М.Әуезовтың өмірі мен өнер жолы, ұлылық үлгісі.
Әдебиет. М.Әуезовтың өмірі мен өнер жолы, ұлылық үлгісі. Тоғысбаева Ғ. Төлеби ауданы, М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Ашық сабақ.
Тақырыбы: М.Әуезовтың өмірі мен өнер жолы, ұлылық үлгісі.
Сабақтың мақсаты:
1.Білімділік:
а) жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы оқушылардың білімдерін жүйелеу.
ә) ұлы суреткердің алғашқы шығармаларынан көрінетін азаматтық рух, еліне, халықына деген махаббатының мән-мағынасын ашу.
б) эпопеяға барар жолдағы автор ізденісіне негіз болған қайнар бұлақтар;
2.Дамытушылық:
а) өнерге айналған өмірді танып білу, өзіндік тұжырым-пікір жасау дағдыларына үйрету;
ә) жазушының суреткер ретіндегі ойшылдық шеберлігіне, тереңдігіне ену, ұғып, меңгеру.
- Тәрбиелік:
а) туған халқының тағдырына ортақтасу. Адамдық, сүйіспеншілік өсиеттерге баулу.
ә) азаматтық шығармашылығына байланысты альбомдар, буклеттер, зерттеу еңбектер, кітаптар көрмесі, ауызша әдеби журнал, газеттік, журналдық басылымдар т.б.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезені: сәлемдесу, түгелдеу, оқу құралдарын даярлау, жаңа сабаққа назарларын аудару.
Жаңа сабақ:
«Бүкіл әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсіру үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін, (адам) өз биігің – М.Әуезов сияқты асқар шыңың болуы керек»…
М.Әуезовтың ұлылығын түсініп, шыңына шығу сабақтың негізгі мақсаты екенін айтып кетемін.
Қызығушылық ояту | Мағлұмат тани білу | Тақырып туралы толғаныс |
М.Әуезов өмірінің ой мен қыры мол, өте күрделі; тарих төрінен алатын орны ерекше, өзіне қызықтырып, тарта береді | Ұлы эпопеяға апарар жолдың басы, Абай шығармаларын танып-білуден басталатын сияқты | М.Әуезовтің қиял-ойы шексіз терең; Мұхтар аға мұхитына терең бойлаған сайын ойыңа ой, сезімге сезім қосылады; жан дүниеміз байи түседі. |
Оқушыларда ой қозғау мақсатында: «Жазушы, ірі суреткер, ойшыл, ғалым, ұлағатты ұстаз М.Әуезов жайында не білеміз?» деген сұрақ қойылады.
М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде бүкіл қазақ халқының абыройын аспандатқан ұлы оқиға болды. (Сөздің мәнін ашуға жетелеу).
Өзім шолу ретінде жазушының өскен ортасы, балалық шағы, білім алу жолы, әдеби және қоғамдық қызметінің алғашқы кезеңі т.б. Сондай өсу, іздену, кемелдену шағын әңгіме өзегіне айналдырып баяндаймын. (Жазушы өміріне арналған хронологиялық кестені пайдалану).
Н.Погодин: «Әуезов Қазақстан үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы еді».
М.Әуезовті «Екінші Абай» деуде де белгілі мағына бар. Абай-ұлы реалист ақын. Ол өз заманының өмір шындығын суреттеп, халқының мұң-мүддесін жырлаған биік поэзия жасады. М.Әуезов болса, ол да сол заманның өмір шындығын тұтас қамтып, халық өмірінің ойы мен қырын қопара суреттеген көркем прозаның, кең мағынасында, нағыз поэзияның жаңа шыңын жасады. Абай сыншылдық реализм тұрғысынан өз заманының әлеуметтік міндерін сынай, шеней суреттесе, М.Әуезов те реализм тұрғысынан сол міндерді туғызған себептер мен заңдылықтарды және олардан арылу жолдарын ашып суреттеді. Абайдың эстетикалық мұраты-туған халқының алдан күткен арманына сайса, М.Әуезовтің де эстетикалық мұраты-туған халқының алдағы заманда орындалған арманына саяды. Абай геройлары – М.Әуезовтің де геройлары – ал Абай өз творчествосының ол-эпикалық геройы.
М.Әуезовтің өз халқының жүрегіне үңіліп, ұлы Абай шеше алмаған түйіндерді шешуді мақсат еткенін айтамын.
Жаңа сабақты пысықтау: «Естеліктер сыр шертеді» /әдеби журнал/.
Жазушы шығармашылығын таныстыруды өзімен істес болған, бірге өсіп, бірге оқыған басқалардың естеліктері ұлылықтың қыры мен сырын үйретеді. Мұндай дүниелер бүгінгі жас ұрпақтың сана сарайын ашудағы, үлгі-өнеге, тәрбие берудегі асыл – қазыналардың бірі. Мысалы, «Естеліктер сыр шертеді» атты әдеби-альманах журнал жинағы әр қазақ мектебінде болса нұр үстіне нұр болар еді.
Ой қозғау. «Ақындарды тыңдайық».
І Бөлім. Қазір арамызда жүрген ғалым, жазушы, ақындарды өз даусын оқушыларға үнтаспадан тыңдату.
ІІ Бөлім. Қазір арамызда жоқ аяулы әдебиеттанушы ағалар, ақындар, зерттеуші-сыншылар.
ІІІ Бөлім. Шетел қаламгерлерінің сөздерін тыңдап, ұғып сезіну. (Ш.Айтматов, Луи Арагон, А.Брагин, К.Федин, Олесь Гончар т.б.).
Үзінділер оқылып болғаннан кейін оқушылардың алған әсерін байқау үшін арнайы сұрау-тапсырмалар беріледі:
- Оқылған үзінділерден ақынның қандай ой тереңдігі мен сезімін аңғардыңдар?
- Ақындар қандай көркемдік суреттеу құралдарын пайдаланған?
- Ой нақтылығы, ақындық пафос үннен нені аңғаруға болады?
Оқушылар әрқайсысы өз пікірлерін шығармашылықпен жұмыс жасау арқылы білдіреді. Әркім өз пікірін дәптеріне жазып, оқып береді.
Мұндай жұмыстар сын тұрғысынан ойлауға, зерттеушілікке, өзіндік ізденістерге, шешім-тұжырым білдіруге, мәтінмен жұмыс істеуге, көркем әдебиет оқуға деген оқушылардың қызығушылықтарын оятады.
Жазушыға талай ақындар жүрек жарды сүйікті жырларын арнады. Сондықтан сабақтың қорытынды бөлігін «Ақындарды тыңдаймыз» атты әдеби жинақтан өлең тыңдап, поэзия минутына арнаймын. Кейбір үзінділерді нақышына келтіріп, мәнерлеп дұрыс оқи алатын оқушыларға беремін.
1-оқушы: М.Шаханов «Менің есімімді неге Мұхтар қойған?».
2-оқушы: С.Мәуленов «Мұхтар асуы».
3-оқушы: С.Жусуев (қырғыз ақыны).
4-оқушы: Араб елінің әйгілі ақыны Әбу-Хамисиденнің «Жарық жұлдыз» атты өлеңі.
Бұл дүниелердің бәрі құнды, көпшілігін оқушылар жатқа біледі.
Оқушылардың әрқайсысы өзі пікір-тұжырым жасайды. Ортақ пікірлер:
- «М.Әуезов мұраларының мәңгілігін танып, көркем ой алыбын көз алдымызда елестетеміз», қарапайым ағаның жан дүниесін таныдық.
- Ақындармен бірге біз де ересек талант иесіне сүйсінеміз. Мұхтар деген аттың бізге соншама ыстық, қазақ елінің мақтанышына айналған есімге құрметпен қараймыз.
- «Қазақ әдебиетінің дүниежүзілік аренаға шығуы М.Әуезов шығармаларының арқасы екенін толық түсініп білдік» т.б.
- «Қазақ тілінің құдыретті күші мен барша сұлулығын танытып берді» т.б.
Келесі кезекте оқушылармен бірлесе отырып «Не білдік, не таныдық, не үйрендік?» сұрақтарын ой елегінен өткізіп, сабақты қорытындылаймын. Ең бастысы, оқушылар тарих көшімен бірге мәңгіге ұласа берер есім – М.Әуезовке деген адал махаббат пен ыстық сезімді түйсінеді, ұлы тұлға бейнесі оқушы санасында жаңғыра түседі.