«Информатика әлемінде» сайысы

Тақырыбы:   «Информатика әлемінде» сайысы

Мақсаты: Пәнге деген оқушылардың танымдық қызығушылығын,  белсенділігін  арттыру, шығармашылық, өнерпаздық мүмкіндіктерін байқау, тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: сыныптан тыс

 

                            Жүргізуші:   Информатика болашаққа бастайды,

Келешекке білім қуған жастарды.

Қадам басып 21-ші ғасырға,

Барлық әлем  жаңалығын тастайды.

 

Нұрлы үмітпен арқалаған арқаға,

Жан сәулесін тарататын баршаға.

Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп,

«Информатика әлемінде» кеп тұрған

Сайыскерлерді шақырайық ортағa.

 

Армысыздар, ұстаздар мен оқушылар!

Мектепішілік «Информатика әлемінде» білімділік  сайысына қош келдіңіздер!

Олай болса бүгінгі «Информатика әлемінде» білімділік  сайысын бастауға рұқсат етіңіздер. Сайысқа төрелік етуші әділқазылар алқасымен таныстырып өтейік:

Информатика пәні мұғалімдері:1.Усаева Светлана Тархипқызы

2.Калымбетова Арайлым Өмірбайқызы

және бірлестік жетекшісі   3.Тұрғанова Гүлсім Кәкімқызы

 

«Информатика әлемінде» білімділік  сайысы мына бөлімдер бойынша өткізіледі:

1-бөлім     Таныстыру

2-бөлім     Топ басшылар сайысы

3-бөлім     «Мақал – сөз мәйегі»

4-бөлім     «Қас-қағым сәт»

5-бөлім     Бәрін білгім келеді

6-бөлім     Зерделілер сайысы

7-бөлім     Қорытынды

Көрермен жиналған бұл тамашаға,

Құр қарап жай отыру жараса ма?

Туыс, досқа, сыныптас, танысқа емес

Соқ қолыңды, білімді жас талантқа,  – дей отырып, ойынымыздың «Таныстыру» бөлімін бастаймыз.

1-бөлім    Таныстыру

Әр топ басшысы өз тобын таныстырады. Ұпайды әділқазылар алқасы қояды. 10 ұпайдан есептеледі.

 

******************************************************************************

Білім деген биік шың,

Бақытқа сені жеткізер.

Білім деген ақылшың,

Қиындықтан өткізер,  – дей отырып, ойынымыздың «Топ басшылар сайысы деп аталатын бөлімін бастаймыз.

2-бөлім    Топ басшылар сайысы . Әр сұрақ 2 ұпайдан есептеледі.

1-топ басшысы

  1. Компьютердің «миы»? (процессор)
  2. Ақпараттың ең кіші өлшем бірлігі (1 бит)
  3. Сыртқы жады (диск)
  4. Принтерлердің ішіндегі ең жылдамы және сапалысы (лазерлік)
  5. Көп пернелі құрылғы       (пернетақта)

 

2-топ басшысы

  1. Мәтінді жою пернелері? (Delete, Backspace)
  2. Принтердің неше түрі бар? (3)
  3. Ақпаратты әзірлеу, сақтау, өңдеу және жеткізу үшін арналған электрондық аспап? (Дербес компьютер)
  4. «Microsoft» фирмасының президенті (Билл Гейтс)
  5. Компьютердің негізгі бөліктеріне нелер жатады? (Монитор, жүйелік блок, пернетақта)

 

******************************************************************************

Ойын толқын жатқанда асып -тасып,

Біреу мығым, біреулер шалыс басып.

Бұл ойыннан өтеді ғұлама ойлар,

Жеңсең де, жеңілсең де қалма жасып,  – дей отырып, ойынымыздың «Мақал – сөз мәйегі» бөлімін бастаймыз.

3-бөлім    «Мақал – сөз мәйегі»

Топ мүшелеріне компьютерге қатысты құрастырылған мақал-мәтелдер беріледі, осы мақал-мәтелдердің күнделікті өмірде қолданылатын нұсқаларын табу қажет.

10 ұпайдан есептеледі.

 

  1. Жігітті компьютеріне қарап, бағала.

(Жігітті досына қарап, бағала)

  1. Байт биттен құралады.

(Теңге тиыннан құралады)

  1. Вирустан қорыққан, Интернетке шықпас.

(Шегірткеден қорыққан, егін екпес)

  1. Компьютердің жұмысы, иесіне мәлім.

(Аттың сыры, иесіне мәлім)

  1. Веб-дизайншының өз еркі, сайтты қалай жасаса.

(Қазаншының өз еркі, құлағын қайдан шығарса)

  1. Білмесең, «анықтама»-дан сұра.

(Білмесең білгеннен сұра)

  1. Бір ядролы процессор жақсы, ал екі ядролы одан да жақсы.

(Бір ақылдан, екі ақыл артық)

  1. Антивирусы күштіні-Вирус ала алмайды.

(Досы күштіні-жау алмайды)

  1. Күлсең ескірген компьютерлерге күл.

(Күлсең кәріге күл)

  1. Компьютерде екі колонка, дауысы жер жарады.

(Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады)

 

******************************************************************************

Мәңгі бақи есте қалар,

Қызықты бір жиын болсын.

Білімдірек шәкірт озар

Сұрақтары қиын болсын – дей отырып, ойынымыздың «Қас-қағым сәт» бөліміне де келіп жеттік . Оқылған сұрақтарға жылдам жауап беру керек. 10 ұпайдан есептеледі.

4-бөлім    «Қас-қағым сәт»

1-топ

  1. Ақпараттың ең кіші өлшем бірлігі (бит)
  2. Ақпаратты шығару құрылғысы (принтер)
  3. Сурет салуға арналған программа (Paint)
  4. Вирусты тауып жоятын бағдарлама (Антивирус)
  5. Қарапайым есептеулер жүргізетін программа (Калькулятор)
  6. Бір байтта қанша бит бар? (8)
  7. Компакт-дискіні оқуға арналған құрылғы (CD-ROM)
  8. 8. Дауыс жазуға арналған құрылғы (микрофон)
  9. Дүниежүзілік компьютер арасындағы байланыс желісі (интернет)
  10. Екілік жүйесінің сандары (0,1)
  11. Адам мен компьютердің қарым-қатынас тілі (интерфейс)
  12. Пернетақтада болдырмау әмірін растайтын перне? (Esc)
  13. Ең алғашқы программаны жазған адам (Ада Лавлейс)
  14. Жойылған нысандар орналасатын қапшық (себет)
  15. Деректерді сақтауға арналған құрылғы (жады)

 

2-топ

  1. Графикалық ақпараттардың көшірмесін компьютерге енгізетін құрылғы (сканер)
  2. Мәтіндік ақпаратты енгізуге арналған бағдарлама (WORD)
  3. Дыбыс шығаратын құрылғы (колонка)
  4. Санау жүйелерінің қандай түрі бар? (екілік, сегіздік, ондық, оналтылық)
  5. Конъюнкция – бұл логикалық (көбейту)
  6. Windows сөзінің аудармасы (терезе)
  7. Мәліметтерді енгізу пернесі (Enter)
  8. Компьютер деген не? (ақпаратты өңдеу құралы)

9.Курсордың оң жағындағы символдарды өшіру пернесі  (Delete)

  1. Пернетақта қандай құрылғы (мәліметтерді енгізу құрылғысы)
  2. Ақпарат сөзі қай тілден шыққан (латын)
  3. 12. Компьютер жады нешеге бөлінеді (2)
  4. 13. Бір килобайтта қанша байт бар (1024)
  5. Монитор түрлері (электронды түтікшелі, сұйық кристаллды, плазмалық)
  6. Жалпы желіге қосылу үшін қажетті құрал (модем)

 

******************************************************************************

«Жарыс заңы ежелден,

Жеңімпазды анықтау.

Жеңімпаз болу шарты сол

Еңбектену жалықпау»- дей отырып, ойынымыздың Бәрін білгім келеді  бөлімін-де әрбір әрбір топ монитордағы ұяшықтарды таңдап, жауап беруі қажет.  Жауап дұрыс болса, сол ұпай топ есебіне жазылады, ал қате болса шегеріледі.

5-бөлім    Бәрін білгім келеді

 

ҒАЛЫМДАР

  1.   Компьютердің атасы (Чарльз Бэббидж)
  1. 19 жасында дүние жүзінде бірінші рет қосу машинасын жасап шығарған ғалым

(Блез Паскаль)

  1. XVII ғасырдың басында логарифм түсінігін енгізген шотландиялық математик

(Джон Непер)

 

        ТАРИХ

  1. Бұл санау құрылғыларын гректер мен Батыс Еуропалықтар «абак» деп, қытайлықтар «суанпан», деп атаған, ал, жапондықтар не деп атаған? (серобян)
  2. Есептеуіш техникаларының қарқынды дамуы қай ғасырдан басталды? (ХХ ғ. І-жартысы)
  3. Ада Лавлейс Бэббидж машинасына бағдарламасын қай жылы жазды? (1846 ж.)

 

АҚПАРАТ

  1. Адам ақпаратпен не істейді? (ақпаратты сақтайды, таратады, өңдейді)
  2. Ақпараттық процестерді ата (ақпаратты алу, беру, сақтау және өңдеу)
  3. Ақпарат қалай бағаланады? (түсінікті, дәл, толық, жаңа, пайдалы болуы керек)

 

ӘР ТҮРЛІ

  1. Амалдардың қандай түрлерін білесіз? ( көбейту, қосу, бөлу,алу)
  2. Компьютердің негізгі құрылғылары (пернетақта, монитор, жүйелік блок)
  3. ЭЕМ-нің буындары және элементтік базалары (І-буын, электрондық шамдар;

ІІ-буын, транзисторлар; ІІІ-буын, интегралдық схемалар; ІV-буын, микропроцессор)

 

*****************************************************************************************************

Ғылымның сырын ұғына,

Шығыңдар білім шыңына.

Ұқыптылық пен зеректік,

Жеткізер сіздердей өренді

Жеңістің мынау шыңына, — деп келесі Зерделілер сайысына көшейік. 10 ұпайдан

есептеледі.

6-бөлім    Зерделілер сайысы

  1. Бар құрылғыны басқаратын, кеудесін көтеріп қасқаятын ми (процессор)
  2. Өзінен зиянды сәуле шашатын, адам көзін құртатын жалмауыз (монитор)
  3. Саусақтарды билететін, экранға мәтінді сый ететін, жоқ деп мүлде айта алмай-тын, иә-ні қолдап қайталайтын береген (пернетақта)
  4. Пернеден жасқанатын, адам көмегімен басқарылатын, қорқақ, компьютердің кенже баласы (тышқан)
  5. Тышқанның ең жақын туысы (трекбол, джойстик)
  6. Қағазға тоймайтын мешкей (принтер)

 

 

****************************************************************************

Жетпесіңе жеткізген,

Қызықты уақыт өткізген

Бар ғылымды сыйдырып

Білетіні көп бізден

Жаңалықтың жаршысы

Жұртты елең еткізген

Информатикаға мың алғыс! – деп, әділқазылар алқасына сөз береміз.

 

7-бөлім. Қорытынды

Жарыс соңында әділқазылар алқасы әр топтың ұпай сандарын есептеп қорытындылайды.

Жарысқа қатысушыларды марапаттау.

Жүрекке адалдықтың ескен гүлін

Ғажайып келешектің төккен үнін

Ардақты ұстаздарға шын көңілден

Жолдаймыз біз алғыс бүгін.

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет.  Келген қонақтарымызға қанаттарыңыз биікке қағыла берсін?- деп алғыс білдіреміз. Қош, сау болыңыздар!