Бастауыш сыныпта информатика пәнін оқытуда «Коллаж» технологиясын тиімді қолдану
Бастауыш сыныпта информатика пәнін оқытуда «Коллаж» технологиясын тиімді қолдану
Ақпараттану дәуірінде ғылыми-техникалық үрдістің қарқыны жедел даму үстінде. Осыған байланысты елімізде білім алудың жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда.Сондықтан да әрбір тұлға енгізілген жаңа технологияның үздіксіз өзгерістеріне бейімделе алуы керек.
Бүгінгі білім алу — оқудың мазмұны аспектісі терең, жан-жақты әрі ғылым мен тәжірибе талаптарына сай келетін біліммен қарулану мақсатын көздейді.
Қазіргі уақытта бастауыш сыныпта информатика пәнін оқыту үрдісінде пән мұғалімі үшін қолайсыз жағдайлар туындап отыр. Өйткені кейбір балалар компьютерде отыру кезінде басының айналып, көзінің қызарып ауырғандығын айтып, мұғалімге жиі шағымданады. Осы себептерге байланысты яғни бас сүйегі қан қысымы, көз ақауларының әсерінен оқушылар компьютерге ерекше қызығушылық танытқанымен, монитор алдында ұзақ отыруға мүмкіндігі жоқ.
Осы орайда оқушының денсаулығын жақсарту мақсатында, танымдылық белсенділікті арттыратын кейбір сабақтарды компьютердің көмегінсіз де өткізуге болатын «Коллаж» технологиясын ұсынар едім.Бұл технологияны сабақ беру үрдісінде жапсырмалы қағаз түрінде немесе электронды түрде интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып Асtivstudio бағдарламасында ұтымды қолдануға болады.
«Коллаж» білім беру технологиясын шет тілін оқыту барысында Германия, Португалия, АҚШ, Испания елдерінің ұстаздары кеңінен қолдануда.
«Коллаж» — жапсыру деген мағынаны білдіреді. Оқу процесінде әр түрлі өзекті ақпараттты қолдану коллаж болып табылады.
Коллажбен жұмыс жасаудың негізгі мақсаты:
Оқушының өзіндік іздену жұмыстарында потенциальды мүмкіндіктерін кеңейтіп, аша түсу. Бұл технологиямен жұмыс барысында негізінен топтық жұмыс жүргізіліп, жобалар қорғалады.
Жобамен жұмыс негізінен 6 кезеңнен тұрады:
1-кезең. Ассоциограмма құру. Ассоциограмма – қандай да бір түсініктің мән-мағынасын ассоциативті байланысы арқылы ашу. Осындай жұмыстар мұғалім мен оқушы арасындағы өзара байланысты нығайта түседі.
Мысалы, мұғалім «Информатика» сөзін айтқанда оқушының көкейінде ақпарат, компьютер, ғылым, бағдарламалық жабдықтама, объект т.б сөздері ассоциацияланады.
Оқушылардың жеке құрастырған ассоциацияларын топтық тұрғыдан бірігіп, талқылау керек.
2-кезең. Мәлімет іздеу. Берілген тақырып бойынша үйде оқушылар газет-журнал қиындыларын, фотосуреттер, мәтіндер, карикатуралар дайындайды. Өз пікірлерін, әсерлерін хабарлама ретінде шағын қағазға жазады. Мұғалім мәліметтерді саралап, оны алдағы сабақтарға қолданады.
3-кезең. Материалды топта талқылау. Бұл кезеңде оқушылар дайындаған мәліметтерді қалай орналастыруға болатындығын талқылап, оның ішінен түсініктің мәнін ашатын маңызды ақпараттты бөліп алады.
4-кезең.Коллажды безендіру.Әр топ оқушылары таңдап алынған мәтінді (фотосурет, схема ,диаграмма және т.б ) сәйкесінше безендіреді. Мысалы:
1-топтың коллажды безендіруі
2-топ оқушыларының коллажды безендіруі
5-кезең. Коллажды сыныпта тақылау (жобаны қорғау).
Балалар өз тобынан коллаждың негізгі идеясын түсіндіріп беретін тілге шешен оқушыны таңдайды. Жобаны қорғау кезінде әр топтың оқушысы қайсібір мәтін немесе фотосуреттің неліктен таңдап алынғандығын түсіндіруі қажет.
Жоба келесі критерийлер бойынша бағаланады:
Ақпарат деңгейі;
Дизайн;
Ұғымның мәнін ашу.
Бұл негізгі кезең болып табылады. Себебі, оқушылар бірлесе отырып шығармашылық жұмыстарын талдап, өз пікірлерін айтып, оппоненттердің пікірін тыңдайды.
Б.Д.Мюллер ұсынған коллаждың бірнеше түрлері бар:
а) Қарапайым коллаж («күн»). Бұл тип туралы жоғарыда айтылды.
ә) Коллаж «ақ таңдақтар». Бұл коллажбен жұмыс «күн» коллажымен жасалынатын жұмысқа ұқсас.Оның бір ерекшелігі оқушылар қандай да бір ақпарат орналасатын орынды саналы түрде ашық, түссіз күйінде қалдырып кетеді. «Ақ таңдақтардың» орнына не қоюға болатынын сыныптастарымен бірге пікірлесіп, кеңеседі.
б) «Жабық ядро» коллажы. Бұл жағдайда орталық орынды жабық немесе бос қалдырылған күйіндегі коллажды мұғалім өзі дайындайды. Топ оқушыларының мақсаты: көрсетілген ақпараттарға қарап, орталық орында (ядрода) мұғалім қай түсініктемені жасырып қалғанын анықтау. Бұл жерде әр қилы жауап нұсқалары болуы мүмкін.
в) «Ұшқын» коллажы. Нақты тақырыппен жұмыс жасағанда осы коллажды қолдануға болады. Оқушылар берілген тақырыптан ұғымның мән-мағынасын ашу керек. Мәтіннен көп ақпарат жинауы керек.
г) «Орталығы өзгеретін» коллаж. Бұл коллажбен жұмыс барысының соңғы кезеңінде (6-кезең- жобаны бағалау) мұғалім ортада тұрған сөзді басқа ұғымға өзгертеді. Коллаж ядросының өзгеруі кейбір иллюстрациялардың ауысып, басқаға алмастырылуына әкеп соғады.
Коллажды безендіру барысында ақпараттық материалдарды көрнекі түрде Activstudio бағдарламасында немесе желіммен жапсыруға болады.
Бұл технологияны бастауыш сыныппен қатар,орта және жоғары буын өкілдеріне де информатика пәнін оқыту үрдісінде ұтымды қолдануға болады. Осындай топтық жұмыстар оқу процесі деңгейінің артуына, оқушылардың білім сапасы мен шығармашылық ой-өрісінің өсуіне көп көмегін тигізеді.