Президент – біздің Көшбасшы
Сабақ тақырыбы: «Президент – біздің Көшбасшы»
Сабақ мақсаты:
- Жас ұрпаққа Нұр ағамыздың сан қырлы талант иесі, құдіретті тұлға екенін таныту.
- Елімізге еңсе тіктетіп, мемілекетімізді мығымдап берген, халқымызды әлемге танытып,алаш баласының абыройын ақсақтатып Елбасының кісілік келбетін меңгеру.
- Елін сүйген, елі сүйген Елбасынан үлгі алуға тәрбиелеу.
Сабақ түрі: презентация арқылы шолу
Сабақ көрнекілігі: интерактивті тақта, безендірілген слайд, үлестірмелі материалдар, видеобейне, Әнұран, “Қазақ елі” әні, Н.Ә.Назарбаевтың кітаптары
Сабақ барысы:
- Балалық шағы
2. Жасөспірім шағы
3. Жастық шағы
- Кемел кезеңдер
- 5. Халық таңдаған президент
Балалық шағы
1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды.Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».Әлемдегі барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді.
Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін.
Жарқын жүзді Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, оның ұлттық дәстүрлерге, ән-жырларға, салт-ғұрыптарға құштарлығын оятты. Отбасында Сұлтан деп аталған ұланның балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді.Бұл ел әлі аш-жалаңаштықтан арыла қоймаған ауыр кезең еді. Бірақ бала Нұрсұлтанның жас зердесінде сол кезеңнің қыспаққа салған қиыншылықтары ғана емес, анасының аялы алақаны мен әкесінің мейірлі жүзі де сақталып қалды.
Нұрсұлтан өз әкесінің ешқашан қол қусырып қарап отырмағанын көріп, оған үнемі көмектесуге ұмтылды. Үйде де, бақшада да, алма бағында да әкесінің жанында болып, картоп пен алма өсіруге жәрдемдесті. Нұрсұлтан мал жайғарумен айналысты, әкесімен бірге тауға барып, шөп шапты.
Бастан кешкен барлық қиындықтарға қарамастан, ұлдар мен қыздарды білімнің сиқырлы әлемі, мәнді де мағыналы, шаттыққа толы жарқын болашақ тартты да тұрды.
Жасөспірім шағы
Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті.
Жас кезінде Іле Алатауының баурайында жазғы демалыс күндерінде әкесіне көмектесіп жүргенде тұңғиық жұлдызды аспан астында жанған алау маңына түнеген романтикалық сәттері де болды. Әке-шешесі осы өлкеде ежелгі заманда өмір сүрген бабалардың берік түп-тамырынан сыр шертетін салиқалы әңгімелер айтып, жан-дүниені тербейтін әндер шырқайтын. Кез келген қазақ білмеуі ұят саналатын жеті ата туралы айтылатын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақтың өткені мен болашағын жалғап келе жатқан халықтың осы бір ауыр, бірақ үйлесімді тіршілігінің мәңгі және аса мәнді екенін сезінетін.
Қаскелеңдегі Нұрсұлтан бітірген орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Сейітхан Исаев жас ұланның білімге құштарлығын және ақылдылығы мен алғырлығын бірден байқайды. «Ол ең үлгілі оқушы болды. Сабақты ұйып тыңдайды, оқу бағдарламасынан тыс сұрақтар да қояды. Мұғалімнің әр сөзіне мән береді. Кітаптан бас көтермейтін, үнемі оқып отыратын».
Мектепті бітіріп, 18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түсті. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс еді. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып кете беретін. Өз ортасының ұйтқысы және қоғамдық ұйымдастырушысы болды. Сол кезде оның тағы бір қыры ашылып, прагматизмге қадам басты. Теміртаудағы металлургия комбинатының құрылысына комсомолдарды жинап жатқанын білген соң, Нұрсұлтан металлург болуға бел буды.
Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді.
Нұрсұлтан шыныққан шымыр жастардан іріктелген домнашылар тобына қосылды. Жас Назарбаев бұлшық еті мен мінезінің мықтылығын спортта, балуандардың боз кілемінде дәлелдей білді.Осындай жекпе-жектердің бірінде ол өзінің әріптесі, жергілікті украин жігіті Николай Литошконың жауырынын жерге тигізді.Днепродзержинскідегі бір жарым жылдық оқу мерзімі тез өте шықты.
1959 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтардың бүкілодақтық орталық кеңесі (ВЦСПС) ұйымдастырған жарыста жеңімпаз атанды. Сөйтіп, ол училище бітіргенде металлургтің қиын да күрделі мамандығын игеріп қана қоймай, Украинаның спорт шебері атанды.
Жастық шағы
Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.
Алдыңғы қатарлы жұмысшы қазақ, комсомол мүшесі ретінде Назарбаев БЛКЖО съездері мен жастар фестивальдеріне жиі жіберіліп тұрды. Ол танымал бола бастады, өндіріс үздігі Назарбаевтың суреті орталық баспасөзде де басылды. Жас металлург жұмыстастары арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды.Сондықтан ол партияға өткеннен кейін цех парторгы болып сайланды.
Бақытты жас отбасы тез жетіліп, өсіп-өніп келе жатты, шаңырақтарында үш қыз – Дариға, Динара және Әлия дүниеге келді.Жас жұбайлардың өздері де кәсіби тұрғыдан өсе берді.
Зауыттың жолдамасы бойынша Назарбаев өз цехындағы бірнеше жігітпен бірге Қарағанды политехникалық институтына түсті. Ол онда Теміртауда тұратын талапкерлерден жасақталған ЛП-62-2 (қара және түсті металл құйма өндірісі) тобына бөлінді.
Н.Ә.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды. Ол 1969 жылдан бастап туған қаласындай болып кеткен Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа ауысуға келісім береді.Қалың көптің ортасында солардың мүддесі және арман-тілектерін сезіне отырып тіршілік ету, оларды басқару мен ұйымдастыру Назарбаевтың қанында бар қасиет болып шықты.Жетекші әрі ұйымдастырушы ретінде ол біртіндеп цех басшысынан министрлерге дейінгі сан алуан адамдармен қарым-қатынас жасау тәжірибесін жинақтады.
Кемел кезеңдер
Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне етене жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды.
Бұл зор жауапкершілік жүктеген еді, оның ауыртпалығын көп ұзамай-ақ толық сезінді. Тек партиялық жұмыстармен ғана емес, өндіріспен, өнім шығару жоспарымен, жөндеу және құрылыс мәселелерімен, кәсіпорынды жабдықтаумен, көптеген адамның тұрмыстық, баспаналық, мәдени және отбасылық істерімен де айналысуға тура келді.
Сонымен бірге, оның бойында көрегендік, барлық мүмкіндікке және жаңа атаулыға деген зор ынта-ықылас сезіліп тұрды. Мұндай тәжірибелі және жігерлі мамандарға деген сұраныс елде зор болатын. Сондықтан да 1977 жылдың өзінде ол Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, одан соң екінші хатшысы болды.
Нұрсұлтан Назарбаев 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды. 1984 жылы 44 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды. Ол КСРО-дағы одақтық республикалардағы ең жас премьер еді. Бірақ өзге әріптестерімен салыстырғанда жас екендігіне қарамастан, ол сол кездің өзінде кемеліне келген мемлекет және қоғам қайраткері болып қалыптасты.
Ол өзімен бірге өзгелердің де ой-санасы ашылып, бүкіл ел ояна бастағанын байқады. Әйгілі 1986 жылдың желтоқсаны Қазақстан үшін «жылымық» кезең болғандай еді, бірақ республиканы Г.Колбин басқарған аз ғана жылда одақтық орталық өктемдік көрсетіп, қайта құрсаулап тастады. Бірақ уақыт ағынын тоқтату мүмкін емес еді. Өзгерістер пісіп-жетілді. Оқиғалар барған сайын жеделдей түсті.
КСРО-да 1989 жылғы көктемде алғашқы рет мемлекеттік биліктің ең жоғары органының баламалы негіздегі сайлауы болып өтті. Мәскеуде 1989 жылғы маусымда реформалардың қажеттігі, идеология мен экономиканың түйткілді мәселелері қызу талқыланған КСРО халық депутаттарының бірінші съезі болды. Халық депутаттарының съезі біте салысымен, Геннадий Колбин Мәскеуге жұмысқа ауыстырылды. Қазақ КСР Компартиясының Орталық Комитеті 1989 жылғы 22 маусымда бірінші хатшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Оған пленумға қатысқан 158 адамның 154-і жақтап дауыс берді.
Сол 1989 жылғы шілдеде Қарағандыда экономикалық қана емес, саяси мақсат көздеп, Семей полигонын жабу туралы талап қойған шахтерлер ереуілі басталды. Назарбаев ереуілшілердің талаптарын қолдады – ол адамдардың орталық ведомстволар монополиясына деген наразылығын жақсы түсінді.
Демократиялық үдерістер КСРО республикаларында жаппай еңбекшілер бірлестіктерінің құрылуына алып келді. Қазақстандағы ең алғашқы және мейлінше қатары қалың қозғалыстың бірі 1989 жылы құрылған, түпкі мақсаты Семей полигонын және Қазақстан аумағындағы өзге де сынақ орындарын жабуды көздеген «Невада – Семей экологиялық қозғалысы еді. Бұл қозғалыс та Нұрсұлтан Назарбаевтың қуатты қолдауына ие болды. Барша қазақстандықтардан жаппай қолдау тапқан оның күш-жігері керемет табысқа жеткізді – халыққа қасірет әкелген Семей полигоны біржола жабылды.
Халық таңдаған президент
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш президент болып сайланды.1991 жылғы 1 желтоқсанда республика президентінің алғашқы бүкіл халықтық сайлауы өтіп, оның барысында Назарбаев сайлаушыларының толық қолдауына ие болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылдады және Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімін өткізді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды.Оның өмірінің егемен Қазақстан Республикасының 20 жылдық тарихымен астасып кеткен осынау қиын да күрделі, сонымен бірге ғажап және аса тағдырлы кезеңі туралы көптеген мақала, кітап, монографиялар жазылды.