Қазақ әдебиетін оқытуда аймақтық компоненттерді пайдалану

Қазақ әдебиетін оқытуда аймақтық компоненттерді пайдалану

Әдебиеттер тізімі

  1. ҚР Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті

стандарттары. Алматы-2002

  1. «Педагогикалық кеңес» журналы. №4 2007
  2. «Қазақ және әлем әдебиеті» журналы №2 2007
  3. З.Ахметов «Абайдың ақындық әлемі». Алматы. «Ана тілі» 1995
  4. Әдебиеттану терминдер сөздігі. Алматы. «Ана тілі» 1998
  5. М.Қабанбаев «Жиһанкез Тити» Алматы «Жалын» 1982
  6. М.Қабанбаев «Қала және қыз бала» Алматы «Жалын» 1984
  7. М.Қабанбаев «Туған жердің төрт мезгілі» Алматы «Раритет» 2004

 

Қазіргі уақытта еліміздің даму болашағын айқындайтын факторлардың бірі ретінде білім беру ісіне басымдылық беріліп, мемлекеттік деңгейде қарастырылуда. Жаңа тұжырымдамалық көзқарастар, әдіснамалық ұстанымдар әлемдік білім кеңістігіндегі жаңартулармен ықпалдасып, еліміздің білім беру ісі 12 жылдық жүйеге көшкелі отыр. Білім жүйесінің бұл жаңа моделінің басты міндеті–оқыту үрдісін ұлттық құндылықтарға негіздей отырып, оқушыларға көпдеңгейлі  білім беруді ұйымдастыру. Жер шарының көптеген елдеріндегі оқыту үрдісіне еніп отырған білімнің жаңа сапалы деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған құрылымдық және мазмұндық жаңартулардан әдебиет пәні де шет қалмауы тиіс. Жалпы білім беретін қазақ орта мектептеріндегі негізгі пәндер ретінде ұлттық құндылықтарды сіңіруде тіл мен әдебиет пәндерінің орны қай кезде болмасын ерекше болған.

”Әдебиет–тек асыл мұратпен, таза ар–намыспен кіруге болатын зәулім сарай” деген ұлылар сөзі бар. Жаны бар сөз. Әдебиетіміздің тарихын бүгінгі азат көзқарас, “ұлтым”деген сезіммен безбендесек, тебіренетін де, теңселетін де тұстары мол. Шұрайлы құнарына да, кенезесі кепкен аптабына да түйісіп, “жапырақ жүрегің” бірде қалтырап, бірде арқырап, домбыра кеудең әр түрлі күй сазын шертеді. Ғасырлар бойы сонау ауыз әдебиеті Күлтегіндердей азаттық әуен, Махамбеттердің “егеулі найзасына” айналып, Абаймен ренессанстық жаңа арнаға түсіп, Ахмет, Міржақыптармен өршелене “аттандап”, Жұбандармен “мен — қазақпын” деп қаһарланып, Мұқағали, Төлегендермен аруақтанып, Мұхтар, Кәдірбек, Ұлықбектермен ұлттың бояуы жарқыраған жырлары  “мұзды қақ жарған” алдаспан әуенге ұласты. Осы әдемі әлемді оқушы бойына мектеп қабырғасында қалау-міндетіміз. Сол талаптарды орындауда мұғалімнің атқарар ісі мен міндеті күрделі де салмақты. Осыған сәйкес Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары «Қазақ әдебиеті» пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттерін айқындап берген.

Мақсаты: 1. Оқушылардың рухани дүниесін байыта отырып, эстетикалық,  адамгершілік, патриоттық, азаматтық тәрбие беру;

  1. Ауызша сөйлеу және жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыру.

Міндеті: 1. Оқушыларға әдеби білімнің әр жақтылығын түсіндіру;

  1. Туған әдебиеттің ұлттық сипатын, халықтың әдеп-ғұрпын сипаттау;
  2. Көркем әдебиетті оқуға деген қызығушылығын ояту;
  3. Әсемдік заңымен өмір сүруге баулу;
  4. Әдебиетті оқытудың шығармашылық сипатын күшейту. т.б.

Осы міндеттердің ішінен көркем әдебиетті оқуға деген қызығушылығын ояту, ұлттық құндылықтарды сіңіру, туған жерге, елге, өлкеге деген патриоттық сезімді шыңдау мақсатында жеке тұлғаны шығармашылық деңгейге жеткізуде аймақтық компоненттің мүмкіндігі мол. Туған жерінің асылдарын, өткен шежіресі мен бүгінгі қам-қарекетін білетін балаға әдебиеттегі ірі тұлғалардың шығармаларын түсініп оқу қиынға соқпайды. Сондықтан Зайсаннан шыққан ақын-жазушылардың кіндік қаны тамған жерінің күнделікті тыныс-тіршілігін суреттеген, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен достары жайлы, әр тал-терегін, тастарын, аң-құсын өлеңмен өрнектеп жазған шығармаларды, таныс дүниені оқу оқушыларға әлдеқайда жеңілдеу. Шығармаларды оқи отырып, өз жерінің ұлттық мұрасы мен рухани құндылықтарын бойына жинаған, ұлтжанды, патриоттық санасы мен  азаматтық борыш құзіреттілігі жоғары, туған елі мен жері үшін мақтана білетін азамат тәрбиеленеді деп ойлаймын. Сондықтан мынандай мақсаттарды белгіледім:

1) Аймақтық компонентті оқу  үрдісінде қолдану арқылы оқушылардың өз өлкесінің ақын-жазушыларының өмірдеректері мен шығармаларын танып білуіне қызығушылығын ояту.

2) Ол шығармаларды бағдарламада берілген шығармалармен мазмұны жағынан салыстыра білу, өз ойын айта білу, өзіндік пікір қалыптастыру, өз елінің өткені мен бүгіні, болашағы үшін мақтаныш сезімін ояту, терең патриоттық сезімін қалыптастыру.

Осы қасиеттерді жеке тұлға бойына сіңіруде мынандай жұмыстар жүргізу тиімді:

Әдебиет сабағында өтілетін бағдарламадағы кез келген ақын–жазушылардың шығармаларында шығарманың көркемдік ерекшелігін тану кезінде жерлесіміз, әдебиеттану ғылымының іргетасын қалаушылардың бірі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Зәки Ахметовтың “Әдебиеттану” терминдер сөздігін үнемі басшылыққа ала отырып,  әдебиет теориясынан мағлұматтар береміз.

Сондай-ақ З.Ахметовтың “Абайдың ақындық әлемі” еңбегін 5- сыныптан бастап оқылатын Абай өлеңдері мен қара сөздерінде, М.Әуезовтің  “Абай жолы” эпопеясы 9-сыныптарға бөлінген 5 сағатта, 10-сыныптарға бөлінетін 10 сағатта пайдалану өте ұтымды деп ойлаймын. Әрбір әдебиет сабағында Абайдың қара сөздерін, Зайсаннан шыққан ақындардың Т.Қызықбай, Ғ.Байбатыров, Е.Әукебаев, А.Егеубаев, Ұ.Есдәулетов өлеңдерін поэзия минуты түрінде жүргізуде тәжірибе жинақтау үстіндемін. Әдебиет пәніне жасалған оқу бағдарламасына 10-15% өзгеріс енгізуге болатынын ескеріп өз жерлес ақын– жазушыларымыздың рухын асқақтатқан, мәртебесін көтерген, шығармаларын мектеп бағдарламасына енгізсек жоғарыда аталған мақсаттарға біршама жеткендей болар едік. Оған дәлел ретінде назарларыңызға 6-сыныпқа балалар жазушысы, Х.Андерсен атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, жерлесіміз М.Қабанбаев шығармаларын енгізген бағдарламамды ұсынамын. Ескерілетін жағдайлар:

  1. Сыныптардағы сабақтастық
  2. Балалардың психологиялық жас ерекшеліктері
  3. Шығарма мазмұнының сынып бағдарламасына сәйкестігі, үйлесімділігі.
  4. Оқылатын материалдың көлемі
СыныбыБағдарламаның қай жерінде оқытылады?ШығармаларСағ сан
6Әр тоқсанның басында жүргізілетін сыныптан тыс оқулардаӨмірдерек

«Туған жердің төрт мезгілі»

1

3

Тіл дамыту сабақтарында (ауызша, жазбаша)«Нан иісі»

«Ақшақар»

«Жиһанкез Тити»

«Бір бума кілт»

1

1

1

1

М.Мағауин «Бір атаның балалары». 1 сағ алу«Бақбақ басы толған күн»1
Д. Исабеков «Ата үміті» 1 с алу«Бауыр»1

Шығармаларды оқыту әдістемесін жасаудағы негізгі талаптар:

  1. Оқушылардың қызығушылығын тудыру;
  2. Өзіндік іс-әрекеттерін (топпен, жұппен, жекелей жұмыс) ұйымдастыру;

3.Танымдық белсенділігін,  шығармашылық қабілетін ашуға жағдай жасау;

  1. Тапсырмалардың әр деңгейлік болуы;
  2. Сабақта СТО технологиясын пайдалану;
  3. Өзіндік бағалау.

Аймақтық компонентті оқытуда жеке тұлға бойында күтілетін нәтиже:

  • Пәнге деген қызығушылығы артады;
  • Жан-жақты толық мәлімет алады;
  • Өз бетімен жұмыс жасайды, ізденеді;
  • Шығармаларды бір-бірімен салыстырып, өзіндік пікір қалыптастырады;
  • Туған жер табиғатын, дәстүрін, тарихын бағалай білуге үйренеді;
  • Зерттеу жұмыстарына дағды қалыптасады;
  • Белгісіз деректерді іздеуге ат салысады.

Ғұламалар «Әдебиет–халықтың санасы, оның рухани өмірінің бояуы мен жемісі» деп бағалаған әдебиетті аймақтық компоненттерді талапқа сай деңгейде оқыту арқылы баланың рухани әлемін қалыптастыру, ізгілікке, биік адамгершілікке тәрбиелеу, ең бастысы, адам ретінде баулу-әдебиетші ұстаздың аса мәртебелі міндеті.