Ыбырайдың прозалық шығармалары мен аудармалары.

Бегежанова Галия Хамитқызы

Қостанай облысы Әулиекөл ауданының

С.Баймагамбетов атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі

Сынып: 9

Сабақтың тақырыбы: Ыбырайдың прозалық шығармалары мен аудармалары.

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Ыбырайдың  ағартушылық қызметінің, шығармаларының қыр-сырларын меңгертіп, мазмұнына тереңдей бойлату, прозалық шығармалары мен аудармаларының негізгі ойын, тақырыбын ашуға үйрету. Ыбырайдың шығармаларының шынайы өмірден алынғандығына назар аударту.

Дамытушылык: Оқушылардың ой еркіндігін, эстетикалық сезімін дамыту. Әңгімедегі көркем сөз айшықтарын білгізу, қысқаша мазмұндату арқылы тіл дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.

Тәрбиелік: Ыбырайдың прозалық шығармалары арқылы оқушылардың әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін оята отырып, адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, адалдыққа, елжандылыққа, ұқыптылыққа  тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: электронды презентация, интерактивтік тақта, үлестірмелі материал

Сабақтың әдіс –тәсілдері: сұрақ-жауап, түсіндіру, талдау, баяндау, сұхбат

Пәнаралық байланыс: тарих, география

Сабақтың түрі :  жаңа сабақ

Сабақтың типі: жаңа материалды меңгерту

Сабақтың барысы:

І.  Ұйымдастыру кезеңі.

Оқушылардың назарын сабаққа аударып, оқу-құралдарын түгендеу.

ІІ.  Үй тапсырмасын тексеру

ІІІ. Жаңа сабақ

ІV. Жаңа сабақты бекіту
V.  Рефлексия
VІ. Үйге тапсырмасын беру
VІІ. Бағалау

І.  Ұйымдастыру кезеңі.

Оқушылардың назарын сабаққа аударып, оқу-құралдарын түгендеу. Қызығушылықтарын ояту.

 

ІІ.  Үй тапсырмасын тексеру

Әрбір оқушыға Ыбырай Алтынсариннің өміріне байланысты сұрақтар қойылады – үлестірмелі парақтар.

  1. Сұрақтар
    Ы. Алтынсариннің өмір сүрген жылдары: 1841-1889 жж.
  2. Ыбырай Алтынсарин қай жерде дүниеге келді? Қостанай облысы, Торғай өңірі
  3. Жетім қалғаннан соң, Ыбырайдың тәрбиесін қолға алған: Балғожа би
  4. Ыбырай оқыған жеті жылдық орыс-қазақ мектебі орналасқан қала: Орынбор
  5. 1860 жылы Орынбор өлкесінің басқару комиссиясының ұйғаруымен Батыс Қазақстан өлкесінен қазақ балалары үшін ашылған мектеп саны: 4 (Троицк, Торғай,Ырғыз, Қазалы)
  6. Ыбырайдың жазған басты оқулығын ата: «Қазақ хрестоматиясы»
  7. «Мұсылмандық тұтқасы» оқу құралы басылып шыққан жыл: 1883 жыл
  8. 1876 жылы Ыбырай іс сапармен барған қалалар: Петербург, Қазан
  9. Ы. Алтынсарин тұңғыш мұғалімдер мектебін ашқан жыл: 1886 жыл
  10. Ы. Алтынсарин ашқан тұңғыш мұғалімдер мектебі орналасқан қала: Орск
  11. Ырғыз қыздар училищесінің ашылған жылы: 1887 жыл
  12. Қай оқиғадан кейін Ыбырайдың педагогтік атағы жұртқа танымал бола бастады? 1879 жылы Торғай өлкесінне мектеп инспекторы қызметіне тағайындалғаннан кейін
  13. Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясына» енген шығармаларын ата: Қара батыр, Байұлы, Жиренше шешен, Тазша бала, Әке мен бала
  14. «Мұсылмандық тұтқасы» кітабының мағынасы неде?  негізгі ойы қандай?

 

ІІІ. Жаңа сабақ

Жаңа сабақты бастамас бұрын, интерактивті тақтадан оқушыларға

«Ыбырай Алтынсарин» атты  қысқаша бейне  ролик көрсету.

Жаңа тақырыпты түсіндіру.

Ыбырай Алтынсарин есімі қазақ балалары үшін мектеп ашқан ұлы ағартушы, орыс әдебиеті классиктерінің балаларға арнап жазған шығармаларын қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде ғана емес, қазақ жазба әдебиеті тарихында тұңғыш прозаик ретінде де белгілі.Олай дейтін себебіміз, Ыбырайға дейін шын мәнінде көркем проза қазақ жазба әдебиетінде қалыптаспаған еді. Мазмұны жағынан Ыбырай әңгімелері өз заманының келелі мәселелерін қамтиды. Оның шығармалары жас ұрпақты мейірімділікке, адалдыққа, ізеттілікке, ақылдылық пен білімділікке, т.б. ізгі қасиеттерді үйретуге шақырады. Ыбырай «Қазақ хрестоматиясына» Қара батыр, Байұлы, Жиренше шешен, Тазша бала туралы ертегі, Бай баласы мен жарлы баласы, Таза бұлақ, Әке мен бала т.б. тәлімдік мәні зор әңгімелерін енгізді. Қазақ хрестоматиясына енген Ыбырайдың көркем шығармалары өзінің ағартушылық идеясына бағындырылған. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, сөйтіп, оны жақсы, өнегелі істерге үйрететін мықты құрал деп атап көрсетті.

Ыбырайдың шығармаларын оқи отырып, ол өз заманының беталысын анық аңғарғанын, халық өмірін жаңа арнаға салуда білім мен тәрбие мәселесі қатар жүру керектігіне назар аударғанын көруге болады. Ыбырай әңгімелерінң негізгі қайнары халық тұрмысынан алынған. Өмірді, адам әрекеттерін ешқашан дағдыдан тыс әсірелеп суреттеп, шындықтан алшақтамаған. Кейіпкерлерді шынайы өмірге тән әрекеттері арқылы бейнелеуді мақсат тұтты. Оның әңгімелерін тақырып жағынан еңбек пен өнерге баулитын және адамгершілкке тәрбиелейтін шығармалар деп екі топқа бөліп қарастыруға болады.

 

 

 

Тіршілік тірегі-еңбек. Тәрбие басы –тал бесік.

Ыбырай шығармаларының басты тақырыбы – еңбек. Ол еңбек адамның өмірі үшін ерекше маңызды рөл атқарады, еңбексіз өнер де, білім де қолға келмейді деп еңбекті бірінші орынға қойып, тәрбие негізі адал еңбекте деп тұжырым жасайды. Оның бұл тақырыпта жазған көптеген әңгімелері бар. Мысалы Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш, Бай баласы мен жарлы баласы, Қыпшақ Сейітқұл, т.б. Жазушының бір топ әңгімелері адамгершілік тәрбие мәселесіне жазылған. Адамзат баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап ата-ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласына бөленіп өсетіні белгілі. Ата-ана баласына небір асыл қасиеттерді үйретіп, жақсы азамат болуын тілейді және үміттенеді. Бұл тақырыпта да жазған Ыбырай  шығармалары бар. Мысалы Асыл шөп, Бақша ағаштары, Таза бұлақ т.б. Әр әңгімесінде тәрбиенің ізі жатыр. Оны түсініп оқыған адам ғана ұлы ұстаздың шебер тәрбиеші екеніне көзі жетеді.

Ыбырай шығармалары қысқа мазмұнды, балалардың түсінуіне жеңіл. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, мақал-мәтел мен афоризмдерді орынды қолдану, әр әңгіменің тағылымдық мәніне ерекше көңіл аудару Ыбырай шығармаларының өзіндік ерекшеліктері. Шығармалары мазмұны жағынан да, түрі жағынан да балалар әдебиетіне қойылатын талаптарға сай келеді. Сондықтан да Ыбырай Алтынсаринді балалар әдебиетінің негізін салушы дейміз. Бүгінгі сабағымыздың нысанасы әңгімедегі тәрбие мәселесі.  Тәрбие мәселесі бүгінгі өмірде де өз маңызын жойған жоқ, тіпті күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенін де білеміз. Ана мейіріне қанып, әке өсиетін тыңдап өскен бала ғана түбінде жылы жүректі азамат болары сөзсіз,олай болса, Ыбырай әңгімелерінде  жасынан отбасы тәрбиесін көрген бала үлкен азамат болғанда, өз мәнінде өмір сүруге бейім болады деген нақты тұжырымдар беріледі.

Қазақ әдеби аудармасының бастау кезін Ыбырай Алтынсарин ашты. Оның 1879 жылы шыққан «Қырғыз хрестоматиясында» орыс әдебиетінен аударылған бірнеше шығармаларға, атап айтқанда, Л.Н. Толстойдың, И.А. Крыловтың, К.Д. Ушинский, И.М. Паульсонның ағартушылық бағыттағы туындыларына орын беріледі.  Ы. Алтынсариннің орыс әдебиетінен жасаған аудармаларының көпшілігі тым еркін.  Атап айтқанда, Ы. Алтынсарин К.Д. Ушинскийдің «Детский мир и хрестоматия», «Родной язык», Л.Толстойдың «Первая русская книга для чтения», «Вторая  книга для чтения», «Четвертая книга для чтения», «Новая азбука»,  И.И.Паульсонның «Книга для чтения и практических упражнений в русском языке» оқу кітаптарына педагог ретінде көбірек назар салған. Ыбырай аудармаларының жалпы саны – 35. Олардың ішінде И.И. Паульсоннан – 20, Л.Толстойдан – 6, К.Д. Ушинскийден – 3, қалғандары Крыловтан, Шмидтен, В.Дальдан 3-4 шығармадан аударған.

Осы ойымыздың дұрыстығын таныту үшін сіздерге отбасы тәрбиесі шын мәнісінде көрініс беретін мына шығармаларына тоқталып, талдап көрейік. Бірінші топқа «Әке мен бала» әңгімесі, екінші топқа Ыбырай Алтынсариннің  Иван Крыловтан аударған  аудармасы «Ат пен Есек»,  үшінші топқа «Бақша ағаштары» әңгімелері беріледі. Әр топ өзіне берілген шығарманың рөлге бөліп оқиды, шығарманың негізгі ойын, идеясын анықтауы керек және шығарманың композициялық жоспарын жасап ұсыну қажет.

Оқушылардың жұмысын тыңдау.

  • Сонымен бұл әңгімелерде ортақ желі бар ма?
  • «Әке мен бала» әңгімесінің негізгі ойы неде?
  • Тәкаппарлық керек әлде керек емес қасиет пе?
  • «Бақша ағаштары» әңгімесінің негізгі ойы неде?

Оқушылар пікірін тыңдау.

Қорытынды түйін: Әке мен ана – баланы өмірге әкелетін, асырап сақтайтын қамқоршысы, баланы жақсы мінез-құлыққа тәрбиелейтін бас ұстазы екен.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қорытындыға келу.

«Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боласың».

ІV. Жаңа сабақты бекіту

Жаңа сабақты бекіту сұрақтары

  1. Неліктен Ыбырайды – балалар әдебиетінің атасы деп атаймыз?
  2. Ы.Алтынсарин шығармаларының ерекшелігі неде?
  3. Әңгімелерінен жазушының өз бейнесін көруге бола ма?
  4. Алтынсариннің аудармаларын ата. Оны кімдерден аударды?
  5. Ы.Алтынсарин отбасы тәрбиесінде қандай идеяны қуаттайды?
  6. Ы.Алтынсариннің адамгершілік мінез-құлыққа баулитын әңгімелерін ата.
  7. Ы.Алтынсарин балаларға арнап шығарма жазуға кіріскенде алдына қандай мақсаттар қояды?
  8. Ыбырай шығармаларының басты тақырыптары.
  9. Ыбырай әңгімелерінің тәрбиелік мәні неде?

 

Топтастыру стратегиясы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. Рефлексия

Бүгінгі сабақта қандай тақырыппен таныстық?

Қандай тапсырмалар үлкен қызығушылық тудырды?
VІ. Үйге тапсырмасын беру

Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі
VІІ. Бағалау