Алтайдың Кербұғысы 9 сыныптар арасындағы әдеби-танымдық сайыс
№ 1 орта мектебі
Алтайдың Кербұғысы
9 сыныптар арасындағы
әдеби-танымдық сайыс
Өткізген: Даркенбаева Б.Б.
Жезқазған-2012
Мақсаты: Оқушыларға қазақтың кемел жазушысы Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығын тануға мүмкіндік бере отырып, олардың бойындағы патриоттық сезімді, эстетикалық талғамды, сөйлеу мәдениетін дамыту.
Міндеттері:
- Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығы жайлы білу.
- Жазушыға байланысты әдеби-танымдық қабырға газетін шығару.
- Жазушының бір шығармасынан үзінді оқу.
- Оқылған үзінді арқылы шығармаларының атын таба білу.
- Драмалық шығармаларынан қысқаша сахналық қойылым көрсету.
- Оралхан Бөкейге арнап өз туындысын оқу не өзге ақындардың туындысын жатқа мәнерлеп оқу.
Жүргізуші: — Армысыздар, әдебиет сүйер қауым! Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің апталығы аясында өтіп жатқан «Алтайдың Кербұғысы» атты әдеби-танымдық сайысымызға қош келдіңіздер!
Бүгінгі сайысымыз Өр Алтайдың құнарлы топырағынан нәр алған, қыз — табиғат өңірдің уызынан қанып ішкен, өз санасында сандаған повестер мен сағыныштарға толы әңгімелердің негізін қалап үлгерген, Алтайда жатып асқақ та өршіл дауысымен алты алашты елең еткізген Оралхан ағамызға арналады.
Осы айтам-ау, адамның адамнан несі артық? Адамның адамнан мінезі мен білімі артық. Ендеше, бүгінгі сайысқа мінезімен де, білімімен де ерекшеленген оқушыларымыздың қатыспақ ойы бар.
Таныс болыңыздар: Бірінші топ «Мұзтау», екінші топ «Шыңғыстай», үшінші топ «Қамшыгер».
Жүргізуші: — Әдебиет майданындағы оқушыларымыздың ерлігі сыналар сайысымыздың шартымен таныс болайық!
- Әр топ өзін таныстырып, әзірлеген қабырға газеттеріндегі байлықты ақтарып, ортаға салады.
- Ғажайып жазушымыз Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармаларына қатысты сұрақтарға жауап береміз.
- «Оралхан оқулары» кезеңінде қалаған шығармадан үзінді оқылады.
- «Бұл маған таныс шығарма» кезеңінде оқылған үзінді бойынша шығарма атын табу керек.
- Драмалық шығармадан шағын сахналық қойылым көрсету.
- «Өзіңе арнауым» атты кезеңде Оралхан Бөкейге арнаған өз туындыңның тұсауын кес немесе өзге ақындар арнауын мәнерлеп жатқа оқып беруге болады.
Жүргізуші: — Әділдігімен қара қылды қақ жарар әділ қазылар алқасымен таныс болыңыздар!
(Әділқазылар алқасымен таныстырамыз)
Жүргізуші:Ал, жарандар, жарандар,
Кәне, бермен қараңдар!
Алғашқы сайыс басталды,
Шақырайық жастарды.
Таныстырсын өздерін
Салмақтап әрбір сөздерін.
Қабырға газет бар дей ме
Ортаға алып, қорғасын.
Жанкүйерлер отырған
Өз тобын, кәне, қолдасын!
Сөз кезегін «Мұзтау» тобына берейік!
Ендігі кезек «Шыңғыстай» тобына тимек.
«Қамшыгер» тобын қарсы алыңыздар!
Жүргізуші: — Ел айтады: «Оралхан Бөкеев тіпті де өлмепті. Ол түз тағысына — Кербұғыға айналып, Алтайдың құзар шыңдарын гуілге толтырып жүр екен»… деп. Оралханның мұрасын перзенттік адал борышым деп кейінгі ұрпақ сағынып, іздеп, оқып жүрсе, ол шынымен де мәңгі жасайды. Ұрпақ талантты жазушы туралы қаншалықты жақсы біледі екен? Байқап көрелік…
Қойылатын сұрақтар:
- Оралхан қашан, қайда дүниеге келді? 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген.
- Алғашқы еңбек жолы туралы не білеміз? 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторист болып төрт жылдай жұмыс істеген.
- Қандай жоғарғы оқу орнын бітірген? 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады.
- 1965-68 жылдар аралығында қандай газеттерде қызмет атқарады? 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер болған.
- 1968 жылы неліктен Алматыға келеді? 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді, осы газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеді.
- 1974-1983 жылдары қайда қызмет етті? 1974-1983 жылдарда «Жұлдыз» журналы проза бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі болған.
- Жазушының өмірінің соңына дейін қызмет еткен орны? Өмірінің соңғы күніне дейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторлық қызметін атқарады.
- Шығармашылық жолы қай жылдан басталады? 1970 жылдан басталған.
- Шығармаларының тұсаукесері қай шығарма? Оралхан Бөкеев шығармашылығының бастауы ретінде «Сарыарқаның жаңбыры» атты ұзақ әңгімесі саналады.
- Соғыс тақырыбындағы шығармасы қалай аталады? Соғыс тақырыбына жазушы «Бәрі де майдан» повесін арнады.
- Әдебиет шыңына көтерген шығармасын ата. «Бөкеев — нағыз талант» дегізген шығармасы — «Мұзтау» повесі.
- 1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін қандай марапатқа ие болды? Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты атанды.
- 1986 жылы не үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды? «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін марапатқа ие болды.
- Қашан, қайда көз жұмды? Делиде, 1993 жылы 17 мамыр күні көз жұмды.
- Есімі неліктен Оралхан деп қойылған? Әкесі Бөкей Оралға еңбек майданына аттанғанда, Оралхан құрсақтағы нәресте екен. Оралдағы еңбек майданында жүрген әкесі аман келсін деген ниетпен, дүниеге келген нәрестеге «Оралхан» деп ат қойылады. Ниет қабыл болып, әкесі аман-есен оралады.
- Оралханның әкесі, анасы жайлы не білеміз? Әкесі Бөкей орта бойлы, шымыр денелі, шапшаң қимылдайтын, көп сөйлемейтін, оқта-текте дөп басып, дәл ғана айтуды жөн көрген, шешен болған. Ол ойын-тойда «Қалқаман-Мамыр», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қиссаларын жатқа айтып, өзінің қоңыржай үнімен тыңдаушыларын елітіп әкетеді екен. Шешесі Күлия келісті, кесек тұлғалы, ауылға сыйлы, өзі тұстастар арасында ықпалды, ешкімге сөзден есесін жібермейтін, жиын-тойда суырып салып, өлең айтып, құрбыларын айтысқа шақырып, отырған жерін думан, күлкі ететін жан болған. Сондықтан Оралханның әдебиет пен өнерге бейімдігі ата-анасынан ауысқан қасиет деп ойлауға толық негіз бар.
- Қандай трилогиялық шығармасы аяқталмай қалған? «Алданған ұрпақ» трилогиялық романы қолжазбалық ойлар күйінде аяқталмай қалған.
- Республикалық театрларда қойылып жүрген пьесаларын білеміз бе? «Құлыным менің» (1974), «Текетірес» (1976), «Қар қызы» (1982), «Зымырайды поездар» (1984), «Жау тылындағы бала» (1985), «Мен сізден қорқамын» (1987) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылған.
- Қай шығармаларының желісінде көркем фильмдер, балет-спектакль қойылды? Бөкей шығармалары бойынша «Кісі киік (реж. М. Смағұлов, 1985) «Сайтан көпір» (реж. Д. Манабаев, 1986) көркем фильмдер түсіріліп, «Кер бұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет-спектаклъ (1986, балетмейстер Б. Аюханов) қойылды.
Жүргізуші: — Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген қаламгер оқырманын өзгеге ұқсамайтын қолтаңбасымен таңғалдырды. Оның шығармаларының кейіпкерлері – ауыл адамдары – қойшылар, жылқышылар, бұғы өсірушілер, диқандар, орманшылар, ересектер мен жастар. Олар рухани дүниелері бай, бітім-болмысы кіршіксіз, пәк ниетті жандар. Олар қиындыққа төзімді, өздеріне сенімді, адал да аңғал, ақ жүректі, кеңпейілді адамдар. Жазушының қандай да бір шығармасын қолымызға алып, парақтай бастасақ, оның әр бетінен ауыл иісі, ауыл тұрмысы аңқып тұрады.
Не жазса да, жанымен, қанымен жазған жазушы шығармаларын кейінгі ұрпақ қалай оқуда? Құлақ түрелік!
- Оралхан оқуларына «Мұзтау» тобын шақырамыз!
- «Шыңғыстай » тобының оқу мәнеріне көңіл қойыңыздар!
- Мәнерлеп оқу кезегі «Қамшыгер» тобына да жеткен екен! Қарсы алайық!
Жүргізуші: — «Оралхан – азғантай ғана ғұмырында сондай асқарлы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерген қаламгер. Оның іздеушісі – мыңдаған, миллиондаған оқырмандары», – деп халық жазушысы Әбіш Кекілбаев әділ бағасын берген еді. Әдебиеттің идеалына айналған Оралханды оқырманы қалай іздеп жүріп оқитынын саралайтын кезеңге де жеттік. Әр топ менің қолымдағы ақ парақтарды таңдап алып, берілген үзіндіні оқып, шығарма атын дұрыс табуы керек.
Үзінділер:
- — Қорықпаңызшы… Мен қорыққандардың қорғаны болуға жаралған адаммын…
- Сіз шынымен-ақ адамсыз ба?!— Нұржан есі шыға сұрады.
— Иә, адаммын!
- Сонда қалай, Сіз шал-кемпірдің баласы емессіз бе?
— Анамыз бала көтермеген кісі… Мен… сол түні адасып кеткенмін. Боранды түнде үсік ұрып, кірпігім ғана қимылдап, қарға көміліп жатқан жерімнен осы үйдегі Ата тауып алды. Жан адамға сездірмей бір жыл бағып-қақты. Кейін… ауруханадағы шешемнің қайтыс болғанын естідім… «Шешеден қыз қалмасын, түйеден тұз қалмасын» деген емес пе, алыстан қосылар ағайын болғанмен, ет жақыным жоқ, елге қайтудың ешбір қисынын таппадым. Содан бері тіпті тірі адамның бетіне қарағым келмейді. Екі аяқты атаулының бәр-бәрінен көңілім қалды да, үстіме аппақ көйлек киіп қырға шығып ән саламын…
Оралхан Бөкей, «Қар қызы»
- «…Қыстаққа жақындағанымда, сыңсып жылаған дауыс естідім. Батылым бармаса да, тәуекел деп кіріп келгенімде, басына қара жамылып ағыл-тегіл жылап отырған әйелді, оны қоғамдай қоршаған шиеттей-шиеттей балаларды көрдім. Шешесіне қосылып пысылдап жылайды. Жүрегім тас төбеме шықты. Басын көтеріп, жасты жанарымен қараған қайғылы әйелден сасқалақтап:
– Арай қайда? – деп сұрадым. Үнім шаңқ етіп жаман шықты.
– Айырылдым ғой, Арайымнан… – аңыраған жоқтау онсыз да бор боп езіле бастаған жүрегімді шабақтап-шабақтап тілгіледі-ай… Сай-сүйегім сырқырап, тізерлей жығылып, қыздың анасын бас салдым. Бұл менің алғашқы әрі ақырғы құлауым шығар…
Арайды сол боранды түнде қасқыр қамап, ауыл мен күре жолдың екі ортасында… жеп кеткен екен… Қыстақтың қыр жағында жерленген Арайдың моласына бардым. Аппақ, күмісше жылтыраған аппақ қардың үстінде қап-қара төмпешікке айналып, мәңгілік сапарға, қайтпайтын сапарға аттанған Арайдың бейкүнә балапан рухы жатты…».
«Қасқыр ұлыған түнде»
- «…Туған жерін қия алмады-ау, жазған…
Дархан енді дәруіш болу да қолынан келмегеніне өкінді, тіпті қаңғырудың қажеттігі жоғын білді. Жанары жасқа толып, Кеңгір бабасының күмбезі жаққа қимас көңілмен қарап еді. Гүлияның моласынан жылтыраған от көрінді. Тағы не пәле болды, дегендей дызақтап солай қарай еңкеңдеді. Жарық моланың есігінен сәулеленіп тұр екен. «Құдірет-ай, өртеніп жатыр! Мола өртеніп жатыр!», — деп айғайлап екі өкпесін қолына ала алқына ұшып жетсе, төрт жерден шырақ жағып отырған Дүрия екен. Үстіне қара киім киіп, басына қара жамылған, күбірлеп дұға оқиды: «Жатқан жерің торқа болсын, Гүлия, Қамбар, Дархан! Сендердің рухтарынды Алла-тағала мен әмбие-әулиелерге аманаттадым. Он сегіз мың ғаламда сендерден асқан батыр туған жоқ. Мен сендерді бесін махал болғанда ылғи келіп дұға оқып, есіме аламын, жаным. Мына төрт шырақтың бірі — Гүлия, бірі — Қамбар, бірі — Дархан, бірі — мен. Енді бұл шырақты ел де, жел де өшіре алмас, әумин…».
Осы кезде Құландыдан өрлеп, Кеңгірдің биігіне асыға көтерілген машинаның қос жарығы көрінді.
Ол — Шар жақтан кірпіш алып, жұлдыздай ағып келе жаткан Жалғас еді…
— Біліп едім, — деді Дархан иман айтқандай күбірлеп. — Жүрегім сезіп еді… Отымның өшпейтінін…
Өшпейтінін… өшпейтінін…
Кеңгірдің биігіндегі Дархан тұрғызған зәулім күмбездің жанынан асығыс зымыраған поездар өтіп жатады…».
Оралхан Бөкей, «Өз отыңды өшірме»
Жүргізуші: — Оралхан Бөкей – заман келбетін адам келбетінен іздейтін нәзік суреткер. Сенека «Уағыз айтып, жақсылыққа жетелеуден гөрі, өнеге арқылы үйреткен жөн», – депті. Оралхан кейіпкерлері өнеге себеді.«Біз не үшін өмір сүреміз, өмір сүрудегі мақсат не, біз қалай өмір сүруіміз қажет, қайткенде адам қалады адам болып, біз осы кімбіз?» тәрізді жалпы адамзатты мазалап жүрген сауалдарға өз төңірегіндегі қайнап жатқан өмірден жауап іздеген.
Ал бүгінгі сайыскерлеріміз бұл сауалдарға жауап тапты ма? Қайдан? Оралхан драмаларынан. Ендеше тамашалайық, өмірді бейнелеген өнерді!
«Мұзтау» тобының сахналық қойылымына ден қойыңыздар!
Болашақ актерлер «Шыңғыстай» тобында жүр-ау дейміз.
Оралхан кейіпкерлерін « Қамшыгер» тобы қалай сомдар екен?!
Жүргізуші: — Қай шығармасында да биіктен қараса, құсша қарады, төменнен қараса, тамырша қарады, ортадан қараса, ғашық жанша қарады. Білгісі келмеді, сезінгісі келді, танығысы келмеді, таңданғысы келді.
Ал, сен, әдебиет сүйген жас, Оралханды сезіне алдың ба? Оған таңдана алдың ба? «Менің шығармаларымның қай жері біреуге артық-ауыс көрінсе, дәл сол жерде Мен бармын», — деп өзі айтып кеткендей, ойлы жас, сен оны тани алдың ба? Тани алсаң, іркілме, «Өзіңе арнауым» кезеңіне қатыс! Туған жерін шексіз сүйген жазушыны сен де сүйіп, жырыңды арна!
« Мұзтау » тобының жүрек лүпілін естиік!
Ақынға арнауын « Шыңғыстай » тобы оқысын!
Ақынға жырын «Қамшыгер» тобы да арнасын!
Жүргізуші: — Оралхан шығармашылыққа өмірдің өзінен дайын келді. Оның әдебиет институты да, аспирантурасы да, академиясы да — айналайын ауылы, соның ақеділ адамдары, Өр Алтайы, оның табиғаты болатын. Соған тамсануын тауыса алмай, таңырқауын түгесе алмай көз жұмды. Қат — қат сағыныштарын өзімен бірге ала кетті.
(Оралханның ұнататын халық әні «Бір бала» әнін тыңдаймыз)
Жүргізуші: — О. Бөкей есімі – дүниежүзіне таныс. Шығармалары орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да әлемнің көптеген тілдеріне тәржімаланған.
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде әлемдік танымдыққа ие болды. Алыс-жақын елдерде аты «қазақ» деген сөзбен қабаттаса айтылатын азғантай тұлғалардың біріне айналды. Халық ұлы, ұлт тірегі болу деген осы! Ондайға ерен еңбекпен, асқан талантпен ғана ілуде біреудің қолы жетеді». Ал, біз бүгін неге қол жеткіздік?
Бүгін біз Оралхан Бөкейдің мол мұрасына сүңгіп, өзімізге қажет рухани азығымызды алуға қолымыз жетті. Ал рухани дүниемізді байыта білсек, қазақты да әлемге танытуға қол жеткізеріміз сөзсіз.
Сайысымыздың қорытындысын шығаратын кез де таянды. Әділ қазылардың әділ берген бағасына жүгінелік!
(Марапаттау сәті )
Жүргізуші: — Оралхан есімі – сұлулықпен егіз. Әсемдікті сөз етіп отырып, Ор-ағаңды ойға алмау, әсте, мүмкін емес. Себебі, сұңғыла суреткердің өзі де, шығармалары да – тұнып тұрған сұлулық. Бүгінгі жан тереңіне бойлауды жат көретін техникаланған робот заман, сыршылдықты сыпайылық емес, сұмпайылық деп білетін қатыгез қоғамның әзірге ондай құндылықтарды түсінбеуі, бәлкім, уақытша заңдылық та шығар. Алайда, түптің түбінде әлем әсемдікті іздеп, жан тереңдігін, адами құндылықтарды аңсайтын болады. Дәл сол кезде біз, сөз жоқ, Оралханға оралатын боламыз. Демек, Ор-ағаңның өзі айтпақшы, еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ. Ол – мәңгілік!
Қазағымда туған жерін, елін сүйетін, заман шындығы мен адам жанын терең ұғына алатын Оралхандай ұл-қызымыз көбейе берсін! — деп бүгінгі сайысымызды аяқтаймыз!