«Желтоқсанда мұзға жанған алауым, желбіретті тәуелсіздік жалауын!»
Сабақтың тақырыбы: «Желтоқсанда мұзға жанған алауым, желбіретті тәуелсіздік жалауын!»
Мақсаттары: 1. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен, желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, соның ішінде Қайрат Рысқұлбековтың өмірін, ерлігі жайында түсіндіріп, оның ақындығын насихаттау, оқушыларға желтоқсан оқиғасы туралы мағлұмат беру.
- Оқушыларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге және ерлікке баулу. Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, өнеге алуға және халқының тарихын білуге үйрету, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Сабақтың барысы:
Мұғалімнің кіріспе сөзі
1-жүргізуші (Мария):
Әнұраным, жанұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім – сағынарым.
Мәңгі бақи шырқалады
Республикам әнұраны, — дей отырып әдеби-музыкалық кешімізді әнұранды шырқаумен бастайық. Еліміздің мемлекеттік әнұраны орындалсын.
2-жүргізуші (Андыз):
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын қиып, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қаны жұтып,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі, –
Ерлерді ұмытпаса, ел ұмытпас, — деп Мағжан Жұмабаев ағамыз айтқандай дүниені дүр сілкіндіріп, қазақ елінің бостандық туын көтерген ерлеріміз мәңгі есте қалары сөзсіз.
1-жүргізуші: Иә, тарих беттерін парақтасақ, қазақ халқы өзінің ұзақ жылғы тарихында талай қанды қырғындарды, зорлық-зомбылықтарды көрді, қасірет шекті. Соның бірі – Алматы қаласында болған жастар көтерілісі. Бұл көтерілістің себебін бір жақты қарап, бір ауыз сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Бұл күн – қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн.
2-жүргізуші: Құрметті ұстаздар,оқушылар! Сіздерді 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз. Батыр бабаларымыздың қаһармандық күшімен, қыран қабақ құсымен, ақ найзаның ұшымен қорғаған өлкеміздің жұлдызы жарқырағанына, халқымыздың көңіліндей дархан даламыздың дүр сілкінгеніне, ашық аспанымызға «Азаттық» әні әуелеп, тұғырымызда «Тәуелсіздік туы» желбірегеніне биыл 22 жыл. Бүгінгі «Ұлы таулар аласармайды, Ұлы есімдер ұмытылмайды» деген айдармен өтетін Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығына арналған «Желтоқсанда мұзда жанған алауым, Желбіретті Тәуелсіздік жалауын!» атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз. Желтоқсан құрбандарын еске алу үшін 1 минут үнсіздік.
1-жүргізуші:
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым,
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым.
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым.
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым,
Кеудемдегі қоламта қоздатқаным.
Тұншықса да түрмеде тозбапты әнің.
Жазықсыз жапа шегіп бұл жалғаннан,
Жалтақтап кете барған боздақтарым.
Сағынай Айша: Мұхтар Шаханов «Желтоқсан алаңы»
2-жүргізуші: Ия, ол күн тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 86-ның 16 желтоқсаны еді. Таңертеңгілік сағат 10-да бар-жоғы 18 минутта 26 жыл Қазақстанды үздіксіз басқарып келген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев орнынан түсіріліп, орнына Генадий Васильевич Колбин ешкімнің пікірінсіз тағайындалған еді ғой.
Алаңға шықты, ойын айтты жастарым,
Қиындық пен қатерге тігіп бастарын.
Содан барып тоңы еріді кеңестің
Содан кейін еркіндікті бастадым.
Мұғалім «желтоқсан құрбандарын тұтқындау» көрінісін баяндап береді.
Ортаға дабырлай басып бір топ жастар шығады. Барлығы дабырласа: Естідіңдер ме? Бұл не масқара? Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз? Ең болмаса ішімізден неге сайламаған? Ел қамын біз ойламағанда кім ойлайды? Жан-жаққа жатақханаларға, институттарға, хабар барды ма екен?
1-жігіт: Дүр сілкінді қойдан да қоңыр аймақ,
Бағы жана ма, қала ма соры қайнап,
Ұран жазып қып-қызыл ту көтерген
Бізде шықтық алаңға «Елім-ай-лап»
2-жігіт Ербол Сыпатаев: Демократияны бұғаудан босатыңдар, әр халыққа өзінің көсемі керек.
1-қыз: Сәбира Мұхамеджанова: Бұл дегенің ҚКП-да беделдің қалмағаны, құрып барады емес пе?
3-жігіт: Ескерусіз дін жатыр сүресінде
Қақпақ қойып ауызға, көзді байлап.
Санаспайды-әй, бұлар тегі ешкіммен
Жариялылық дегенің елес, білем.
2-қыз Ләззат: Сүрмейтұғын болдық қой күймей ғұмыр,
Көлеңке күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен, қайдан келген,
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?
3-қыз Гүлнәр: Өгей қозы біз болдық енемізге,
Келімсектер шықты ғой төбемізге.
Ақиқат жоқ маңайың толған аңыз,
Жүр екенбіз тұманды жолда нағыз.
Осы кезде жан-жақтан милиция, солдаттар қоршай бір дөкей шығады.
— Тараңдар әйтпесе күш қолданамыз.
(Ешкім қозғалмайды, осы кезде жаңағы дөкей қолын сілтеп қалады. Сойылмен соғу, қыздардың шашынан сүйреу, тепкілеу, айқай шу, қызыл қанға боялады)
Сол кезде жігіт: Бар болғаны осы еді «қылмысыз»,
Савицкийді көрген жоқ бір кісіміз.
Кейін соның қазасы таңылғанда,
Аң-таң болып, қан жылап тұрды ішіміз.
Қыз: Темір құрсау біздерді бүргені шын,
Мұң шағады қапаста кімге құсың.
Ақ-қараңды тексерер түрме деген
Концлагерь болды ғой біздер үшін.
2- жүргізуші: Ия, тарихта «Құйын-86» деген атпен мәңгі қалатын бұл жойқын шабуылдың құрбаны болып қазақ қыздары мен жігіттері біздің арамыздан кете барды.
Сәбира, Ләззат, Қайрат, Ерболдың суреттері слайдпен көрсетіледі.
1-оқушы: 19-желтоқсан. Ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған энергетика институтының екінші курс студенті Ербол Сыпатаев әкелінді. 23-желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол біреудің жалғыз баласы еді. «Құйын-86» операциясының құрбаны болды.
2-оқушы: Сол бір ерте түскен қыс тоқырау жанжалының табанында аяусыз, армансыз тапталған ар-намыстың ышқынған дауысы құлағымызда әлі шыңылдап тұрғандай. Бұл дауыстың ішінен қызғалдақтай Ләззат сенің де ләззат үнің талып естіледі. Сен тірі болсаң, қазағыңның мәдениетін дамытуда үлкен үлес қосар едің-ау.
Еліңнің сен намысы үшін
Құрбан еттің жаныңды
Мазақ етіп қорлай алмас
Ешкім сенің арыңды.
3-оқушы: Сәбира Мұхамеджанова бар жоғы 16 жаста еді. 26-желтоқсан күні Астанадағы дүрбелеңге үн қосқаны үшін өзінің ар-намысына, анасына, атасына масқара сөздер айтып, балағаттағанына училищеден жазықсыз шығарылғаны үшін шыдай алмай, Өскемен педучилищесінің 1- курс студенті Сәбира Мұхамеджанова жатақхананың 5-ші қабатынан құлап өлді.
4-оқушы: Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар
«Еркек тоқты құрбандық»
Атам десең атыңдар!
— Ия, бұл жазықсыз құрбан болған қазақ азаматы Қайраттың соңғы күні. Ол 1987 жылдың 1-қаңтар күні үйінде жаңа жылды тойлау үстінде тұтқындылған еді.
Желтоқсан оқиғасының бейнелерінен таныстырылым жасау тапсырмасы.
Көрініс
Тергеуші Қайраттан сұрақ алады.
Тергеуші: Сен өзіңнің Савицкийді өлтіргеніңді мойындайсың ба, жоқ па?
Қайрат: Жоқ. Мен Савицкийді өлтіргенім жоқ!
Тергеуші: Ақымақ! Әкетіңдер, Атыңдар! Көзін құртыңдар!
Қайрат: Күнәдан таза басым бар
Жиырма бірде жасым бар
Қасқалдақтай қаным бар
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар
«Еркек тоқты құрбандық»
Атам десең атыңдар!
1- жүргізуші: Бостандықтың шынжырлап маталған ескі өмірді қиратқан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына биыл 27 жыл толмақшы. Желтоқсан оқиғасының лебімен көкжиегімізден азаттық пен теңдіктің таңы атып, қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізді.
2- жүргізуші: Иә, сол желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де жанымызға нұр септі. Мәңгілік егемендікті алып келгеннің арқасында дүние жүзіне танымал болдық.
Сабыржанова Мария
Тамыры жаһандағы бар қазақтың,
Соғады Отаным деп бір жүректен.
Бостандық, Тәуелсіздік деген ұғым
Не деген қасиетті ең, құдіретті ең?
Биіктей бер асқақтап, жомарт халқым,
Өркендей түс, аяқталды тозақты күн!
О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр!..
Бүгін міне Тәуелсіздік, ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!..
Жаңа ғана қазағымның таңы атты,
Алу мақсат Ел деп алғыс, сауапты.
Әр отбасы, әрбәр қазақ, әр адам
Тәуелсіздік сақтау үшін жауапты!
Тәуелсіздік – еркіндігім, елдігім,
Елім дербес, өзге елдермен тең бүгін.
Тәуелсіздік – азаттығым, арманым,
Алдағы арман, қуанышым сол менің.
Тәуелсіздік тәу етемін бір саған,
Бабаларым талай ғасыр аңсаған.
Ұраны боп мәңгілікке азат күн,
Тарландары қыршын кеткен қазақтың.
Желтоқсаннан бастау алған теңдігі,
Қазағымның өркендеді елдігі.
Құрбан болған Тәуелсіздік жолында,
Ағалардың ұмытылмас ерлігі.
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім қайта өлмеске,
Жаса, жаса мәңгіге туған елім!
Табылды Альбина:
Тәуелсіздік бақытына оранып,
Елім жатыр шаттығына қуанып.
Желбірейді көкте туы әдемі
Егемен ел бал дәуренін өткеріп.
Қазақ елін – туған жерді сүйемін
Туған елмен бірге жаным, сүйегім,
Үлкен өсір сырларынан ой түйіп,
Намыс үшін өртенемін, күйемін.
Болмақ емес көңілімде ой бөтен,
Адал ойды қиялымда тербетем.
Қазақпын деп әлесге жар салып,
Асқақтаған армандарға жетем мен!
Аязбаева Айя:
Тәуелсіздік – елімнің шамшырағы,
Тәуелсіздік – елімнің бәйге пырағы.
Тұрақты болсын, қуатты болсын әрқашан
Шырағы мен пырағының тұрағы.
Шамшырағы енді қайтып сөнбесін,
Жүйрік пырақ енді қайтып өлмесін.
Адымы еркін ашылсын елім алшаңдап,
Енді ешкімнің байлауына көнбесін.
Тарихта ұмытылар талай шындық,
Өтінде кер заманның талай тұрдық.
Кім бізді қорламады сол күндерде,
Тілім мен дінімді де жарамсыз ғып.
Қазаққа қазақ атын қайта әперген
Атыңнан айналайын Тәуелсіздік!
Желбіресін байрағың желді күнде,
Таныта бер Қазақстан бар әлемге
Керегеңнің кеңдігін де, теңдігін де.
2-жүргізуші: Тәуелсіздік – баға жетпес бағымыз,
Қымбаттан да ең қымбатты барымыз.
Тәуелсіздік – білектегі әліміз,
Тәуелсіздік – жүректегі әніміз.
Үй тапсырмасы: «Тәуелсіздікке тарту» суреттер көрмесі
1-жүргізуші: Тәуелсіздік – ұлы рух. Ұлттық бақыт. Бұдан былай біздің жүрегімізге желтоқсан қасіреті сияқты ұлтымыздың қайғысы емес, мерейлі – мерекелі, шуақты, берекелі қуаныштар толсын деп тілейік.
Датқа Мағжанның орындауында «Әлқисса» күйі
2-жүргізуші: Қазақ, орыс, неміс, татар-бар ұлтым,
Кең аймақты, қазыналы туған жер.
Ақ көңілді ашық жарқын ел жұртым,
Құшағына қиыншылық алған жер.
Қаймықпаған қиындықтың жүгінен,
Өздеріңе сыйлап қырдың гүлінен.
Бүгінгі ұрпақ-бақытты ұрпақ атынан,
Құттықтаймыз Тәуелсіздік күнімен!
Тапсырма: «Көбелектерге» тәуелсіздікке тілек жазып, суреттерге жапсыру.
1-жүргізуші: Елімізде тек бейбітшілік, бірлік, ынтымақ, ырыс болғай деген тілекпен, бүгінгі кешімізді аяқтаймыз. Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге мың да бір алғыс. Сау болыңыздар!