Әдебиет сабағында сатылай кешенді талдау
Әдебиет сабағында сатылай кешенді талдау
Алғы сөз
Білім берудің түрлері мен әдістерін жаңартудың мақсаты — әр оқушының шығармашалық қабілетін барынша дамыту, ұлттық өнердің түрлі жанрларын білуге, жалпы ұлттық мәденитке баулу болып табылады. Біз, ұстаздар қауымы, болашақ ұрпақтарымызды бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелегіміз келсе, бар күшімізді мектепте білім сапасын арттыру үшін жұмсауымыз керек. Ол үшін жаңа технологиялар мен әдістер әбден қажет.
Жастарды ой-өрісі кең, жаны бай, адамдармен қарым-қатынас жасай алатын, адамгершілігі мен жауапкершілігі жоғары, қоғамнан өз орнын тапқан, іскер де қабілетті, шығармашыл тұлға деп білуіміз керек. Осы мақсаттарға жетуде бүгінде оқыту үрдісіне еніп жатқан өзгерістер баршылық. Солардың бірі – сатылай кешенді талдау технологиясы.
«Сатылай кешенді талдау – ұлттық құндылығымызды бағалай білуге, оның білім көкжиегінде кең таралуына ықпал етіп күнделікті өмірде қолданылу аясын жақсартуға бағыттайтын оқыту,»- деп түсінік береді технология авторы Нұрша Оразахынова. Бүгінгі таңда бұл технологияны білікті ұстаздарымыз тек қазақ тілінде ғана емес, ағылшын тілі, математика, химия, әдебиет, тарих т.б. пәндерді оқытуда қолданып келеді. Әсіресе мектеп бітірушілерді ҰБТ-ге дайындау мақсатында өз тәжірибемде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ үстінде, факультативтік, таңдау сабақтарында оқушы білімін жүйелі, нақты меңгерту үшін сатылай кешенді талдау жұмыстарына машықтандырып келемін. Бұл әдіс арқылы білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен шектелмей, баланың жалпы тұлғалық дамуына ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты танымдық-психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесім табуына да септігі мол деп есептеймін. Әдебиет пәнінен әдеби шығарманы, поэзияны, халық ауыз әдебиеті үлгілерін, шығарманың компазициялық құрылысын, өлеңнің құрылысына сатылай кешенді талдауға үйрету өзекті мәселе болып отыр. Төменде осындай талдаудың бірнеше түрін ұсынып отырмын.
Шығарманың компазициялық құрылысына сатылай кешенді талдау.
Ғ.Мүсірепов. «Ананың анасы» әңгімесі.
(7-сынып)
І нұсқа
1.Әңгіменің басталуы Әйтілес қарттың
үйінде молдадан
сабақ алып отырған
балалар.
2.Әңгіменің дамуы. Саудагер Рамазан мен
Әйтілес әңгімесі. Қазақ
елінің ерлік шежіресінің
бір оқиғасының суреттелуі
3.Әңгіменің байланысуы Бала бидің батыры
Жалпақ балуан
бастаған қарулы
жасақ. Ергенекті деген
елден кек алып, есе
қайтаруы үшін жолға
шығады.
4.Әңгіменің шиеленісуі Барымташылар
қалың жылқымен
бірге жылқышының
қызын алып кетеді
5.Шарықтау шегі. Зорлықшылардан қызын
құтқармақ болып жау
соңынан ананың аттануы;
6.Әңгіменің шешімі: Өктем үнмен жасқанбай
сөйлеген ананың қайраты
Жалпақ балуанды райынан
қайтарады.
7.Қорытынды. Жалпақ балуанның
адамгершілігін, мейірімін
сақтаған адам
ІІ-нұсқа.
Ғ.Мүсірепов. «Ананың анасы» әңгімесі.
Кейіпкерлері:
Әйтілес – қарт, ақсақал
Рамазан –саудагер
Жанай – балуан
Жалпақ – Бала бидің батыры, балуан
Он бес жасар қыз – жылқышының қызы
Қыздың анасы – Сонар дегеннің қызы
Қыздың әкесі.
Портрет.
а) Әйтілес – аппақ, ақ қар бас, соқыр қарт, етекей сақалды,
балуан бармақты.
ә) Ана – боз көйлегі жырым-жырым, қолдары қарғаның
тұяғындай қап-қара, ерні қырық тілінген, жарық-жарық,
түйілген қабағынан, от жанған көзінен шошисың.
б) Жалпақ балуан – жауырыны қалпақтай, жұдырығы
тоқпақтай, сыртынан қарағанда құйған пештей.
в) Қыз – қызғалдақтай үлбіреген сұлу.
Теңеу
Етектей сақалын тарап отырды. Күмістей ақ сақалы
кеудесін жабады. Іркіт сабасындай іркілдеген молда.
Қатып қалған саңлақтар ұршықтай ойнап, бөкендей
бүктеліп, ауыздықтарын қарш-қарш шайнады.
Тұйғындай түйіліп, жұлдыздай ағып артымыздан бір
қара келеді.
Афоризмдер.
Соның суық ызғары табанымнан, қара таңбасы маңдайымнан әлі кеткен жоқ. Сай сағалап, өзен жағалап жүретін төрт үйлі бір ауыл болыпты. Білектің күшін, найзаның ұшын не күшті теңдеске, не иығы теңдеске жұмсаған жоқсыңдар. Жағаласқан жау емес, жалбарынған сор емес пе?
Құлынға қосақтап қызығымды әкетіп барасыңдар. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмаймын! Сен көзімнің оқырасын алып, шымылдығын аштың, т.б.
Тұрақты тіркестер:
Көзді ашып-жұмғанша, көпті көрген көне, тар
құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен, көзге
түрткенде, күн найза бойы көтерілген.
Антоним
Берсеңдер тірі алып қайтам, бермесеңдер өлі алып қайтам. Не сұрау, не жауап бере алмай қалдық. Оң жағына ұрса, сол жағын тосатын кеще адамдар әзірлеп жатырмыз
Ғ.Мүсірепов. «Жаңа достар» әңгімесі.
(5-сынып)
І нұсқа
1.Әңгіменің басталуы Қайроштың ауылдан
кетуі
2.Әңгіменің дамуы. Қайроштың қалаға
келуі
3.Әңгіменің байланысуы Шеген мен Борашқа
кездесуі, танысуы
4.Әңгіменің шиеленісуі Достыққа апарар
жолда
5.Шарықтау шегі. Қаланың қызықтары мен
шыжықтары
6.Әңгіменің шешімі: Мария апайдың
мейірімділігі
7.Қорытынды. Ана аманаты
ІІ-нұсқа.
Ғ.Мүсірепов. «Жаңа достар» әңгімесі.
Кейіпкерлері:
Қайрош
Бораш
Шеген
Мария апай
Қайроштың анасы
Портрет.
а) Шеген – сұлу, сұңғақ денелі,бұлшық еттері болаттай,
күнге күйген, тобылғы торы
ә). Бораш – аққұба, қағылез, қыз мінезді, көздері жаңа
туған бұзаудың көзіндей, бір аяғын ақсай басады
Мінездеме
Қайрош – білімге құштар, ақкөңіл, адал, қайратты, ақылды, мейірімді, жанашыр
Қайроштың анасы – абзал, кең жүректі, қамқор
Мақал-мәтелдер
- Әліпті таяқ деп білмейсің
- Өлімнен ұят күшті
- Қарға баласын аппағым дейді
Тұрақты тіркестер:
Жау жүрек, шегіңді қатыратын, құлағына құйып жатыр, екі көзі алақандай болу
Диалект сөздер
Қасқа, үгіршіктер, қорада
Жер-су аттары
Гурьев, Каспий, Сарытау, Ақ Жайық
Төлен Әбдіков. «Қонақтар» әңгімесі.
(8-сынып)
І нұсқа
1.Әңгіменің басталуы Ерғабыл шал мен
кемпірдің әңгімесі
2.Әңгіменің дамуы. Ерекеңнің малын
іздеуі, ішкі ойы
3.Әңгіменің байланысуы Қаладағы
баласының келуі, ауыл
қонақтары
4.Әңгіменің шиеленісуі Сапабек пен әкесінің
әңгімелерінің
жараспауы, ауыл әні
5.Шарықтау шегі. Мазасы кеткен қарт
6.Әңгіменің шешімі: Соңғы үміті
орындалмаған қария
7.Қорытынды. Құлазыған көңіл
ІІ-нұсқа.
Т.Әбдіков. «Қонақтар» әңгімесі.
Кейіпкерлері:
Ерғабыл қарт Тома
Жеңіс Ауыл адамдары
Аспандияр Кемпірі
Сапабек
Портрет.
а) Сапабек – ат жақты, қапсағай сары жігіт
ә). Тома – омырау, жеңдері ашық шұбар көйлек киген,
шашын қидырған, топ-толық ақ сары, ажарлы келіншек
б). Жеңіс- аяқ-қолы шидей, көзі қитар, алтылар
шамасындағы ұл бала
Теңеу
Ерекең жаңа қаз тұрған балаша тәлтіректей көтерілді.
Аяқ-қолы шидей.
Жаулықтай үлкен ақ орамалының шетімен көзін сүртті.
Сапабек балаларды өзіне қаратқан мұғалімдей жастар жағын
көзімен шолып өтті.
Тұрақты тіркестер:
Міз бақпада, ләм-лим демеді, басым сынып барады, шаш
етектен, қолыңның қаруы бар ғой, мызғып, көз ілінді, шыбын-шіркей боп жүреді
Дисфимизм
Алжыған, оттаған, қаңғыбас,омалып
Мақал-мәтел
Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар
Қалихан Бекхожиннің
«Ақсақ Темір мен ақын» балладасы.
І нұсқа
1.Әңгіменің басталуы Ақсақ Темірдің
Жейхун жерін басып алып,
жеңісін тойлауы.
2.Әңгіменің дамуы. Әміршінің алдына
Хафиз ақынның әкелінуі
3.Әңгіменің байланысуы Ақсақ Темір мен
Хафиз ақынның сөйлесуі
4.Әңгіменің шиеленісуі Хафиздің Ақсақ
Темірге берген бағасы
5.Шарықтау шегі. Әміршіні ақын тілінің
өткірлігі райынан қайтаруы
6.Әңгіменің шешімі: Ақсақ Темірдің Хафизге
рахымшылық жасауы
7.Қорытынды. Ақынның бостандыққа
кетуі
Қазақ поэзиясын сатылай кешенді талдау
Ауыз әдебиетінен «Ер Тарғын» жыры
Авторы: Халық
Тақырып: Өз жерін, өз елін сыртқы
жаудан қорғау
Жанр түрі: Эпостық жыр
Идеясы: Батырдың ерлік, батырлық
қимылдары арқылы туған жерді
қорғау мақсатын кейінгі ұрпаққа
өнеге ету
Тармақ— Нақты болмайды
Бунақ— 2
Буын саны: 7-8
Ұйқас. Шұбыртпалы
Әдеби теориялық ұғымдар:
Теңеулер.
- Бет-ажарын қарасаң
Жазғы түскен сағымдай.
Ет ажарын байқасаң,
Терісінен айырған
Арпа-бидай, ақ ұндай.
- Дауылдай жалы суылдап,
Құйрығы құйындай шуылдап.
- Қарт қояндай қасқайып,
Қарсы қарап тұрады.
- Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
- Қаламдай қасы сүрілген,
Оймақтай аузы бүрілген.
- Өзің үлкен данасың,
Өрттей қаулап жанасың.
Эпитеттер
- Сары ала туы салбырап.
- Қолаң шашты, қой көзді,
Аялдағы бір сөзді
Ақжүніс атты ару еді.
- Ашпалы алтын терезе.
- Ақ сақалды бабасы.
- Сенің басың бұл күнде,
Жерде жатқан қу тезек.
- Алтын сарайдың ішіне кіргізді.
- Көк шалғынның үстінде…
- Қара терге боялса…
- Көк көгершін, көгершін,
Көк кептер ұшар жем үшін.
- Балдағы алтын ақ болат,
Енді белге ілінбес.
Градация – дамыту.
Ертеңнен салса түске озған,
Ылдидан салса төске озған,
Оза, оза зырлаған,
Басын тартса болмаған,
Айшылықты алты аттауға ойлаған.
Тосқауыл көрсе қарғыған,
Қырғи басып атылған,
Атыла барып тік түскен,
Аяғының дәңкімен,
Қазандай тасқа жік түскен,
Жалмауыздай емініп,
Толып жатқан әскерге
Келді Тарғын желігіп.
Антитезе- шендестіру
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қане тамар,
Қанды көр де бетім көр.
Бұқар барсаң қолаң бар,
Қолаңды көр де шашым көр.
Зергер барсаң қасыңда
Алтыннан соққан түйме бар,
Түймені көр де басым көр…
Инверсия
Қасымдағы қырық жігіт
Суыра алмады оғымды,
Тасқа кірген тартқанда.
Қайталаулар.
- Жай қайталау.
Асу да асу бел дейді,
Аса бір соққан жел дейді.
Ай, батырым, батырым!
Сөз айтады алдыңда
Сыпыра жырау пақырың.
Бұлғыр, Бұлғыр, Бұлғыр тау,
Бұлдырап аққан құрғыр тау.
Ай, Қартқожақ, Қартқожақ!
Атыңның басын тарт, Қожақ!
Эпифора
Енді жүрсем қашты дер,
Аруағым мені басты дер,
Менен қорқып састы дер.
Ауан, ауан, ауан су,
Ауандап балық жүзген су,
Қараже, Қобан — қанды су,
Ақтоған, Бодан – жанды су.
Портрет
- Қысқа бақай, тар мықын,
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Құлжа мойын төгерек,
Ұмтыла тапқан Тарланым.
- Бет ажарың қарасаң,
Жазғы түскен сағымдай.
Ет ажарын байқасаң,
Терісінен айырған
Арпа-бидай ақ ұндай.
Қасы сарыжадай керілген,
Кірпігі оқтай тігілген.
3.От орнындай тұяқтым,
Омыртқаң бар отаудай,
Сыпыра шапқан таяқтай,
Құйрығыңа болайын
Қынаптан шыққан қанжардай.
Риторикалық сұрау
- Ирімі жоқ суларға,
Иірілген шабақ не табар?
Қайырымы жоқ сұлтанға
Ерген нөкер не табар?
- Ақжүністей арудың
Алғанынан айырылып
Сөнгені ме енді шырағы?
- Қай батырдан кем едің?
Өлерде болдың қара жер.
Параллелизм
Асыл туған Ақжүніс
Күнді бұлт қоршайды,
Күнді байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды!
Айды бұлт қоршайды,
Айды байқай қарасам,
Түн жауарға ұқсайды!
Бойды байқай қарасам,
Қол-аяғым көсіліп,
Аузы-мұрным ісініп,
Алланың хақ бұйрығы
Маған таянғанға ұқсайды!
Жыраулар поэзиясынан
Шал ақын(Тілеуке Құлекеұлы) толғаулары (9-сынып)
Авторы: Шал ақын(Тілеуке Құлекеұлы)
1748 жылы Көкшетау өңірінде туады. Болашақ ақынның әкесі Құлеке батыр Абылай ханның жақын сергі, өз тұсындағы беделді рубасылардың бірі еді. Ақынның ес білгеннен соңғы ғұмыры осы төңіректе – Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданының шегінде өтеді. Бала Тілеуке он бес жасынан – ақ даңқы шығып, Шал ақын аталады да, өнер жолына түседі.
1819 жылы жазғы жайлауда қайтыс болады. Сүйегі қазіргі Сергеевка селосының жанындағы Аютас деген төбенің түбіне жерлеген.
Тақырып: адам өмірі, өмірде кездесетін әр
түрлі жағдайларға терең үңіле отырып, жақсылықты ту
етіп көтеріп, жамандықты әшкерелеу.
Жанр түрі: толғау. (ақынның философиялық
ой толғанысы мен психологиялық сезіміне құрылған
өлең жолдары, жыр тізбегі)
Идеясы: өмір тәжірибесінен туған тәрбиелік
мәнді ақыл-нақылға толы ойларын өнеге ету.
Шумақ. Жырау шығармашылығындағы
шумақтар өзгеріп отырады.
Тармақ. Жүйе сақталмайды, Буын саны
біркелкі емес, әр түрлі. (буын санының түрлілігі
жыраулар поэзиясының ерекшелігі)
Бунақ. 2, 3 бунақ
Жаманға // айтқан // ақылың,
Ағып кеткен // селмен тең.
Буын саны: 7-8 буынды
11 буынды
Ұйқас. Қара өлең ұйқасы, шұбыртпалы
ұйқас түрінде
Әдеби теориялық ұғымдар:
Эпитеттер
Киініп қызыл жасыл қыз келгенде,
Аймалап ақша бетін өпсем де жоқ.
Метафора
Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,
Бөріге қой алдырмас ердің ері.
Таяғын қатты ұстап қойшы тұрса,
Жоламайды ешбір нәрсе шайтан, пері.
Мен бір шапқан жүйрік ат,
Бір желіксем басылман.
Ашу – пышақ болғанда, ақыл – таяқ,
Сол таяқ кемімей ме жонған сайын?!
ХV-XVIII ғасырлардағы ақын, жыраулар мұрасында әсіресе едім, едің, еді, екен, ем, ең сияқты көмекші етістіктердің көмегімен жасалған метафораның түрі көбірек.
Атығай, Қарауылдың кені едім,
Асқар таумен тең едім.
Жүйкемді құрттың сен тоқал,
Қара жермен теңедің.
Алмастыру (метонимия):
Кәрі құс не болады уа дариға,
Қолынан асырайтын жасы кетсе?!
Тұлпарға топтап озған жету қайда,
Бәйгеге қосқанменен байтал сүйреп.
Түлкідей түнде жортып жүргеніңде,
Алмасып аяғыңнан темір қақпан.
Кейіптеу.
Кедейлік, жабыстың ғой бала жаста,
Мені ұятты қылдың ғой қарындасқа.
Аш белімнен құшақтап айырылмайсың,
Көз танысың жоқ па еді менен басқа?!
Жетпіс келді төтелеп,
Кәрілікті жетелеп.
Сексен келді бүйірден,
Қалдырып кетті үйірден.
Кәрілік асыңды іш те тұр демейді,
Лағып бетіңменен жүр демейді,
Кәріліктің тағы да бір мінезі,
Жастардың мәжілісіне кір демейді.
Ақынның толғауларындағы айшықты оралымдар
* Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің
* Балалы арқар маңырайды
Баласыз арқар зарлайды
* Шешен сол – сөйлер сөзден қамалмаса
Жақсы сол – істер ісін тәмамдаса
* Жігіт жан дейтін жігіт – сегіз қырлы, бір сырлы
* Мал мен перзент – адамның дәулет құсы
* Саясы жоқ бәйтерек
Саздауға біткен талмен тең
* Жетесі жаман жігіттер
Тоқсандағы шалмен тең
* Кімнің жақсы, жаманын
Бір жаратқан хақ білер
* Ашу – дұшпан болғанда, нәпсі — жауың
Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың
Ойымды қорыта келе, дұрыс ұйымдастырылған мұндай жұмыстардың нәтижесі, біріншіден, оқушы білімін нақтылайды, екіншіден , өздігінен жұмыс істеуге жаттықтырады, ой-қабілетін арттырады, үшіншіден,қажет кезінде алған білімін тәжірибеде қолдана білу дағдыларын қалыптастырады.
Қазіргі қазақ тілінің мұғалімінің негізгі мақсаты — арнайы әдіс-тәсілдер, техникалық, компьютерлік құралдар арқылы тұлғаны дамыту.
Қоғамдық ізгілендіру – ХХІ ғасырдағы өркениетті дамытудың талабы.