Жылқы және қазақ рухы

Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы,Дөң орта мектебі.

Бибиталина Жанат Бимолдақызы-бастауыш сынып мұғалімі

4 қазақ сыныбы

Тақырыбы:» Жылқы және қазақ рухы.»

Мақсаты: Білімділік — оқушыларға жылқы жануарының ерекшелігі және шығу тегі, жіктелуі, пайдасы туралы түсіндіру.
Дамытушылық — төрт түлік мал туралы білімдерін ой өрісін дамыту.
Тәрбиелік — оқушыларды жылқы жануарын қастерлеуге, жылқыны күту, баптау, міну сияқты ұмытылған дәстүрлерді үйренуге, сабырлы, жігерлі, батыл да батыр болуға тәрбиелеу.

Түрі: сайыс

Көрнекіліктері: интерактивтік тақта, шар, жылқы суреттері,карточкалар.

Барысы:

Кіріспе

Мұғалімнің сөзі:
-Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі көшпенділердің ең қасиетті, ең қадірлі малы. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Тіпті көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те бекерден бекер айта салмаса керек. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады.Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте-мөте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Жарынан кейінгі жақсы көретін жан серігі, қасиеті қанына сіңген – жануар. Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні сондай қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны болып саналады. Бұлай өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет әрі бұл – қазақтың осы түлікке деген аса жоғарғы құрметінің белгісі. Қазақ ат десе ішкен асын жерге қояды. Жылқынының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы сірә жоқ. Жер бетінде жаратылысынан табаны жер иіскемеген бекзат бір халық болса, сол қазақ болу керек. Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір «көк шолағы» болған. Қойшысы қой торысын мінді. Осы ат – көліктің арқасында Алаш баласы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Алып аумаққа иелік етті.Бәріміз білетіндей биылғы жылымыз да жылқы жылы , сол себептен бүгінгі сабағымызды жылқы малына арнап, сабағымызды «Көкпар»сайысы түрінде өткіземіз.

Сайысымыз 6 турдан тұрады:

1тур-«Ер қанаты-ат»( жылқы туралы мәлемет беру)

2 тур-«Жақсы ат-жанға серік»( батырлардың мінген аттарын атау.)

3 тур-«Жылқы өнімдерінің пайдасы»( еті , сүті туралы толық айту.)

4 тур-«Жақсы сөз-жарым ырыс»( мақал-мәтелдерді аяқтау)

5 тур- Кинофильмдерден үзінді

6 тур-«Жүгенсіз атпен шаппа»( ұлттық ойындарды көрсету)

 

Жүргізуші: —Білемісің, жүйрік сұлу қара айғырды?
Білемісің, әлгі жалбыр сары айғырды?-дегендей бүгінгі сайысымыздың шымылдығын «Қара жорға «биімен ашуға рұқсат етіңіздер.

«Қара жорға» биі Орындайтын :оқушылар тобы.

Жүргізуші:

—Көкпар. Көкпарда негізінен ешкі тартылады. Өйткені оның терісі мықты. Көкпарға берілетін ешкіні бауыздап, басын, төрт сирағын кесіп алып тастайды. Сонан соң суға салып салқындатады. Сонда терісі оңай жыртылмайтын болады. Көкпардың шарты бойынша ортаға тасталған ешкіге аттылар бір уақытта ұмтылады. Кімнің, ептілігі артық болса, сол ешкіні көтеріп алып топтан бөлектеніп шығады. Ол енді көкпарды ешкімге берместен, төрешілердің алдына әкеліп тастатуы керек. Мәреге жеткенше көкпар бірнеше қолдан өтеді- дегендей ортаға көкпаршыларды шақырайық. Сонымен қарсы аламыз

1 топ-«Жігер»- Ержан, Дархан, Ернұр жігіттерімізді қарсы алайық.

2 топ –«Батыр»- Серік, Есет, Бақтияр батыр ұлдарымызды қарсы алайық.

Сайысымыздың әділ бағасын беретін әділқазы алқаларымен таныс болыңыздар.
Бердібаева Роза Мәлікқызы-бірлестік жетекшісі

Изтаева Бақытгүл Асхатқызы-бастауыш сынып мұғалімі

Жайханова Ғазиза Іздекқызы-бастауыш сынып мұғалімі
Жүргізуші. Сонымен сайысымызды бастаймыз

1 тур «Ер қанаты-ат»-әр топ жылқы туралы толық мәлемет беру керек.Жауап нақты,толық болған жағдайда 10 ұпай беріледі.

Жүргізуші: Әр турдың соңында сайысқа қатыспайтын оқушылар жылқы туралы қызықты мәлеметтермен бөлісіп отырады.

1 оқушы:Құйрық жалы суылдап,
Тез жетсін деп зуылдап
«Құру, құру құрулап»
Қай төлді мен шақырдым?
— Атам қазақ «мал – жан аман ба?» — деп алдымен 4 түлік малының жай – күйін түгендеген. «Құдайға шүкір, жақсы» деген жауап алса иесінің де жағдайының жаман еместігі деп қабылдайтын болған. Қазақ халқы мал өнімдерін тіршілік құралы етіп пайдалануды шебер игерген. Малдың еті, сүті, терісі, тіпті мүйізі, сүйегіне дейін өз қажетіне ұқсатып отырған. Халқымыздың ерекше қастерлеген және жанына жақын тұтқан қасиетті түлігінің бірі жылқы. Халық ұғымында қазақ, дала, жылқы деген сөздер бір – біріне етене жақын. Жалпы көшпелі тұрмыс кешкен халықтардың көне заманнан бері ең көп өсірген малы және 4 түліктің ішіндегі қастерлеп пір тұтатыны да жылқы..
Жылқы ең адымен өте ерте кездерде басталған жаугершілік талабына сай құнды көлік малы ретінде қолға үйретілген. Өйткені сол замандарда жауды қуып жетуге немесе одан қашып құтылуға жылқыдан қолайлы мал болмаған. Адам баласы жылқыны біздің жыл санауымызға дейінгі 3 — 4 мың жыл бұрын қолға үйреткен.
Жылқы екі тектен тарайды. 1) Тарпаң. 2) Керқұлан.
Керқұланды Пржевальский жылқысы деп те атайды. Ол осы жылқыны алғаш кездестіріп, әрі сипаттап жазған әйгілі саяхатшының есімі.

Жүргізуші: Сонымен 2 турымызға көшеміз. Әр топқа Батырлардың есімі жазылған 3 карточкадан таратылады. Топтың мүшелері әр батырдың жылқысын атауы керек.

Қобландының- Тайбурылы

Ер Тарғынның-Бозтарланы

Қамбар батырдың-Қарақасқасы

Төлеген батырдың-Бозжорғасы

Ақан серінің-Құлагері

Алпамыстың-Бейшұбары

2 оқушы:Қазақстанның арнайы жылқы өсіретін зауыттары мен шаруашылықтарында жылқының 17 тұқымы өсіріледі.
1. Қазақы жылқы. 2. Мұғаджар жылқысы. 3. Адай жылқысы 4. Көшім жылқысы
Жылқыны қадір – қасиетіне қарай «арғымақ», «жабы» деп бөледі. Арғымақтарды халық өте жоғары бағаланған. Олар негізінен адамға адал дос бола алатын әрі жүйрік, әрі алғыр жылқы тұқымдары болған. Сондықтан да арғымақтан шыққан ерекше тұлғаларын ерте кездерде «тұлпар», «сәйгүлік», «пырақ», дүлділ деп атаған. Көркем шығармаларда да батырлардың сенімді серіктері аттары болған.
Алпамыстың аты Бейшұбар, Қобыландының аты Тайбурыл,
Ер тарғынның аты Тарлан.

Жүргізуші: 3 тур-«Жылқы өнімдерінің пайдасы.» 1 топ –еті туралы мәлімдейді, 2 топ-сүті туралы айтады.

Ән: «Жорға, жорға» Орындайтын:Жақсылықова Айнұр мен Орынбасарова Жания.

3 оқушы:
Жылқы малы мүшелдік он екі жылдың құрамына қасиетті жетінші болып енген.  2014 жыл жылқы жылы.
Жылқының жүрісіне қарай жіктеп, мынадай түрге бөледі: Аяң, жорға, бүлкек, шабыс. Жылқы малының ең бояу қозғалысы аяң. Оны бүлкек, шоқырақ деп бөледі. Ең жылдам қозғалысы шабыс.

Жүргізуші: 4 тур-«Жақсы сөз-жарым ырыс»– екі топқа да мақал- мәтелдер таратылыды. Тапсырма мақал-мәтелдерді аяқтау.
«Арық атқа қамшы ауыр»
«Тай атқа, ат мұратқа жеткізер»
«Жақсы ат – жанға серік»
«Ат мінбеген ат мінсе, шаба — шаба өлтірер»
Тон кимеген тон кисе, сілке – сілке тоздырар
«Мал құлыннан, ақша тиыннан өседі»
«Жаманға мал бітсе, жақынын танымас»
«Жүгенсіз атпен шаппа»

4 оқушы:Жылқы малының тағы бір ерекшелігі жылқының терісінің иесіне жылан жоламайды. Далаға қонғанда адам жылан келмесін десе, аттың ер — тұрманын айнала жайып тастайды. Ал жылан шаққан адамға аттың терін ішкізсе мыңда бір ем болады.
Жылқы малы 33 жасқа дейін жасайды. Орта жасы 15 — 16 жыл. Әр мезгілде малдың жүнін алудың да атау түрлері бар. Мысалы, қойды қырқады, түйені жүндейді, ал жылқыны күзейді. Төрт түлік малдың төлдеу мерзімі де әр түрлі. Түйе 12 ай, сиыр 9 ай, ешкі 5 ай, ал жылқы 10 ай.

Жүргізуші: 5 тур-Кинофильмдерден үзінді. Әр топқа фильмнен үзінді беріледі.Тапсырма фильмнің атауын табу.

5 оқушы:Жылқы жануары лай суды ішпейді, сасыған суға жоламайды. Ол тұнық таза суды жүзіп жүріп ішеді. Шөптің асылын теріп жейді. Сондықтан жылқының еті де, сүті де құнарлы. Жылқының сүті қымыз. Қымыз қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дастархан дәмі. Қымыздың құрамында ағзаның қорғаныс қабілетін арттыратын В тобы витаминдері бар. Қымыз дертке шипа, денеге күш. Қымызды сабаға немесе күбіге құйып ашытады. Күбі ауыз жағы тарлау, түп жағы кеңірек етіп еменнен жасалады. Саба жылқының терісінен жасалады.

Жүргізуші: 6 тур-Ұлттық ойындарды көрсету

6 оқушы:
Жылқының бір жылдық ауа – райын болжайтын қасиеті де бар. Сәуір айында жылқы ықтаса, келер жылы қыс қатты болады. Жылқы басын көп шұғыса, келер қыс жайсыз болады. Ата — бабамыз қымызы бал, еті дертке дауа, мінсе ер қанаты болған Қамбар ата тұқымын осындай көреген жаратылысы, сезімталдығы үшін де ерекше пір тұтқан.

Жүргізуші: Сөз әділқазыларға беріледі, Мадақтау, марапаттау.

Мұғалім:
Бәйгенің бірден – бір шарты атты баптап қосу. Атты атабегілер баптайды. Қазақта «ат шаппайды, бап шабады» деген сөз бар. Бәйгенің негізгі түрлері: тай, құнан, дөнен, жорға жарыс. Атқұмар бапкерлер шаңтимес жүйріктерін адамша қастерлейді, кірлі қолмен ұстамайды. Атты баптау ұқыптылықты талап етеді. Қазақтың бұрынғы тәжірибесінде жүйріктігіне анық көзі жеткен сәйгүліктің қасына бір құрбандық қосып жіберетін болған. Сәйгүліктің жілік майы ағарып шынылана бастаса ғана сәйгүлікті жаратуға кіріседі екен- дегендей бүгін оза шауып келген топты құттықтап, осындай елімізді, жерімізді қорғайтын батыр ұлдарымыз өсіп келе жатқандығын көру қандай тамаша. Бүгінгі сабақтан көп ой түйіп, білгендерің көп болды деп ойлаймын. Қош сау болыңыздар!