Жүз жасаған бәйтерек
Айымхан Сәлемқызы Ташетова, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мұғалімі |
Жүз жасаған бәйтерек
(Х сынып)
Сабақтың мақсаты: а). «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл ата өмірінен, шығармашылығынан алған білімдерін жинақтайды, бекітеді.
Сабақтың әдіс-тәсілі: Зерттеу жұмыстары, Эссе (немесе Синкуейн) стратегиялары
Сабақтың көрнекілігі: бәйтерек суреті, газет-журнал материалдары, шығармалары, суреттер, видиотаспа, маркер, плакат, кішкентай тақта, флебчатый қағаз.
Сабақтың барысы: Сабаққа оқушылардың назарын аудару.
І. Қызығушылықты ояту кезеңі
— Балалар, бәріміз бүгінгі сабағымыздың тақырыбына көңілімізді аударайықшы, ол неге «Жүз жасаған бәйтерек» деп аталады деп ойлайсыңдар?
- Бәйтерек деген не? /бәйтерек – І терек туысына тән ең биік, зәулім
ағаш (түпкі мағынасы), ІІ тірек, таяныш, сүйеніш (ауыпалы мағынасы).
Бәйтерек ағашының суреті тақтаға ілінеді.
Дәптерлеріне күнді, тақырыпты жазғызу.
— Ақын Сәкен Сейфуллин : «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халықтың қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» деген екен. Сондықтан біз оның өмірін, жырларын білуіміз керек.
Жамбыл атамыз жайлы деректер өте көп, кітап қоры да бар, түсірілген көркем фильмдар де, деректі фильмдер де бар. Қазір мен сендердің назарларыңа мына бейнетаспаны ұсынғым келеді (бейнетаспаны көрсету).
Балалар, шынында да, екі дәуірдің жыршысы болған Ж. Жабаев туралы қаншалықты біз біледі екенбіз? Ендеше, бүгінгі сабағымыздың мақсаты – ақынның өмірі мен шығармашылығынан алған білімдерімізді жинақтап, қосымша мәліметтер арқылы әр қырынан зерттеп көру.
ІІ. Мағынаны ажырату кезеңі
Сыныптағы оқушылар 5 топқа бөлініп отырады. Тапсырмаларын сол жерде таңдап алады. Тапсырмалары конвертте. Бағалау парағы таратылады.
1-топ «Өмірі – аңыз, өзі – абыз»
Жамбыл атамыздың өмірінен алынған тағылымды деректер, суреттер, фотосуреттер бойынша зерттеу жұмыстарын жасайды, өлеңдерінің шығу тарихы жайлы баяндайды (ақынның танымал адамдармен қандай қарым-қатынаста болғандығын әңгімелейді).
2-топ «Жамбыл – айтыскер ақын»
Айтыс өнері туралы, түрлері жайлы мағлұмат бере отырып, Жамбыл атамыздың суырып салма ақын екендігін дәлелдеп, Құлмамбет ақынмен айтысын талдайды.
3-топ «Батаменен ер көгерер»
Бата деген не? Оның қандай түрлері бар? Ж.Жабаев өмірінде батаның рөлі қандай?
4-топ «Сұхбат»
Берілген сұрақтар бойынша аудиторияда, аудиториядан тыс жерлерде сұхбат алады.
а). — Жамбыл Жабаев шығармаларында кеңестік көзқарас көп жырланған, оны бәріміз білеміз, дегенмен, егемендік алғаннан кейін де оқып жатырмыз. Сонда оның өміршеңдігін қайдан, неден көреміз?
— Жамбыл шығармаларындағы кезеңдік сипатқа көзқарасыңыз қандай?
ә) — Бүгінгі екі ел арасындағы, яғни Ресей мен Қазақстанның достық, ынтымақтастық қарым-қатынасында Жамбылдың рөлі қандай?
— Бүгінгі айтыста Жамбыл дәстүрін жалғастырып жүр. Қалай ойлайсыз, бұның бүгінгі күн үшін маңызы неде?
5-топ «Зерттеушілер»
Ж. Жабаевтың өмірін, шығармашылығын кімдер зерттеді? Берілген өлең жолдарын құрылысына, ұйқасына, көркемдік ерекшелігіне талдайды.
Мен бір биік бәйтерек,
Көкке бойым бойлаған.
Қармақты терең тамырым,
Жайылып жерді шарлаған.
Бұтағым бар ма жайқалып,
Жапырағын жаймаған?
Ауадан жұпар дем алып,
Жапырақтарым жайнаған.
Бәйтерекпін дегенім –
Жасым жүзді қармаған.
Тамырым терең дегенім –
Халқым ғой күшті қаулаған.
Бұтам жапырақ жарғаны –
Жастық шағым аумаған.
Жапырақтарым дегенім –
Жастарым менің самсаған.
Бұл жұмыстарға 10 минут уақыт беріледі. Тапсырмаларын орындап болған соң, әр топ 4 минутта ортаға шығып қорғайды.
ІІІ. Ой толғаныс кезеңі
Өлеңнің түрлері көп. Зерттеушілер тобы 4 тармақтан тұратын өлеңді талдады. Қазір сабақта алған білімімізді жинақтау үшін 5 тармақтан тұратын, яғни Синкуэйн стратегиясы бойынша өлең жазайық. Ол үшін сендерге 1 минут уақыт беріледі. (Жазып болған соң топ ішінде бір-біріне оқып, жақсы дегенін ортаға ұсынады.)
- Бүгінгі сабағымызда Жамбыл атамыздың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттедік. Манадан айтқандарыңа қосарым, «Егеменді Қазақстан» газетінде «Жүрегі жүз жыл жырлаған» деген мақала шықты. Содан бір үзінді келтіре кетейін:
…1957 жылы Мұхтар Әуезов Үндістанға бір сапармен барыпты. Онда оның аты-жөнін, «Абай жолы» романын үнділер жақсы біледі екен, бірақ ұлтын білмейді екен. Ұлтының қазақ екенін білдіру үшін келтірмеген мысалы қалмапты. Бір кезде аузына Жамбыл түседі. Жамбылдың есімін атайды. Сол кезде залда отырғандар ду қол шапалақтап, дүрлігіп орындарынан тұрып кетеді. Үндінің бір ақыны мінбеге шығып, ақынның халықтар достығы туралы жырлаған «Жаңа заң» өлеңін өз тілінде жатқа айтып береді. Жұрт қошемет көрсетіп, ұзақ қол шапалақтап тұрып алады.
Сонда М.Әуезов:
- Міне, мен сол Жамбылдың ұлтынанбын, – дейді. Сондықтан, балалар, өз ұлтымызды сүйіп, өзге ұлтты құрметтеу керек. «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың даңқы әлемге жайылып, қазақ халқы барда оның есімі де бірге мәңгілік жасай беретініне кәміл сенемін.
Бағалау парағы бойынша оқушылар өздері бағалайды.
Оқушының аты-жөні | Үнемі белсенді | Теория мен практиканы ұштастырды | Қосымша ақпарат қосты | Қателік-терді түзеді | Баға-сы
|
Үйге: шығарма «Жүрегі жүз жыл жырлаған».