Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы рефлексивтік есеп
Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы рефлексивтік есеп
Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының үшінші деңгей бағдарламасының бірінші «бетпе – бет» кезеңіне келгенде сыртқы уәжбен келдім. Бізді треннеріміз қарсы алып, алғашқы танысуды тренингтен бастады. Әр тыңдаушы жеке өзі туралы мәлімет беріп, топпен таныстық. Бұл курстағы оқытудың әдіс –тәсілдері бұрынғы оқыған курстарыма қарағанда мүлдем өзгеше әсер етті. Бәріміз жұмыстарға балаша қызыға қатынасамыз, қиын кездерде сұраулы жүзбен бір – бірімізге қараймыз. Осылайша курс треннерлері – Мая Салауатқызы мен Алтыншаш Сағиқызының әр түрлі әдіс — тәсілдермен өткізген сабақтары біздің қызығушылығымызды оята түсті. Сөйтіп, мен өзгере бастадым. Курстан алған алғашқы әсерлерім менің ішкі уәжімді оятуға септігін тигізді. Оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдерді меңгерген сайын дәстүрлі оқытуға күмәнмен қарайтын болдым. Осындай қызықты әдістерді оқып үйреніп, екінші айда мектептегі тәжірибе кезеңіне бардым.
2014 жылдың 31 наурыз — мектептегі тәжірибе кезеңінің алғашқы күні сағат ондар шамасында мектепке келдім. Бұл күн көктемгі демалыстың соңғы күні болатын. Көңілім қобалжулы, ерекше бір күйде едім. Оның себебі, біріншіден, бір ай бойы көрмеген ұжым мені қалай қарсы алады болса, екіншіден «мен мұны жасай алам ба, қалай болар екен?» деген сауал еді. Мектептің кіре беріс есігі сол жақта болатын, келсем оң жақ есіктен кіретін етіп өзгертіп қойыпты. Мен мұны жақсылыққа жорып, есіктен оң аяғыммен аттап ішке ендім. Әріптестерім барлығы дерлік құшақ жая қарсы алды. Барлығы оқу жайын сұрап, не үйреніп, не біліп келгенімді сұрап, түрлі қолпаштауларын білдірді. Аздан кейін мектеп басшысы Ү. А. қабылдауына кірдім. Мектеп директоры жылы шыраймен күлімдей қарсы алды. Мектебіміздің басшысы да — үшінші базалық деңгей курсын оқыған, қазіргі уақытта Астана қаласында директорлар курсын оқып жатырған жаңалыққа жаны құмар адам. Мен өзімнің білген-түйгенімді, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін айтқанша асығып отырсам, ол да өзіне таныс мәселелер төңірегінде сұрақтарды қоя отырып, кездесуіміз қызу әңгімеге ұласты. Соңында мектеп әкімшілігі тарапынан қолдау көрсетілетінін, бірақ та мектепте бар-жоғы бір интерактивті тақта, оның өзі тек көрсетуге ғана жарайтынын айта келіп, соны қанағат тұтумды ескертті. Мектеп басшысының қабылдауынан шыға саласымен мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Н. Ә. әңгімелесіп, сынып таңдап, сол сыныптың күнтізбелік жоспарымен таныстым. Мұғалімдер бөлмесіне келсем, бір топ әріптестерім отыр екен. Өзгеріс сырт келбетімнен сезіліп тұрса керек, бәрі сөздерін «өзгеріп кетіпсің» дегеннен бастады. Оларға жалпы курс барысы туралы әңгімелеп, курс кезіндегі түскен фотоларды, видеоларды көрсеттім. Әңгімелесе отырып байқағаным, мұғалімдердің көпшілігі бастапқы кездегідей емес, осы курсты оқуға ынталы екен. Әріптестерді бағдарламамен кеңірек таныстыру мақсатында семинар өткізбекші болдым. Себебі, бізге семинар өткізу міндетті болмаса да, әріптестер курстан келген әр тыңдаушыдан бір жаңалық күтіп отырады. Осы орайда «Өрлеу» ұлттық білім беру орталығының тыңдаушысының мектептегі тәжірибе кезіндегі орындауға тиісті тапсырмаларының бірі әріптестермен кеңесуде ұйымдастырып өткізген «Сын тұрғысынан ойлау» тақырыбындағы семинар сәтті өткізілген дүние болды. Семинардың бастамасында жақсы көңіл күй сыйлау мақсатында «Екі шындық, бір өтірік» тренингі өткізіліп, әр қатысушы «мен — мұғаліммін», «Көктоғайда тұрамын» сияқты шындығын, «жақында Алматыға көшем» сияқты өтіріктерді айтып бір көңілденіп алды. Серпіліп алған әріптестерді 1,2,3 деп санау арқылы топқа бөлдім. Семинар тақырыбы «Сын тұрғысынан ойлау» болғандықтан, әр топқа ол туралы не білетіндерін жазу үшін парақшалар тараттым. Олардың ойларын білген соң, интерактивті тақтадан осы сұраққа орай слайдтар арқылы қорытынды пікір айтылды. Әріптестерге сыни тұрғыдан ойлана білуді түсіндіру үшін алдымен өздерін ойландырайын деген оймен «Алмадан бәліш пісіру» тақырыбында постер қорғауға тапсырма бердім. Әр топқа бір — бірінің постерлерін қарап, толықтыруларын ұсындым. Сын тұрғысынан ойланудың нәтижесінде түрлі тың пікірлер туындап, алмамен бәліш пісірудің жаңадан рецептілерін жасап шығарды. Қатысушы топтар бірін-бірі формативті бағалады. Семинар соңында тақтаға ілінген смайлик суреттеріне қатысушылар стикерлер арқылы бағасын берді. Сөйтіп, семинар сәтті өтті. Әріптестердің бұл курсқа қызығушылық білдіргендері көп болды.
1 сәуірден бастап уақытты құр жібермей мектептегі тәжірибемнің алғашқы күндерінде зерттеуге алған 6-сыныбыма келдім, сыныпта барлығы — 24 оқушы. Оқушыларым шулап, қуана қарсы алды. Сынып бөлмесі жай ғана пәннің мазмұнын беретін орын емес, сонымен бірге мұғалімнің ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыруын қамтамасыз ететін бөлме екендігін еске ала отырып, алдымен сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырып алуды көздедім. Бұрын өзім сабақ беріп жүрген сынып болса да, оқушыларға зерттеу жүргізу мақсатында «Сәлем- Сен» тренингін өткіздім. Ә. қасында отыратын Г-ге «сен қызғаншақсың» десе, А. И-қа «сен ашуланшақсың» деп жазыпты. Ал И. сыныпқа жаңадан келген оқушы, сондықтан сыныптастарымен араласа алмай жүрген болатын. Содан соң «Сәлем – Мен» тренингін өткіздім. Мұндағы мақсатым да сыни ойлауға дағдыландыру болды. «Мен» есімдігінен басталатын сөздермен өздерінің бойындағы мінез-құлық қасиеттерін жазуды ұсындым. Б. «мен әдептімін», Ж. «мен мейірімдімін» деп жазған екен. Балалардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерінен табуды қажет ететін негізгі қажеттіліктердің бірі өзіндік сана –сезім[ 1,54 б.] екенін ескеріп, олардың жазғандарынан өзімше қорытынды шығардым. Балалар сыныптастарының нашар қасиеттерін ғана көрсе, өздерін тек жақсы қырларынан көре алады екен. Осы кедергіні жою үшін “Сенім — серігім” атты тренинг өткіздім. Оқушылардың бойындағы жақсы қасиеттерін бөлек, жаман қасиеттерін бөлек жаздырып, жақсысын өзіне қалдырып, қажет емес жаман қасиеттерді қоқыс жәшігіне салғыздым. Оқушылар көңілдері көтеріліп, «апай, шынымен өзімізді жақсы сезіне бастаған сияқтымыз» деп айтып жатты. Оқушыларға өздерін реттеу, сабақта қалай ұстау керектігі туралы кеңес беріп олардың істеріне қолдау көрсетіп отырдым. Осы арқылы топта жұмыс жасаған кезде ынтымақтастық атмосферасын құрып алдым. Осы сыныпқа 4-сабақта Қазақстан тарихы сабағына қатынастым. Ағай үйге берілген тақырып бойынша сабақ сұрады. 4 оқушыдан сұрап еді, 2 оқушы жауап берді, 2 оқушы дайындалмағанын айтты. Сыныпта оқушылардың көпшілігі өз-өздерімен уақытқа қарағыштап отырды. Екеуара бос әңгіме айтты. Жаңа сабақ бірсарынды түсіндірілді. Сабақ дәстүрлі түрде көңілсіз өтті. Келесі күні осы 6 — сыныптың география сабағына қатыстым. Бұл сабақ та сүреңсіз өтті. Оқымай келген оқушылар сөгіс естіді. Мұғалімнің де, оқушының да қабағы ашылған жоқ. Осы зерттеулерді жүргізіп болған соң, орта мерзімді жоспарды ретке келтіріп, қысқа мерзімді жоспарларды жоспарлауды қолға алдым. Мені «Бірінші «бетпе-бет» кезеңінде алған теориялық білімімді тәжірибеге қалай ұштастырамын?», «Оқушылар қайтер екен?» сынды сауалдар толғандырды. Дегенмен, «көз қорқақ, қол батыр» жасалуы керек жұмыс болған соң алдыма мақсат қойып кірісіп кеттім. Бұрынғы кезде өтпейтін уақыттар жетпеуге айналды. Әр кез ойланып жүретін әдет тапқан сияқтымын. Мектептегі тәжірибемде бірінші «бетпе-бет» кезеңінен үйренген білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдерді пайдалана отырып зерттеуге алған 6 «а» сыныбына қазақ әдебиеті пәнінен Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесі, «Ахмет қамқорлығы», «Балалар тағдыры», «Шығарманың тілі мен көркемдік ерекшелігі» тақырыбында сабақтарымды өткіздім. Курста меңгерген түрлі тәсілдерді қолданып, оқушылардың ынтасын, қызығушылығын оятуға жұмыстандым. Өйткені, барлық бала бірдей емес. Біреулерінің ынтасы төмен, біреулері өте ұялшақ, сондықтан әр сабағымда тренинг жасап, топқа бөліп отырғыздым. Топқа бөлу әдістерін сабақ сайын өзгерттім. Бірде суреттер арқылы,бірде конфеттердің түсіне қарай, шығармадағы кейіпкерлердің атымен, келесіде сандар арқылы топқа бөліп отырдым. Алғашқы сабақта топқа бөліну әдісін бұрын білмейтіндіктен оқушылар әрі – бері шауып, орындарына орналасуы біраз уақытты алды. Түрлі суреттер арқылы бөлсем де ұлдар бөлек, қыздар бөлек отырып алды. Бірақ, осы сабақ барысында екі рет топқа бөлінгендіктен, олар топқа бөлінуді, сергіту сәтіне ұйымдасуды, ережеге бағынуды үйренді.
Сабақ өткізген кезде оқушыларға сапалы білім беру үшін ақпараттық технологияны — компьютерді, интерактивті тақтаны қолдану арқылы білім берсе, біріншіден оқушылардың білім алуға қызығушылығы арта түсетіні анық, екіншіден мұғалім уақытты тиімді пайдалана алады. Осы мақсатта сабақтарымда оқушыларға керекті мәліметті интерактивті тақтаны пайдалана отырып көрсеттім және тақырыптар бойынша әр түрлі тапсырмалар бердім. Ақпараттық — коммуникациялық технологиялар оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беріп, мұғалімдерге сабақ беруде көмектесетін маңызды құрал болып отыр.[1] Қағаздан көрсетілсе, ол оқушыларға дұрыс көрінбес еді. Ал интерактивті тақтадан түсінікті, әрі әдемі, барлық оқушыларға анық көрінді және ұнады. Сөйтіп, ақпараттық технологияның оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыруға септігін тигізетініне көзім жетті. Бірінші сабағымда интерактивті тақтадан Ұлы Отан соғысы және жетім балалар туралы ролик көрсеттім. «Не ұқтыңдар?» «Екеуінің арасында қандай байланыс бар?», «Бүгінгі сабағымызға қандай қатысы бар?» деген сыни ойлауға құрылған сұрақтар қойдым. Балалар екі бейнероликтің арасында қандай байланыс бар екенін бірлесе талқылай отырып тапты. Осылайша жаңа сабаққа оқушылардың өздерінің сыни ойлануы арқасында келіп түстім. Сыни ойлау дегеніміз — мұғалімнің бағыттауымен оқушының өз бетінше білімді игеруі. Сыни ойлау — сынауға емес, шыңдалған ойлауға үйрету. Демек, мен осы сабақтарымда оқушылардың аз да болса сабаққа, тақырыпқа қатысты білім алуға деген ілгерілеушілігін дамыттым. Сергіту сәттерінде интерактивті тақтадан қимылын көрсете отырып билеттім. Барлығы бірдей қимылдар жасады. Музыкаға билегеннен гөрі қимылдарын көре отырып билеген өте әсерлі болды.
Дәстүрлі оқыту әдісінде мұғалім басты орын алып, оқушы тек тыңдаушы ғана болса, сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің арқасында оқушы өзін және бір-бірін оқыта отырып, еркін сөйлеуге, ойын анық жеткізе білуг дағдылары қалыптасады. Сондықтан, әр сабақта оқушының жан-дүниесіне еніп, бар білімді сан түрлі тәсілдер арқылы оқушы бойына дарытқан жөн. Бұған дәлел бірінші сабақта кубик лақтыру арқылы тапсырмалар таңдаттып, топтық жұмыс жасаттым. Өз топтарына берілген тапсырма бойынша топта талқылап, білімдерін жинақтап постер қорғады. Г. ауыл адамдарының немен айналысқанын, нені жек көріп, нені ұнатқанын дөп басып айтып берсе, С. ауылға әкелінген алты баланы суреттеп берді. Бұл оқушылардың алғашқы сабақта — ақ бедсенділік танытуы мені қуантып тастады. Себебі, Г. аздап тұтығатындықтан көп ашыла бермейтін, ал С. орташа оқитын оқушы болатын. Оқушылар постер қорғауда жаңа сөздерді қамтып, суретке барлығын бейнелеп, сыни ойлап, өз ойларын еркін әрі ашық айтты. Үшінші сабағымда «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасынан үзінді көрсетіп, Де Бононың алты қалпағы бойынша сыни тұрғыдан ойлау тапсырмасын бердім. Шетелге кетіп жатқан қазақ балалары туралы ой — толғаныстарын сыни тұрғыдан жеткізуге тырысты. Төртінші «Шығарманың тілі мен көркемдік ерекшелігі» тақырыбындағы сабағымда үйге берілген шығарма мазмұны бойынша қандай сурет салып келгендерін бақыладым. Сыныпта нашар оқитын зерттеуге алған оқушым Н. суретті жақсы салатын қабілеті бар екенін байқатты. Ахмет қарттың егін даласын күзетіп отырған бейнесін салып келіпті. Оқушылардың суретті жақсы сала білуі, ойын толық жеткізе білуі, тапсырманы бірінші болып орындап бітіруі сияқты жұмыстардан олардың бір нәрсеге бейімділігін және ой ұшқырлығы жоғары екендігін де байқауға болады. Сыни ойлауға байланысты бұл жерде дарындылыққа және таланттылыққа бейімділігі бар оқушылар байқалды, бірақ тәжірибе мерзімі өте аз болғандықтан, оларды әрі қарай дамыта оқыту келер жылдың үлесіне қалдырдым. Сонымен, сыни ойлау оқушыны ойлантады, іздендіреді, өз ойларының дұрыс немесе бұрыс екендігін дәлел келтіре отырып анықтайды.
Сабақтарымның бәрінде де диалог арқылы оқыту әдісін қолдануға тырыстым. Диалогтік оқыту білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Біз көбінесе диалогтік оқытуды сұрақ–жауап ретінде қолданамыз. Сұрақтардың берілуіне байланысты оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады. Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың білім алуының ажырамас бөлшегі болып табылады[1]. Нұсқаулықты басшылыққа ала отырып, осы тәсілді сабақтарымда пайдаландым. Бірінші сабағымда
-Шығарманы сен қалай атаған болар едің?
-Авторға шығарманың қай жерін өзгертуді ұсынар едің?- деген сұрақтар беріп, авторға өз ойларын білдіріп хат жаздырдым. Бірақ уақыттың жетпейтіндігінен кейбір жай оқушылар ойларын қағазға түсіріп үлгере алмады. Бұл мен үшін кедергі болды. Осы жерде маған «осы тапсырманы ауызша зертеушілік әңгіме түрінде неге өткізбедім?» деген ой келді және менің сұрақ қою үлгім «бастама –жауап-кейінгі әрекет» нысаны бойынша қойылған сұрақтар үлгісінде болғандықтан сыныпта диалогтік сұхбат құруға еш мүмкіндік болмағандығын білдім.[ 41бет]. Осы кемшілікті түзету үшін екінші сабағымды түгелдей дерлік диалогтік әдіске құрдым. «Үш қадамнан тұратын сұхбат» әдісі арқылы жүргізілген тапсырмада бір — біріне сұрақ қою барысында Б. «Ахмет секілді адамдар қазір кездесе ме?» деген сыни ойлауға құрылған сұрақ қойса, оған Ш. «Ондай адамдар сирек кездеседі», десе Ф. «Ахмет секілді адамдар өмірде көп» деп жауап беріп, өз ой — пікірлерін білдірді. Бұл жерде оқушылардың пікірлері Мерсердің үш дәлелінің бірі зерттеушілік әңгімеге ұласып, қарсы дау айтылып, негізделген дәлел мен сыни тұрғыдан ойлау арқылы жалғасын тапты. Г. «Зекен әке үмітін ақтай ала ма?» деген сұрақ қойды. С. пен С. «Әрине, ақтайды. Себебі, ол жақсы тәрбие алып өсті» деп жауап беріп, ойлары бір жерден шыққанын көрсетті. «Рөлдік ойын» көрсетуде әр топ оқушылары диалогке түсудің ерекше бір қырынан көрінді. Сабақтың қорытынды бөлімінде озат оқушы, сұрақ қоюда зерттеуге алған А. Ахмет бейнесінде «Ыстық орындыққа» отырып, сұрақтарға жауап берді. Әр топтан сыни ойландыратын сұрақтар қойылды.
— Зекен өскен соң Германияға кетіп қалса не істейсіз?
— Қазақтың ырымын неге бұздыңыз?
— Күндіз — түні жұмыс жасайсыз шаршамайсыз ба? деген сұрақтарға сыни тұрғыдан ойлана отырып жауап берді. Оқушы әрекеттерінен байқағаным, олар ойларын еркін айтып, жүйелеп жеткізе бастады. Келесі үшінші сабақта «Болжау» стратегиясы бойынша
-Қай кейіпкердің тағдыры сені қатты толғандырды?
-Балалар тағдырының осылай қиын болуының себебі неде?
-Заман кінәлі ме, адам кінәлі ме?
-Біз қандай заманда өмір сүріп жатырмыз? сияқты сұрақтардың негізінде диалог өрбді. Оқушылар диалогке төселіп қалыпты. Сыныпта сабаққа қызығушылық пен сұраққа жауап беруге талпыныс байқалды. Сұрақ қоюда зерттеуге алған екінші оқушым А. да ерекшеленіп отырды.
Жаңа бағдарламаға сәйкес оқушылардың білімін топ басшысына және сыныптасына бағалатып отырдым. Бұрын бұндай әдіске дағдыланбаған оқушыларым аң-таң болып қалды. Бірақ тәсілім оларға ұнады. Әр топтың алдына арнайы критерийлер жазылған бағалау парақшаларын тараттым. Топ ішінен өздеріне топ басшысын сайлап, ол сабақ барысында топ мүшелерін 3 баллдық жүйемен бағалап отыруы керектігін түсіндірдім. Сабақ соңында оқушылар бір-бірін сол критерий бойынша бағалады. Алайда оқушылардың қалай жұмыс жасағандарын өзім бақылап қарап жүрдім. Әр сабақтың үстінде формативті бағалау жүргізілсе, соңында жиынтық бағаланып отырды. Өткізген әр сабағыма І деңгей курсының тыңдаушысы Габдуллина Ақмарал қатынасып, зерттеп, білгенін айтып, білмегенімді толықтырып отырды. ІІІ деңгейлік курстың оқушымен жұмыс жасау үшін көп пайдасы бар екенін айтып, қызығушылық танытты. Тәжірибеге имене келгенмен кетер кезде оқушылармен қимай қоштастым. Олар да маған деген ыстық ықыластарын, сезімдерін білдіріп жатты.
Қорыта келе, баланың іс – әректін мақсатты түрде ұйымдастыру, оған басшылық ету, білімді өз белсенділіктерімен алуға жағдай туғызу-жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдердің басты белгілері екендігі түсінікті болды. Мен оқушыға сабақ бере жүріп, өзім көп нәрсені үйренгенімді сездім.Әрбір өткізген сабаққа талдау жүргізу арқылы біраз қателігімді таптым, сабақ мақсатын дұрыс қоя білуді, оқушыны жалықтырмауды, тренингтерді көбірек қолдануды, сабақта жағымды психологиялық ахуал тудыруды, өзім үйренгенімді әріптестеріммен бөлісуді үйрендім. Алдымен біз өзімізді өзгерту арқылы өзге әріптестерімізді және оқушыларымызды өзгерте аламыз екен.
Сілтеме:
1.Мұғалімге арналған нұсқаулық НЗМ 2012