Ш.Құдайбердіұлының «Еңілік- Кебек» поэмасы
Cемей қаласы
Қыздар гимназиясы
Орынғожина.Л.С.
Сабақтың тақырыбы: Ш.Құдайбердіұлының «Еңілік- Кебек» поэмасы
Сабақтың мақсаты: Тақырып бойынша алған білімдерін жинақтап бекітеді.
Сабақтың міндеттері:
- Ақын прозасын жүрегімен сезіне біледі, құштарлығы оянады.
- Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауда оқушының ой- өрісі кеңейеді, жауапкершілікке, өз ойын тұжырымдауға, топтастарының ой- пікірлерін тыңдауға, тиянақты, жүйелі сөйлеуге үйренеді.
- Оқушылар адал достықты, сыйластықты, мәрттікті біледі.
Көрнекіліктер: Шәкәрім портреті, үлестірме парақшалар, түрлі- түсті қарындаштар, қатты қағаз.
Сабақтың жүру барысы:
Оқушылардың назарын сабаққа аудару, топқа бөлу. Қызығушылықты ояту сатысы:
Біз өткен сабақта Ұлы Абайдың реалистік дәстүрін жалғастырушы талантты шәкірттерінің бірі Ш.Құдайбердиевтің артына қалдырған бай мұраларының бірі- «Еңілік- Кебек» поэмасының оқиғасымен танысқан болатынбыз.Онда біз «Болжау кестесін» толтырып, әр бөліктер бойынша өз ойларыңды айтқансыңдар.Ал бүгінгі сабақта үйге берілген тапсырма бойынша поэма туралы қосымша ақпараттармен танысып, поэмадағы кейіпкерлер әлеміне шолу жасаймыз.
Осы орайда, ең алдымен «Ой шақыру» стратегиясы бойынша мынандай сауалнамаға жауап берулерің керек:
Тақырып туралы не білесіздер?
Не білгіңіз келеді?
Оқушы әрекеті: Білетіндерін айтып ортаға салады, ой алмасады.
Поэма жайында білгісі келетіндерін айтады.Топтан бір оқушыға сөз беріледі.Ықтимал жауап:
Екі ғашықтың бір- біріне деген сүйіспеншілігі және өшпес махаббаттың құрбандары екендігі туралы.
Екі ғашықтан ұрпақ қалды ма, олардың жалғасы бар ма?
ІІ . Мағынаны ажырату сатысы:
«Әдебиет үйірмесі» стратегиясы бойынша жұмыс.
Оқушы әрекеті: әр топта он оқушыдан болады, әр оқушының ролі анықталады.
Оқушылар, қазір біз қойылған сауалдарға жауап іздеу төңірегінде «Әдебиет үйірмесі» стратегиясы бойынша топта әр оқушының атқаратын ролін анықтап, поэмаға жан- жақты талдау жасаймыз.
1. Реттеуші Топ ішінде уақытты бақылайды, барлығына кезекпен сөз беріп отырады. | 6. Дәнекер. Мәтінді өмірмен байланыстырады. |
2. Сұрақ қоюшы. Ой талқысы басталмастан бұрын, топты сөйлету үшін сұрақтар дайындайды | 7. Сөз тапқыш. Мәтін желісіне байланысты мақал- мәтел, нақыл сөздер ұсынады. |
3. Мінездеме беруші. Әрбір кейіпкер туралы мұқият ойланып, қысқаша мінездеме береді. | 8. Суреттеуші. Мәтін желісі бойынша сурет салады. |
4. Іздеуші. Мәтінге қатысты кез келген қосымша ақпарат жинайды. | 9. Жазушы. Ой талқысындағы негізгі бағыттарды қысқаша жазып алады. |
5. Сілтеме табушы. Мәтіннен барлық оқушыны қызықтыратын жерін табушы. | 10. Баяндаушы. Топта өткен ой талқысы туралы мұғалімге және бүкіл сыныпқа баяндап береді. |
Қысқаша ықтимал жауаптар:
Мінездеме беруші: Кебек- орта бойлы, тапалдау, кең иықты он бес жасар, қара торы бозбала.Өзі әдепті, үлкендерге сый -құрмет, кішілерге іні деп ізет көрсетеді.Жаудан қашпас, әрқашан ел қамы үшін жанын салып, өлуге дайын.Тым жас болса да, өзінің батылдығымен көзге түсті.Айтқан сөзіне тұрақты, берген уәдесін орындайды.
Еңілік- сұлу, тиянақты, ақылды, қонақжайлы бойжеткен. Кебекті өзінің теңі деп шешті.Сүйіктісіне ғана сырын ашты, өлуге дейін баратынын білдіреді. «Биік қабақ сұрлау қыз» боп бейнеленген.
Нысан абыз— ақылды, сөзге шешен, балгер.Айтқан сөзі ылғи да орындалады.Бал ашып, оның орнына мал алмайды.Жақсылық та, жамандық та болсын, жасырмай шындықты айтып береді.
Іздеуші:
Менің мақсатым: тақырыпқа байланысты кітаптан тыс материалдар іздеп табу.Мен біріншіден; осы «Еңілік- Кебек» поэмасындағы екі ғашықтың ұрпағы туралы біраз материалдар іздестірдім.Іздестіру барысында 1990 жылы 25 тамызда «Семей таңы» газетінде жарияланған Қалихан Алтынбаев ағамыздың мақаласын таптым.Онда поэмадағы баланың одан арғы жағдайы сипатталады.Олардың баласын Еңіліктің әкесі Қара (шын аты Ықаң) ақсақал алдырып, оның Ермек деген атын Жадыра деп өзгертіп, өз бауырына басқан.Бұл баладан ұрпақ бар.
Өз заманындағы Тобықтының көсемі, иесі, кейінгі ұрпақтардың киесі, аруағы болған Би ата 1735 жылы ел Сырдың бойынан ауып келе жатқанда Ұлытаудағы Алашахан, Жошыхан бейіті тұрған Кеңгір өзені бойында туғандықтан атын Кеңгірбай деп қояды.Кеңгірбай өз тұсында елін, жерін ішкі- тысқы басқыншы жаудан қорғап келген батыр, сұлтан болған.
Дәнекер: Қазіргі кездегі махаббат пен Еңілік- Кебектің махаббатының айырмашылығы жер мен көктей дер едім. Осы ғашықтар поэмасы бүкіл қазақ еліне махаббаттың символы ретінде үлгі боп қала береді деп ойлаймын.
Сөз тапқыш:
Махаббат деген қызыл гүл,
Еріксіз сені шақырар.
Қайғысы оның ауыр зіл,
Су түбіне батырар.
Махаббат- екі адам арасын жалғаған алтын жіп т.б.
Оқушылар, Ш.Құдайбердіұлының махаббат құрбандары «Еңілік- Кебек» пен «Қалқаман- Мамыр» поэмалары- жеке адамдар ғана емес, бүкіл ел басындағы трагедияны суреттеген реалистік шығармалар.Сондықтан Шәкәрім өз заманындағы қазақ тарихының үлкен білгірі болғанын байқауымызға болады.
ІІІ. Ой толғаныс сатысы:
«Екі жақты түсініктеме күнделігі» стратегиясы бойынша жұмыс.
Әр оқушы өзіне ұнаған өлең жолдарын дәптерлеріне жазып, оны неліктен жазып алғандығын қасындағы досына түсіндіреді.Топта талқылайды.Барлығына ұнаған өлең жолдарын бүкіл сыныпқа ұсынады.
Біз өткен сабақта Шәкәрімнің жастарды білім- ғылымға, мәдениетке үндеген өлеңдерімен, саяси- азаматтық лирикасымен, әлеуметтік әділетсіздікті шенейтін өлеңдерімен танысқан болатынбыз.
Қазір сендер Шәкәрім поэзиясы бойынша өздеріңе ұнаған өлең жолдарын таңдап, топта талқылап, бүкіл сыныпқа ұсынасыңдар.
Ықтимал жауаптар:
І- топ. «Жастарға»
Ойланар уақыт болды бас қосарлық,
Дұшпан көп енді бізге жол тосарлық.
Арамдықтан көңілді арылтатын,
Ақыл ойлап, адалға қол басарлық.
2- топ. «Бай мен кедей».
Анық байлық- денеге біткен өнер,
Білімдінің бәрі де соған төнер.
Арам жиып мақтанған дәулет емес,
Алдымызда бір күн бар есеп берер.
Сабақты қорытындылау сұрақтары:
- Шәкәрім қазіргі заманда өмір сүрсе қандай тақырыпта өлең жазған болар еді?
- Бүгінгі сабақтың эпиграфы ретінде ақын өлеңдеріндегі қай шумақты алар едің?
- Шәкәрімнің қай әнін орындар едің?
Ықтимал жауаптар:
- Еліміздің тәуелсіздігін немесе тастанды балалар тақырыбында ой толғар еді.
2.Эпиграф ретінде Шәкәрімнің мына өлеңін алар едік:
Қайтадан қайырылып,
Қауымға келмейсің.
Барыңды-
Нәріңді-
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,
Шын бақыт-
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!
- Әнші Роза апайымыз орындайтын Кебекке арналған әнін орындар едік.
ІҮ. Бағалау.
Ү. Үйге тапсырма: «Шәкәрім шығармаларындағы азаматтық әуен» атты шығармаға даярлану.