«Жеңістің жаңғырығы – ерліктің мәңгілігі»

Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тақырыбы:

«Жеңістің жаңғырығы – ерліктің мәңгілігі»

 

 

 

 

 

 

 

Тобы: І курс, 154-топ

Топ жетекшісі: Альмуханова Г.Қ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Доссор кенті

 

 «Жеңістің жаңғырығы – ерліктің мәңгілігі»

 

Мақсаты: Ұлы Отан соғысы туралы мағлұмат беру, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына бас иіп,Ұлы Отан соғысын басынан өткерген ардагерлерге құрмет көрсету.

Оқушылардың Отанын, елін сүюге тәрбиелеу, патриоттық сезімін ояту.

Көрнекілігі: Сахнада «Ұлы Жеңіске – 65 жыл» жазуы жазылады. «Жеңістің жаңғырығы – ерліктің мәңгілігі», «Ешкім де ұмытылмайды, Еш нәрсе де ұмыт қалмайды», «Жеңістің тойы, жаса мәңгі!» «Бейбітшілік – ел тілегі» жазулары ілініп, шарлармен безендіріледі. Мәңгі алау қойылып, слайд қолданылады.

Барысы.

«Жеңіс күні» әнінің әуенімен екі жүргізуші сахнаның ортасына шығады.

 

1-жүргізуші: Армысыздар, бүгінгі «Жеңістің жаңғырығы – ерліктің мәңгілігі» атты кешке жиналған қауым!

2-жүргізуші: Қайырлы күн кештің қадірлі қонақтары, ұстаздар және оқушылар!

1-жүргізуші:

Жеңістің жырын айтсын тіл-көмей,

Абзал досым, мүгедектері жүр демей!

Ел дегенде еңіреп туған ерлерді,

Еске алайық бір сәт тұрып үндемей.

Ұлы Отан соғысы миллиондаған аданың өмірін алып кеткен, талай боздақты қыршынынан қиып, ананы жесір, сәбиді жетім еткен қанды шайқастарға толы 1418 күн мен түн ешқашанда ұмытылмақ емес. Ол мәңгі есімізде сақталады. Солардың есімін жас ұрпақ есінде мәңгі қалдыру – баршамыздың азаматтық борышымыз. Еліне, туған жеріне оралмай, жат жердің топырағы бұйырған ерлерді біз әрқашан құрметпен еске аламыз.

Ендеше, барлығымыз Ұлы Отан соғысында құрбан болған жандарды 1 минут тыныштықпен еске алайық.

Рахмет,отырыңыздар!

Енді Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, осы соғыстың куәгерлеріне, Ауған соғысының  ардегерлері және мектеп ұжымына мәңгі алауға гүл шоқтарын қоюға рұқсат етеміз.

2-жүргізуші:

Жеңіс күні бар әлемге әйгілі,

Көктем, шуақ – Тоғызыншы май күні.

Айтшы, қане, біздің Жеңіс шешуі

Кездейсоқ па көктемге сай келуі?

Біздің Ұлы Жеңісіміз көктем боп,

Көңілдерге шұғыласын төккен көп.

Сонау жылы Тоғызыншы май күні

Алмастырған қуанышқа қайғыны.

Ән. Орындайтын Көшкінбаева Айдана.

1-жүргізуші:

Сойыпқыран солдаттары соғыстың,

Ардагерлер – атамекен айбыны.

Сақтады олар елін, жерін, намысын,

Ақтады олар азаматтық борышын.

Сол үшін де қолтығынан сүйейік,

Ардагерлерге, майдангерлерге

Барлық жерде басымызды иейік.

2-жүргізуші:

Мақтанбаймын қалайша марқанбаймын?

Уақыт бізге ғажап сыр айтар дәйім.

Барлығы да сыйлапты адамзатқа,

Ынтымақты, Жеңісті дархан Майым.

Күш-қайраттың бойында тасқыны бар,

Мұқалмайтын төзімді достығы бар.

Талай тарих таңғалып, куә болған,

Елімнің ерлік деген дәстүрі бар.

Көркемсөз. Оқитын Қуандықов Азамат.

Адамзатым, ақиқатқа сеніңіз,

Соғыс деген – болған емес тегін іс.

Соғыс деген – қиылған жан, аққан қан,

Соғыс деген – екі жаққа жеңіліс.

Жеңіс бізге оңайлықпен келмеді,

Жастық күйреп, халық сиреп көнерді.

Жарақат алғандардың күшіменен,

Өркендеттік өмір менен өнерді.

Жиырма миллион тірлік демін доғарды,

Қанша қала күлге айналып, тоналды.

Тап қазіргі Қазақстан халқындай

Бір мемлекет жер бетінен жоғалды.

 

1-жүргізуші:

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары жаны жаздай жайраңдаған.

Ерліктің қос қанаты деп білемін,

Аяулы Әлия мен Мәншүгімді.

2-жүргізуші:

Есіңде ме, туған Отан,

«Сен» деп неше жан қиылды?

Қорғағанда өзіңді.

Жау еңсесін басып төмен

Қуған оны жатыр ізі.

Есіңде ме «Әлия» деген

Қазақтың жас батыр қызы.

Көрініс.

Сахнада атасы мен немересі әңгімелесіп отырады.

Немересі:

Айтшы, ата, сонда сезіп пе ең,

Қара бұлттың төнгенін?

Ұйтқи соққан дауылдан

Бақыт шамы сөнгенін?

Естідің бе сонда сен,

Нөсер үшін селдеткен,

Үрейді алып өрекпіп,

Сұрапыл соғыс көлдеткен,

Сан мың адам қан төккен…

Ана жесір, бала жас,

Жетімдіктен көрді өктем.

Атасы:

Иә, сұмдықтың болатынын сезіп ем,

Әлсіреді ел күшті дауыл тезінен…

Ел қорғайтын ұл-қыздарым тұрғанда,

Бейбіт өмір болатынын сезіп ем.

 

Сахнаға әскери киім киген Әлия шығады.

1-жүргізуші (сахна сыртынан):

Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ қызы Әлияның ерлікке толы өмірі қалай тебірентпесін.

Әлия:

Біз сол кезде жаңа ашылған гүл едік,

Жерге бақыт, елгем бақыт тіледім.

Отан-ана отқа күйіп жатқанда,

Біздер ме едік үй бағатын тірі өлік.

Отан-ана жылағанда шерленіп,

Тапжылмастан шөгеді екен жерге бұлт.

Қара бұлтты қақ жарайық дедік те,

Қолымызға қару алдық ерленіп.

«Отан» деген сөз көкейде жатталып,

Зор айқасқа кеттік біздер аттанып.

Біз сендердей қыдырмадық кешқұрым,

Біз сендердей арман гүлін таппадық.

Атасы (немересіне және қос аруға қарап):

  • Шығысымның қос шынары, қос алауы сен де Әлия, Мәншүк те өмірден ерте кеткендеріңмен, ерліктерің қалды. Біз сендерді ұмытпаймыз.Жер-Ана сендердің ерліктеріңді мәңгі ұмытпайды.

 

Ән. Орындайтын Энгельсова Сәнімзия.

 

 

Көркемсөз. Оқитын Намазова Айдана.

Жер жүзінде нұр шашып Жеңіс күні,

Жақсы үміттің шырағы жанды міні!

Аспан бетін қаптаған қара тұман

Серпіліп, зұлымдықтың сөнді түні.

Жер бетін қан сасытқан соғыс бітті,

Жер бетінен жамандық мүлде үрікті.

Жеңістің жарқын күнін жыр қыламыз,

Аспандатып жырлаймыз жақсылықты.

Бүгін жайнап, жасарсын ана біткен,

Асыр салып, қуансын бала біткен.

Жүректері жарылсын қуаныштан,

Аялансын көңілі жақсы үмітпен.

Балалардың тілейміз күлгендерін,

Жер бетінде ешбір дақ тұрмасын деп.

Планета ең ғажап гүлдеп жерім,

Мәңгі үстінде Бейбіт күн орнасын деп.

 

1-жүргізуші:

Халық легі куәсіндей елдіктің,

Көптен бері осы күнді сағынған.

Ардагерлер осында отыр ерліктің,

Медальдарын, ордендерін тағынған.

2-жүргізуші:

Соғыс жылдары ерлігі үшін орден және медальдармен марапатталғандардың ішінде 96638 қазақ жауынгері бар. Қымбатты Ұлы Отан соғысының және Ауған соғысының ардагерлері, Сіздерді өмірлеріңіздегі ең қымбатты мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Бүгінгі кешке қатысып отырған Ұлы Отан соғысының және Ауған соғысының ардагерлерімен танысып өтейік:

 

Қалмағанбетова Сәлима апай, Берниязова Зинаида апай, Оралбаев Саламат ағай және Жұбантыров Өтеген ағай.

 

1-жүргізуші:

Ардагерлер еске алар өткендерді,

Өмір үшін өртеніп кеткендерді.

Ал, бүгін мақтан етер ұрпақтары,

Жеңіс алып, еліне жеткендерді,-

Қымбатты ардагерлерімізге сөз беріледі.

 

Ән. Орындайтын Көшкінбаева Айдана.

1-жүргізуші:

Ашу мен кек оятты ел намысын,

Отан үшін жан пида болды үлкен сын.

Ер азамат жауменен арпалыста,

Әйелдер терін төкті майдан үшін.

Аналар қоштасқанда асылымен,

Арулар қош айтысты ғашығымен.

 

2-жүргізуші:

Балалықтың базарын ерте жауып,

Талай жұмыс істедібала-өркен.

Үдетіп соғыс оты қайғы-мұңды,

Төрт жыл өтті соғыс әлі бітпей қойды.

Кемпір-шал, әйел-бала ауылдағы,

Сеніммен күтуші еді Жеңіс тойды.

 

Көрініс.

(Арнайы дайындалған орынға отырған екі қарт майдан жаңалығы туралы әңгіме-дүкен құрады. Қастарында екі-үш бала тыңдап отырады).

1-қарт: Әбеке-ау! Біздің армия жайлы, майдан жайлы қандай хабарың бар, айта отыр! Бізге қарағанда сауаттысың ғой.

2-қарт: Ой, құдайға шүкір, біздікілер гермдан деріне басыбайлы кіріп фашист жауызыңды ойсыратып жеңіп жатқанға ұқсайды.

1-қарт: Әп, бәрекелді. Арам қатқырларға, иттерге де керегі сол. Ей, балам-ау, су әперіп жіберші. Тамағы құрғыр кепті-ау.

(Отырған баланың бірі су әпереді.)

Бала: — Ата, осы фашист деген деген ит қандай екен?

1-қарт: Әбеке, мына баланың сауалына жауапты өзің берерсің.

2-қарт: Балам-ау, «фашист» деген кәззап қой. Басына кішкене қазанды төңкере киген, үстіне бүкіл жер бетіндегі темір-терсік атаулыны, мата біткенді жамыла салған. Қолына шолақ мылтық ұстаған сайтанның сапалағы секілді. Өздері адам да емес, жануар да емес аяғы қисық бірдеңе. Әркімнің жерін жаулап аламыз деп еді, енді ауыздарына құм құйылыпты ғой.

Бала: — Пошташы Наурызбай атам келе жатыр.

1-қарт: — Ей, мына пошташы Наурызбай ақсақалдың жүрісі өзгеріп кетіпті ғой.

2-қарт:  — Мына кісіге не болған? Бұлай қатты жүрмеуші еді ғой!!!

Пошташы Наурызбай: — Сүйінші! Халқым, жұртым, сүйінші! Неміс фашистері кеше тізе бүгіп, жеңілгендерін мойындапты. ЖЕҢІС!ЖЕҢІС! Біз ЖЕҢДІК!

1-қарт: О, жасаған! Аузыңа май, шыныменен қарғыс атқан соғыстың біткені ме?

2-қарт: Ақсарбасһ! Ақсарбас! Шынымен, тәңірім, көз жасымызды көргеніме!!!

(Бәрі бірінбірі құттықтап, сүйіп жатады.)

 

1-жүргізуші:

Күткен ЖЕҢІС жарқ етті сәуле шашып,

Жеңіс келді, қуандық көңіл тасып.

Жауды жойып, батырлар елге оралды,

Ата-анамен қауышты құшақ ашып.

Мамыр келді, ағаштар бүрін жарып,

Бейбіт өмір оралды, күні жарық.

«Шүкір» деп әжелер жүр ақжаулықтың

Ұшымен көздің жасын сығып алып.

Аспанда күн жарқырап күліп тұрды,

Бейбіт өмір шаттығы тұнып тұрды.

Соғыстан соңғы сәби күлкісімен,

Қара күндер қайғысын ұмыттырды!

 

Ән. Орындайтын Әбуғалиев Шархан.

1-жүргізуші:

Ескеріп келіпсіздер сіздер бізге,

Өнерді аянбадық мына біз де.

Осымен ойымызды тәмамдадық,

РАХМЕТ сыйлап келген мына сізге!!!

 

2-жүргізуші:

Құрметті кештің қонақтары, аяулы ұстаздар және оқушылар ! Бүгінгі Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңістің жаңғырығы – ерліктің мәңгілігі» атты кешіміз аяқталды. Мерекелеріңіз құтты болсын! Қош, сау болыңыздар! («Жеңіс күні» әуені жүріп тұрады).