Шешендік сөздер – құнды мұра, асыл қазына. Төле би. Қазыбек би. Әйтеке би.
Сабақтың тақырыбы: Шешендік сөздер – құнды мұра, асыл қазына. Төле би. Қазыбек би. Әйтеке би.
Білімділік мақсат: шешендік өнердің алуан сипаттарын,шешендік сөздің түрлері, ерекшеліктері туралы мағлұматты тереңдете түсу;халқымыздың даналығының-шешендік асыл қазынасының тәлім-тәрбиелік сипаттарын,ғасырлар бойы халық сынынан екшеліп өткен құнды мұра екендігін таныту;шешендік сөз өнерінің «өнер падишасы» саналатындығын,шешендіктің шалқар шабыт,шалқыған сыр мен сезімнен туатынын,даналық ой, көркем сөз өрілімін талдай оқу.
Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би өмірлері жайлы мәлімет беру; олардың көркем сөзден «сарай салған» шешендіктерімен бірге қазақтың әйгілі де айбарлы билері екендігін таныту; ділмар шешендіктеріне байланысты әңгіме, аңыздарды талдата оқыту: сөз астарының мән-мағынасын ашқызу, мазмұнын меңгерту, құрылысын таныту.
Дамытушылық мақсат: оқушылардың шешендер сөздеріндегі оралымды өткір ойды анық танып,талдай білулерін жетілдіре отырып,ой белсенділігін дамыту;шығармашылық ізденіске бағыттау;оқылған жайға көзқарасын анық жеткізу дағдыларын,мәнерлеп оқу шеберлігін,сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
Тәрбиелік мақсат: кемеңгер шешендердің – үлгі-насихатқа толы ғұмыр иелерінің даналық ой маржандарын, сырлы сөздерін бойға сіңіру, адамдық қасиеттерін үйрену, әділдікті ту етіп жоғары көтерген, ел тұтастығын сақтауға зор мағына берген билер келбетін үлгі тұту, істерін өнеге ету; халықтық мұра – шешендік сөздерді және халықтық салт-дәстүрімізді сақтап, шешендік өнерді қадірлеуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: ұжымдық, топтық оқыту
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, ой қозғау, жарыссөз, топпен жұмыс
Сабақтың көрнекілігі: тірек сызбалар, қанатты сөздер, әлем ойшылдарының шешендік өнер туралы пікірлері, билер суреттері
Техникалық құралдар: интерактивті тақта, дербес компьютер
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, халықтық педагогика
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру. ¨ Оқушыларды іс-әрекетке жұмылдыру.
¨ Сынып оқушылары жұптарға, топтарға бөлініп, өзара белсенді әрекет атқарады.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
Шешендік сөздер. Билер сөзі – нақыл көзі. Жиренше шешен.
Жиренше шешеннің сөзін – жауабын жаттау. Дәптерге қосымша деректер жазу.
Өткен сабақта біз халқымыз ерекше қадірлеген шешендік сөздермен танысып, сырлы сөз шеберлерінің бірі – Жиренше шешенмен кездескен едік.
Бүгінгі сабағымызға қандай олжамен келгенімізді танытып, ортаға салайық.
Ұжымдық жұмыс /сұрақ – жауап әдісі бойынша тексеру/
- Шешендік сөздер дегеніміз не?
- Қазақтың шешендік сөз тарихы кімдердің есімдерімен байланысты айтылады?
- Шешендік өнердің кеңінен дамып, биіктеген кезеңі ?
- Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін қайдан кездестіреміз?
- Шешендік сөздер қандай болады?
- Шешендік сөздер мазмұнына қарай нешеге бөлінеді екен?
Топтық жұмыс түрін орындату /конверттегі карточка столдарына қойылады/
1-топ. Шешен қандай болу керек?
2-топ. Шешендік сөз үлгілері бізге қалай жеткен?
3-топ. Шешендік сөздер қандай кездерде өмірге келген?
Жеке оқушымен жұмыс
¨Үй тапсырмасының бірі Жиренше шешен жайында деректер жинау болатын.Тексерейік.
-Жиренше шешен-ауыз әдебиетіндегі Алдар Көсе мен Қожанасыр сияқты аңызғаайналып кеткен бейне.Аңыз бойынша Әз-Жәнібек хан тұсында өмір сүрген.Сарай биі,шешен болғанға ұқсайды.Өйткені тарихи шежірелерде де, аңыздарда да екеуінің аттары бірге аталады. Әз-Жәнібек 1406-1473 жылдар аралығында өмір сүрген екен.-Әз-Жәнібек ханның 62 биінің бірі болған екен.Бірде хан:«Әу,Жиренше,адам қалай қадірлі болады?»-дейді.Сонда Жиренше:«Қадірлі болғысы келген кісіге үш жолдас керек.Олар: бақыт,дәулет,ырыс,»-депті.-Бірде хан Жиреншеге:«Бұл дүниеде не жетім?»-деген сұрақ қояды.«Ата қонысынан ауған ел жетім.Серіксіз ер жетім.Жаңбырсыз жер жетім,»-деген екен оған Жиренше.¨Жиреншенің Әз Жәнібек ханға берген жауабын жаттап келу тапсырылған болатын.Енді осы сөздердің мағынасына тереңдейік. (2-3 оқушының жауабын тыңдау)
Ағын судың өлгені —
Алты ай қыста қатқаны… (1-2 оқушыға талдату)Жиренше шешен сөзінің негізгі түйіні не деп ойлайсыңдар? Жақсының аты өлмейді,Ғалымның хаты өлмейді.Жиренше болып ойлансақ,«жақсы» деп кімді айтамыз? Олар неліктен «жақсы» атанды деп ойлайсыңдар?
ІІІ. Жаңа сабақ өту
Шешендік сөздер – құнды мұра, асыл қазына.Төле би. Қазыбек би. Әйтеке би.
Кіріспе кезең. Оқушылар назарын аудару (тақтада):
Ақыл ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар. (Абай)
Бүгінгі жаңа сабағымызды Абай атамыздың сөзімен бастағым кеп тұр.Бұл сөзді таңдау себебімнің сырын сабақ соңында сынға салармыз деп ойлаймын.Сабағымыз,өздерің біліп отырғандай,өткендегі сабағымыздың заңды жалғасы болмақ. Яғни сөз өнерін жоғары қойған, аталы сөзге тоқтай білген халықтың бүгінгі ұрпағы-сендер ғасырлар бойы тамсандырып келген шешендік сөздердің мән-мағынасын түсіне талдап, бабаларымыздың ұлағатын оқып, осыдан бойларыңа рухани азық жимақсыңдар.
А. Жаңа тақырыпқа шолу жасау; мағлұмат беру.Тақтаға назар аударайық (саяхатшы, зерттеуші А.Янушкеевичтің сөзін жатқа оқып беру)
Мен қазақ ақынының суырып салма өнерін, асқақтата салған әнін тыңдап, ерекше әсерге бөліндім,бұдан бірнеше күн бұрын екі ел егесінде шаршы топтың алдында сөз сөйлеген шешендерді көрген едім,сонда мен тумысында Демосфен, Цицерондарды естіп, білмеген жандардың жезтаңдай ділмарлығына таң-тамаша болған едім. Ал бүгін менің алдымда не оқи, не жаза білмейтін ақындар бұлбұлдай сайрап отыр. Жаратқан иесі мұндай өнер берген халық мәдениет әлеміне өгей болуға тиіс емес…
Атақты орыс зерттеушісін таң еткен шешендер мен ақындар сияқты Жиренше шешен айтып кеткен «жақсылар» қатарында бір-бірінен бөле-жара қарауға келмейтін әйгілі Төле,Қазыбек, Әйтеке билерге арналған бүгінгі сабағымызды бастайық.
Б. Топпен жұмыс. *Әр топ оқушылары жеке жауап береді*Келесі топтар ретіне қарай толықтырады.*Ауызша жауаптары тыңдалып жатқанда билер суреттерін экранға шығарып қою.Жауаптар аяқталған соң тақтадан төмендегі деректерді жинақтай көрсету.Дәптерге жазғызу.
Төле би Әлібекұлы
*Қазіргі Жамбыл облысына қарайтын Шу өзені бойында Әулиеата маңындағы «Жайсаң жайлау» деген жерде дүниеге келген.
* 1663-1756 ( XVII-XVIII )
* Жасынан араб, парсы тілдерін жақсы меңгерген.
* Шығыстың аңыз әңгімелері, қисса-дастандарымен таныс болған.
* Әке тәрбиесімен билікке ерте араласқан; Алғыр, тапқыр, әділ болған.
* Әнет бабадан бата алған. Көреген. Толғаулар шығарған.
* «Қарлығаш әулие»,«Бала би» атанған.
Қазыбек Келдібекұлы
*От ауызды,орақ тілді шешен.Ел намысын қорғаушы.Даңқы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған жоңғар басқыншылығына қарсы күрес жылдары қазақ даласына жайылды.
* 1667-1764 (1763) жылдары өмір сүрген.
* Жастайынан ел ісіне араласқан. Кемеңгер би, батыл елші, парасатты мәмілегер.
* «Қаз дауысты» атанған. Ұшқыр қиялды, ұрымтал ойлы, жалынды сөзді азамат.
* Қайсар, батыл, өжет, өткір, жаратылысынан дарынды, хас талант.
Әйтеке би Байбекұлы
* Тәуке хан тұсында (1689-1766 жылдар аралығында) өмір сүрген.
* Қазақ халқының іргелі ел болуына ісімен де, сөзімен де зор үлес қосқан айбарлы би болған.
* Тапқыр,тілмар шешен,кең ой-өрісті,алғыр ойлы,өжет,әділдікті ту еткен,жүйелі сөзге көп мағына сыйғызған дана.
В.Шешендер сөздерін оқыту және талдату. Оқулықпен жұмыс жасау.
Әр әңгіме, толғау талданған кезде ішіндегі түсініксіз сөздер тақтаға шығып отырады.
- Пырақ – жүйрік ат, сәйгүлік,арғымақ.
- Үш бұтақты шідер – аттың алдыңғы бір, артқы екі аяғын қосып салатын тұсау.
- Фәни – тұрағы жоқ,баянсыз, алдамшы дүние.
- Мият – көңілге медеу,тірек, сүйеніш.
- Торқалы той – салтанатты үлкен той.
- Сағы сыну — тауы шағылу, беті қайту, көңілі қалу.
- Суат – өзеннің, бұлақтың мал суаратын жері.
- Пақыр – халі нашар, сорлы, байғұс.
1-топ. Төле би Әлібекұлы
Жаңбыр жаумаса, жер жетім…
2-топ. Қазыбек Келдібекұлы
Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаз дауысты Қазыбек би сәлем
бере барыпты … 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10.
Бір балаға таласқан екі әйелдің дауына шешім айтқан Қазыбек.
3-топ. Әйтеке би Байбекұлы
Суалмайтын суат жоқ…
Г. Жекелеме жұмыс
Сергіру сәті ретінде. Оқушылардың өздері қызыққан туындылары бойынша.
Қаз дауысты Қазыбектің әйгілі «Біз қазақ деген мал баққан елміз…»-деп басталатын сөзі.
Д. Жаңа тақырыпты бекіту
Бүгінгі білгенімізді ортаға салып, «Үш пайғамбар» атанған үш би туралы әңгімелер мен олардың нәрлі сөздерінен алған білімімізге сараптама жасайық.Ел мұңын мұңдаған,халқына қызмет еткен билер бойындағы қасиеттерден оларды тағы кімдер ретінде таныдық? * елші, мәмілегер * тәрбиеші * саясаткер, қоғам қайраткері
* заңгер * ақын * ойшыл, ғалым.
* психолог * шешен
Олай болса,«шынайы шешен-жарқын тұлға» демекші,билеріміздің қазақ елі төріндегі жарық жұлдыздардың бірегейлері екендігін де таныдық деп ойлаймын.Жиренше шешен айтқан «жақсылар» біздің рухы күшті аталған шешендеріміз екені даусыз.Ұрпағы – сендер ұмытпай, ұлағатты сөздерін жаттап,айтып жүрсеңдер,олардың аттарының көгімізде мәңгі шырқап тұрғаны емес пе?Мына өздеріңе жақсы таныс ескерткіш-мүсіндегі қияға көз тіккен бабалардың отырысы ел іргесінің мығым екенін аңғартатындай. Осындай төл тілімізде сөз кестесін төгілтіп, әділдікке жүгінген азаматтар арман еткен ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ баянды болғай.
ІV. Сабақты қорытындылау
—Міне,балалар,бүгінгі сабағымыз да мәресіне жетті.Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке
Асқар тау – Қазығұрттай білімді еді.Бірі күн, бірі туған айдай болып,Заманға сәйкесімен келіп еді, – деп бағаланған билердің тамаша сөз оралымдарынан тағылым ала білсеңдер, сабақ басындағы:
Ақыл ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас,сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар, – деген Абай атамыздың сөзінің сырын
түсіндіңдер деп ойлаймын.
V.Үйге тапсырма беру
* Төле бидің жұмбақтап айтқандарын, Қазыбек би мен Әйтеке бидің толғауларын жаттау.
* Шынайы шешен-жарқын тұлға. (шағын шығарма – ойтолғау жазу)