзақ отырып екі-үш қайтара ежіктеп оқыды да, төрт бүктеп ышқыр қалтасына тықты. Онан соң ойнап жүрген балалардың жанына кеп, әдетінше алыс-жұлысты сырттай қарап қызықтап тұрды. Тек балалар үйді-үйіне тараған кезде, ол ауылдың шетіндегі ат қораға барып кірді. Соңынан мен де бардым… Аян қараңғы бұрышта бір уыс боп бүрісіп, екі алақанымен бетін басып солқылдап жылап отыр екен. Ұзақ жылады. Онан соң көзін сүртті де қорадан шықты”.
Бұл үзіндіде Аянның қандай бала екендігін байқадыңдар?
Аян мен әңгімеші баланың бойынан қандай адамгершілік қасиеттерді байқадыңдар?
Олардың достығы туралы ойланыңдар да, шын достық туралы ойларыңды ортаға салыңдар.
- Шығарманың тақырыбы дегеніміз не?
- Автор повесті неге “Жусан иісі” деп атайды? Жусан иісі арқылы жазушы оқырманға қандай ой тастайды?
- Әңгіменің негізгі идеясы не?
- Өздерің бұл әңгімеге қандай тақырып қояр едіңдер?
Шығармашылық жұмыс
- Аян ертегісін “Баяғыда бір жетім бала болыпты” деген тақырыпта жалғастырып көріңдер.
Қорытынды.
Білемін | Білгенмін | Білгім келеді |
|
Үйге тапсырма:
“Аянның болашағы” тақырыбында өз қиялдарыңмен повесті аяқтау.
Құрастырған: Қарағанды қаласы
№76 ЖББОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Тусжанова Жаңагүл Нұрмұханқызы