Тәрбие сағатының тақырыбы: Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран
Тәрбие сағатының тақырыбы: Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран
Тәрбие сағатының мақсаты:
а) Тәрбиелік: Отанды сүюге, елжандылыққа, табандылыққа, адалдыққа, шыншыл болуға,
батырларын тани білуге, Отанды қорғай білуге, белсенділікке, әскери іске
сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
ә) Білімділікке: Өз ойын жеткізе білуге, мәнерлеп оқуға жетелеу.
б) Дамытушылық: Оқушының ізденісін арттыру, түйінді ой айта білуге дағдыландыру.
Көрнекілігі: Суреттер, нақыл сөздер, буклет.
Тәрбие сағатының жүрісі:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
- Ұрпағы батыр елдің арманы жоқ
(саяси – патриоттық тәрбие)
- Еңбегімен жеңісті жақындатқан
(еңбек тәрбиесі)
- Ұлыққа тағзым – ұрпаққа парыз.
(адамгершілік тәрбие)
Әнұран орындалады.
Мұғалімнің сөзі:
Бүгінгі жеңіс күні қарсаңында қан майданда ерлігімен, еңбегімен елімізге бейбіт өмір сыйлаған аталарымыздың рухына бас иіп, еске аламыз.
Халқымыз үшін зор шығынмен келген Жеңістің қадір-қасиеті майдангерлердің де, соғыс тақсыретін бала болып тартып есейген біздің әкелеріміздің де, кейінгі ұрпақтың да жадында. Ерен ерлік пен өлшеусіз еңбектің арқасында қолымыз жеткен бейбітшілік 45-жылдың көктемінде сақталып қалды.
Жау келгенде қолға қару алып дұшпанға қарсы шыққан, бейбіт өмірмен қауышқанда қираған шаруашылықты қалпына келтіруге ғұмырларын арнаған ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне біз мәңгі қарыздармыз.
Ажал оғын шашқан аждаһардай айбарлы жаумен айқасу үшін Маңғыстау түбегінен алты мыңнан астам азамат аттанған. Сол боздақтардың төрт мыңдайы от ортасынан оралмай қалды. Соғыс салған сойқан ішінде із-түзсіз кеткендері қаншама!
Маңғыстау топырағынан майданға аттанғандар арасында есімдері беймәлім қалған ерлер болғанына күмән жоқ. Соғыстың аласапыран дүрмегі наградаға ұсынған талай қағазды қалтарыста қалдырған да аян. Маңғыстаудай маңғаз түбектен аттанған боздақтар соғысқа награда үшін келмегендерін, ел шебін қатыгез жау тырнағаннан тезірек босатып, ел-жұртына аман-есен оралуды ғана ойлағандарын айту керек. Ұлы Отан соғысының тарихынан лайқты орын алған Маңғыстаулық батырларымызды атасақ, олар Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдықараев, Исатай Сүйеубаев, Біләл Қалиев.
1 – оқушы: Мәди Бегенов 1916 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Ақжігіт деген жерде дүниеге келген. Мәди орталау мектепті ғана бітірген. Әкеден 12 жасында айырылып еңбекке араласа бастайды. 1938 жылы күзде әскерге алынып, 1939 жылы Балтық жағалауында әскери борышын өтеп жүріп, Ұлы Отан соғысына қатысады. Ол Сталинград, Курск маңындағы ұрыстарға қатысып, кейін 203 атқыштар дивизиясына ауысады да, барлаушылар бөлімшесінің командирі болады. 1943 жылы 22 қыркүйекте Днепр жағалауында өткен шайқаста Мәди бір өзі жаудың жеті солдатын, бір унтер-офицерін жер жастандырады. 1944 жылы 19 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша аға сержант Бегеновке Днепрден өтерде көрсеткен асқан ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бейнеу ауданында батырдың атында мектеп бар.
2 – оқушы: Жұмағали Қалдықараев 1922 жылы Кетік (Форт Шевченко) қаласында дүниеге келген. Ол еңбек жолын колхозда тракторшы болудан бастаған. Соғыстың алғашқы жылдарында майдандағы 7-гвардиялық атты әскер корпусына жаумен шайқасқан. Жұмағали Орел, Курск, Белгорд, Харьков үшін шайқастарды артқа тастап, ерлік істер тындырған. 1943 жылы кыркүйек айында Днепрден өтер тұста жаудың пулементтен тынымсыз оқ жаудырғанына қарамастан Қалдықараев бастаған жігіттер өзеннен өтуге кірісті. Өзеннің үштен екісінен өткен тұста жау снарядтары қардай борайды. Осындай ерен ерлігімен қаза тапқан. Днепрден өтердегі ерлігі үшін оған Кеңестер Одағының Батыры атағы беріледі. Бірақ бұл награданы алу оған бұйырмайды.
3 – оқушы: Исатай Сүйеубаев 1913 жылы Маңғыстау ауданы Тиген жерінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысында ерлік жасаған даңқты жауынгер. 1942 жылдың тамыз айында Армия қатарына шақырылған. Ақпан айында Салинград майданындағы 21-армияның 292-атқыштар дивизиясының 1036-полкының автоматшылар ротасында болды. 1942 жылдың 22 қарашада басталған Сталинград түбіндегі қарсы шабулда танк десантшылары құрамында жау шебін бұзу ұрысына қатысады. Осы ұрыста жаудың 182 солдатын 7 бекінісін жояды. Жараланғанына қарамастан ұрыс даласын тастамайды. Исатай осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған екен. Бірақ белгісіз себептермен Батыр атағы берілмей, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылы 14 ақпандағы жарлығымен Ленин ордені берілді. Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов інісіне отты өлең жолдарын арнаған. Исатай 1947 жылы 16 қыркүйекте Астарханға бара жатып қайғылы қазаға ұшырайды. 1993 жылы жазда жерлестері ағайын-туғандары батырдың сүйегін ата қауымы Тигенге, анасының қасына әкеліп құрметпен жерлеген.
1994 жылы Маңғыстаудың ер ұлы Исатайдың зираты басына күмбезді кесене тұрғызылады.
4 – оқушы: Маңғыстаудың бір перзенті – Біләл Қалиев. Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген. Ол 1941 жылы 7 тамызда құрамында 16 ұшағы бар эскодрилья полкіндегі Преображенскийдің бастауымен Берлинді бұрғылай ұшып, 1760 шақырым шалғай жол кешіп, әскери тапсырманы бұлжытпай орындап, өз базасына аман-есен оралған. Сөйтіп, Біләл Қалиевке әуе шабуылында көрсеткен теңдесі жоқ ерлігі үшін 1941 жылы Батыр атағы берілді. Бұл ерлігі туралы мағұлымат елге кезінде жетпеген. 1942 жылы14 шілдеде Липецкі аспанында күші басым жаумен шайқаста ерлікпен қаза болған туралы қарақағаз келген.
Өлгендерді ұмытпаңдар
Сөзі: Сырбай Мәуленов
Әні: Шәмшәдин Сабытаев
- От ішінде шыныққандар,
Қасиеттен атқан таңдар.
Ұмытпаңдар, ұмытпаңдар
Құрбан болып жатқан жанды
Қ – сы
Солар құрбан болған үшін
Атады енді күліп таңдар
Солар сенің ар – намысың
Ей, тірілер ұмытпаңдар
- Қанды майдан түлектері
Жауды жеңген алыптары
Өлмес үшін жүректері,
Жалын болып танып жатыр
Қ – сы
Солар құрбан болған үшін
Атады енді күліп таңдар
Солар сенің ар – намысың
Ей, тірілер ұмытпаңдар
Ерлігімен жеңісті жақындатқан…
(Маңғыстау соғыс жылдарында)
Қасиетті Маңғыстау топырағы қай заманда да ат тұяғының дүбірінен, атой салған аласапыран кезеңдерінен кенде қалып көрген жоқ. Кезінде жеті жұт келіп жайқалған бұл өңірдің ұландары аттың жалы, атанның қомында белі қатайып, ел мен жер намысынқорғап есейген.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Маңғыстау өлкесінде Маңғыстау және Форт-Шевченка аудандары болған. Маңғыстау ауданының экономикасы негізінен мал шаруашылығы болуына байланысты еңбекшілер «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранды басшылыққа ала отырып, мал басын аман сақтап, соғыс уақытының талабына сай шаруашылық жұмысты қайта құрып, майданға көптеп көмек жіберуге жұмылады.
Ауыл азаматтары соғыстың алғашқы айларынан бастап, Қызыл Армия қатарына майданға алына бастаған. Көптеген жанұялардың баскөтерер ер азаматы қолына қару алып, майданға аттанады, олардың орнында қалған әйелдер еңбек майданына араласады. Әйелдер басқару орындарында, егін және мал шаруашылықтарында тіпті көмір тресінде де жұмыс істеген. Олар күнделікті жұмыс көлемін асыра орындап отырады. Олар партия мүшесіне кандидат, комсомол мүшелері қызметін атқарады.
Майданға көмектесудің ең бір маңызды саласы Қызыл Армияға жылы киім жинау жұмысы болатын. Соғыс жылдарында еңбекшілері тон, тоқыма шалбар, күпі, байпақ, қолғап, шұлғау, бас киім, көрпе жинап майданға жібереді. Сонымен қатар олар ақша, облигация, күміс, тері және жүн тапсырады. Аудан еңбекшілері өздерінің жанқиярлық еңбектерінің арқасында соғыс уақытының қиындығына қарамастан жылма-жыл мал басының өсуін қамтамасыз етіп, тапсыратын ет, сүт, жүн өнімдерін жоспарынан асыра орындап отырады. Еңбекшілердің қажымас қайраты, Отанға деген сүйіспеншілігі арасында соғыс жылдарында мал басы өсіп, аудан экономикасы айтарлықтай нығайған.
Маңғыстау түбегі малшыларының соғыс жылдарындағы жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланып, 1948 жылы 13 адам Ленин орденімен, 10 адам Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталады. Өлкеміздің 9 колхозшысына Социалистік Еңбек ері атағы беріледі. Олар: Ұзақбай Есқожаев, Балажан Қажашева, Кенған Қошақанов, Нұрсейт Бейнеуов, Тұржан Құлбеков, Дүйіш Сәтбаев, Сатыбалды Сисенбаев, Дүйсе Бердібеков, Жанбөпе Мергенбаева.
5 – оқушы: Дүйсе Бердібеков Киров атындағы колхозды алғаш ұйымдастырушылардың бірі болған. Соғыс басталар қарсаңында Қызыл Армия үшін жылқы жинау науқаны басталып, шаруашылық басшылары мұндай жауапты жұмысқа ауыл, ел арасындағы беделді азамат Дүйсе Бердібековті тағайындайды. Ол басқаратын ферма соғыс жылдарында мемлекеттік тапсырмаларды үнемі асыра орындап, жеңісті жақындатуға еселеп үлес қосқан.
6 – оқушы: Маңғыстау өңіріндегі әйелдердің соғыс жылдарындағы жиынтық бейнесін Қожашева Балажан өмірінен табуға болады. 1941 жылдан 1958 жылға дейін колхоздың товарлы жылқы фермасын табан ауыстырмастан басқарып келеді. Бұл жылдар ішінде оның фермасы табыс биігінен сан мәрте көрініп, аудандық, облыстық жастардың жеңімпазы атанады. Қазақстан Компартиясының кезекті съезіне делегат болды. Орталық Комитет мүшелігіне сайланады.
7 – оқушы: Қошақанов Кенхан 1930 жылы жаңа ұйымдастырылып жатқан балықшылар колхозында еңбек етеді. Өндірістік тапсырманы асыры орындап, соғыс жылдарындағы ерлігіне парапар еңбегі жоғары бағаланып, «1941-1945 жылдардағы еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталады. Соғыс аяқталар қарсаңында жаңа ұйымдастырылып жатқан «Қарақұм» колхозына төраға етіп тағайындайды. Соғыс жылдарында туралап қалған артелдердің басын құрайды. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жаңа шаруашылық мемлекеттік жоспарларын асыра орындайды.
8 – оқушы: Маңғыстау жерінде шаруашылықтарды ұйымдастыруға белсене қатысқандардың бірі – Есқожаев Ұзақбай, «Жыңғылды» колхозында жаңа ұйымдастырылып жатқан жылқы фермасын өз жауапкершілігіне алады. Соғыс жылдарында майданға Адай жылқыларын мүлтіксіз орындап, «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл ту ордендерімен», 1945 жылы «1941-1945 жылдардағы ерлік еңбегі үшін» медалімен наградталады.
9 – оқушы: Құлыбеков Тұржан соғыс басталған Калинин атындағы колхоздың төрағасы болып сайланды. Ел басына күн түскен ауыр жылдарда қоғам малын бағып күтудің барлық қиындықтарын басынан кешкен. Ұйымдастырушы, белсенді ауыл азаматы екенін көрсетіп, Қамысты ауылдың кеңесіне төраға болып сайланады. Ауылдастарының сауатын ашуға, білім мен мәдениетке ұмтылыс жасауына өз ісімен үлгі бола білген.
10 – оқушы: Мергенбаева Жанбөпе – жылқышы. Еңбек жолын 1938 жылы Ембі ауданында диханшы болудан басталған. 1942 жылы колхозда жылқышы, 1944 жылы ферма меңгерушісі болып істеген. Ұлы Отан соғысы кезіндегі аянбай істеген еңбегі ескеріліп, Қазақстан Компартиясының 5,8 съездерін, ал 1952 жылы Дүниежүзілік әйелдер форумына делегат болып қатысқан.
11 – оқушы: Соғыстың сұрапыл жылдарында Сәтбаев Дүйіш басқаратын ферма әскерге көмек ретінде жүздеген жылқы өсіріліп, майданға жөнелткен. Бірнеше жыл қатарынан мал басын өсіру жөніндегі мемлекет тапсырмасын орындап өзаттар сапынан табылған. Ол басқаратын ферма бүкіл Маңғыстау өңірінің мақтанышы.
12 – оқушы: Қай жұмысқа да тындырымды. Сисенбаев Сатыбалдыға 1942 жылы колхоз басқармасы жылқы өсірумен айналысатын ферманы басқару міндетін жүктейді. Соғыс жылдарының ауыр тауқыметін тартып жүрсе де, жылқы шаруашылығын өркендетуге күш жігерін салып, ұйымдастырушылық қабілетін аямайды. Үш жыл ішінде фермадағы жылқы санын үш жарым еседей өсіреді. Осындай жеңіс жолындағы ерен еңбектері жоғары бағаланады.
13 – оқушы: Нұрсейіт Бейнеуов Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылында алғашқылардың бірі болып 54 жасында 1930 жылы «Орпа» ауылшаруашылық артелін құрады. Оны басқару өзіне тапсырылады. Соғыс басталар қарсаңында жылқы өсіретін жаңа шаруашылықты басқару тапсырылады. Маңғыстау өңірінде өсірілетін Адай тұқымы жылқылардың өрісі соғыстың небір сұрапыл кезеңдерінде жалпақ жұртқа әйгілі болғаны мәлім. Нұрсейіт Бейнеуов басқарған жылқы шаруашылығы соғыс жылдарында айтарлықтай табысқа ие болады.
Көркем сөз
Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ
Сөзі: жерлес ақын Есенғали Бөкенбаевтікі.
Білеміз сұм соғыстың кезеңдерін,
Сел болып аққан қанның өздерін.
Елімді, Отанымды олжалауға,
Жау оғы жан ұшырып кезенгенін.
Көтердік сол соғыстың зардаптарын,
Қайғылы, қатерлі кез салмақтарын.
Елімнің бақыты үшін шарит болған,
Аяулы ардагерлер, саңылақтарым.
Болса да жер шарының кеңестігі
Оңай бізге келген жоқ Жеңіс күні
Жеңіс үшін аянбай қызмет етіп,
Тылда да еңбегімен тер төккені.
Ұлылыққа тағзым – ұрпаққа парыз.
Соғыс жылдарындағы балалар әкелерін майданға аттандырып салып, елдегі шаруашылық тұтқасын аналарымен бірге өз қолдарына алаған. Сол соғыс жылдарындағы балалар тылда тыным алмаған. Олар байтақ елімібен, білек сыбанған қалың жұртпен Жеңісті сағат сайын жақындата түскен.